Тақыр далада бой көтерген қала
14.12.2017 2292
«Астана – арман қала, Астана – болашақтың қаласы, Астана – өрлеу мен ел дамуының қозғағыш күші. Астанамен біз де бірге даму үстіндеміз»

Міне, осы формалар бұлжытпас қағида болуға сұранбаса да, келешек ұрпақ үшін бірте-бірте сіңісті ұғымға айнала беруге тиісті. Мейлі мұны «психологияның тегін саудасы» дейтіндер табылсын-ақ. Бірақ, «жақсы сөз жарым ырыс» дейтін қазақы дүниетаным тұрғысынан да, экономикалық психология тұрғысынан да ордалы қаламызды ел дамуының катализаторы ретінде бейсаналық деңгейде тұғырлай бергеніміз абзал. Бұл өзге емес, ең алдымен өзімізге керек нәрсе.

Қазіргі таңда халық Астанаға ағылуда. Әсіресе, жастар легі қарқын алып келеді. Бүгіннің өзінде елорда аумағы 722 шаршы шақырымнан асты, тұрғындар саны 1 миллионға жетті. Барған да арман, бармаған да арман. Бағы жанып, өркендеп жатқандар да, бәсекесі қатты ортаға түсіп, өзін-өзі жоғалтып алып жатқандар да бар. Бірақ, ең бастысы, дүйім көпшілік бұл жерден оптимизм рухымен сусындауда десек, сіра да, артық айтқандық емес. Ол оптимизмнің артында қаншалықты дәйектеме бар. Бұл енді дәлелдеуді қажет етпейтін бөлек әңгіме.

Осы реноменің 1998 жылдан бері бүткіл республикаға ерекше импульс беріп келе жатқаны тағы да жасырын болмаса керек. Астанамыздың Алматыдан Сарыарқа төсіне қоныстануының өзі оптимизм салтанатын білдіреді. Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы үшін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев әбден қайнап піскен, елдік мүдде талап етіп отырған Елорданы Ақмолаға көшіру туралы идеясын ешбір кедергіге, кейбіреулердің күдіктеріне қарамастан іске асырды. Астана содан бергі уақытта әлемге танылды және елімізді де әлемге танытты. Ондағы зәулім сарайлар мен сәулетті үйлер бір-бірімен үйлесіп, қаланың көркіне көрік қосып тұр. Ол үйлердің қай-қайсысы болмасын осынау бет қаратпас ерік-жігер мен оптимизмді нышаналайды.

Иә, «Астана» Елбасының ғана емес, жалпы еліміздің америкалық арманға жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып, балама ретінде ұсынған ұтымды идеясының бірі. Танымал радио желісінде күнде қайталанатын «Бәрі жақсы болады», ағылшынша айтқанда, «ОК» деген «тәмсіл» оның да ішкі бағдарламасы болып табылады. 

Тақыр далада қысқа тарихи кезеңде заманауи қала бой көтерген болса, соның аясында Self made, яғни, «өзіңді өзің жаса» ұстанымы салтанат құрған ХХІ ғасырда неге ерекше тұлғалық бейнеге сомдалып шықпасқа? Бұл Қазақстан халқына беріліп отырған бірегей мүмкіндік.

Жалпы, Астана тұғырнамасының батыста кеңінен танымал болған куэизммен де мазмұндас екендігі жасырын емес. Тіптен, бұл жар шашып, айта беретін, басы ашық жайт.

Тарихқа аздап «экскурс» жүргізетін болсақ, өткен ғасырдың 20-шы жылдары америкалықтар күніне 10 рет Эмил Куэнің «Менің жағдайым барған сайын жақсарған үстіне жақсарып барады» деген сөздерін қайталауды әдетке айналдырған болатын. Кейін келе-келе бұлайша, жаттанды формуламен іскери өмірде ешқандай да нәтижеге қол жеткізілмейтіні белгілі болды. Дейтұрғанмен, 50-ші жылдардың орта шенінде куэизм қайта жаңғыра бастады. Бұған жоғарғы іскери орталар мен үкімет, баспасөз ерекше екпін берді.

Барлығы да бірауыздан «өнеркәсіп пен сауда-саттық табысты дамуда, келешегіміз зор» дегенді айтудан жалықпады. Осындай іс-қарекет кейіннен «психологияны саудалау» деген атау алды және де көп ұзамай қалың бұқараға ондай әсерлердің психологиялық ықпал мамандары тарапынан ұйымдастырылып, қолдап, қуатталатыны мәлім болып қалды.

Бұл ықпалдың мақсаты мен міндеттері айқын еді және де ортақ қоғамдық игілікке негізделген болатын: адамдарды барынша тұтынушылық мақсаттағы сатып алуларға жұмылдыру, яғни, психологиялық серпілістер, яки престиж үшін болмасын, уақытты көңілді өткізуге, еңбекке бағдарлап болса да тұтынушылық сезімді ашу. Танымал маман директор Дихтер осы «аптықтың» басылуынан қорқа отырып, «Біздің өсіп-өркендеуіміз психологиялық негізге құралған. Сондықтан да экономикалық құлдилауды болжайтын немесе сол жөнінде көп айтатын іскери орталардың өкілдері мен экономистер отпен ойнайды және де «артық қылам деп тыртық қыладының» керін келтіріп, өз қызметімен тек залал келтіреді» деп жазған болатын.

Бұл ретте біз Астана идеясының, жалпы республика үшін Астана тұғырнамасының ертеңгі өсіп-өркендеуіміздің психологиялық тамыр-негізі екендігін ұмытпауға тиіспіз.

Рас, түрік мақалында айтылғандай, «алуа» дегенге ауызыңа тәттінің дәмі келмейді. Дегенмен, сонымызбен де өз-өзімізді бағдарлайтынымызды ескерген де дұрыс секілді. Қала берді, сыртқы салым салушылардың желігін алу үшін де керек. Алдыңғы жылдары салынған инвестицияның 616 млрд. теңгені құрағаны қазіргі бағдардың дұрыс екендігін көрсетеді. Ең күрделі мәселе – тұрғын үй саласы бойынша да жағдай ырғақталуда, 2013 жылы бұл тұрғыда қалада өлшем тілімен айтқанда 1,3 млн. шаршы метр баспана пайдалануға берілсе, одан беріде бұл көлем тек арта берді. Ал нақты үй санымен айтсақ, былтырғы жылы 70 тұрғын үйде тұрғындар қоныс тойын тойлады.

Барлығы бірден болмайды. Мәскеудің де құрылысы сан ғасырға созылған. Бүгін жоқ болса, ертең болады. Барға қанағат, жоққа салауат.

Қалай десе де, өсім бар, Астана да шын мәнінде, 2000-шы жылдардағы жоғарыға берілген жалаң есептердегідей емес, нақты дәйектік мәнге ие өрлеу фазасында. Басқасын айтпағанда, қаладағы соңғы екі жылдағы оңды өзгерістерді «көре алмағандар» сөздің ауыспалы да тура мағыналарында «көзілдірік» тағып алсын.