1929-1940 жылдар аралығында қазақ халқы жазу таңбасы ретінде латын әліпбиін қолданғаны баршамызға тарихтан белгілі. Осы жылдар аралығында Семейде, жалпы ел көлемінде латын қарпінде басылған қандай басылымдар мен кітаптар жарық көрді, олардың авторлары кім болды деген сұраққа Абай атындағы әмбебап кітапханасының кітапханашысы Жаңылгүл Мажитова жауап берді.
Абай атындағы әмбебап кітапхана – еліміздегі ең көне мәдени ошақтардың бірі саналады. Көп жерде сақталмаған, ең құнды деген жәдігерлердің біразы осы кітапхананың сирек қорында тұр. 1930 жылдардың басы мен орта шенінде латын графикасында жарық көрген «Социалды шығыс» (1932 - 1935), «Социалистік майдан» (1939), «Екпінді Алтай» (1939), «Түрксіб» (1937) газеттерін, «Әдебиет майданы» (1940) журналдарын кітапхана қорынан кездестіре аласыз. Сирек қорда 1929-1940 жылдар аралығында латын әліпбиінде жарық көрген 200-ден аса кітап сақталыпты. Партиялық әдебиет, марксизм, ленинизм тақырыптарынан бастап тіл білімі, жаратылыстану, тарих, әдебиет, ауыл шаруашылығы, сауаттылық сынды сан алуан тақырыптарды қамтиды.
Кітапханада «Социалды шығыс» газетінің 1932 - 1934 жылғы сандары сақталған екен. Әр нөмірі ұқыптап қатталған басылымдармен танысу барысында газеттің 1932 жылғы редакторы Жұмағали Сәрсеков екенін білдік. Облыстық газет күн сайын шығып тұрған. Күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге, ауыл шаруашылығы мен жиын-терін науқанына баса мән берген газетте сыни мақалалар да жоқ емес. Газеттің алғашқы бетінде «Шығыс Қазақстан облыстық партия кеңес комитеті мен кәсіподағының Семей қаласы партия кеңес комитетінің газеті» деп жазылған. Ал соңғы бетінде «Семипалатинск Типография «Прииртышской Правды» Уполномеченный Казглавлите 21» деп көрсетілген. Театр қойылымдарының афишалары да соңғы бетте жарнамаланып тұрыпты.
- Газеттің бас редакторы Жұмағали Сәрсеков - Қазақстанның әр түкпірінде еңбек еткен адам. Қазақстанның Ресеймен шекаралас солтүстік аудандарының бірінде дүниеге келген. 1932 жылы «Социалды шығыс» газетінің редакторлығында келмей тұрып Көкпекті ауданында қызмет етіпті. Жалпы, қазақ оқығандарының арасында Жұмағали деген бірнеше адам болған. Өкініштісі, сол кездегі авторлар шығармаларын тек есімімен жариялаған. Бұл - шығарма авторын анықтауда көп қиындық туғызады. Аттас адамдар болады, сондықтан біреудің еңбегін басқа біреуге телу - үлкен қателік. Мәселен, Жұмағали Тілеулиннің латын қарпінде жазылған «Жұқпалы науқастар» деген кітабы бар. Ал кітап мұқабасында Жұмағали деген есім ғана жазылған. Бұл кітап авторын ұзақ жылдар бойы іздедім. 2007 жылы «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген Мағжан Жұмабаев жайлы мақаланы оқып отырып, Жұмағали Тілеулинге қатысты жолдарды көзім шалып қалды. Мақалада «Мағжан Жұмабаев дос болған, өлең арнаған қазақ зиялысы - Жұмағали Тілеулин» деген жолдар жазылған екен. «Жұқпалы науқастар» кітабы туралы да айтылыпты, салыстырсам кітаптың шыққан жылдары да сәйкес келеді екен. Осылайша кітап авторы Жұмағали Тілеулин екенін білдім. Ол кісі - Қызылжардың тумасы. 1937 жылы репрессияға ұшырап, 1938 жылы атылып кеткен. Ұзақ жылдар денсаулық сақтау саласында жемісті қызмет етті. Араб қарпінде жазылған «Гигиена» атты кітабы да бар. Жақында Солтүстік Қазақстаннан мәдениет басқармасының басшысы келіп, екі кітаптың электронды нұсқасын көшіріп алып кетті. Туған жерінде көзі тірісінде жарияланған шығармалары сақталмапты. Жұмағали Тілеулиннің өмірбаянын кейінірек Қайролла Мұқанов деген кісі зерттеп, өмірі мен шығармашылығы жайлы кітап жазып шығарды, - дейді Жаңылгүл Әділбекқызы.
Газеттің бірнеше санына арқау болған мақалалардың бірі - Жұмағали Сәрсековтің Жұмат Шаниннің «Арқалық батыр» пьесасына жазған сыни пікірі. Тілшілердің кәсіби біліктілігін көтеруге байланысты «Екпінді болмаған тілші болмасын!» деген ұранмен бас мақала да жариялапты. Газет беттерін парақтай отырып «Социалды шығыс» газетін шығарушылардың негізгі мақсаттарының бірі - халықты еңбекке жұмылдыру болғанын байқауға болады. Қаланың тыныс-тіршілігі, шаруашылық саласындағы жетістіктер мен кемшіліктер газет бетінде жиі айтылады.
Семейдегі облыстық денсаулық сақтау басқармасында қызмет еткен білікті маман, Алаш қайраткері Асылбек Сейітұлының жазба еңбектері, Барлыбайұлымен (есімі белгісіз) бірлесіп аударған латын әліпбиіндегі «Адам анатомиясы мен физиологиясы орта мектептер үшін» кітабы да кітапхананың сирек қорынан орын алған. Омбы қаласының тумасы Асылбек Сейітұлы – қазақ тарихындағы өзіндік орны бар ірі қайраткер тұлғалардың бірі. Қылышынан қан тамған сұрапыл «қызыл террор» жылдары үш бірдей ағасы қуғын - сүргінге айдалып, опат болады. Қазақстандағы, соның ішінде Алматы қаласындағы денсаулық сақтау мекемелерінің жұмысын жолға қоюға бір кісідей атсалысқан Асылбек Сейітұлы Ауыл станциясында орналасқан «Ауыл» курортының негізін қалаған екен. Бұл курорт сол уақытта одақ көлемінде өкпе ауруларын емдеуге арналған белді мекемелердің бірі болған көрінеді.
Тұрлыхан Қасенұлы, Сәду Машақов, Сәкен Сейфуллин, Меңдеш Оралдиевтардың шығармалары да газет бетінде оқтын-оқтын жарияланып тұрыпты. Жоғарыда аты аталған Тұрлыхан Қасенұлы - қазақтың әйгілі балуаны Дәулет Тұрлыхановтың атасы, Қажымұқан, М.Әуезов сынды ұлылармен таныс болған, Қазақстан Жазушылар одағының Шығыс облыстарындағы бөлімшесін басқарған көзі ашық, көкірегі ояу қазақтың зиялысы. Газет бетінде «Орман» өлеңі, Қазан төңкерісінің 15 жылдық мерейтойына арнаған «Алтай» поэмасы жарық көріпті. «Еңбек» журналының бас редакторы, ақын, ұстаз әрі балуан болған ол Көкпекті ауданындағы білім беру басқармасында қызмет еткен. Тұрлыхан Қасенұлының көзі тірісінде шығармалар жинағы жарық көргенмен, бізге жетпеген көрінеді. Кейіннен репрессияға ұшырап, 1942 жылы Төменгі Тагильге жер аударылады.
Ғасыр құрылысы атанған - Түрксіб темір жолы үшін арнайы шығарылған Түрксіб газеті де латын қарпімен жарық көріпті. Газет оқырманды теміржол құрылысына қатысты тың мәліметтер мен жаңалықтардан құлағдар етіп отырған. Редакторы – Бектемісов деп беріліпті. Есімі жазылмаған. Облыс пен ауданның тұрмыс-тіршілігіне Ұлан аудандық «Социалистік майдан» газеті мен Қатонқарағай аудандық «Екпінді» газеттері де үн қосып отырған.
Тіл білімі саласындағы сүбелі еңбектері үшін есімдері Ахмет Байтұрсыновпен қатар аталатын көрнекті тұлғалар - Қасым Басымұлы мен Телжан Шонанұлының «Қазақ тілінің грамматикасы», «Әріп пен жаңа емле және дыбыстардың жіктері», «Самоучитель казахского языка для русских» атты құнды еңбектері сақталыпты. Қуғын-сүргін құрбаны, ұлт зиялысы Телжан Шонанұлының «Самоучитель казахского языка для русских» кітабының ІV басылымы араб графикасында жарық көрсе, латын қарпіндегі V басылымы 1931 жылы жарық көрген екен. Құдайберген Жұбанұлының тіл білімі саласындағы осы тақырыптас зерттеу еңбектері, Ғабит Мүсіреповтың «Қызыл әскер» әліппесі, Бейімбет Майлиннің «Азамат Азаматович» шығармасы мен «Романовтардың соңғы күндері» аудармасының латын қарпіндегі нұсқалары сақтаулы.
- Латын қарпінде жарық көрген «Сауатсыздар әліппесі» еңбегін - Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов және Әмірхан Сыдықов бірлесе отырып жазған. Әліппе оқушы үшін өте ыңғайлы жазылған. Латын әріптерінің жазылуы, баспа түріндегі үлгісі көрсетіліп, суреттермен безендірілген. Кітап авторларының бірі, өзіміздің жерлесіміз Әмірхан Сыдықов - Толстоймен хат жазысқан ұстаз Рахметолла Елкібаевтың тәрбиесінде болған, кейіннен Қазақ ССР білім министрлігінде қызмет еткен адам. Әмірхан - Мұхтар Әуезовпен бірге оқып, тай құлындай тебісіп бірге өскен, «Ярыш» футбол командасында бірге ойнаған, тығыз қарым-қатынаста болған жолдастарының бірі, - дейді Жаңылгүл Әділбекқызы.
Қазақтан шыққан тұңғыш биолог Жұмахан Күдериннің «Өсімдіктану» кітабы да кітапхананың сирек қорларына енген. Оқушы үшін кітап ішіндегі барлық суреттерді өз қолымен салыпты. Аягөз өңірінің тумасы Жұмахан Күдерин тек биолог қана емес, ақын да болған екен. Оның дәлелі - Сәкен Сейфуллиннің қазақтың 17 ақын жазушыларының ішіне Жұмахан Күдеринді қосуы. Ғылымның әр саласына қызығушылық танытқан Жұмахан Күдерин 50-ден аса ғылыми зерттеу еңбек жазып қалдырған. Өсімдіктер мен жан-жануарларды, қазақ тілінің грамматикасын, қазақ әдебиеті мен тарихын да зерделеген. Ташкентте де біраз уақыт тұрақтап, дәріс берген. Тіпті, Ташкентте тұрған кезінде жыландарға да арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізген. Алайда сол кезде қамауға алынып, зерттеу еңбектерін жазып жүрген қара дәптері жоғалып кеткен екен. Қазақ тілі мен грамматикаға қатысты еңбектері де қолды болыпты. Кейін қамауда отырған кезінде қара дәптердің ішіндегі зерттеу жұмыстарының басқа автордың атымен басылым беттерінде жарияланғанын көреді. Көрнекті Алаш қайраткері де 1938 жылы репрессия құрбаны болды.
- Жұмахан Күдериннің зерттеу жүргізген тақырыптары сан алуан. Қапалдағы ауыл шаруашылығы мектебін бітіріп, бірнеше жыл ұстаздық қызмет атқарады. Ол кісінің көп еңбектері жарыққа шықпай жатып, жоғалып кеткен. Ұлы Сарым Жұмаханұлы Күдерин - қазақтың тұңғыш кәсіби альпинисі, 1962 жылы 25 жасында альпинизм саласы бойынша СССР чемпионы атанған. Өкінішке орай, келер жылы Кавказ тауының Сванетия шыңдарының бағындыру үстінде Лев Мышляевтің командасының құрамында қаза табады. Сарымның есімін мәңгі қалдыру мақсатында Алматы аңғарындағы шыңға Күдериннің есімі берілген. Қызы Лариса 1992 жылдардың басында әкесінің Өсімдіктану кітабын кирилл қаріптерімен жарыққа шығарып, сол жылы біздің кітапханаға сыйға тартты, - дейді кітапханашы.
«Таңқыбай» атты бүркеншік есім иесінің «Құқ фельетондар жинағы» кітабы да латын қаріптерімен басылыпты. Ал бүркеншік есімнің иесі – қазақ поэзияның дүлділі Ілияс Жансүгіров болып шықты.
- Бұл кітап авторын да бірнеше жыл іздедім. 1930 жылдардың ортасында қазақ әдебиетінде сын жанры жақсы дамыды. Ілияс Жансүгіров те сол кездері фельетон жанрында сүбелі еңбек жазған екен. Көпшілік Ілияс Жансүгіровты тек ақын ретінде таныса, бұл шығармасы оның жақсы сықақшы әрі сыншы болғанын айғақтайды, - дейді кітапханашы.
Қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың әкесі Ахмет Мамытұлының денсаулық сақтау саласында қызмет етіп, «Денсаулық жолында» атты кітап жазып қалдырғанын екінің бірі біле бермейтін болар. Ал қазақтан шыққан тұңғыш математик Әлімхан Ермеков жазған «Ұлы математика курсының» ел бойынша екі-ақ данасы сақталған болуы мүмкін дейді кітапханашы. Оның бірі Алматыдағы ұлттық кітапханада болса, біреуі осы Абай кітапханасының сирек қорында. Ұлы Абайдың 1936 жылы Алматыдағы «Көркем әдебиет» баспасынан латын қарпімен жарық көрген өлеңдер жинағы да кітапхана төрінен орын алған. Ұлы Отан соғысы басталған кезде Ресей тарихшы ғалымдарын Қазақстанға эвакуациялағаны тарихтан мәлім. Сол кезде оларға Орталық партия комитетінен Қазақстанның тарихын жазу туралы тапсырма берілген еді. Топты басқарып, ұйымдастыру ісі Ермұқан Бекмахановқа жүктелді. Тапсырысқа сай 1943 жылы «Қазақ КСР тарихы» жазылып, дайын болған кезде бір топ ғалымдар кітапты Сталиндік сыйлыққа да ұсынады. Алайда келесі жылы кітаптағы «Қазақстанның Ресейге қосылуы туралы» тараудың авторы ретінде Ермұқан Бекмаханов әділетсіз сынға ұшырайды. Ал «ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» (1947 жылы) атты кітабында Кенесары Қасымұлының көтерілісін қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы ретінде бағалағаны үшін саяси қуғын-сүргінге душар болғаны да оқырманға жақсы таныс. Жойылып кеткен кітаптар қатарына енетін автордың бұл еңбегінің бір данасы да Абай кітапханасының құнды қазынасы деуге болады.
-Кітапхананың сирек қоры туралы ақпарат тіпті шетелге жайылды десем артық айтқаным емес. Жуырда ғана Швейцарияның Санкт-Галлен қаласынан, Санкт-Галлен университетінен Карина Ғабдуллина атты оқырман келіп, кітапхананың сирек қорымен жұмыс істеді. Былтыр да бір аптадай уақыт біздің сирек қорымызды зерттеген болатын. Мейман поляк ұлтының саяси жер аударылған тұлғаларын зерттеп жүр. Былтыр Гросс туралы мәлімет жинаса, биыл Адольф Янушкевич туралы кітапхана қорындағы мәліметтермен танысып шықты. Біздің қаламыздың тұрғыны, кітапхананың тұрақты оқырманы Шаймардан Ақмарұлы Қалиақпаров 2003 жылы Янушкевичтің жүріп өткен жолын зерттеп, саяхат жасаған. 2008 жылы «Янушкевич ізімен» кітабы да жарық көрді. Карина Ғабдуллина биыл өзінің студентін ертіп келіпті. Жуырда ғана Шаймардан Қалиақпаров, екі мейман және мен Адольф Янушкевичтің ізімен үшінші рет саяхат жасап, Семей - Өскемен тас жолы бойынан оң бағытта орналасқан Қақ жайлауына бардық. Виктор Янушкевич пен Адольф Янушкевич оңтүстікке, ұлы жүзге сапарында осында тоқтап, болыстыққа таласқан Қойшыбай мен Бейсеке дейтін кісілердің дауын шешкен екен. Одан әрі Алматы - Семей тас жолы бойынан оңтүстікке қарай орналасқан Торғай болыстық ауылына барып, біраз мәлімет жинап қайттық, - дейді кітапхана қызметкері.
Осылайша бір кезде Алаш зиялыларының көзі тірісінде латын қаріптерімен жарық көрген кітаптарын ұстап, көріп шықтық. Әрине, ол кездегі латын әліпбиінің өз ерекшеліктері болды. Дегенмен ден қойған адамға сол кездің тыныс-тіршілігімен танысып шығу аса қиындық туғызбайды. Рымғали Нұрғалиевтің сөзімен айтсақ, «1930 жылдары тарих сахнасына шыққан қазақ зиялылары қазақ мәдениетінің алтын ғасырын құрады». Олар қазақи тал бесікте тербетіліп, ата-бабасының қиса дастандарын тыңдап өсті. Абай өсиетіне көкірегіне құйып өсті. Кейінен Қазақстанның, Еуропаның ірі қалаларында білім алып, қалың қазақты ұйқысынан ояуға күш салды. Сол үшін қуғындауға түсіп, өмірдің ащысы мен тұщысын көрді, ату жазасына кесілді. Қазақ тарихындағы ең алғашқы дәрігер де, заңгер де, экономист де, математик те, биолог та – осы ХХ ғасыр басында тарих сахнасына шыққан ұлт зиялыларының арасынан шықты. Ендеше, Алаш арыстарының сол еңбектерін қастерлей білу – баршамыздың азаматтық парызымыз.
Жадыра Төлегенқызы