ҚАЗАҚ ПЕН ҚЫРҒЫЗДЫҢ АРАСЫНА ЖІК САЛЫНБАЙДЫ
19.10.2017 2455
Моғолстан мемлекеті туы астында қазақ та, қырғыз да болды. Қазақ хандығының бастапқы дәуірінде қырғыздардың бір бөлігі құрамына ене отырып, біздің мемлекетіміздің қалыптасуында маңызды рол атқарды

Осыдан біраз уақыт бұрынғы Қырғызстан президенті А.Атамбаевтың  көрші Қазақстан мен оның басшысына қатысты түсініксіз жасаған мәлімдемесі біздің тарапымыздан таңғалыс, тіпті оған қатысты қарсы пікір тудырды десек те болады. Расында да,  қырғыз басшысының бізге бағытталған, дөрекі және қаралаған мәлімдемесін – ғасырлар бойы қалыптасқан бауырмаластық-туысқандық қатынастарымызға сызат салып, араға от салу әрекеті деп білеміз. Тіпті аталған мәселелер бар дегенің өзінде, ол өзімізге ғана қатысты мәселе және оны шешу де өзімізге тән, және де оған дөрекі түрде баға беру немесе талқыға салу – бөтен мемлекеттер көшбасшыларына тән қылық емес! Әрине, А. Атамбаевтың дипломатиялық және мемлекетаралық этикетті бұзуы, біздің мемлекеттеріміз арасындағы арақатынастарға өзінің кері салдарын тигізетіні анық.

Өзінің пасық пиғылы мен дөрекі мәлімдемесі арқылы бүкіл Қазақстан халқының намысына тиді… Сол себепті екі ел арасындағы тауар айналымы да күрт төмендеуі мүмкін.  Шекаралық аймақтардағы қозғалыс та қиындайды. Көш-қон заңнамалары да қатаяды. Көрші елге жасалатын туристік саяхат та азаймақ. Тұрмыстық деңгейдегі бір біріне кінә тағу, әсіресе әлеуметтік желілерде күшейетіні белгілі. Президенттер арасындағы кездесулер де белгілі мерзімге шегерілуі де мүмкін... Бірақ, уақыт емші демекші.

Жақында Қырғызстан өз Президентін сайлады.  Жағдай да уақыт өте түзелер. Жаратқанның өзі біздің ұлттарымызды ғасырлар бойына біріктірген! Біздің тарихымыз бен мәдениетімізде, әдебиетіміз бен өнерімізде ортақ дүниелер көп. Сырт келбетіміз де ұқсас. Тіліміз де бірдей десек болады. Кеңестік дәуірдегі ұжымдастыру науқаны талқандағанға дейін алты мың жылдық далалық өркениет негізінде қалыптасқан ортақ шаруашылық-мәдениет түріне ие едік. Діни көзқарастарымыз да біртекті. Салт-дәстүрлеріміз, ұлттық мінезіміз бен менталитеттік ұстанымдарымыз да өте жақын. Жазу тарихында да ортақ құндылықтарымыз көп. Мысалы, ежелгітүркілік руна жазбаларында біздің ортақ тарихымыз бен мәдениетіміз, сыртқы саясатымыз және қағандар мен соңғы мұрагер ханзадаларымыздың әрекеттері қашалған.

Мемлекеттілігіміздің мыңжылдық дәстүрі, біздің әрқашан да қатар және бірге болғандығымыздың куәсі. Сақтар мен ғұндар - ортақ ата-бабаларымыз.  Ортағасырлардағы ұлы түркілер кезінде бір мемлекеттер құрамында болған кездеріміз де болды.  Мысалы, Моғолстан мемлекеті туы астында қазақ та, қырғыз да болды. Қазақ хандығының бастапқы дәуірінде қырғыздардың бір бөлігі құрамына ене отырып, біздің мемлекетіміздің қалыптасуында маңызды рол атқарды. Ұзаққа созылған қазақ – жоңғар соғыстары кезінде қырғыздар өз бауырлары қазақтар жағында соғысқан болатын.  Қазақстанның оңтүстік өңіріне жасалатын шабуылдарға тосқауыл қою үшін, Ұлы  Абылай XVIII  ғасырда екі болыстыққа – Байқырғыз және Жаңақырғыз қырғыздар мен беделді манаптардың ұлдарын қоныстандырған болатын. Олардың ұрпақтары Қарағанды мен Ақмола облыстарының аумағында он мыңнан аса қоныстана отырып Отанымыздың гүлденуіне өз үлестерін қосуда. Ұлы Шоқан Уәлиханов та алғашқылардың бірі болып, адамзаттың рухани туындысы болып табылатын «Манасты» өз еңбегінде көрсеткен болатын.   1916 жылы қазақтар мен қырғыздар тағы ба бірлесе отырып,  Бірінші Дүниежүзілік соғыс кезіндегі отаршыл Ресей империясының тыл жұмысына бұратаналарды тарту саясатына жаппай қарсылық көрсеткен болатын. Ал 1917 жылы шілде айында Алаш партиясы құрылғанда, қырғыз туысқандар  Қырғызстанда парияның бөлімшесін құрған болатын. Қандастарымыздың 70 пайызын жалмаған, жаппай ашашылық жылдары 100 мыңнан астам қазақтар Қырғызстанды паналаған еді.  Ал, Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде аталарымыз иық түйістіре отырып бірге соғысып Еуропаны гитлерлік қара кеселден тазартқан еді. Мәсеу түбіндегі Панфилов дивизиясының офицерлері мен солдаттарының ерлігі неге тұрарлық? 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы кезінде алғашқылардың бірі болып, қырғыздар тау асулары арқылы Алматыдағы студент пен жұмысшы жастарға көмекке ұмылған болатын. 

Сондықтан да біз мәңгі бірге болуға тиістіміз. Біздің халықтарымыз тәуелсіздігімізге күмән келтіретін, жала жабатындардың жетегінде кетпесе керек. Бір ақылы таяз саясаткер біздің халықтарды араздастырып, бөлшектей алмайды.  Қандас бауыр. Қарулас. Тұрмысы ортақ...

    

Зиябек Қабылдинов, 

т.ғ.д., профессор.,

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры