Ғұндар армиясы несімен ерекше?
08.02.2018 5766
NDH порталы «Қазақстанның әскери тарихы» жобасының кезекті санында байырғы дала тайпасы ғұндардың соғыс тактикасын ұсынады

Қазіргі Қазақстан территориясы мен оған шекаралас аймақтарда ғұмыр кешкен сақ-скиф бабаларымыздың соғыс өнеріне қатысты деректерден аңғаратынымыз: соғыс кезінде жеңіл әрі ыңғайлы, ықшам, шұғыл, қауырт қимылға икемді қару-жарақтарды дүниеге келтірген өркениетті құбылыс екенін анық байқалады. Сонымен бірге бұл әлемдік өркениет көшінен ұзақ жылдар бойы жасырылып келсе де, өз дәуірінен кейінгі гүлденген мемлекеттер мен хандықтарға да тікелей әсері болғанын да айтпай кетуге болмас. Соғыс тактикасы мен қаруларын жетілдірген үстіне жетілдіре түскен уақыт белгісі ғұндарға да келіп жетеді.

Ғұндардың жауынгерлік құдіретінен қытайларлар секілді оған шекаралас жақын елдер қатты сескенді. Қытай патшалықтары Ұлы Қорғанда салып бекінді. Ғұндардың жалпыадамзаттық тарихқа кіргізген еңбегі – әлемдік ұлы қоныс аударуды жасауы. Ғұн шапқыншылығынан туындаған бұл жағдайда әлем картасы мүлде өзгеріп кетті. Халықтарды сапыру, көші-қон, геосаяси тұрақтылықты өзгерту дала көшпелілерінің қолынан келді.

Ғұндардың ұлы хандары: Тұман, Мөде, Мойыншор, Еділ (Аттила) есімдері тарихта жазылды. Елдігін ойлаған, жат жұртқа бодан болуды мүлде көксемеген, жерді қорғап сақтаған бабалар ісі ұрпаққа үлгі.

Ғұндар ұзақ қашықтыққа тез жететін атты әскер дайындап жетілдірді. Атты әскер сақ жауынгерлерінің негізгі күші секілді ғұнның ең басты қаруы, көлігі болды.

Соғыс кезінде садақты, қылыш пен найзаны қатар пайдаланған. Ғұндардың ең басты қаруы – садақ. Иіні сүйекпен қапталған ғұн садағының ұзындығы 140-160 см-ге дейін жетті. Сонымен бірге ат үстіндегі айқас үшін екі жүзді семсер, бір жүзді палашты ойлап тапты.

Фут деп аталған қысқа шоқпарды ғұндар әскери қару ретінде пайдаланған. Ғұндар бұғалық тастау әдісін жетік меңгерді. Жалпы алғанда ғұн дәуірлеген тұста олардың соғыс тактикасы да әлемнің таңдайын қақтырды, үрейін туғызды. Шығыстағы Хингай тауларынан бастап батыстағы Римге дейін ат шалдырған ғұн бабамыз осынау ұлан-байтақ даланы қаруының күштілігімен бағындырғаны айтпаса да түсінікті.