Шоқан Уәлиханов – қырғыз тарихын зерттеуші
26.10.2017 5928
Ұлтымыздың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлиханов бауырлас қырғыз халқының тарихын зерттеп, оны өз кезіндегі ресейлік, еуропалық ғылыми ортаға таратуда өлшеусіз қызмет атқарды

Бұл тақырыпқа ол өзінің көптеген еңбектерін арнады. Оларда қырғыз жұртының қалыптасу кезеңдеріне, тарихи мекендеріне, руаралық қатынастарына, шаруашылықтары мен салт-дәстүрлеріне барынша кең көлемде сипаттама береді. Жекелеген ру басыларына анықтама жасап, олардың халық арасындағы қызметтеріне талдау жасайды.

Шоқан Уәлихановтың бұл зерттеулері қырғыздар туралы кеңінен тараған ауызша деректермен қатар, орта ғасырлардан бергі белгілі шығыс, орыс, батыс ғалымдарының, өлкетанушыларының шығармаларымен танысу, оларға ғылыми тұрғыда сараптама жасауы негізінде дайындалған. Оның пайдаланған сан-салалы деректерінің мазмұны бай, талдаулары мен қорытындылары өз дәуіріндегі және қазіргі мерзімдегі ғылыми ортада құндылығымен ерекшеленеді. «Қырғыз халқын, – деп көрсетеді Ш.Уәлиханов, – шығыс және қытай тарихшыларының баршасы да түбі бір түркі тайпалардың бірі деп жазды. Әбілғазы: «қырғыздардың түпкі атасы Қырғыз Оғыздың (түркі халықтарының түпкі атасы) ұлы екен және тағысын тағылар» дейді [1, 76]. Яғни, Шоқан Уәлиханов бұл халықтың шығу, дамуының нақты, дәлелденген толық тарихы жоқ екендігіне назар аударады. Міне сондықтан да ол ХІХ ғасырдың ортасына дейін Орта Азияның негізгі тұрғындары болып келе жатқан қырғыздардың өткенін зерттеп, ғылыми тұжырым жасауға ден қояды.

Қазақ халқының тарихын зерттей отыра оның өткені, өзіне дейінгі мерзімдегі жан-жақты тұрмысы, салт-дәстүрі, рухани дамуы мен дүниетанымының тарихи көршілес, тіпті аралас орналасқан қырғыздармен тығыз байланыста болып келе жатқандығы да Шоқан Уәлихановты бұл халықтың тарихына деген қызығушылығын тудыруының басты себептерінің бірі деп есептеуге болады.  

Осындай мақсатпен ғалым қырғыздардың барша өткеніне арналған деректер жинақтаумен айналысады. Аталған тұрғыдағы Шоқанның: «...Қара қырғыздар Ордасы туралы этнографиялық жазбалар, статистикалық мәліметтер, тарихи ашылымдар, халық әдебиетінің ескерткіштері менің жазбаларында бірнеше дәптерге жазылған» [2, 350] деген сөздерінен оның бұл іске мақсатты түрде кіріскендігін көрсетеді.

Атап айтқанда, ол қырғыздардың көне тарихы туралы деректер беретін ортағасырлық шығыс ғалымдары Рашид ад-Дин, Әбілғазы, Мұхаммед Хайдар Дулати шығармаларынан басқа Фишер, Левшин, Мейндорф, Бичурин, Гумбольдт, Риттер, Клапорт, Абель-Ремюза, Семенов-Тянь-Шанский, т.б. еңбектерімен танысты. Омбы мұрағатындағы мәліметтермен жұмыс істеді. Осылар арқылы Шоқан Уәлиханов қырғыз халқының шығу тегінен бастап ХІХ ғасырдың ортасына дейінгі тарихына арналған ғылыми еңбектер дайындады. Қырғыздардың Орталық Азияның ертеден қалыптасқан, көпсанды, шаруашылығы өркендеген, салт-дәстүрі бай, ауыз әдебиеті мазмұнды халық екендігіне тарихи сараптама жасады. Оның «Қырғыздар туралы жазбалар», «Жоңғария очерктері» атты шығармалары осы тақырыпқа арналды.

«Қырғыз тайпасы өзінің таралуына қарай Орта Азияның ұлан ғайыр кеңістігін алып жатыр және оңтүстікке қарай созыла мекендейді. Қара қырғыздардың ұрпақтары Ыстықкөлден Ғиссар мен Бадахшанға дейін, Созақтан Ақсу мен Үш-Тұрфанға дейін шашырай қоныстанған» [1, 8] деп, олардың сол мерзімдегі мекендеп отырған жерлерін айқындайды. Одан әрі зерттеуші қырғыздардың арғы ата-бабаларының Алтайдан асып, Енисей маңайын қоныс еткендігін де жазады. «Қырғыздар тіпті Таң әулеті кезеңінен бұрынғы кездерде-ақ таулы елде, Кеме немесе Енисей бойында мекендеген. ...Абель-Ремюза оларды Таяу Азияның көккөзді алты халықтарының бірі деп санайды...» [1, 57] дей келе Шоқан қырғыздардың көне тарихына да талдау жасайды.

Бұл халықтың қырғыз аталуының тарихын қарастырып, оған өзіндік тұжырым береді. «...Біз қара қырғыздар, – деп көрсетеді зерттеуші осы мазмұнда, – Енисей хакастарына немесе қытайша атауы ки-ли-ки-цзы, қырғыздарға бара-бар деген ойға келдік, өйткені моңғолдар кезінде өмір сүрген қытай жылнамашысы ки-ли-ки-цзы жергілікті халықтың тілінде қырық қыз» дегенді білдіреді» [2, 362].

Шоқан Уәлиханов қырғыз халқының тіліне де назар аударды. Ол: «Қара қырғыздардың тілі түркі тектес. Кіші Бұхарада қолданылатын ауызекі тілге басқалардан гөрі жақынырақ. Бұл тілде араб және парсы тілінен келген сөздер өте аз, тіпті жоқ деп айтуға болады, оның орнына моңғол және ескі түркі сөздері көптеп кездеседі» [2, 368] деп жазып, қырғыз тілінің көне түрік тілдері құрамына жататындығын, оның уақыт жағдайына қарамастан неғұрлым таза сақталғандығын атап көрсетті.

Шоқан Уәлиханов қырғыздардың ауыз әдебиеті шығармаларын зерттеуге де қызығушылық танытты. Батырлықты, халықтың тұрмыс-салтын баяндайтын ерте қырғыз жырларының мазмұндарының барша түркі халықтары ауыз әдебиеті туындыларымен байланысты екендігіне көңіл бөліп, оның маңызына тоқтады. «Аңыз-хикаялардың маңызды бөлігін генеалогиялық аңыздар құрайды. Осы аңыз-әңгімелер  ру тұрмысына негіз болады. Рулардың арасындағы қатынас олардың түпкі ата-бабаларының туыстығына байланысты. ...Мұндай аңыздар халықтың құрамы мен құрылуын көрсететіндіктен зор маңызға ие» [2, 364] дей келе, зерттеуші қырғыз аңыздық шығармаларының біртұтас Түркі Елі тарихын негіздеудегі баға жетпес орнын көрсетеді.

Ғалым «...Ноғай жырлары. Олар қайсақтарда, өзбектерде, ноғайларда және қырғыздарда кездеседі. ...Олар халық рухын, ұғымдарын, дәстүрлерін, мінез-құлқын, өмір салтын тамаша бейнелейді, сондай-ақ филологиялық жағынан көрнекті, тарихи құндылықтан да кенде емес» [2, 365] деген тұжырым жасайды және бұл жырлардың Түркі жұртынан тараған өзбек, қазақ, қырғыз, тағы басқа халықтардың тамырлас, туыстығының айғағы екендігін атап көрсетеді.

Сонымен қатар Шоқан Шыңғысұлы – қырғыздардың «Манас» жырын алғаш рет жазбаға түсіруші, зерттеуші және насихаттаушысы. «Қара қырғыздардың ноғай жырларының қатарындағы, – деп жазады ол, – бір ғана жыры бар, ол – «Манас». «Манас» бір уақытқа келтірілген және бір ғана тұлға – батыр Манастың маңына топталған барлық қырғыз мифтарының, ертегілерінің, аңыз-хикаяларының жиынтығы. Бұл жазық далалық Иллиада тәрізді. Қырғыздардың өмір салты, дәстүрі, мінез-құлқы, географиясы, діни және медициналық білімі осы үлкен эпопеяда көрініс тапқан» [2, 366].

Шоқан Уәлиханов ғасырдан ғасырларға ұласып келе жатқан осы ауызша халықтық шығармамен толығынан танысты және аталған жырдың «Көкетай ханның өлімі және оның асы» атты тарауын орыс тіліне аударды. Бұл аударма ХХ ғасыр басындағы Ресей географиялық қоғамының мүшелерінен жоғары бағасын алды.

Қорыта айтқанда, осындай бағалы ғылыми зерттеулер жасаған Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановты қырғыз халқының тарихын алғашқы зерттеуші деп атауға толық негіз бар сияқты. Ал мұның өзі тікелей көршілес қазіргі күнгі қазақ-қырғыз халықтарының, олардың болашақ ұрпақтарының өзара бірлік, туыстық, сыйластық қарым-қатынастарының одан ары нығайта түсуіне үлес қосады деп есептеуге болады.

 

Ғани ҚАРАСАЕВ, т.ғ.д., профессор, ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институты

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Уәлиханов Ш.Ш. Көптомдық шығармалар жинағы. – Алматы: «Толағай групп», 2010. Т.2. – 464 б.

2. Уәлиханов Ш.Ш. Көптомдық шығармалар жинағы. – Алматы: «Толағай групп», 2010. Т.3. – 424 б.