Биыл Мемлекет Басшысының 2016 жылғы қаңтардағы Жарлығымен бекітілген Алғыс айту күні Қазақстанда осымен үшінші рет атап өтілгелі отыр
Бұл біздің әлі жас егемен мемлекетіміздегі «жас» мейрамдардың бірі. Алайда, маңыздылығы мен терең мағынасы бойынша оны көпұлтты Қазақстан халқы үшін маңызды күнтізбелік даталардың біріне батыл түрде қосуға болады.
Бұл ретте Қазақстанда тұрып жатқан этникалық топтардың өзара қарым-қатынасының қилы тағдырын естен шығармаған жөн, бұл процесс кезінде байырғы этнос қысымшылық та көрді. Бірақ, тағдыр тәлкегімен қазақ жеріне келгендердің мұқтаждығы мен қасіретін көрген қазақтардың өздері оларға аяушылық пен қайырымдылық танытты. Осы тарихи ретроспективаны ұққаннан соң барып, күнтізбемізде пайда болған Алғыс айту күнін ерекше бағалайтын боламыз.
Елімізде Алғыс айту күнін бекіту бастамасы Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевқа тиесілі екенін бәріміз білеміз. Ол туралы Президент ҚХА-ның 20 жылдығына орай 2015 жылғы 23 сәуірде өткізілген Қазақстан халықтары ассамблеясының XXII сессиясы кезінде айтқан еді.
Сол кезде ол ХХ ғасырдың өн бойында Қазақстан аумағында көпұлттық қауымдастық қалыптастырудың күрделі процессінің жүргенін еске салып өтті.
Шынында да, қазақстандықтардың көпұлттылығы жүре-бара қалыптасты. Ол Сарыарқа даласына батыс пен шығыстан келген үлкенді-кішілі көші-қон толқынының нәтижесінде орын алды. Алайда, советтік кезеңнің тарихнамасында осы жер аудару процестерінің драматизмі онжылдар бойында жақ ашылмады. 5,6 миллион адамның Қазақстанға көші-қонуы табиғи, ерікті-жоспарлы құбылыс, оның ішінде «социализм құрылысына», қазақстандық игерілмеген даланы игеруге асыққан «комсомол жастардың» романтикалық құлшынысы ретінде түсіндірілді.
«Ғасырлар бойындағы достық», «Халықтардың туысқан отбасы», «Жүздеген тілдер ғаламшары» және басқа да әдемі тіркестердің артында – көп жағдайда қазақстандық көпұлттылықтың қалыптасуының күрделі процестері түсініктен тыс қалып жатады.
Ал түсіну өте қажет.
Бұл ретте, қазақ жеріндегі көпұлттылық ХХ ғасырдың басында орын алған жаппай жер аударуларға дейін біраз бұрын қалыптаса бастағандығын және анық отарлық сипатта болғанын айта кеткен жөн. XVIII ғасырдан бастап Ресей империясының казак әскерлері атам замандардан бері Кіші жүз бен Орта жүздің рулары көшіп-қонып жүрген территорияларды біртіндеп басып ала бастағандары еш құпия емес. Қазақтардан (ол кезде оларды қырғыз-қайсақ дейтін) тартып алынған жерлерде әскери бекіністер, форпосттар мен хуторлар салынды.
Бұдан әрі қарай империяның отарлау экспансиясы одан сайын нығая түсті. XIХ ғасырда, 1861 жылы крепостнойлық құқық жойылғаннан кейін, патша үкіметі жерлерді әскери-казактық отарлаудан – жаппай қоныстандыруға көшті. Осы мақсатта қазақ даласына Ресей империясының орталық және оңтүстік губернияларынан көшірілген шаруалар үшін тіпті «Уақытша ережелер» де әзірленді. Еркек кіндікті тұрғындарға 30 десятина көлемінде жер бөлу, оларды салықтан және міндеттіліктен 15 жылға босату және де 100 рубльге дейін қарыз/көмек беру «Ережемен» қарастырылды.
Осыдан соң қоныстанушылар лек-легімен ағылды. Өз күшімен өгіз-бұқалармен және жылқылармен көшкендерден басқа, қоныстанушылар Солтүстік Қазақстан арқылы өтетін Транссібір теміржол магистралімен тұтас эшелондармен көшіп келіп жатты.
Қазақтардан алынған жерлерді патша әкімшілігі «бос жатқан жерлер» деп оны «көші-қон қорына» жатқызып қойды. Осындай патшалық отарлау саясатының нәтижесінде XIХ ғасырдың аяғына қарай қазақтардан күшпен тартып алынып, 4 миллион десятинаға жақын жер қоныстанушыларға берілді (қазіргі өлшем бойынша 4,5 млн гектар).
Алайда, шаруаларды жаппай қоныстандырудың патша үкіметі жүргізіп отырған саясаты Столыпиннің аграрлық реформасы кезінде өзінің шарықтау шегіне жетті (1906-1911 жж.). осы реформа жарияланғаннан бастап және Бірінші дүниежүзілік соғыс басталғанға дейін Қазақстанға негізінен Украинада, Ресей мен Беларусияның орталық губернияларынан 714,4 мың шаруа көшірілді. Статистика куәлендіретіндей, Қазақстанға қоныс аударылғандар саны 1 млн 434,4 мың адам құрайды.
Бұл уақытта қазақтардан тартып алынған жер 17 млн десятинаны құрады.
Империяның көші-қон доктринасы тек қана утилитарлық мақсатты ғана көздеген жоқ – Ресей империясының орталық және оңтүстік губернияларын аз жер мен жері жоқ шаруаларды жермен қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар, Қазақстанда тұрғындардың моноэтносты құрамын өзгерту, өздерінің отарлық позициясын күшейту, және біртіндеп жаңа аграрлық жағынан игерілген өңір алу.
Қазақстанда Совет үкіметінің орнауы, Қырғыз (1920ж), кейін – Қазақ АССР (1925) құрылуы, 1936 жылы одақтас республика мәртебесін алуы – біртіндеп басқа кескін және халықтың көпұлтты құрамын қалыптастыру ерекшелігіне ие бола бастады.
Келесі ерекшеліктер ең бастылары болды.
Біріншіден, байырғы тұрғындар мен қоныс аударушылар арасындағы жер мәселесі бойынша теке-тірес артта қалды. 1930 жылға қарай тек жергілікті жер иеленушілер ғана емес, сонымен қатар Совет үкіметінің колхоздарға бірігу талабына бағынуға мәжбүр болған жер үлесін алған шаруалар да жерге деген меншік құқығынан айырылды.
Екіншіден, XIX ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы ерікті қоныс аудару қозғалысы күштеп жер аударумен алмасты. Қазақ жері мүлкі тәркіленген он мыңдаған шаруалардың жер аударылған мекеніне, жүз мыңдаған бейкүнә жандарды жұтқан ГУЛАГ территориясына, сонымен қатар сталиндік қуғын-сүргін қудалап, жер аударылған тұтас халықтардың жаңа қонысына айналды.
Қазақ даласының жергілікті тұрғындары да қорлық көрді. Олар да, ұзақ жылдар советтік концлагерьге айналған «советтер елінің» барлық дерлік тұрғындары бастан кешкен қайғы-қасіретті кешірді.
Шаруа қожалықтарын «ұжымдастыру» мен қазақтарды отырықшылыққа мәжбүрлеу нәтижесінде орын алған 1932-1933 жылдардағы аштық барлық қазақстандықтар үшін ауыр сындардың бірі болды.
1991 жылдың аяғына дейін Қазақ ССР-і де соның құрамында болған ССРО-ның бүкіл тұрғындары үшін 1930-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін тағы бір үлкен соққы болды. Сталиндік террор кезінде миллионға жуық тұтқынның қаралы мекені болған КарЛАГ – одақтық ГУЛАГ-тың маңызды құрамдас бөлігі болды.
«Халық жауы» деген қорқынышты таңбасы бар репрессияланған қоныс аударушылар мен саяси тұтқындармен бір тілім нанын бөліскен жергілікті тұрғындардың – қазақтардың көмегін асыра бағалау қиын. Біздің ортақ тарихымыздың осы парақтары жеке әңгіме мен жеке бас июге лайықты. Бірақ қаншалықты парадокс болғанымен, тап сол қиын-қыстау мен репрессия жылдарында ортақ мекенде ортақ қайғы мен ортақ тағдырмен байланысқан түрлі этнос өкілдерінің бір-біріне деген аяушылығы, бірін-бірі қолдауы мен тар кезде қол ұшын созуы толеранттылықтың мықты негізін қалады.
1940 жылдардың басында басымызға, бірде-бір совет отбасын айналып өтпеген тағы бір жаңа сын туды – фашистік Германиямен соғыс. Баршаның басына түскен бұл ауыртпалық Қазақстанның байырғы және байырғы емес тұрғындарының басын бірыңғай талпыныста – жеңіске деген талпыныста біріктірді. Сол уақытта шыңдалған адами қасиеттер – аяушылық, көмек қолын созу, көршілік, риясыздық – қазақстандық кез-келген ұлттың мінезін айқындайтын ерекшелігіне айналды.
Отандық тарихтың келесі парағы – қазақстандық Тың игеру. Жүз мыңдаған болашақ қазақстандықтар ССРО-ның түкпір-түкпірінен осында ағылды. Тың игерудің алғашқы екі жылында ғана осында 640 мың адам көшіп келіпті, ал тың игерудің онжылдықтары ішінде бұл сан 2 миллионды құрады.
Әр елде қоғамдық қарым-қатынастар дамуының өз заңы бар екендігі анық. Бұл тұрғыдан алғанда, Қазақстанда Алғыс күнінің пайда болуы – заңды құбылыс. Бір географиялық кеңістікте бейбіт өмір сүріп жатқан түрлі этнос өкілдерінің көп жылғы тәжірибесі бұған себеп. Бұл үшін біз – 130 ұлт пен ұлыс өкілдерінен тұратын Қазақстанның 18 миллион халқы, осы күні және басқа күндері де бір-бірімізге алғыс айтуымыз керек.
Тарас ЧЕРНЕГА, «Українські новини» республикалық газетінің бас редакторы,
Астана қаласының «ВАТРА» украин мәдениет орталығы» АҚ Кеңесінің төрағасы