Ит жылы – құт жылы
01.01.2018 2919
Ит жылы. Мешін, тауықтан кейінгі ауыртпалық ит жылы біршама жеңілдей түскен. Айталық, 1933 жылы аштық тыйылды, 1945 жылы соғыс аяқталды

Қазақ итті жеті қазынаның біріне жатқызады. Тауық жылынан кейін төрге озатын ит жылын жайлы жылдардың қатарына кіргізген.

Қазақ ұғымында мешін, тауық жылдары ауыр жылдар болып есептеледі. Бұл жылдары қауіп-қатер, жоқшылық, табиғи апаттар жиі болады. Ал бұл екеуінен кейін келген ит жылы осы ауыртпалықтар жеңілдейді деген түсінік бар. Тарихқа қарап отырсаңыз бұл түсініктің растығына көз жеткізесіз. 1920-1922 жылдар аралығында Кеңес одағында алапат аштық орын алды. Азамат соғысынан кейін және қатарынан екі жыл қыс қарсыз, жаз жауынсыз болды. Қатты құрғақшылықтың салдары ашаршылыққа алып келді. 1921 жылдың күзіне қарай бүкіл ел бойынша 20 миллионнан астам адам аштыққа ұшырады. Ашаршылық қазақ даласын да айналып өткен жоқ. Қызылдардың елді талап-тонауынан Оңтүстік облыстарда болған ашаршылықтан 1,5 миллионға жуық қазақ өлді деген мәлімет бар. Ашаршылық елдің батысы мен солтүстік облыстарын да жайлады. Ит жылынан, яғни 1922 жылдан бастап осы ауыртпалық жеңілдеді. Осыдан 1928-1929 жылдарға дейінгі аралықта Қазақстанда тыныштық орнап, жайлы жылдар басталды.

Тағы да сол мешін мен тауыққа тура келген 1932-33 жылдары Қазақстанда тағы ашаршылық болды. 1928 жылдың күзінде ірі байлардың мал-мүлкін тәркілеудің ақыры, отырықшыландыру, ауыл шаруашылығын коллективтендіру сияқты солақай саясатқа ұласты. Осы зобалаң жылдары 3 миллионға жуық адам қырылды. Көптеген қазақтар шетелге босып кетті. 1933- ит жылынан бастап ел басына түскен ауыртпалықтың беті бері қарапты. Келесі ит жылы 1946 жылға тура келді. Осы жылдан бастап 4 жылға созылған Ұлы отан соғысының ауыртпалықтары жеңілдеп, соғыстың салдарынан ауыр күзеліске ұшыраған экономика қалпына келе бастады. Мешін мен тауыққа тура келген 1968-1969 жылдары да құрғақшылық болды. Жағдай 1970 -ит жылынан бастап қалыпқа түсе бастапты. Бұдан кейін келген 1982, 1994, 2006 жылар да ел үшін жайлы жылдар болып есептелді.

Олай болса, қазақ тарихында ит жылдары орын алған басты тарихи оқиғалардың тізбегі төмендегідей:

1910 жыл

1910 жылы 31 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы құрылды. Ағарту саласы жанашырлары қоғаттарында Верный қалалық думасы Л.Н.Толстой атындағы кітапхана-оқу залын ашу туралы шешім шығарды.

1922 жыл

1921 – 1922 жылдары ашаршылық Азамат соғысы аяқталған кейін Кеңестер елін тағы бір ауыр сынақ күтіп тұрды. 1921-1922 жылдардағы ұзаққа созылған қарсыз қыс жауынсыз жазға ұласты. 

1921 -1922 жылдары ЖЭС аясында жүргізілген шаралардың бірі жер-су реформасы болды. Реформаның негізгі міндеті 1920 жылы құрылған ҚазКСР-нің аумағында қазақ жерлерін біріктіру болды.

1934 жыл

1934 жылдың 23 сәуір күнінің ҚазССР Ағарту халкомы №425 бұйрығы бойынша Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық ұлттық аспаптар оркестрі құрылды. оркестрдің дирижері мен көркем жетекшісі болып Ахмет Жұбанов тағайындалды.

1934 жылы 13 қаңтарда Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры ашылды. Қазақстандағы алғашқы опера және балет театрының құрылуына Күләш Байсейітова, Жұмат Шанин, Құрманбек Жандарбеков, Қанабек Байсейітов, Шара Жиенқұловалар зор еңбек сіңірді.

1934 жылдың 15 қаңтарда әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті ресми түрде ашылды. ҚазМУ кадр даярлауда еліміздегі маңдайалды жоғарғы оқу орындарының бірі.

1946 жыл

1946 жылы 1 маусымда КСРО Ғылым академиясының Қазақ бөлімшесі негізінде қазіргі Қазақстан Ұлттық ғылым академиясы ашылды. Алғашында бөлімшеде 16 ғылыми-зерттеу институты, 8 сектор, 7 тәжірибе стансасы, 3 ботаника бағы болды.

1946 жылы Қазақстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы болып Жұмабай Шаяхметов тағайындалады.

1946 жылы 7 қазанда «Біржан - Сара» операсының Премьерасы өтті. 1949 жылы 2-3 рет өңделіп, 1957 жылы қайта қойылды. Алғашқы қойылымындағы басты партияларды Ә. Үмбетбаев (Біржан), К.Байсейітова (Сара) орындады. «Біржан - Сара» көа актілі лирикалық-драмалық опера.

1958 жыл

1958 жылы 8 наурызда «Қазақстан» телеарнасының алғаш эфирге шықты. «Қазақстан» Ұлттық телеарнасын, Қазақ радиосын және аймақтық телерадиокомпанияларды біріктіретін «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары арасында ерекше орын алады. Ол Қазақстандағы теле-радиожурналистиканың үздік дәстүрін мұра етіп келеді.

1958 жылы тамыз айында (Теміртау оқиғасы) Қарағанды облысы, Теміртау қаласында кеңестік жүйеге қарсы бас көтеру болды. ХХ ғасырдың ортасында тың игеру табысқа кенеліп, өнеркәсіп өндірісі өрге жүзіп, оң нәтиже бергенімен, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы әлсіз болып бұқара қарсылығы бұрқ ете түсті.

1970 жыл

1970 жылы өндірістің тиімділігін арттыру нәтижесінде өнеркәсіп өнімдерінің өсу керсеткіші 70%-ды құрады. Ауыл шаруашылық өнімдерінің бағасын өсіріп, жоспардан тыс сатылуы үшін қосымша қаржы төленді, колхоздар мен совхоздардың материалдық базасы нығайтылды, салық саясаты өзгертілді.

1970 жылы кәсіпорындардың 80%-ынан астамы жоспарлаудың жаңа жүйесі бойынша жұмыс істеді. Қолға алынған шаруашылық реформасы кәсіпорындар, құрылыс пен көлік жұмысын жандандыра түсті.

1970 жылы Қазақстандағы тас төселген автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 40 мың шақырымға жетті. Алматы, Жамбыл, Көкшетау, Ақмола (қазіргі Астана) автомобиль жөндеу зауыттары салынды. 12 облыс орталығында жаңа автовокзалдар іске қосылды.

1982 жыл

1982 жылы Нұрғиса Тілендиев атындағы Академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестр құрылды. Оркестр ғасырлар бойы баға жетпес мәдени мұра боп келе жатқан қазақ ұлттық музыкалық аспаптарының бай қорымен танысу мүмкіндігін береді.

1994 жыл

1994 жылы 16 ақпанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіз Қазақстан тарихында маңызды орын алған ядролық қаруы жоқ ел ретінде Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қол қойылды.

1994 жылы 30 маусым - Қазақтың екінші ғарышкер ұлы Талғат Мұсабаев ғарышқа ұшты.

1994 жылы 6 шілдеде Жоғарғы Кеңес депутаттары астананы Ақмола қаласына көшіру туралы шешім қабылдады.

2006 жыл

2006 жылдың қаңтарында - мемлекетіміздің жаңа Әнұраны қабылданды. Әнұран негізіне Ж.Нәжімеденовтың сөзіне жазылған композитор Ш.Қалдаяқовтың 1950 жылдары дүниеге келген «Менің Қазақстаным» әні алынды. Қолданыстағы Әнұран мәтініне Президент Н. Назарбаевтың енгізген өзгерістерін Парламент қабылдады. Сондықтан да Әнұранның заңды авторларының бірі - Н.Ә.Назарбаев.

2006 жылы 11 қаңтар - Астанадағы «Ақорда» резиденциясында Қазақ¬стан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ресми түрде қызметіне кірісуіне арналған салтанатты ұлықтау рәсімі болып өтті. Қазақстан Президентін ұлықтау рәсіміне қатысу үшін Астанаға әлемнің 70-тен аса елінен өкілдер келді.

2006 жыл қыркүйек айында - Әлемнің дәстүрлі діндер басшылары Астанада екінші рет бас қосты. Олар жер жүзінің барлық адамдарына бейбітшілік, қайырымдылық және келісім мұраттарын таратушы мемлекеттің астанасы ретінде Қазақстанның жаңа астанасына бата берді. Бұл жолы да әлемдегі соғыстар, апаттар мен сілкіністер таусылмай тұрғанда Астанадағы Бейбітшілік пен келісім сарайы діндер кездесетін жерге айналды.

Жинақтаған: Дәулет Ізтілеу