Ғабиден Мұстафин туған күн
16.08.2022 4381
1902 жылғы 26 қарашада Қазақстанның халық жазушысы Ғабиден Мұстафин дүниеге келді

Ғабиден Мұстафин – совет заманында шығармашылықпен айналысқан белгілі қазақ жазушысы 1902 жылғы 26 қарашада дүниеге келді. Оның шығармаларында туған халқының аласапыран замандағы қайғы-қасіретке толы тағдыры сипатталады. Ғабиден Мұстафиннің кітаптарында жеке тұлғаның өмір соқпақтарын сипаттайтын суреттер, тұлғаның психологиялық портретіне суретшінің жүргізген бақылаулары терең беріледі, дегенмен де автордың шығармаларынан сол кездегі идеология әсерін де сезесің.

Ғабиден Мұстафин Қарағанды облысындағы Нұра өзенінің бойында орналасқан Сартөбеде өмірге келді. Туған жер топырағы жазушыға шабыт беріп, ол туралы жазушы өзінің «Туған жерде» атты лирикалық очеркінде жылылықпен еске алады: «Өзі болған жігітке қайда барса орын бар. Бола алмаған жігітке ен далада орын тар. Болғанға да, бола алмағанға да кіндік кесіп туған жер, қаздай қалқып өскен ел, сенен ыстық бар ма  екен?!

«Кер ала атты» сауырлай салған күрең жолмен қайқаңның қыр жотасына шыға келгенде көне жер көзге оттай басылды. Бәрі таныс. Бәрі жылы шыраймен қарайды. Ағаш ат, садақ тал, асық ойнаған тақыршақ, қыз ұзатқан, келін түскен, көкпар шауып, балуан күрескен жер – ана, сонау бала шақты еске түсіріп күлімдегендей болады...»

Баланың жолы болып, ол қазақ тілінен басқа орыс тілін де үйреніп алады. Ресейден шаруаларды қоныстандаруға бапйланысты қазақтар өз туған жерлерінен кетуге мәжбүр болды – 1907 жылы Елібай руының алпыс шаңырағы өз жерін тастап көшіп кетуге мәжбүр болды. Олар Спаск зауытының шығысында орналасқан Көкталжарыққа қоныс тепті, кейінірек бұл жағдай жазушының өмірінде өз рөлін атқарды. Ауыл молдасының арқасында Ғабиден сауатын ашады. Сонымен қатар ол Спасск зауытының табельшісімен танысып, содан орысшаны үйренеді.  

Осының арқасында жас бала орыс-қазақ мектебінде оқиды. Мұстафин ынталы, қабілетті бала болады, түрлі ұлт өкілдерінің балаларымен тез тіл табысып, достасып кетеді.  

Мектеп қабырғасында жүріп оның білімге деген құштарлығы мен кітапқа деген құмарлығы оянады. Мұстафин өмір бойы өз бетінше білім алумен айналысты. Ғабиден ер жеткен кезде, оған бала кезінде Әубәкір Сейіткамалов деген өзбектің Пәтима деген қызын атастырып қойылғаны естеріне түседі. Кезінде тобы шыққан кедей болған қыздың әкесі саудда-саттықпен айналысып, аяқ астынан байып кетіп, бұларды менсінбей, Ғабиденге қызын бергісі келмейді. Бұл жазушының және оның туыстарының намысына тиеді. Кешегі кедей бүгін бұларды көзіне де ілмейді!

Шамамен осы сәттен бастап Мұстафиннің таптық санасы қалыптаса немесе ушыға бастайды, оған себеп – Сейіткамаловтың кедейлерге өктемдік көрсетуі еді. Бұлардың арасында жиі жанжал туындап отыратын. Бірақ 1919 жылы жағдай өзгеріп, Сейіткамалов Пәтима мен Ғабиденнің үйленуіне келісімін береді. Бұл неке ұзаққа созылмады, жас келіншек үйленгеннен кейін бір жылдан кейін қайтыс болады. 1925 жылы Ғабиден Зейнелге үйленіп, оқуын жалғастыру үшін Қызылордаға аттанады. Бірақ оның үміті ақталмай, оқуға түсе алмайды.  

Дегенмен де жазушы бай өмірлік тәжірибені басқа жолмен алады. Ол Өлкелік сотқа тіркеуші болып жұмысқа орналасады, бұл жерде негізгі міндеттерімен қоса түрлі адамдардың тағдырын бақылай отырып, мақалалар жазуды үйренеді. Оның шығармашылық жолы қысқаша публицистикалық жанрда фельетон, очерк жазумен басталады. Бұл жазбалары «Еңбекші қазақ» газетінде басылып шығады. Алғашқы әңгімесі «Сәрсен мен Боқаш» 1927 жылы «Жыл құсы» журналында жарияланады, екі жылдан соң «Ер Шойын» атты әңгімелер жинағы жарық көреді.

Әдеби қызметтегі еңбек тәжірибесінің аздығына қарамастан, бойындағы батылдығының арқасында ол Тоғжанов, Сейфуллин сынды және тағы басқа белгілі қазақстандық қайраткерлермен пікірталастарға түсіп отырған. Ешбір жұмыстан жиренбейтін Ғабиден жер қазушы да, көмекші де, қаражұмысшы да, слесарь болып та жұмыс істеді.

1933 жылы Қарағанды кеңесі темір жонушы Мұстафинді кеншілердің «Қарағанды пролетариаты» газеті редакциясының жауапты хатшысы етіп тағайындайды. Көп ұзамай жұмыс бабы бойынша ол Новосибирскіге ауыстырылып, сол жерде қазақ тілінде шығатын «Қызыл Ту» газетімен айналысады. Біртіндеп журналистикадағы еңбегі күрделі прозалық шығармалар жазуына септігін тигізеді.  

1938 жылы Алматыда тұратын Мұстафин әдеби-көркем «Әдебиет майданы» журналының редакциясында қызмет етіп, кейін оның бас редакторы болады. Осы қалада 1940 жылы Мұстафиннің «Өмір не өлім» атты алғашқы романы жарыққа шығады, романда жазушы Қарағандыдағы өндірістің дамуы мен оның біртіндеп ауқымды көмір қоймасына айналын сипаттайды. Бұдан соң 1945 жылы «Шығанақ» романы, 1948 жылы «Миллионер» повесті жарық көреді.

«Миллионер» повесті үшін жазушы Жамбыл атындағы сыйлықты иеленеді. Бұл кітапта миллионер-колхоздардың қатарына жататын колхоздағы ауыл өмірі сипатталады. «Қарағанды» романында адамның өсуі, жаңа ой-сананың қалыптасуы сипатталады.

Әлеуметтік-психологиясының тереңдігімен ерекшеленетін 1959 жылы шыққан «Дауылдан кейін» романы 20-жылдардың орта кезіндегі қазақ ауылындағы өзгерістерді көрсетуге арналған. Романда жаңа саясатта бұрынғы самалды сезінген, революцияға дейін би, болыс болған ауыл элитасының кедей тұрғындарды қайтадан қыспаққа алуы көрсетіледі. Бірақ олардың әрекеттері әшкереленіп қалады,  тарихты кейін қарай айналдыру мүмкін емес.

Ғабиден Мұстафин – қазақтың көрнекті жазушысы, оның шығармаларында халқымыздың тарихындағы маңызды кезеңдер сипатталады, сондықтан оның еңбектерін тек қана әдеби тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар тарих ғылымы тұрғысынан да қарау қажет.