Шығыстың аңыз айымдары
12.03.2018 1893
Сүрлеусіз иен далада жалғыз ағаш өсіп тұр. Осы жерде әр көктемді құшақ жая қарсы алып, жапырақтары жайқалып өскеніне талай уақыт, жылға жыл, айға ай қосылған…

Ол жыл сайын бүр жарып гүлдеп, гүлі түсіп, тұқымын жел қуалап күллі әлемге тарататын. Бірақ бір күні найзағай ұрып, жалғыз ағашты қапқ айырды. Құлап, көмір болған ол, көк аспанға тіл қатады: «Біреудің алдында менің кінәм бар ма еді? Мен жамандық пен бәле-қайғы ектім бе? Міне, дәм-тұзым таусылып, өлгелі жатырмын, бәріне өзің куәсің, менің сөзім саған арналады. Сен менің өркендеп өскенімді де көрдің, өлгенімді де көрдің. Көк аспан, жауап бер! Мейлі, мен өлейін, бірақ артымда ұрпақ қала ма? жыл сайын жел ұшырып әкететін тұқымым өскін жайып, бұта болды ма? солардың біреуі болмасын біреуі жыра түбінен өсіп шығып, көкке бойын созып, уаықты келгенде жерге өз жемісін бере ме? Қай уақытта, қай өлкеде олар өсіп-өнер екен? Менен тамыр алып жайылған ағаштардың бұтасында сұлу сазды бұлбұл мәңгілік жырын жырлар ма екен? Менің бағымның көлеңкесінде бақытты ғұмырдың жаңа кезеңі пісіп жетілер ме екен?»

Халық аузындағы осы бір ескі тәмсілді оқи отырып, ата-бабамыздан қалған мұра туралы, ол туралы біз білеміз бе және бұл жадыны ұрпағымызға жеткізгіміз келе ме  деп еріксіз ойлайсың. Біздің халқымыздың тарихында, біздің ғана емес-ау, жер бетінде өмір сүріп жатқан кез-келген халықтың тарихында, ерекше қымбат, ерекше құрметті жерлер бар. Егер, қазақтар үшін Шыңғыстау қасиетті, қадірлі мекен десек қателеспейтін шығармыз, бұл жерде Абай мен Шәкәрім, Мұхтар Әуезовтер дүниеге келген. Олардан бұрын жерде Кеңгірбай, Өскенбай, Құнанбай сияқты есімдері елге аян би, шешендер мен абыздар, ақын-жыраулар, халқының мұң-мұқтажын жырлап, әркімнің жүрек қылын тербеген нысан жырау, халқының азаттығы үшін өмірін құрбандыққа шалған Ақтамберді, Мамай, Тоқтамыс батырлар өмір сүрген. Әртүрлі уақытта осы жерге табан тіреген Шоқан Уәлиханов,  Федор Достоевский, Ахмет Байтұрсынов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Әміре Қашаубаев, Қаныш Сәтпаев сынды – ғалым, жазушы, әншілердің де ізі бар.

Бұл өлкенің табиғаты Абай заманынан бері өзгермеген. Абай жырындағы қысқы Шыңғыстаудың сипаты «Ақ киімді, денелі, ақ сақалды, Соқыр мылқау танымас тірі жанды. Үсті-басы ақ қырау, түсі суық, Басқан жері сықырлап келіп қалды...». Жаз келісімен мал-жануарды өріске айдайды. Бақанас өзенінің жағасында әлі күнге дейін Абайдың ұрпақтары отыр. Күз келісімен табиғат бояулары солғын тартып, гүлдер солып, аспанды сұр бұлт қоршап, жерді тұман басады. Семейден батысқа қарай жол жатыр. Бұл «Абай жолы» эпопеясында жолаушыларын асықтырып, атына қамшы баса түсіп, ауылына асыққан бала Абай қаладан туған жеріне бастап баратын соқпақ жол.

Бұрынғыда бұл шығыстан батысқа және кері қарай жүрген керуен жолы болған. Осы жолмен тура жүре берсеңіз Аралтөбе кентіне келесіз, оның қазіргі атауы Әйгерім – бұл бақытты жерде өз жарымен Абайдың сүйікті әйелі Әйгерім тұрған, қабірі де осы жерде. Бұдан әрі жол Орда жотасына бастайды.Таудың Үлкен және Кіші Орда болып бөлінетін тұсында жол тағы да бірнеше бағытқа бөлінеді.   Бұл жерлерде, әсіресе көзге түсетіні Арқат таулары. Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу туралы аңыз тап осы жерде дүниеге келген. Үлкен және Кіші Орда тауының ортасында Шілікті даласы жатыр.

Ұзындығы 80 шақырым, ені 30 шақырымға созылған бұл даланы үш жағынан таулар қоршап тұр: оңтүстігі мен батысында – Тарбағатай; шығысында – Сауыр, солтүстігінде – Маңырақ.  Салқын жазы мен қарсыз әрі жылы болып келетін қысының жанға жайлы климаттық жағдайлары бұл даланы ерекше етеді. Сүйіктісі Тоғжаннан айырылған Абайдың ішкі күйзелісі де осы жерге байланысты. Осы жерде Абай өзінің жаңа махаббаты – Әйгерімді тауып, жаны қайта жаңғырады, жаңа өлеңдері жазылады (С. Оразалин. Абай жерінде. «Өнер», Алматы, 1994).

 

Жәнделі

Жиырма жасар сұрмерген Жәнделі атты қыз туралы аңыз да осы жерлермен байланысты. Қытай деректерінде оны Зандали дейді. Жоңғарлармен жүргізілген соғыстың арасындағы аздаған тыныштық кезінде түркілік шығыс тұрғындарына Цинь империясы маза бермейтін. Олар ауылдарды шауып, тұрғындарын өлтіріп, малын айдап әкететін. Тарихта бұндай қантөгісті «қызылаяқтылар шапқыншылығы» деп аталады. Өйткені манчжурлықтар ұзақ жүрістен аяқтары ісіп кетпес үшін оларды тізелеріне дейін қызыл матамен орап тастайтын. Сонымен бірге, бұл оларды ерекшелеп те тұрды.

Шамамен 1799-1800 жылдары Цинь империясының әскерлері Зайсан ойпатының оңтүстігіндегі Шілікті даласы арқылы, Тарбағатайға дейін созылған «Кеңсай жолы» жолымен жүріп отырып, Маңырақ тауынан асып түседі. Оларға «Зайсан көліне жетпей, тоқтамау» туралы бұйрық берліп, бас-аяғы 46 мың әскер болған екен. Олардың жолын Жәнделі бастаған шағын топ кес-кестейді. Олар алдын ала дайындалған тастарды төмен қарай домалатып, садақтан оқ жаудырады. «Қызылаяқтылар» жеңіліс табады. Бұл жаңалық Пекинге дейін жетеді. Император қайткенде де Жәнделіні тұтқынға алуды бұйырады. Ақыр аяғында олар Жәнделіні мерт қылады. Жәнделіні шатқалдың бауырына жерлеп, соның құрметіне шатқалды «Жәнделі шатқалы» деп атайды.

 

Тақырыпқа тұздық: Жауынгер қыз Жәнделі 

 

Айбаламен айтыс кезінде осы оқиғаны Ноғайбай ақын да еске алады:

Ел қорғаған елімнің батыр қызы,

Наркескен, ақ семсердей өткір жүзді.

Қаптаған «Қызыл аяқ» қалың жаудың,

Садақшы қыз Жәнделі шебін бұзды.

 

Гүліндей жауқазынның нәзік жүзді,

Халқымыз ұмытқан жоқ асыл қызды.

Азаттықтың аққуы – Жәнделімнің

Жауға аттанған Сауырда жатыр ізі.   

 

Қызай

Қазақ жерінде өз ізін қалдырып, аты аңызға айналған әйел туралы әңгімені оқырман назарна ұсына отырып, ол ешкімді бей-жай қалдырмайды, олай болса осы әйелдің есімі саналы ұрпағының жадында мәңгі қалады деп сенеміз. Қызай (Қызайым, Күнбибі) – кейбір деректерде Үйсіндердің әскери қолбасшысының қызы, енді бір деректерде – Барлас руының биінің қызы.

Қызайдың болашақ қайын ағасы Құтым батыр інісінің ынжық мінезіне қорланып, оны өзі үйлендірмек болып, үйсіндердің қолбасшысына келеді де, Қызайға құда түседі. Тойды бірнеше жылдан соң өткізбекші болып келісіледі.

Бірде отағасы аңшылықта жүргенде ауылды жау шауып, бүкіл табынды айдап әкетеді. Тек Қызайдың байлаулы бестісі ғана қалады. Қызай үстіне ер адамның киімін киіп, қолына қару алып, атына мініп жауды қуа жөнеледі. Жалғыз. Шайқас кезінде жаудың төртеуін атынан аударып түсіреді. Бұны көрген басқалары қаша жөнеледі.  

Сөйтіп ол табынды қайтарып әкеледі. Бұл оның қыз күніндегі ерлігі. Тұрмысқа шыққан соң да ол қоғамдық істерге араласуын жалғастырады.  Көркіне ақлы сай әйел талайдың таңдайын қақтырады. Қызайдың сұлулығына ғашық болған күйеуінің інісі Шеру одан ағасын тастап, өзіне күйеуге тиюін сұрайды, Қызай, әрине,  бұл туралы естігісі де келмейді. Сол кезде Шеру өз ағасын өлтіреді. Бірақ, Қызай бәрібір де берілмей, Шеруге қарғыс айтады: «Күзге дейін жетпей кет, Шеру, бірақ, алда-жалда күзе жетсең де, ұрпағың өсіп-өнбесін!»

Содан бері Шерудің ұрпағы жүз шақты түтіннен аспайды. Ал, Қызайдың төрт баласынан қырық мыңға тарта шаңырақ болған. Қызайдың күйеуі Шағыр Найман руынан шыққан екен. Наймандардың жерінде Қызай деп аталатын тау бар. Қазақтарда әйел атымен аталған жалғыз ғана тау – осы болса керек.   

 Дина ИГСАТОВА