Қытай қазақтарының Жапониямен байланысы болған ба?
17.11.2017 2243
Қазақтардың Жапониямен байланысы екі түрлі жолмен жасалған: бірі – тіке жапон шолғыншыларымен кездескен; екіншісі – Жапониямен байланыста болғандармен байланыста болған

«Жапонияда білім алған қытайлықтар» атты (中国人留学日本史) бұл кітапта ХІХ-ХХ ғасыр аралығында Жапонияда әр салада білім алған қытайлық оқушылардың тариxын түгендепті.

Жапония Қытайдың саяси мәдениеті мен саяси өзгерісіне қозғаушы күш болған бірден-бір ықпалды мемлекет екенін бүгінгі қытай билігі ашып жарып айтпаса да қазақстандық қытайтанушылар айта білуі тиіс деп есептеймін.

Цин үкіметін аударып, билікке демократиялық қытай элитасының келуіне жапондардың тіке ықпалы бар. Жапон-қытай қырғи-қабақтығы себебінен екі ел арасындағы тариxи саяси ықпалдастық туралы бүгінгі коммунист қытай билігі (共产党) көбінше жұмған аузын ашпайды. Осмынлы үкіметі үшін Франциядан білім алғандар қаншалық ықпалды болса, Цин мемлекеті үшін де Жапониядан білім алған қытайлықтар да сондай ықпалды болған. 

Цин-Жапон соғысынан (1894-1895 жж.) кейін Жапония Қытайдың терістік-шығыс өлкелері мен күншығыс теңіз жағалауларында еркін сауда айырбас зоналарын құрып, Циннің ішкі экономикалық нарығын құрсаулап тастайды. Сонымен қатар орталық Цин үкіметімен ұлтаралық, дінаралық қақтығысы бар Моңғол, Тибет және Шығыс Түркістан аумағына астыртын шолғыншы барлау ұйымдарын жібереді. Тибет пен Қашқария аумағы Англияның шылауында болды. Ағылшын тыңшылары Тарым ойпатын еркін шарлап, ежелгі өркениет іздеріне қатысты мол деректі құжатқа түсірді. 

Жапония әскери мектебін бітірген қазақтар кімдер?

Қазақтардың Жапониямен байланысы екі түрлі жолмен жасалған: бірі – тіке жапон шолғыншыларымен кездескен; екіншісі – Жапониямен байланыста болғандармен байланыста болған.

Жапон шолғыншыларының Қобда арқылы Алтай бетіне өтуі және одан ары жол тартып, Шәуешек қаласына ат басын тірегені туралы тариxи деректер бар. Ал Құлжа қаласына барғаны туралы нақты дерек қазірше қолымда жоқ.

Жапон шолғыншылары көбінше саудагер кейпіне еніп алатындықтан, қарапайым қазақ қытайы қайсы, жапоны қайсы – аса ажырата алмайтын болған. Сіз Шыңжаңдағы әрбір саяси оқиғаны Жапониясыз елестетіп жүрсеңіз, мына қызықты датаға қараңыз: 1912 жылы Құлжада Цин үкіметін аударып демократиялы еркін үкімет құрамыз деген төңкерісті Жапонияда білім алған әскери офицерлер жасаған. Олар құрған 白话日报 (1912) газеті (қазақша «Іле уәлаяты» газеті дейді, 1912 жылы жарық көрген тұңғыш газет, жеке мұрағатымда 1912 жылғы төрт парағы бар) де Жапония қаржысымен дүниеге келген. Бұл газетте жапонша жаңа терминдер көп қолданылған, сонымен қатар газет классик қытай иероглифінен көрі ықшам, қысқа иероглифті қолданып айналымға түсірген. Оны 白话 деп атайды.

1918 жылы Алтайды Қобдамен бірге Монғолияға қоспақ болған Торғауыт Палта да оқуды Жапониядан білген. 1933 жылы Жин Шурін (金树仁) билігін төңкеріп жаңа үкімет құрған Шың Дубан (盛世才) командасы да Жапониядан білім алғандар (Шың Дубан Жапонияда оқыған сабақтастарын жұмысқа шақырып алған).

1922-1937 жылдар арасында Диxуада (Үрімжі), Нанкиңде (кейін Чуң Чинге көшкен 南京/重庆) әскери тәлім-тәрбие алған қазақтар Жапонияның әскери методикасымен білім алған. Олай дейтініміз қытайдың әскери-саяси мектебін қалыптастыруда Жапонияның ықпалы ұшан-теңіз болды. Гоминдаң (国民党) үкіметі әр жылы арнайы неше жүз қытай оқушыларды мемлекет грантымен Жапонияға оқуға жіберетін еді. Олар Жапониядан саяси сауат (政治学) пен заманауи ғылым тетіктерін үйреніп қана қоймай, мәдени, әдеби һәм нарықтық экономикаға қатысты неше мың Жапон иероглифін (日本术语) қытай тіліне әкеліп ғылыми айналымға енгізеді.

Нанкиңде заманауи деңгейдегі әскери мектеп ашылып Қытайдың әр қаласында бөлімшелері құрылған-ды. Сондай бөлімше Диxуада (Үрімжіде) да біреу болған. 1922 жылы Үрімжідегі әйгілі Монғол-Қазақ мектебін (Мың-Ха шуетаң – 蒙哈学堂) бітірген қазақтардың біразы сол әскери мектепке қабылданып, кейін оны үздік бітірген, бірнешеуі Нанкиңге жөнелтілген еді. Нанкиңнен (南京) ары Жапония мен Англияға оқуға аттанғалы тұрған жерінен 1937 жылы қытай-жапон соғысы бұрқ ете түсу кесірінен бара алмай қалған қазақ әскери оқушыларын көбіміз біле бермейміз.

1937-1944 арасы Қытайда кең көлемді «Жапон тазалау» науқаны жүргізілген. Науқан кезінде Жапонияда білім алғандар мен жапонға еліктеп, жапоннан үйренуді үгіттеп газет-журналдарда мақала, үндеу жасағандардың көбі «жапон тыңшысы» деген атпен көзі жойылған. 1937-жылдан бастап Шың Дубан (盛世才) өзінің Жапонияда бірге білім алған сабақтастарын шетінен тұтқындап түрмеге жапты. 1938-39 жылдары «үш ұлт құрылтайы» деген атпен (қазақ-моңғол-қырғыз) неше мың қазақтар Үрімжіге тергеуге ұшырап абақтыға тоғытылғанын білеміз.

Райымжан Мәрсек – ең алғашқы «жапон тыңшысы»

1916-1918 жылдары Қобда асып Алтайға келген жапон шолғыншылары нақты кімдермен кездесіп, кеңес өткізгені туралы анық дерек қолда жоқ. Бірақ, 1939-1941 жылдары Үрімжі абақтысында Баймолда Қареке мен Шәріпхан Көгедайға «Жапонмен қандай байланыс орнаттың» деп 1916-18 жылдардан бастап Жапонның Қобда асып Алтайға жеткен он бес шолғыншысын тізіп берген.

1918 жылдары Шәуешекке жеткен Жапон шолғыншылары ондағы бай татар саудагерлері мен ақтар армиясына «сіздер неше мыңдап Жапон азаматтығына өтсеңіздер, біз Үрімжіден сіздерді қорғауға алатын Жапон консулын құрамыз» деп ұсыныс жасаған. Сонымен қатар Шәуешек пен Құлжада совет қызыл үкіметіне қарсы саяси блок құруға көмектесіп, қазақтардың ақтар әскерімен бірге қызылдарға қарсы соққы жасауына қаржылай демеу береміз деген. Шәуешектегі төрт үкірдай елдің төбе биі Қызыр төренің ауылында уақытша жасырынып бала оқытып жүрген Райымжан Мәрсектің жапондармен байланысы болды ма – ол әлі ашылмаған дерек. Бірақ, «жапон тыңшысы» деп ең ерте ұсталушы Мәрсек баласы екенін білуіміз керек.

Баймолда мен Шәріпхан тергеу құжаттарында жапон шолғыншыларымен Қобда арқылы байланысып тұрғанын, кейде жапон шолғыншыларын Шәуешектегі Қызыр төре ауылындағы Райымжан Мәрсекке және Шәуешекке жол көрсетіп жібергенін айтады. Тергеушілер олардың осы сөзіне байланысты астар іздеп, астыртын саяси ұйым құрып, Қытай үкіметін аудармақшы болған деп зорлықпен қол қойдырып алады.

Кім сатқын: Сун Ятсен, әлде Юан Шікай?  

Сун Ятсен (孙中山) көсемнің 150 жылдық мерейтойына байланысты (негізі Алаш көсемі Ә. Бөкейxан екеуі бір жылда дүниеге келген) Қытай тариxшылары деректі фильм жасаймыз деп Жапонияға да жол тартқан көрінеді. Қызық болғанда деректі фильмге тариxи мәлімет іздеуге барған тариxшы топ өкілдері «Қытайдың терістік-шығыс үш провинциясы (Манжурия) Жапонияға беріледі» деп жазылған білдей Сун Ятсен көсемнің қолтаңбасы бар құжатты тауып алады. Сонымен бұл мәселені олар жылы жауып қояды. Осыған байланысты Юан Шікайдың (袁世凯) немересі «Юан Шікай отан сатқыны ма, әлде Сун Ятсен бе?» атты сын мақала жазған көрінеді.

Демек, Сун Ятсеннің Манжурияны Жапонға не себепті береді? Цин әулетін төңкеруде Жапония Сун Ятсенге қандай материалдық әм моралдық көмек көрсетті? Сун Ятсен Цин үкіметін Жапония күшімен құлатып,  жапон қарызын өтеу үшін Манжурияны беріп отыр ма, әлде басқа себебі бар ма? 1912 жылы Пекиндегі президент сайлауында Қазақ депутаттары (Зәкәрия төре мен Баймолда Қареке) неге Сун Ятсенге дауыс береміз дегенде Юан Шікай (袁世凯) зорлықпен өзіне дауыс билетін тастатады? Сун Ятсен неге Алтай, Боғда мен Тарбағатайдан бір топ қазақ жастарын шақыртып жеке қабылдау жасап, Нанкиң әскери мектебіне тұрақты қабылдауға мүдделі болады? (Сун Ятсен қабылдаған қазақтардың аты-жөні бар, кейін тарқатып айтармыз) Мұндай сансыз сұрақ көп. Осы аталмыш сұрақтың жауабын іздеу барысында Қытай қазақтары туралы ғылыми зерттеу көбейе берсе екен деп тілеймін.

Елдес ОРДА