Қырғыздың Ахмет Байтұрсыновы
09.01.2018 2195
Ой-өрісі кең, өзгеше пікірлі Қасым 1924 жылдың аяғында алғашқы қырғыз әліпбиіндегі араб таңбасын латын немесе кирилл таңбасына ауыстыру мәселесін күн тәртібіне шығарып, өз жобасын ұсынады

Өткен ғасырдың басында Ресейдің І дүниежүзілік (жиһан) соғысқа кіруі империяның ішкі жағдайын одан сайын ушықтырып жіберді. Әскерге «солдат алу» мәселесінің түйіні бұрынғысынша шешілмеген күйінде қалды, шеткергі аймақтардағы ахуал да мәз емес-тін. Қалыптасқан осындай жағдайда мұсылман қозғалысының жетекшілері жәдидизмнің «тілде, істе, пікірде – бірлік» ұранын қайта жаңғыртып, бүкіл түркі тілдес халықтарды бір тудың астына топтастыруға тырысты. Ал ежелден «төсекте басы, төскейде малы қосылған» қырғыздар Алаш ұранын қолдап, қазақтармен бірлесе қимылдады.  Оның жарқын бір көрінісі Алатаудың арғы жағындағы қырғыздардың Алаш қозғалысына тартылуы дер едік. Өйткені Алаш идеясы сол кездегі бас-аяғы 2 миллионға жетер-жетпес қырғыздардың арасында кеңінен таралған-ды. 

Алаш қозғалысында ерекше назарға іліккен қырғыз интеллигенциясының көрнекті өкілдері Ишенали Арабаев, Белек Солтоноев, Дүр Сауранбаевтар болды. Тіпті, соңғысы «Алаш» партиясы атынан Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына Жетісу облысынан депутаттыққа үміткер ретінде ұсынылды. Әрине, «төңкерістік жарылыс» кезінде  қазақ, ноғай, сарттармен салыстырғанда, қырғыздардың көш соңында қалғаны жасырын емес. Оның бір факторы, сол жылдары оларды ұйыстырып, басын біріктіретін қырғыз тіліндегі газеттердің болмауы, бұл олқылықтың орнын толтыру үшін қырғыздар біраз уақыт қазақтарға арқа сүйейді. Айталық, Ишенали Арабаев сынды қырғыз оқымыстыларының жанайқайы көбіне «Қазақ», «Бірлік туы» газеттерінде басылған.      

Қырғыз интеллигенциясының ізбасары саналатын, жас буын өкілдерінің бірі Қасым Тыныстановтың өмір жолының алғашқы сатысы да Алаш қозғалысындағы 1916 жылғы үркіншілік кезінен, яғни Қытайға босқан қырғыздарға қатысты оқиғалардан басталады. Тыныстановтар отбасы Лепсі уезінің Қарақол мекенінен Қытайға ауған кезде, Қасым небәрі 15 жаста екен.  Ыстық көл ауданына қарасты Чырпыктыда туған Қасым,  әкесінің тікелей ықпалымен арабша сауатын ашады, алғашқы мектепті өзбекше, сосын орысша оқыған. Алайда елдегі жағдай білімге ынтызар Қасымның оқуын үш жылға кейін  шегереді. Бұл жөнінде сәл кейінірек.  

Үркіншілік кезінде Қасым Тыныстановтың отбасы тұрақтаған Қарақол уезіне қатысты Әлихан Бөкейханның мәліметтері бойынша «патша өкіметінің Қарақол, Піспек уезінде шапқан қырғыздың 53 мың үйі болған. Бұл қырғыздың үштен бірі. Қытай ауған қырғыз 1917-ші жылғы 28-ші пебірелден ауған қырғыз кейін еліне қайтты. Малдан таза айрылады, ауған елдің жүзден сексені өлді де, жиырмасы ғана қайтып келген». Солардың қатарында Тыныстановтар отбасы да болған. Кейбір мәліметтер бойынша, олардың елге оралу мерзімі 1917 жылдың аяғы, желтоқсан айы деп көрсетіледі.

Деректерге сүйенсек, қырғыздардың 6-7 ай бойы аш-жалаңаштығын ешкім білмеген. Құлжадағы оқыған білімді ноғай ағайындар қырғыз халін газеттерге жазып, әшкере қылып, жәрдем жиюға ертерек ұмтылуының арқасында ғана алғашқы әрекеттер жасала бастайды. Нәтижесінде Шығыс Түркістандағы мұсылман атаулы халықтар Садық Ювашевтің бастамасымен Құлжа қаласында құрылған «Босқын қырғыздарға жәрдем комитетінің» төңірегіне топтасады.      

Осы кезеңде көршілес қырғыздардың Піспек пен Пржевал уездері Жетісу облысына қарағаны тарихтан  белгілі. Жетісу қырғынының зардабын тартқан Алаш жұрты аш-жалаңаш қалған қырғыздарға қол ұшын созуды өздеріне борыш санады. Оларға алғашқылардың бірі болып Міржақып Дулатов үн қатады. Ол өзінде қалған «Оян, қазақ!» кітабының мың данасын екі есе бағамен сатып, содан түскен қаржыны «босқын қырғыз бауырларыма арнадым, бауырларымызды ескеру, өлімнен-қырғыннан құтқару алаш азаматының адамшылық борышы» деген еді. 

Аштыққа ұшыраған қырғыздарға жәрдем көрсеткен Ибраһим Жайнақовқа рахмет айтқан және қазақтарды көмек беруге шақырған Ишенали Арабаевтың «Бишара қырғыз бауырларыңды ұмытпаңдар!» деп аталатын хатында Жетісу облысы Пржевал уезіне қараған 6 болыс (Айлақол, Жәнібек, Торғай, Жаңабай, Барысқұн, Зоқи) елдің ортасына Алматыдан Мақсұт Солтаев һәм Қасымбай Телтаев келіп, жұртты жинап, қазіргі хал-жайды түсіндіріп, алты болыс елден 10 кісіден шығарып районный комитет сайланатынын жеткізіп, хатының соңында «бүкіл киіз туырлықты қазақ баласынан тағы да үміт етіп, өлім халінде қолымызды бұлғап, көзімізбен ишара қылып, тағы да жәрдем сұрайтынын» жеткізеді. Өйткені, қарулы жандаралдардың кінәсі болсын-болмасын, көзге көрінгендердің бәрін атып кету, өлтіріп тастау, тіпті отбасымен бірге қырып жіберуін жиілеткеннен кейін, Жетісу облысынан 300 мыңға жуық қазақ пен қырғыз Қытайға бас сауғалап кеткен-ді.

Осы бір аласапыран жылдарында ақ қалпақты қырғыздардың 13 мыңы Ферғанада, 600 ұлысы Жетісуда, 13 мың ұлысы Сырдарияда тұрған. Сол кездегі мерзімді басылымдардың бірінде соңғы екі облыстағы қазақ-қырғыздарды құтқарудың бірден-бір жолы, оларды Арқадағы тоң облыстарға бөліп көшіру керектігі, елден тиындап, тебендеп жиған жылудың жеткіліксіздігі алға тартылып,  Қытайдан оралған аш-жалаңаштарды Арқаға көшірудің он есе арзан һәм оңай болатыны айтылады. Мұхамеджан Тынышбаевтың мәліметтері бойынша, Піспек пен Пржевал уездерінен қашқанның бәрі қырғыз; Жаркент, Алматы уездерінен қашқанның бәрі қазақ (үйсіннің албаны), Лепсі уезінен – Қарақол, Еміл һәм өзге елдерден бірен-саран қашқандар. Бұлар малдарын тауысып, бірсыпыра қиыншылық көріп келді, бірақ бастары аман десті.

Жетісу өңіріне патша әскерімен тайталасып соғысқан, жан алысып, жан беріскен қырғыздар туралы Әлихан Бөкейханның тағы бір мәліметінде: «Жетісудың жандаралы қырғыз шапқан келімсектің қаласы 94, өртенген қаласы 5373, жараланған адам 684, өлтіргені 1905 деп өкіметке білдіреді. Әсіресе, Ыстық көлдің аймағы қанға толды. Келімсектен онда 1803 кісі бауыздалды, 1202 орыс аяқсыз жоғалды, 904 қора өртенгені, ақыры қырғыздар әскерге адам бермей, қарсылығын тоқтатпай қойған соң, патша үкіметі бар күшін қырғыз жеріне төгеді...түрлі жауыздықтар жасап, Тоқмақ, Пішпек, Қарақұм маңында 900-ден астам қырғызды зеңбірек оғының астына алып жойып жібереді. Олар Қарақұм, Пішпек уезінде тұратын қырғыздардың  53 000 отбасын, яғни бүкіл қырғыздардың үштен бірін қырғынға ұшырағаны» жазылған. Осы аймақтардағы шынайы ахуалды айғақтайтын бұл фактілерді бекер көрсетіп отырған жоқпыз. Себебі, Қасым Тыныстанов дүниеге келген Ыстықкөл маңындағы саяси ахуалдың, одан үркіншілікке ұшыраған Қарақолдағы әлеуметтік дағдарыстың белгілі бір дәрежеде отбасымен босып жүрген жас бозбаланың қантөгіс жолынан бас тартып, білім-ғылым  жолына түсуіне, басқаша айтқанда тұлға болып қалыптасуына ықпал еткені даусыз. Ол кішкентайынан Алаш жұртының, қазақ зиялыларының жетісулық босқындарға жәрдемдесіп, оларды «сен қазақсың», «сен қырғызсың» деп бөле-жармағанын көзімен көрді, сезінді, түйсіне білді деуге болады.

Соңғы зерттеулер бойынша Жетісу облысындағы қазақтар мен қырғыздарды сотсыз, тергеусіз ату 1916 жылдың шілдесінен басталып, 1920 жылға дейін жалғасқан. Ал Шығыс Түркістандағы қазақ-қырғыз босқындарын қайтару ісі 1917 жылғы «төңкерістік жарылыстан» кейін басталып, кеңестік биліктің орнығуына байланысты 1927 жылға дейін созылған. Осылайша тарихтың толқынымен  Алаш деп ұрандаған қазақ пен қырғыздың басы тағы да қосылады.

Қырғыз зар заман поэзиясының айтулы өкілі Молда Қылыштың бір толғауындағы «Қыйла сөздү чыгарма: Кыргыз, казак – алачтан» деген тіркес бар. Бұл қазақтың да, қырғыздың да түбі алаш екендігін айғақтайтын тұжырым». Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, халықаралық Айтматов академиясының президенті Абдылдажан Ақматалиев «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Қырғыз, қазақ – алаштан...» атты мақаласында «алаш дәуірін зерттеу арқылы қырғыз бен қазақтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдап жүрген Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Халықаралық Айтматов академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы бауырының маңызды еңбегінің тек қана құрметке лайық деп санайтынын» жеткізіп, оның – алаш дәуірін, ағартушылық кезеңді зерттеуші ретінде «қырғыз зиялылары да ағартушылық үрдістен шет қалған жоқ. Қазақ ғұламасы Ахмет Байтұрсынов пен қырғыз ақыны Қасым Тыныстанов аға-інідей сыйлас, әріптес, тағдырлас болған. Білімі көл-көсір Ахаң Қасым Тыныстановқа шығармашылық тұрғыдан зор ықпалын тигізген» деген сөздерін алға тартады.

Жоғарыда атап өткеніміздей, елге оралғаннан кейін Қасым Тыныстанов 1916 жылғы бүліншілік жылдарында үзіліп қалған оқуын одан әрі жалғастыруға мүмкіндік алады. Оған 1919 жылдары Қарақолда уездік милиция бастығы болған Садыбакас Ысмайылов деген кісі көмектеседі. Білім жолын таңдаған Қасым іргедегі Алматыға жаяулата жетіп, осы жерден Ташкентке оқуға кетеді. Ақырында Қазақ халық ағарту институтының дайындық курсына қабылданып, жатақханамен қамтамасыз етіледі. Оқу кезінде қазақ, өзбек, татар, орыс әдебиетімен жақын танысады, етінің тірілігінің арқасында институтта оқитын қырғыз жастарына жетекшілік жасайды. Сол жылдары институтта дәріс оқыған ұстазы Мағжан Жұмабаевтан тәлім-тәрбие алады, кейін шығармашылық байланыстары ұлғаяды. Ташкентте Мағжан мен Қасым «Шолпан», «Сана» журналдарында, «Ақ жол» газетінде, оқу комиссиясында бірге қызмет жасайды. Тіпті, 1925 жылы Мағжан «Қасым ырларының жинағын» Мәскеудің «Күншығыс» баспасынан шығаруға атсалысқан деседі. Міне, осылайша Қасым Тыныстановтың өмірі мен қызметінің ташкенттік кезеңі, оның кейінгі  ағартушылық қызметінің өрлеуіне даңғыл жол ашады. Алаштанушы Д. Қамзабекұлы «Алаш және әдебиет» деп аталатын еңбегінде Қасым Тыныстановқа «өз ұлтын алаштың бір тармағы деп есептеген қырғыз зиялысы» деген бағасын беріп, Қасым Тыныстановтың алғашқы жырларына енген «Алашқа» деген өлеңінен үзінділерін келтіреді: «...Бул заман – окуу-билим заманасы, Иске кир, белинди буу, бекем устап!». «Бұл өлең шумақтары ұлтты мұратқа жеткізер бағыт іздеп, дағдарған елге тығырықтан шығудың жолын көрсетіп, білім алуға, сананы оятуға үндеген ақынның идеясы сол тұстағы қазақ ағартушыларының ой-тұжырымынан алыс кете қоймаған» деген тұжырым жасайды.   

Өмірінің ақырына дейін ағартушылық қызметпен айналысқан Қасымның шығармашылығы кеңестік биліктің алғашқы жылдарында жанданып, шарықтау шегіне жетеді.  Студенттік шақтан басталған қырғыз әліпбиінің алғашқы нұсқасын жасау жұмысы өз нәтижесін береді. Оған оның қырғыз тілінде жазылған «Алымкул» пьесасының 1921 жылы Алматы мен Ташкентте оқитын студенттердің күшімен Қарақолда қойылуы дәлел.

1924 жылдың күзінде Қырғызстан мемлекеттілікке қол жеткізіп, Қарақырғыз автономиялық облысы атауымен РКФСР-дің құрамына кіргенін  білеміз. Осы жылы Қ. Тыныстанов ҚазАССР жанындағы Академиялық Орталықтың «Ғылыми комиссиясындағы О. Алиевпен, Б. Данияровпен» бірге араб таңбасы негізінде қырғыз әліпбиін жасау жұмысына қатысқан,  көп ұзамай партиялық «Эркин-Тоо» газетінің алғашқы санын шығарады. Бүгінде осы газеттің шыққан күні қырғыз жазу тілінің туған күні болып есептеледі.

Алайда, ой-өрісі кең, өзгеше пікірлі Қасым 1924 жылдың аяғында алғашқы қырғыз әліпбиіндегі араб таңбасын латын немесе кирилл таңбасына ауыстыру мәселесін күн тәртібіне шығарып, өз жобасын ұсынады. Оның бұл жобасы 1925 жылы Бішкекте өткен ғылыми-педагогикалық съезде қолдау табады. Көп кешікпей Халық ағарту комиссариатында Қ. Тыныстановтың басшылығымен «Жаңа әліпбидің достары» атты ерікті қоғам құрылады. Қасымның жаңа әліпби жобасының 1926 жылғы Бакуде өткен Бүкілодақтық түркітанушылардың съезінде мақұлдануы, оған қанат бітіріп, бір серпіліп қалады. Латын таңбасына негізделген бұл әліпби, ел арасында «Қасымның әліпбиі» деп аталып кеткен. Ол қырғыз әліпбиімен шектелмей, Орталық Азияда тұратын ұйғырлар мен дүнгендердің әліпбиін жасауға да өз үлесін қосады.  

Қ. Тыныстановтың тілді дамыту саласындағы қыруар еңбегі еленіп, 1927 жылы құрылған Қырғыз АКСР Халық комиссариатының алғашқы комиссарлығына тағайындалады. Мұндағы оның алты жылдық қызметі Қырғызстан үшін жемісті жылдар болды. Осы уақытта қырғыз зиялыларымен бірге «Жаны маданият жолунда» ғылыми-педагогикалық журналы шығарылады. Әйгілі «Манас» эпостық жырының желісімен жазылған пьесасы сахналанады. Ол манастану бойынша өткен Бүкілодақтық конференция жұмысында белсенділік танытып, М. Әуезов, Е. Поливанов сынды белгілі ғалымдармен пікір таластырады. Сосын «Манас» жырын орыс тіліне аударуға күш салады. 

Қасым Тыныстанов Халық ағарту комисссариаты жанынан Әдістемелік бюро мен Терминологиялық комиссиясын құрып, соңғысына өзі ғылыми жетекшілік жасайды. «Қырғыз тілінің хрестоматиясын», «Ересектер үшін әліпби», «Қырғыз тілінің грамматикасы», «Қырғыз әдеби тілінің жаңа орфографиясының жобасы», «Қырғыз тілінің морфологиясы», «Қырғыз тілінің синтаксисі» атты оқулықтары мен оқу бағдарламаларын даярлап, қырғыз тілі грамматикасының терминологиялық жүйесін қалыптастырады. Нәтижесінде қырғыз тілінің терминологиялық сөздігін құрастырады. Ол қырғыздардың бай тілдік қорынан жүз мыңға жуық сөздерді жинастырады және оның 56 400-ін іріктеп алып, қырғыздардың пайдасына жаратуға әрекет жасайды.  Сол жылдары ғылыми айналымға енгізген оның терминдерінің шамамен 90 пайызғаға жуығы бүгінге дейін қолданыста екен.

Осы ретте қырғыз ғалымы өнерде (поэзия) Алаш ұғымын қалай асқақтатса, ғылымда да Ахмет Байтұрсынұлы өнегесімен жүргенін аңғарамыз. Біздіңше, тіршілігінде бұл ғалымдар аз кездеспесе керек. Оның алғышарты да, негізі де бар деп ойлаймыз.

Соңғы зерттеулерге сүйенсек, бар саналы ғұмырын ағартушылық пен ғылымды дамытуға арнаған Қасым Тыныстановтың 1935 жылдың басында партия қатарынан шығарылуына байланысты қорғауға ұсынылған «Қырғыз грамматикасы» бойынша докторлық диссертациясы бір жылға ығыстырылған. Бірақ бүгінге дейін оның ғылыми дәрежесі мен профессорлық ғылыми атағын айғақтайтын ресми құжаттар табылмаған. Себебі, түсінікті емес пе?..

Ақыры советтік-партиялық билік  Қасым Тыныстановтың да шынайы, ғылыми ой-пайымдарын барынша бұрмалап, өзін саяси қуғын-сүргінге ұшыратып тынды.  Оған 37-ші жылы «ұлтшыл, советтік ұлт саясатына қарсы, пантюркист» деген жала жабылып, небәрі 37 жасында атылып кете барды.  Оның артында жан жары Турдубубу, Теңдик, Бирдик, Эркен есімді ұл-қызы қалады. Қасым балаларының есімдерін де «теңдік», «бірлік», «еркіндік» ұғымдарымен орайластырып қойған екен. Олар көпке дейін «халық жауының балалары» атанды. Тұңғышы Теңдік соғыс басталған жылы медициналық техникумға оқуға түсіп, бірден майданға аттаныпты. Өкініштісі, ауыр жарақатпен елге оралған ол, соғыс аяқталған жылы анасының қолында қайтыс болған. Қасым Тыныстановтың жеке өміріне қатысты мәліметтер, әзірге осы ғана.

Бүгінде Қырғыз елі Қасым Тыныстановтың есімін ұлықтап, рухани мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу мақсатында оның есімін кіндік қаны тамған туған жері Ыстық көлдегі мемлекеттік университетке берді, көптеген елді мекендерде Қасым Тыныстанов атындағы көшелер пайда болды, мәңгі бейнесі қырғыздардың 10 сомдық ақша бірлігінде таңбаланды. Міне, осындай игілікті істердің бәрін біз Қасым рухына тағзым деп түсінеміз.

Қ. Тыныстанов, И. Арабаев, т.б. Алаш зиялыларымен байланыста болған және өз тағдырын қазақ тағдырынан бөліп қарамаған қайраткерлер ғұмырбаянынан мынандай ой түйеміз:

Біріншіден, олар өз ұлтының көсемі ретінде патшалық Ресей саяси сынынан, қатерінен өткен қазақ зиялыларын (Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы т.б.) ұстаз және аға тұтты.

Екіншіден, олар 1916 жылы қырғыз үркіншілігінде қазақ зиялыларының Мемлекеттік Дума алдына мәселе қойғанын және оны шешкенін жақсы білді.

Үшіншіден, олар Алаш жұртының «Қазақ» газетінен бастап, «Жаңа өріс» газетіне дейін қырғыз тағдырының, қырғыз күресінің айнасы ете білді.

Өкінішке қарай, Қырғызстанның экс-президенті А. Атамбаев өз билігінің соңғы кезеңінде қазақтың арғы және бергі тарихына байланысты қиғаш және кереғар ойлар айтты. Соның бірі – 1916 жылдың көтерілісі мен үркіншілігі туралы еді. Әрине, президенттің бәрі тарихшы емес, алайда бір елдің атынан сөйлерде жазған-сызғанды, айтқанды жеті рет өлшеу – парыз...

Біз қазақ-қырғыз қарым-қатынасының тарихын, оның қарапайым адамдар өміріне әсерін жақсы сараптай білуіміз қажет. Бұл төскейде – малы, төсекте – басы қосылған құдандалы, ағайын екі ұлтқа да маңызды. Ал, билік адамдарында «аңдымай сөйлеу» деген болмауы тиіс.

Сан ғасырлық қазақ-қырғыз бауырластығы болашақта да арта беретініне сеніміміз мол.

Күлпаш ІЛИЯСОВА, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Шығыстану кафедрасының доценті,

тарих ғылымдарының кандидаты