Алыс та жақын Астрахань
29.01.2018 1867
Астрахань мен Астананың арасы шамамен 2600 шақырымдай. Біз әуелі Мәскеуге ұштық. Одан әрі ресейлік «Победа» лоукостерімен Астрахань астық

Жасым бар қос мүшелде – жылым сиыр,

Тағдырдың айдауымен кеттім қиыр.

Халық әні

Қытай қазақтарының арасында аты танымал Мамыр есімді әнші осылай деп ән шырқайды. Тек қазақ тілінде ән айтатын Мамыр бұл әнді Лондондағы студиялардың бірінде жаңа форматта, үш дауыста жаздырған. Тыңдаған адамның бойы тітіркеніп, әдеттегіден өзгеше күйге енеріне мен кепіл. Алайда, айтпағым басқа еді. Қиыр жайлап, қыр қонған қазақтардың арасында, өз елінен, қандастырының қоңсысынан тағдырдың тәлкегінен бөлініп, лажсыз өзге елдің құрамында кеткендері де бар. Бүгінгі мақаламызда сондай іргелі диаспоралардың бірі – Астрахань қазақтары жайлы көргеніміз бен ойға түйгенімізді жазбақпыз.

Астрахань мен Астананың арасы шамамен 2600 шақырымдай. Біз әуелі  Мәскеуге ұштық. Одан әрі ресейлік «Победа» лоукостерімен Астрахань астық. Кей деректерде «Астархан», я болмаса, «Аджитархан», «Аштархан» деп әртүрлі этимологиялық болжамдар жасалатын қалаға барушылардың қарасы қалың көрінді. Бір ұшақ лық толды. Ресейдің 115 тарихи қалаларының тізіміне кіретін бұл қаланы «Ресей Венециясы», «Каспи астанасы» деп те атайды екен. Сондықтан болар, қалада шетелдіктердің саны жетерлік.

Керек десеңіз, күллі әлем жыл сайын назарын тігетін Нобель сыйлығының негізін қалаған Альфред ақсақал осы қалада аз-кем өмір сүріп, кәсіп қылыпты. Қалаға келе сала, өзімізді уылдырықты өлкеге тап келгендей сезіндік. Қайда қарамайық, қызыл, қара уылдырықтардың жарнамасынан көз сүрінеді. Жергілікті жұрттың айтуынша, бұл – өзен балықтарынан өндіріледі. Оның сапасы теңіз балықтрынан өзгеше дейді. Қырлы өлкенің қазағы болғандықтан, анық-қанығын байыптай алмадық. Біздіңше – бәрі бір уылдырық.

Заттарымызды қонақ үйге жайғап, қаланың көрікті жері әрі символы іспеттес «Астрахань кремлін» көргенге асықтық. Себебі, кей деректерге сүйенсек, бұл бекініс уағында жарты әлемді тітіреткен Алтын Орда астанасы Сарай-Бату қаласының кірпіштерінен қаланған дейтін ғылыми гипотеза бар екен. Жә, бұл туралы сәл кейінірек баяндармыз.

1580-1620 жылдары соғылған Кремль қаланың ең көрікті жері – Еділ мен Құтым өзендерінің қиылысар тұсы, Қоянды төбеде орналасқан. Әу баста, воевода И. Черемисинов 1557-1558 жылдары қаланы көшіргенде жоспарланған бекініс жұмысына Дей Губастый мен Михайл Вельяминов жетекшілік жасайды. Іргесін қалауға қаладан 140 шақырымдай қашықтықтағы Сарай-Бату қаласының кірпіштерін пайдаланады. Қазіргі кезде Селитерное селосының маңындағы Ақтөбе өзенінің бойында үйінді төбелерге айналған көне қаланың кірпіштері Астраханьға қалай жетті? Су жолымен бе, әлде, ат пен арбаның және адам күші салынды ма? Бұл сұрақтың жауабын таппадық. Кремльдің де, Сарай-Батудың да маңын мекен етіп, туристерге жол көрсетіп, нәпақа табатын гидтер бұл сауалымызға жауап бере алмады.

Ең қызығы, «бұлғақты кезеңде» (М. Мағауин) Мария Мнишек осы бекіністі паналапты. «Ресей Венециясы» немесе «Каспий Астанасы» деген атақтарға ие Астраxаньдағы Кремль аталмыш қаланың көркі десек те болады. Бастапқыда – Қырым xандығынан қорғану мақсатында соғылған бекіністі ағаштан тұрғызған. Орталықтан қашық жатқандықтан теңіз қарақшылары мен ұры-қарылар да осы маңды жиі мекендеген. Тіпті, оларды айтпағанда, грузиннің Ваxтанг VI, Теймураз ІІ секілді қашқын патшалардың тәні осы жерден мәңгіге тыныс тапқан. Биіктігі 3 метрден 8 метрге жететін қамал іргесінің қалануына, жергілікті xандардың алауыздығын пайдаланып, Астрахань өлкесін түгел бағындырған Иван Грозный патшаның қосқан үлесі зор. Араб тариxшысы Ибн Батутаның өзі тамсанған Сарай-Бату қаласының «Астраxань Кремлінің» қабырғаларына қаланып кетуі осыдан келіп шығады.

Астраханьдағы ана тіл

Бір кездері қазақтың жері болған Астрахань тарихы алуан қырлы. Ұлттық құрамы да сан түрлі. 100-ден астам ұлттың өкілі мекендейді. 1 млннан астам халық болса, соның 200 мыңға жуығы – қазақтар. Негізінен кіші жүз руларының өкілдерінен құралатын қазақтар барынша салт-дәстүрлері мен тілдерін сақтап қалуға жанталасуда. Өзіндік тілдік ерекшеліктері де жоқ емес. Мысалы: «садақаны» – «нияз», «шөберені» – «нементай», «рақметті» – «сау бол» деп айтады. Ал, кісі қайтыс болған үйді қонаққа шақырып, көңіл айтатын дәстүрді «көңілшай» дейді.

Тағы бір байқауымызша, бұрын Астрахань облысында 70-ке жуық қазақ мектебі болған екен. Қазір сұрыпталып-іріктеліп, соның 30 шақтысы ғана қалыпты. Онда да қазақ тілін аптасына бір рет факультатив түрінде өтетін көрінеді. Ал, біз барған Краснояр (Қызылжар) ауданы, Байбек ауылындағы Абай атындағы мектепте 90-шы жылдары «Рауан» баспасынан шыққан қазақ тілінің оқулығы қолданыста. Себебі, соңғы жылдары шыққан біздің оқулықтар бұл жақтың оқу бағдарламасына сай келмейді екен.

Бірақ қол қусырып отырған мұндағы ағайындарды көрмедік дегенмен, аптасына бір рет болатын қазақ тілін қиынсынып, дау шығаратын ата-аналар да жоқ емес екен. Мұны аты-жөнін айтпауды өтінген мектеп мұғалімдерінің бірі сөз арасында айтып қалды. Амалсыз өткен тарихты қопардық. Сонау қиын-қыстау 1945 жылдың өзінде 77 қазақ мектебі болған. Салыстыру үшін айтар болсақ, сол заманда 142 ұлттық мектеп болған. 42 – татар, 23 – аралас мектеп жұмыс істеп тұрған. Қазіргідей қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда жағдай мүлде өзгеше. Ауылдағы ақсақалдардың «адам өзгерді ме, әлде заман өзгерді ме?» дейтін пәлсапалық сөздерін іштей бір қайталап, шынайы ақсақалдар мен қазақ тілді мектептердің азайып жатқанына шын қынжылып қалдық.

Құрманғазы киесі

Былтырғы жылы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында қасиетті жерлер тақырыбы қозғалды. Қай жерде ата-бабасының мазары қалса, сол жерді киелі санайтын қазақ үшін Астраханьда қастерлі орындар жетерлік. Сейіт баба мазары мен Бөкей ханның және Атан ханымның, «күй атасы» Құрманғазының кесенелерін бір түгендесек жеткілікті.

Облыстағы маңызды туристік орындардың бірі саналатын Құрманғазы Сағырбайұлының мазарына жылына 25 мыңға жуық турист келеді. Бұл мәліметті Құрманғазы атындағы мәдени орталықтың ұжымынан естідік. Володар ауданындағы Алтынжар ауылындағы Құрманғазы бейітінің басына ақ шаңқан кесене орнатылған. Ашылу салтанатына Елбасы Н.Ә.Назарбаев пен Ресей үкіметінің басшысы В.Черномырдин қатысқан. Дәулескер күйші кесенесі өзінің ерекше сұлулығымен көз тартады. Жоба авторы – маңғыстаулық Мақсұт Нұрқабаев.

Құрманғазының немересі Кәрім Құрманғазиевтің сөзінше, әдеттегідей бір қуғыннан келген Құрманғазы ұлы Құбашқа жуынатын құман әкелуді сұрайды. Сонда әкесіне су құйып тұрған ол желкеден бастап, жон арқадан белге дейін жалғасқан жалды байқап, жағасын ұстайды. Кейінірек көргенін ұлына айтып, өмірінде 200-ге жуық күй шығарған Құрманғазының тегін адам болмағанын және оның досы Ишманның қасына жерлеуді аманат еткенін айтады. Кесененің басты есігінен кіріп, кілт солға бұрылып жүрсеңіз, сол жақ бетіңізден араб жазуымен өрнектелген шағын ғана құлпытасты байқауға болады. Бұл – Құрманғазының жан қиыспас досы Ишманның басына қойылған белгі. Бертін келе Ираннан арнайы келген ғалымдар құлпытастан оның атын оқып, музей қызметкерлеріне аталған ақпаратты жеткізеді. Парсы елінің көзі ашық зиялылары мәңгі достықтың куәгері болады. Осы естеліктерді айтып отырған Кәрім ақсақал аз-кем үнсіз қалды.

Ойын бұзбай отбасылық альбомына көз жүгіртіп, оның Құрманғазы музейіндегі ұлы атасының кескініне өте-мөте ұқсастығына таң қалдық та, «арман-өкінішіңіз бар ма?» деп оқыс сауал тастадық. «Иә, өкінішім аз емес. Домбыра тартуды үйрене алмадым. Сол өкініш. Уағында ден қоймадым. Көңіл-күйім болмағанда «Сарыарқа» мен «Балбырауынды» тыңдаймын. Қан қысымым көтеріліп, қиналғанда Ата басына барамын» деген жауап алдық. Астрахань қазақтары Құрманғазы Сағырбайұлын ауыз екі тілде «Ата» деп айтады.

Домбыра ұстап, өнер жолына түсемін дейтін бұл жақтың қазақтары бір қолына домбыра, екінші қолына таба нан алып, Ата басына түнейді.  Егер түсіне домбыра көрінсе, дәулескер күйші, ал, таба нан кірсе, қарапайым шаруға бейімделгенді дұрыс көреді. Халық сеніміне шек бар ма?!

Құрманғазы Сағырбайұлы атындағы аудандық мәдениет орталығының жанындағы музей қызметкері Жұмақыз Иманбаеваның сөзіне сенсек, бала көтермеген жас келіншек музейдегі күйші бюстін жүрегіне басып, «Ата, отбасы құрғанымызға жеті жыл болды. Сәбиіміз жоқ еді. Сізден сәби тілеп келдім» дейді. Араға бір жыл салып, сәбиін құшақтап, музей қызметкерлеріне алғысын айтып кетеді.

Бюст демекші, белгілі ғалым Ноэль Шаяхметов жасаған күйші бейнесінің халықпен қауышуы да ерекше. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Ата мазарын қазып, оның бюстін жасау туралы тапсырма түседі. Алматыдан арнайы келген ғалымдар екі күн бойы қазба жұмыстарын жүргізе алмай әбігерге түседі. Қабірден шыққан жыландар тап-тап беріп, жұмысты мүлде тоқтатып тастайды. Сонда, жергілікті ақсақалдардың айтқанын тыңдап, құрбандық шалып, Ата әруағына Құран бағыштағанда әлгіндей жайттар саппа тыйылады. Дінді мемлекеттен бөліп, атеистік қоғам құрмақшы болған кеңес заманында осындай да оқиғалар болған.

Құрманғазы Сағырбайұлының кесенесінде Ата әруағына Құран бағыштап, музей аралап жүріп, елеусіздеу тұрған ескі домбыраға көзіміз түсті. Жұмақыз апамыздан сұрағанымызда күйшінің көзін көрген көне жәдігер екен. Алып қарауға батпадық. Бізсіз де итальян ғалымдары зерттеп, бағасын беріп тастапты. Жасалғанына 200 жылдай уақыт өтсе де, домбырдағы ноталардың орналасуы мен дәлдігі қазіргі заманауи аспаптардан еш кем емес. Бұл – батыс ғалымдарының бағасы. Ағылшын ақыны Оскар Уайльдтың «өнер – өмірдің өзі, ол өлімді білмейді» деген дана сөзін еріксіз еске алдық.

Астрахань азаматтары

Облыста «Жолдастық» қазақ бірлестігі толық қанды жұмыс істеп тұр. Аудандарда түгелге дерлік филиалдары бар. Ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрімізді насихаттайтын «Ақ-арна» облыстық газетін шығарып отыр. Мың тиражбен тарайтын басылым қазақ және орыс тілдерінде жарық көреді. Бірлестік төрағасы – Нұрлан Қандықов есімді жанып тұрған жас жігіт. Өзі осындағы облыстық думаның депутаты. Алдын ең ірі Нариманов ауданының басшысы қызметін атқарған.

Айта кететін жайт, бүгінде облыстық думадағы 6 депутат қазақ ұлтынан. Нұрланның бастамасымен биылдан бастап, «Жолдастық» деп аталатын Астраханьдағы ағайындардың басын қосқан үлкен той ұйымдастырылыпты. Біздер осы торқалы тойдың куәгері болдық. 10 мың қазақ жиналған тойды көңіл толқымай қарамау мүмкін емес еді. Ұмыт бола бастаған түйе бәйгені тамашалап, таспаға жазып алдық. Алыстағы ағайындар мәре-сәре. Көптен көрмеген қуаныштарын баса алмай, киіз үй тігіп, Нариманов ауданындағы Джакуевка ауылын дуылдатып жіберді. Джакуевка қадым замандардан қалмақты жері. Уақыт өте келе, қазақтар ығыстырып, қалмақтар өзге жаққа көшуге мәжбүр болған.

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» деген мәтелді тілге тиек еткен қандастар аталған шараға арнайы шақырылған қазақ эстрадасының жұлдызы Роза Рымбаеваның өнерін тамашалағанша асықты. Жанды дауыспен бір сағаттан астам екі тілде ән шырқаған Роза Қуанышқызының өнерін мойындамасқа шараң жоқ. Аз-кем сұхбаттасып үлгердік. «Қазақтар қайда шақырса да бара беремін. Кейде тегін-ақ бара саламын» деген қазақтың Розасының мұндай ерлігін қалайша жазбайсың. 

Мұнда қызметтегі қазақтар аз емес. Мысалы, Астрахань облысы губернатор әкімшілігінің жетекшісі – Қанат Шантеміровпен жоғарыда жазған тойда таныстық. Запастағы полковник. 2008 жылдан бері аталған қызметті абыроймен атқарып келеді. 1989 жылы «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Ресейдегі Президент сайлауында В.В.Путиннің сенімді өкілі болған. Бір ұл, екі қызы бар. «Бір қызым Алматыда тұрады. Жылына бір рет елге келіп тұруға тырысамын», - дейді. Жасыратыны жоқ, Астрахань асып, көліктен қатты қиналдық. Красноярск, Володар, Харабалинск, Нариманов аудандарын аралауға аяқ артарға зар болдық. Осындағы қазақ ағайындарымыз бен Қанат ағамыз құшақ жайып, кеткенше бар жағдайымызды жасады. Ұмытып барам, қазақтардың тойын дүркіретіп өткізген Нариманов ауданының басшысы Валерий Әлжановтың анасы – қазақ екен. Бар қонақтың көңілін табуға тырысып, зыр жүгіріп жүр. Жасы үлкен ақсақалдар «біздің жиен», - деп езу тартады.  «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!» деген.

Ең бір қызық дерек – 2016 жылы ғаламшарымыздың ең қарт тұрғыны ретінде Астрахань облысы, Красноаяр ауданы, Исламғазы ауылының тұрғыны Тәнзила Бисембеева танылған. Сол жылдың наурыз айында Тәнзила апамыз 120 жасқа толыпты. Кешегі өткен тарихқа үңілсек, ІІ Дүниежүзілік соғыста Астрахань қазақтарының арасынан 4 бірдей Кеңес Одағының Батырлары шыққан. Социалистік Еңбек Ері атанып, «Даңқ» орденінің толыққанды кавалері атанғаны қаншама.

Екі апта мекен болған Астраханьмен қимай қоштастық. Жарлысы мен бай тең құт мекен секілді көрінді. Бір шаңырақтың астында тату-тәтті тіршілік етіп жатқан қаншама ұлт пен ұлыстың өкілдерінің бейбіт өмірі үзілмесін деп тіледік. Ел жаққа қарап, жақсы жаңалық күткен қандастарға қайта айналып келуге уәде еттік. Балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған Ақ Еділдің бойын армансыз араладық. «Қазақтың тарихы – неткен бай тарих!» деп ой құшқан күйі елге жиналдық.

Кетер сәтте «Қазақстаным аман болсын! Рақмет! Сау болыңыздар. Назарбаевқа сәлем айтыңыз. Ресейдің кемпірі сәлем айтты» деп қол бұлғап қимай қоштасқан Байбек ауылының тұрғыны Алтынай Үбішқызының аманатын арқалап аттандық. Алдымызда өзге елдер бар еді. Себебі, тарыдай шашыраған әрбір қазақтың тарихын баяндайтын тарихи сапарымызды жалғастырамыз.

 

Астана-Астрахань-Астана

 

«Қиырдағы қазақтар» жобасының түсіру тобы деректі фильмді түсіруге демеушілік танытқан филантроп, профессор Оралбек Қожамжарұлы Ботбайға Алғыс білдіреді.