Советтік билік Қазақстанға Перовск арқылы келді
01.11.2017 2940
Қазақстанның оңтүстік өңірінде орналасқан Қызылорда – тарихқа бай шаһар. Қызылорда қазақтардың бекінісі де, Қазақ Автономиялық Социалистік Советтік Республикасының астанасы да болды

О баста бекіністің негізін 1820 жылы Қоқан ханы Омар өз иелігінің солтүстік-батыс форпосты ретінде салды. Қоқандықтар біртіндеп Сырдария бойын мекендеген қазақтарды жерлерінен ығыстырып, халықтан жинайтын салықты және басқа да алымдарды өсіре бастады. Байырғы тұрғындар Ресейден көмек сұрауға мәжбүр болды.  1853 жылы Орынбор генерал-губернаторы В.А. Перовский өз әскерімен қалаға басып кіріп, ондағы Жақып бек бастаған қоқандықтарды бекіністен қуып шығады. Бұл жердің атауын  Перовский бекінісі деп өзгертті. Перовский бекінісі Сырдария уезінің орталығына айналды.

1867 жылдың желтоқсанында қоқандықтар қаланы қайта қоршап алады, бірақ М.В.Огарев гарнизоны бұған сәтті төтеп береді. Бекініс аумағы гүлденіп өсе бастайды: мектептер ашылады, кірпіш зауыты, жел диірмендері, сауда дүкендері, шеберханалар жұмыс істей бастайды. Көп ұзамай бұл жерде вокзал ғимараты мен депо ашылады.

1917 жылы бұрынғы Ресей империясының аумағындағы саяси күштердің орналасуында рокировка болды – Уақытша үкімет Жұмысшылардың, солдаттар мен шаруа депутаттарының советімен алмастырылды.

Мұндай өзгерістерді халықтың бәрі бірдей оң қабылдай қойған жоқ. А. Байтұрсынұлы бұны, бірінші революция қазақтарды патша езгісінен құтқарып, өздігінен басқаруға үміт бергендігімен түсіндіреді. Ал, екінші революция түсініксіз болды, өйткені қазақтарда капитализм мен таптық дифференциация болған жоқ.

Қазан революциясының сыртқы кейпі қорқынышты болатын. Шет жақтарда большевиктер қозғалысы зорлық-зомбылықпен, тонаумен қатар жүріп, көбіне революция емес, анархия сипатты болатын. 1917 жылғы қазанның аяғында Петроградта Уақытша үкіметке қарсы көтеріліс басталады. Көтерілісшілер астананың бірнеше маңызды пункттерін басып ала алды. Бірнеше күн өткен соң, жаңа билік Әскери-революциялық комитет арқылы Уақытша үкімет өз өкілеттілігін тоқтатқаны туралы жариялады. Осылайша, 1917 жылғы 30 қазанда, осыдан тура 100 жыл бұрын, Перовскіде Совет үкіметі орнады.

Орталық Азияның Ташкент, Омбы, Орынбор, Астрахань сияқты ірі қалаларында Совет үкіметінің орнауы Қазақстан аумағындағы бүкіл биліктің советтер қолына өтуде маңызды рөл атқарды. Ешқандай салтанатты шерулер болған жоқ. Дауылдан кейінгі тыныштық орын алды. Бірақ советтердің өз билігін орнату жолындағы күресі 1918 жылдың көктеміне дейін созылды.

Бұл әлеуметтік-экономикалық және мәдени салаларда көбейіп бара жатқан проблемалармен, түрлі ұлттар арасындағы қашықтықтың ұлғаюы және арақатынастың салқындауымен байланысты болды. Қазақ даласында Совет үкіметін құшақ жая қарсы алған жоқ – жергілікті тұрғындар мен саяси элита арасындағы қатынас өте ауыр және шиеленісті болатын. Дегенмен де, советтік идеологияға шын жүрегімен сеніп, оны қолдаған кейбір қазақ зиялылары мен қоғам қайраткерлері де болды, олар:  Ә. Жангелдин, С. Сейфуллин, С. Мендешев, П. Виноградов, Т. Бокин, А. Емелев, А. Розыбакиев, М. Масанчи және басқалары.

1922-1925 жылдары қала өзінің бастапқы аты – Ақмешіт болып аталып жүрді, ал келесі төрт жылда Қызылорда атымен Қазақ АССР астанасы болды.

Қалада мәдени өмір қарқынды дами бастайды. Қалалық театр сахнасында М. Әуезовтың «Еңлік-Кебек» пьесасы қойылады.

1930-1940 жылдары саяси қылмыс бойынша сотталғандар, Батыс Украина мен Белорусиядан қоныс аударылған поляктар, Приморьеден жер аударылған немістер мен кәрістер, Қырым мен Солтүстік кавказ халықтары есебінен жергілікті халық саны өсті.  

Советтік кезеңде мұнай өндіру қарқынды өсіп, газ кен орындарын зерттеу жүргізілді. Ауыл шаруашылығында күріш және бау-бақша өнімдерін дамытуға баса назар аударылды.

Тәуелсіздік алғаннан кейін Қызылорда да тау-кен өндірісі дамып, мұнай мен газ белсенді өндіріліп келеді. Азық-түлік өнімдерін өндіру өсіп жатса, химия өндірісі мен резіңке мен пластмассадан өнім дайындау қаланың экономикалық әлеуетінің маңызды бөлшегін құрайды.

Қызылордада мәдени өмірге үлкен көңіл бөлінеді. Қалада және қалаға жақын орналасқан ауылдарда 12 Мәдениет үйі мен клуб, 21 кітапхана мен қалалық мәдениет және демалыс саябағы жұмыс істейді.