Ойрат пен орыстың құпия келісімі
19.11.2017 2553
Ренаттың тікелей басқаруымен Ойрат жерінде артиллериялық, қару-жарақ, тау-кен өндіріс зауыттары орнап, қазақтармен соғыста Жоңғар хандығының әскери қуаты артты

Қожаберген жырау: «Жоңғарлар қорғасын оқ боратқанда, Найза ұстап, садақ асып қарсы шықтық...» дегеніндей, Ойраттар қорғасын оқ борататын жағдайға қалай жетіп жүр. Кең даланы еркін жайлаған екі көшпенді ұлыста отты қаруға ие боларлық мүмкіндік жоқ еді ғой. Ендеше, аузынан жалын бүріккен отты қаруға олар қалай ие болды?.

Бұл мәселеде басы ашық дүние ойраттарға отты қару жасап берген немесе жасауға жағдай жасаған Ресей үкіметі. Бұған басты себеп – 1715 жылы Бухгольц экспедициясы құрамында Ямышев бекінісін тұрғызуға атсалысқан, соғыс тұтқыны швед артиллериясының сержанты еврей тұқымдас Иоган Густав Ренаттың (1682-1744) ойраттардың қолына түсуі.

Осы оқиға жайлы академик-жазушы Сәбит Мұқанов «Швед офицері Иоган Густав Ренат 1709 жылы Полтава соғысында Ресейге тұтқынға түсіп, Тобылға жер аударылады. Бухгольцтің экспедициясы құрамында Ертіс бойын өрлеп келіп, Ямышев көлінде ойрат шерігімен орыс солдаттарының қақтығысы кезінде, жоңғарлардың қолына түседі. Сөйтіп, ойрат шерігіне темір қортып, зеңбірек құюды, оқ-дәрі жасауды үйретеді. «Ақтабан шұбырынды» кезінде ойраттар осы от қаруды қазақтарға қарсы қолданды», – дейді (Сәбит Мұқанов. Халық мұрасы. – Алматы: Жазушы, 2005. – 238-б.).

Осы уақытта Ренаттың тікелей басқаруымен Ойрат жерінде артиллериялық, қару-жарақ, тау-кен өндіріс зауыттары орнап, қазақтармен соғыста Жоңғар хандығының әскери қуаты артты. Осы қызметтері үшін оған бостандық беру уәде етіліп, ойраттардың қазақ даласына жасаған әскери жорығы аяқталған соң Ренатқа бас бостандығы берілді.

Моңғол ғалымы Д.Байыр-сайқынның зерттеуі бойынша, Ойрат-Ресейдің шекаралық қақтығысы кезінде ойраттардың қолына түскен голландиялық еврей Ренат торғауыт нояндарының қолында 20 жылдай тұрғанда, оларға темір балқытып, зеңбірек жасауды үйретті. Осы бір еңбегі үшін Ринатты 1734 жылы Галдан-церен хан босатты.

Бір ескеретін жайт Ойрат ордасында Ренатпен кездескен Ресей елшісі Л.Угрюмовтың құпия баянхатында: «Швед офицері Ринат 1729 жылы ойраттарға 4 фунттық 15 дана зеңбірек, кіші калибрлі 5 дана зеңбірек, 10 фунттық қысқа стволды 20 жана зеңбірек жасап беріп, оларға қалай қолдануды үйретті»,- депті.

Бұл мәліметтен не түюге болады? Швед офицері жайдан-жай ойраттардың қолына түскен жоқ. Шын мәнінде Ресей отарлаушылары Бухгольц экспедициясына әдейі қосып аттандырған. Жәміш (Ямышев) бекінісі маңында болған Ресей-Жоңғар қақтығысы осы Ренатты ойраттар қолына өткізіп беру үшін жасалған алдамшы оқиға. Екінші, бір ескерерлік дүние – Швед-Орыс соғысында қолға түскен тұтқын (Ренат) аса маңызды патша ағзам өзі мән беріп, аса көп қаржы жұмсалып жасақталған мемлекеттік экспедиция құрамында не істеп жүр?!

Бұл оқиға Ойрат пен Ресей арасында құпия келісіммен іске асып отыр. Мұндағы мақсат: Ренат ойраттарға сапалы зеңбірек жасап береді, торғауыттар ол зеңбірекпен қазақтарды қырады. Мына жақтан «қазақтарды қырмаңдар» деп Ресей билігі өтірік ара түскен болып, Қазақ ордасының алдында өздерін «құтқарушы» ретінде көрсете алады.

Тағы бір мәселе – қарулы ойраттар шығыстан қыса түссе, қазақтардың барар жері тарылып, іргесіндегі Ресейдің қолтығына еріксіз тығылуға мәжбүр болады. Дәл осы сәтте орыстар қолтығын кең ашып, өзі келген қазақтарды қыса қояды.

Швед офицері Ренат ойрат тұтқынынан босағанда күллі ойрат жерін картаға түсірген екі үлкен құжат ала шығады. Бұл карта кейін Еуропа үшін өте үлкен құнды бұйым саналды. Себебі, аталмыш картада 732 өзен-көл тағы басқа өте өзекті елді-мекен атаулары сызылған. Р. Густав – Шығыс Түркістан және Жоңғария картасын тәптіштеп жасаған алғашқы еуропалық.

Осыған қарағанда, Ренат екінші тараптан барлаушылық қызметті қоса атқарғаны сөзсіз. Ренат жасаған Жоңғар картасы көп уақытқа дейін қалың көпшілікке беймәлім болып келді. Корольдік кітапханада жұмыс жасаған Ю.Стриндберг 1878 жылы осы карталардың көшірмесін тауып алып, Я.Грота арқылы ИРГО-ға жібереді. Оны 1881 жылы А. Макшеев жариялайды. Оншақты жылдан кейін карталардың түпнұсқасы Упсала университетінен табылып, осы уақытқа дейін әлі сол жерде сақтаулы.

Жоңғар қонтайшыларының қызметінде жүріп, қалмақ шеріктеріне зеңбірек жасауды үйреткен Ренат тәп-тәуір байыған. Бір қызығы – қонтайшылар қолынан босаған Ренатты 1734 жылы ресейлік елші, майор Леонтий Угрюмов өзі барып Мәскеуге алып қайтқан екен.

Осыдан кейін бұл адамның Ресей мүддесі үшін қызмет атқарғанына сенбей көріңіз!

1734 жылы швед барлаушысы Ренат әйелі және Алтан, Жаманкіс және Сара есімді үш қалмақ күңдерімен Стокгольмге жетіп, Ескі қаладан үй сатып алады. Әскери қызметті 1739 жылы капитан шенімен аяқтаған.

Ресей үкіметі мен Ойрат қонтайшылары арасында құпия келісім болғанына тағы бір дәлел: 1733 жылы мамыр айында Семей бекінісіне елшілікке келген Ойрат нояны Саған (Цагаан) жергілікті патша қызметкерлеріне құпия жазбаны көрсетіп: «Менің қолымда аса мәртебелі ақ патша мен қонтайшының келісімі бар. Осы құжатты басшылыққа ала отырып мен сіздерге мынадай ұсыныс жасамақпын: осындағы орыс әскерлері біздің шеріктермен бірге шабуылға шықсын және біздер бірлесе отырып Қазақ ордасының күлін көкке ұшыруды бұйырамын!», -деп өрекпиді (АВПР, ф. Зюнгорские дела, оп. 113/1. 1731-1733 гг. Д.3. л. 53-53 об).

Ойрат ноянының бұл ұсынысын орыстар қабылдамаған. Қазақ-жоңғар қатынасын зерттеген Владмир Анисимович Моисеевтің пікірінше, орыстар өздеріне берілген тапсырма бойынша, «қазақтар бекініске шабуыл жасаған жағдайда ғана оларға тойтарыс беру жүктелген», - дегенді алға тартқан (В.А.Моисеев. Жоңғар хандығы және қазақтар (ХVІІ-ХVІІІ ғасыр). – Ұлан-батыр, 2015. – 103-б.).

 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ