Түземдік элита һәм шаман-тәңір ұғымы
18.02.2018 3171
Түземдік элитаны халық арасында «оқу соққан» немесе «теріс оқығандар» деп атады. Бұл сөздердің мағынасы: байырғы исламдық қайнардан емес, халықтың ұғым-танымына жат білім алушылар дегенге саяды

Отарлаушылар ойлап тапқан орыс-қазақ мектебі деп аталған миссионерлік мектептер қазақ жерінде орыстың ықпалын күшейтіп, бұратаналардың арасынан «түземдік элита» шығаруды мақсат тұтты. Осындағы түземдік элитанының білімін бастауыштық деңгейде шектеп, отарлық басқару жүйесінің ең төменгі писарь-тілмаш сияқты болмашы қызметке орналастыру арқылы, отарлау ісіне пайдаланды.

Осы түземдік элитаны халық арасында «оқу соққан» немесе «теріс оқығандар» деп атады. Бұл сөздердің мағынасы: байырғы исламдық қайнардан емес, халықтың ұғым-танымына жат білім алушылар дегенге саяды.

Отарлаушылардың қазақты оқытуға бұлайша мән беруіне басты себеп, ұзақ жыл тұрақты жүргізілген шоқындыру ісі нәтиже бермеуіне байланысты еді. Өйткені, олар қазақты бірден діннен бас тартқызу қиын екенін білді. Сондықтан, жүйелі түрде қазақ арасындағы мұсылманшылықты іштен ірітудің басқаша жоспарын құрды.

Ол үшін әуелі, халыққа білім беруді тек отарлаушылар түзген бағдарлама бойынша оқытып, оқу бағдарламасына христиан дінінің әдеп-заңдарын білдірмей сіңіріп оқытуды жолға қойды.

Екінші тараптан, мұсылшылық әдеп-ғұрыптарын тәрк ететін ұғым-түсініктерді оқу жүйесіне енгізді. Осы арқылы тәрбиеленген адамдарды түземдік элитаға: «қазаққа мұсылман діні жат, бұл арабтың салт-дәстүрі, қазақтың өзінің байырғы «шаманизм», «тәңіршілдік» діни-ғұрпы болған», - дейтін жат ұғымдарды тықпалады.

Осылай халықтың санасын мұсылманшылықтан аластату үшін ойдан жасанды дін тауып, оған ғылыми түсініктеме беріп, негіздеме жасап, зерттеушілер тобын қалыптастырды. Осындағы шаманизм дейтін дүниені Шығыс-Сібір генерал-губернаторы Н.Н.Муравьевтың тапсырмасымен ғылыми айналымға енгізген адам–моңғол-бұрят тұқымнан шыққан этнограф-ғалым Доржи Банзаров.

Банзаровқа дейін «шаман-шаманизм» жайында ешқандай ғылыми ұғым-түсінік болмаған. Д.Банзаровтың шаманизмді зерттеп, жазған еңбегі 1846 жылы «Черная вера или шаманства у монголов» деген атпан жарық көрген. Осыдан кейін «шаманизм» жеке зерттеу обьектісіне айналды. Бертінде «Тюркский шаманизм» (В.Н. Потапов), «Алтайский шаманизм» (А.Алексеев) т.б. еңбектер жарық көрді. Кеңес кезінде арнайы қаржы қарастырылып, ғалымдар тобы жұмыс істеді.

Банзаровтың тұжырымы бойынша: «моңғол-бұряттар буддизмнің элементтері мен шаманизмнің қалдықтары қосылған «қойыртпақ» дін ұстанып жүр» десе, дәл осы идеяны қазақ ғалымы Шоқан Уәлиханов та қайталайды. Ол: «Қазақтарда шамандық салт-сана мұсылмандық наныммен мидай араласып, ортақ – мұсылман атты дін құрайды… Осы екі діннің, қазақ нанымына мидай араласуына ертеден келе жатқан шамандық дін негіз болды демекпіз»,-дейді (Ш.Уәлиханов, Таңдамалы шығармалар жинағы, Алматы, «Жазушы» 1985. 170-бы).

Жалпы шамантанушылардың пікіріне жүгінсек: шаман діні қанат жайған екі мектеп бар дейді. Біріншісіне – Сібір, Оралдың солтүстігін, екіншісіне – Қиыр Шығыс тұрғындарын жатқызады. Бұлардың қай-қайсында да ғаламдық өркениеттен кенжелеп қалған үрдіс бар. Олардың осылай көне шаман қағидатын ұстап, дамымай қалуына отарлаушылар өте мүдделі. Өйткені, шамандық жол, оны ұстанған халықтың жойылып кетуіне алып баратын, қатерлі сүрлеу екенін отарлаушылар өте жақсы біледі.

Қазақ тарихында ХVІІ ғасырға дейін қазақ халқы шаман болды дейтін ешқандай дерек жоқ. Ондай пікірді – көне жазбалардан, жыраулар поэзиясынан, ұлттық шежірелік генеологиядан ешқашан таба алмайсыз. Әлемде тұңғыш рет қазақтың арасынан шамандық белгілерді тауып, жар салған адам – Шоқан Уәлиханов. Қазақ ғалымы өзінің ұстазы Д.Банзаровтың ізімен жүрген. Ұстазының буряд-моңғолдарға таңған танымдық ұстанымын, шәкірті Шоқан да қазақ халқына дәлме-дәл әкеліп жапсыра салған. Әрине, бұл адамдардың артында Ресейдің отарлау саясаты мен даладағы мұсылманшылықтың қанат жаюына кедергі келтіру мақсаты тұрғаны айдан анық.

Ш.Уәлиханов «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» атты очеркінде: «Шамандық дегеніміз – әлемдік дүниені сүю, табиғатқа деген шексіз махаббат және өлгендердің рухын қастерлеу, аруағын ардақтау» дейді. Барлық діни рәсімдерді тек аруақтарды қадірлеуге әкеліп тіреп қойған. «Өзі разы болмай тірі байымайды» деген мақал да осы орайда шыққан.

Кеңес заманында Шоқанның айтқанына күмән келтіру – білімсіздік саналатын. Бұл үрдіс артынан Ш.Уәлихановтың жолын қуған, қазақтың дүниетанымын білмейтін, мұсылманшылықтың иісі мұрнына бармайтын, санасы еуропаланған жүздеген этнограф ғалымдардың пайда болуына жол ашты.

Ал, отарлаушылар таңған тағы бір қисынсыз ұстаным – тәңір діні дейтінге келсек, бұл ары кеткенде байырғы көшпенділерге тән тұрмыстық салт ғана. Егер тәңіршілдік жақсы дін болса, отарлаушылар өздері қабылдар еді ғой. Дінтанушы ғалым Әшірбек Муминов: «Тәңірлік дін болуы үшін оның кітабы, пайғамбары, ғибадатханасы, шариғи үкімі болу керек. Тәңірлікте ондай сипат жоқ және бұл бұрынғы өткен тұрмыстық салттарға негіздей отырып, бертінде отарлаушылар ойлап тапқан дүние» дейді.

Отарлаушылар әртүрлі ғибадат жасап қиналмайтын, күнәлі істерден адам баласын тыймайтын, оқып-жаттайтын жалбырану сөздері жоқ, жеп-жеңіл жалған дүниені дін деп тықпалаудағы мақсаты: халықты тек исламнан тайдыру еді.

Мысалы, ағартушы-миссионер Николай Ильминскийдің «Қазақтарға «сендер мұсылман емессіңдер, сендердің діндерің басқа, ата-бабаң тәңір дінін ұстаған» деп, түсіндіру қажет, бұл ұғым толық орныққан жағдайда оларды христиан дініне кіргізу оңай болады» деген құпия ұстанымын 1860 жылы патша үкіметіне жазған баянхатында айтады (С.М.Мәшімбаев, Г.С.Мәшімбаева. «Патшалық Ресейдің және Кеңес империяларының Қазақстандағы рухани отарлау саясатының зардаптары». Қазақ универсиеті. Алматы, 2013. 111-б). Осылай отарлаушы идеология алдымен қазақ сияқты көшпенді халықтардың дүниетанымын исламнан бұрынғы және исламнан кейінгі деп екіге бөлшектеп алады да, жалаңаш қалған «сананы» христиан ба, коммунистік идея ма, бір затпен киіндіреді. Сөйтіп, басқаның шекпенін киген халықтың дүниетанымы «құтқарушысына» ұдайы құлдық ұрумен өтеді. Қазіргі таңда қазақ зиялыларының көбі тәуелсіздіктен кейін қоғамда пайда болған мұсылманшылықты сіңіре алмауына себеп осы.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, зерттеуші