Мәдени серуен: Шолпан Атадағы тарих музейі
11.10.2017 3671
Айыр қалпақты ағайынның еліндегі Ыстықкөлге демалуға барған әрбір турист осы музейге соқпай кетпеуі керек. Себебі – бұл жердегі жәдігерлер бауырлас қырғыз елінің тарихы көз алдыңызда

Музей – тарихтың айнымас бір бөлшегі. Құнды жәдігерлер мен көне экспонаттар қаншама тарих пен тағдырлардың құпиясын ішіне бүгіп жатқаны анық. Сондай музейдің бірін біз жаз айындағы демалыс уақытында көршілес Қырғыз елінің Шолпан Ата қаласынан кездестірдік. Аты да өзгеше, «Тарих музейі» деп аталады. 1979 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан музейде біршама құнды жәдігерлер сақталған. 

Айыр қалпақты ағайынның еліндегі Ыстықкөлге демалуға барған әрбір турист осы музейге соқпай кетпеуі керек. Себебі – бұл жердегі жәдігерлер бауырлас қырғыз елінің тарихын қысқа да, нұсқа да көз алдыңызға елестетіп, біршама деректерге қол жеткізесіз. Бішкек қаласынан 270 шақырымға жуық қашықта жатқан шағын қаланың тарихы өте бай. Мысалы, «Чолпон-Ата» деген атаудың өзі қырғызшадан аударғанда «Чолпон» (таңғы Венера жұлдызы) және «ата» (әке) дегенді білдіреді. Бұл топонимнің этимологиясына байланысты бірнеше аңыздар бар. Ал, қаланың басты назар аударарлық орындарының бірі – Ала-Тоо (Алатау) таулы жоталары мен Ыстықкөл жағалауы. Көлдің шағын макеті бүгін біз жазғалы отырған музейдің кіреберісінде орналасқан. Жан-жағын таулар қоршап жатқан көл түбін заманында «Ыстыккөл атлантидасы» деп аталған өркениет өкілдері мекендеген болжам бар. Анық-қанығын нақтылау мақсатында қазір археологтар қазба жұмыстарын жүргізіп келеді. Күн жылы және жел жоқ кездерде көл түбінен қала қирандыларын көруге болады екен. Өкінішке қарай, бізге ондай мүмкіндік бұйырмады. 

Ыстықкөл макеті мен көл тарихына арналған деректер

Ыстықкөл макетінен ары жүрсеңіз, қырғыздың мемлекеттік рәміздері мен ақиық ақын, драматург Алыкул Осмоновқа арналған бұрышқа тап боласыз. Айта кететін жайт, А. Осмонов – небәрі отыз бес жыл өмір сүріп, артында өшпес мұра қалдырған бірегей талант иесі. Бүгінде қырғыздың 200 сомдық банкнотында Алыкул бейнесі бедерленген. «Лениншіл Жаш» газетінде қызмет еткен ол – «Жұлдызды жастық» және «Шолпанстан», «Махаббат», «Жаңа әндер» жыр жинағының авторы. 1994 жылдан бері ақын атындағы арнайы қор жұмыс істейді. Ал Алыкул атындағы әдеби сыйлық Қырғызстандағы ең жоғары марапаттардың бірі болып саналады. 

Қырғыз халқының қолөнер жәдігерлері

Бажайлап қарасаңыз, қазақ халқы тұтынған торсық пен сабаны және месті көруге болады. Қырғыз халқын Енисей өзенінің бойынан келді деген гипотезалар болғанымен, дәл осы жәдігерлерден екі халықтың арасындағы көптеген мәдени ұқсастықтарды табуға болады. Себебі бұл екі халық та Алтай тауын мекендеген байырғы халықтар еді десек жарасады...

Бертініректе пайда болған тұрмыстық заттар

Бұл жердегі самаурынды Орта Азия елдеріне орыстар әкелген. Сондықтан, самаурын Ресейден келді деген түсінік бар. Алайда, Астраханьдық тарихшылардың пікірінше, самаурын Ресейге ХІІІ ғасырда Моңғолиядан келген көрінеді.

Қырғыз халқының мақтанышы «Манас» эпосын зерттеушілерге арналған бұрыш және «Манас» эпосының 7 ұстанымы

Бұл жерде тарихи әділеттілік ретінде Шоқан Уәлихановтың суреті де берілген. Назар аударатын жайт, Ұлы ағартушы ғалым дастан бөлімдерін қағазға түсіріп, «Көкетай ханның асы» деген көлемді үзіндісін орысшаға аударған.

Ақпарат үшін есте ұстайтын деректің бірі – дастанның жазбаша үлгілерінің бірі жарты миллионға жуық жолдан тұрады да, көлемі жағынан Гомердің Одиссеясы мен Илиадасын қосқандағы көлемнен жиырма есе, ал Махабхарата көлемінен екі есе асып түседі. Дегенмен, «қылышынан қан тамған» советтік заманда әйгілі жырды қорғап қалған ұлт мақтанышы биыл 120 жылдығын атап өткелі отырған Мұхтар Әуезовтың аталған бұрышта болмауы біздерді біраз ойландырды...

Күллі түркі елінің мақтанышы Махмұд Қашқаридың әйгілі «дөңгелек картасы» ►

1029-1101 жылдары өмір сүрген ғалым атақты «Диуани лұғат ат-түрк» («Түркі сөздерінің жинағы») еңбегінің авторы. Толық аты-жөні Махмұт ибн әл Хұсейн ибн Мұхаммед. Кей деректер бойынша, қазіргі Ыстықкөл жағасындағы (кейбір мәліметтерде Шу бойындағы) Барсхан қаласы. Қарахадарн әулетінен шыққан.

Шолпан Ата қаласындағы «Тарих музейінің» аумағы шағын болғанымен, деректері құнды және экспозициялары өте бай екен. Үлгергенімізше аралап, шамамыз жеткенше, түсіріп үлгердік. Жергілікті уақытты есептемей, жабылар кезде барыппыз. Бірақ ішкі тәртіпке қарамай, «Қазақстаннан бауырларымыз келді», – деп біздерді музейге тегін кіргізіп, жарты сағатқа жуық арнайы уақыт бөлген мұндағы қызметкерлерге алғыс айтып, елімізге тарттық. Артымызда Ыстықкөл мен қонақжай қырғыз елі қалды. Жол бойы «қырғыз-қазақ бір туған» деген мақалды жиі-жиі қайталап, жолға алып шыққан Ш. Айтматовтың «Жәмиласын» қайталай бердім...

 

Астана – Шолпан Ата – Астана