Қажы Мұқанның Жиндофумен күресі
05.10.2017 2174
Бір ыңғайы келген сәтте Қажы Мұқан Саракикидің үстіңге ерні мен мұрнын қоса қармап, екінші қолымен желкесінен тіреп ұстап, ерні мен мұрнын қоса сыпырды

Қазақ даласының қаһарман батыры Қажы Мұқанның өмсірі мен спорттық жолындағы келеңсіз қиын кезең болып табылатын бір күрес сәттері бар. Ол – жапонның сол кездегі әлем таныған палуаны Саракики Жиндофумен күресі. Бұл күрес жайында әр автор өзінше пайымдайды, дегенмен олардың баршасыныңң ойлары бір арнаға тоғысатындығын байқау қиын емес. Палуанның күрес өнеріндегі даңқты жолдарын терең зерделеген жанға айқын болар бір жайт – оның осы кәсіп саласындағы  ең белсенді кезеңі 1906-1916 жылдардың бедеріндегі он жыл. Он жылда Мұқан палуан Ресей алыптарыны ң сапында көптеген дүниежүзілік, еуропалық, америкалық, азиялық, африкалық талай-талай жарыстарға қатысып, мерейі үстем болды. Мойнына тағылған латын жүлделердің басым көпшілігін осы жолдары жеңіп алған болатын.

1915 жыл. Бірінші дүниежүзілік соғыстың қызған шағы. Ресей палуандарының шет елдерге шығып өнер көрсетуге мүмкіндіктері тарылып, көбінесе өзінің орыс достары Ресей палуандары Иван Поддубный, Иван Кайн, Иван Корень, Доновецкий, Бутенко, Поплавский, Мартынов, Иван Зайкин сияқты палуандармен бірге солтүстік қалалар мен Қиыр Шығыстағы елді мекендерде күрес сапарларымен болды.

Осы жылы палуандар өзара келісім бойынша Хабаровск қаласында біріншілік өткізіп, оған отызға жуық палуан қатысады. Біріншіліктің соңғы кезеңінде Поддубный, Мартынов, Кайн, Корень және Қажы Мұқан да алға суырылып шығып, жүлдеге үміткерлер ретінде танылады. Іріктеу жарыстарының шешуші сәтінде Қажы Мұқан Иван Кайнды оңай жеңіп, ақтық сынға жолдама алды. Біріншілік жеңімпазын анықтау Мұқан палуан мен Иван Поддубныйдың арасында аса зор тартымдылықпен өтіп, күштері тең түсті. Қазылардың шешімі бойынша қос палуанға да үлкен алтын медаль бұйырды.

Осы біріншіліктен соң орыс палуандары Қытайдың шығысында орналасқан Харбин қаласында жапонның әйгілі палуаны Саракики Жиндофудың арнайы шақыруы бойынша келеді. Қаланың орын тепкен жері Ресей, Жапония, Моңғолия шекараласатын тұс болғандықтан, қаланың халқы көп ұлтты болып келеді екен. Әр ұлттың өкілдері өздерінше топталып, қауымдасып өмір сүретін көрінеді. Сондықтан қаланы аралаған кісілер өздері іздеген жерлестерінің тұрақтарын, тұрғызылған үйлерінің сыртқы пішінінен оңай ажыратып табады.

Орыс палуандары Харбинге пойызбен жетті. Оларды осы қалада ұйымдастырылатын французша күрес жарысының басы-қасында жүргендер қарсы алды. Ертеңінде аз күнге созылған біріншілік те басталып кетті. Біріншілікке тек қана Қытай, Моңғолия, Корея, Жапония, Индонезия сияқты елдердің палуандары қатысып, барлығы орыс палуандарынын жеңіліс тапты. Жеңілістің ащы дәмін татып, еселері кеткен шығыстық палуандар күрестің ұлттық түрлерінен ірі жарысты Жапонияның астанасы Токио қаласында жалғастыруды ұсынды. Орыстар бұл ұсынысты қабыл алып, енді палуандардың сапары Жапон теңізі арқылы күншығыс еліне бағыт түзеді.

Жапон елінде көне ғасырлардан келе жатқан ондаған күрес түрлерінің бар екендігін біз тарихтан жақсы білеміз. Самурайлардан бастап қарапайым халық өкілдеріне дейін сол күрестердің белгілі бір түріне машықтанып, өздеріне өмірлік серік еткен. Жапондықтар өздері тудырған күрес түрінің айла-әдістерін  сырт көзден сақтап, құпияға айналдырған. Ал өз елінде французша күреспен әйгілі болған палуандардың қатысуларымен ірі жарысты өткізу қадамына барған жапондықтардың көздеген мақсаттары да бар болатын. Басты мақсат әлемнің көптеген елдерінде дамыған грек-рим немесе французша күреске даярлау тәсілдері мен айла-әдістерін үйрену және жапон арасында бұл күресті бұқаралық сипатқа көтеру еді.

Жапондықтар чемпионатқа келген әр елдің палуандарын ресми түрде және шынайы қонақжайлылықпен қарсы алып, ұлттық салт дәстүрдің озық үлгілерін барынша көрсетіп бақты. Сондай-ақ өздерінің көздеген мақсаттарын да естен шығармай, біріншілікке келгендердің жүріс-тұрысын, жаттығу әдістерін қалт жібермей, қадағалаумен болды.

Бүкіл әлем жұртшылығы таныған французша күрестің Токио қаласында өткізілетін біріншілігі осы ел тарихындағы ұйымдастырылған тұңғыш чемпионаты 1915 жылдың қазан айында бастау алды. Ресей, Иран, Корей, Қытай, Манчжурия, Моңғолия, Түркия, Индонезия, Ауғанстан, Германия, Франция сияқты елдердің палуандары қатысқан жарыста орыс палуандарының мерейі үстем болып, жүлделі орындардың барлығына ие болды. Жапондықтар енді орыс палуандарымен жасасқан алдын ала келісімшарттары бойынша өткізілуге тиіс ұлттық жекпе-жек пен күрес түрлері жөнінде ешкімге тіс жарып айтқан жоқ. Французша күрестің жеңімпаздарын марапаттаудан кейін, оркестрдің сазды әуені ойнап жатқан тұста прожектордың жарығы аса құрметті қонаққа арналған  цирктің көрермендер залының ортасындағы арнайы орынға түсті.

Цирк тамашасына келіп отырғандардың назары сол жаққа ауа бергенде барабан үні жиі соғылып, кенеттен тоқтай қалды. Осы сәтте сол тұстан дене мүсінін аса келісті, қалың қара мұртты, бұлшық еттері бөлектене көрінген, мойнына алтын, күміс медальдарын лентаға тағып келген, жартылай жалаңаш палуан шыға келді. Ол жоғарыдан төмен басқыш арқылы түсіп, цирк аренасының ортасындағы кілемнің үстіне шықты. Көпшілікке иіліп сәлем берді.

Жапондық көрермендер:

– Сара-ки-ки!.. Сара-ки-ки!.. деп шуласып қоя берді.

Қажы Мұқан және орыс палуандары жақында ғана өздерімен бірге Ресей қалаларын аралаған жапонның ең ірі палуандарының бірі Саракики Жиндофу екендігін жазбай таныды. Осы кезде ұйымдастырушылар:

– Сіздердің алдарыңызда әлемдегі ең әйгілі палуандардың бірі, шығыс елдерінің жарық жұлдызы, Жапонияның чемпионы, французша күрестің түрлі жарыстарында чемпион болған палуан – саракики Жиндофу! Палуан өзінің сүйікті күрес түрі жию-житсу бойынша өзіне қарсы тұрар үміткер іздейді. Кәне, Саракики мырзамен жекпе-жекке шығатын жүрекжұтқан кім бар?

Көрерменді тыныштық басты. Осы тұста жарыстың бас төрешісі: 

– Қадірменді орыс палуандары! Сіздер французша күрестен жеңімпаз атандыңыздар. Дегенмен, бəйгеге тігілген арнайы ақшаны іштеріңіздегі ең күшті дегендеріңіз жапондық «жию-житси» күресінде жеңгенде ғана алады. Біз сіздермен Харбин қаласында осылай келіскен болатынбыз... Оқиғаның осылайша өрбитінін күтпеген орыстар алғашқыда абдырап қалды. 

Залда қайтадан тыныштық орнады. Енді орыс палуандары «жию-житсу» күресі жайлы еміс-еміс естігендерін ойларына түсіре бастады. Бұл күресте ешқандай ереже жоқ екен, əркім өзі ойлап тапқан кез келген əдіс-айланы қолдана алады. Палуанның жауырыны жерге тисе де жеңілген болып есептелмейді. Жеңілудің бір ғана түрі – күрес алаңында о дүниеге аттану немесе есінен танып құлап қалу ғана. Ал қарсыласы жеңіс тұғырына шығып, қомақты, қаржыға ие болады. 

Тағы да үнсіздік. Жұрт демдерін ішінен алып отыр.

Орыс палуандарының ешқайсысы басын өлімге тігіп, Саракикимен күреске түсуге батылдары жетпей тұрғанда ортаға Қажы Мұқан суырылып шығып, шапанын орындыққа тастай салды. Сол кезде Мұқан палуанның екі жағында тұрған Иван Поддубный мен Иван Корень: 

– Қой, асығыстық жасама, өлесің. 

– Бұл күрес французша күрес емес, жапондық күрес... – десті.

Сонда Қажы Мұқан: – Мен намысты қолдан бере қоятын халықтың өкілі емеспін! Тəуекел! Аруақ! – деді де, алға суырылып шықты.

Төреші:

– Құрметті палуан мырза! Бұл күрестің бір ерекшелігі, егер жекпе-жек үстінде екі палуанның бірі жан тапсырса, біз жауап бермейміз. Ойлануға бір минут уақыт беремін.

– Ойланатын ештеңе жоқ. Менің шешімім сол күйінде қалады. Мен дайынмын! – деді Мұқан палуан.

Төреші екі палуанды кілемнің екі шетіне тұрғызып қойып, «ал бастаңдар!» деп белгі берді.

Саракики сол мезетте оқша атылып Қажы Мұқанға жақындап келді де, қолдарын айқастырып қалшиып тұра қалды. Және қайтадан өзге қимылға басып, темірдей қолын Қажы Мұқанның алқымындағы күретамырға сілтеп қалды. Бұл оның қолын тез қағып жіберді. Осы әрекеті іске аспаған Саракики енді өзге айла-тәсілдерді қолдануға ұмтылды. Ол Мұқан палуанға жақынырақ келіп, оның дене мүшелерінің жекелеген бөліктерін жансыздандыру айласына көшті. Қолдарының қимылдарымен Мұқан палуанды арбай түсіп, оның тізесінің талмау тұсынан оң аяғымен теуіп жіберді. Саракикидің тепкен соққысы жанына қатты батса да, тез есін жиып Мұқан қорғаныстан шабуылға көшті. Жапон балуанының білегінің тұсынан әй-шәйға қаратпай қапсыра ұстап, сілкіп қалды да, сол аяғымен тобығының тұсынан бір тепкенде Саракики кілемнің шетіне тізерлей түсті. Ол тез арада түрегеліп, Мұқан палуанның мойнына жармасты. Қажы Мұқанның жуан мойны қолына ілікпей, оның құлағына қарай аузын жақындатып, күректей тістері мен құлағын орыс түсті. Қазақ палуанының бет-аузын қан басып, көзі қарауытып кетті. Осы уақытша әлсіздікті пайдаланған Саракики оның ерніне қол салып, біраз бөлігін жұлып тастады. Құлақ пен ернінен аққан қан Мұқанның бүкіл денесін жауып кетті, сол сәтте дала батыры ішіндегі бар намысын жиып, шешуші әрекетке көшті. Бір ыңғайы келген сәтте Қажы Мұқан Саракикидің үстіңге ерні мен мұрнын қоса қармап, екінші қолымен желкесінен тіреп ұстап, ерні мен мұрнын қоса сыпырды. Саракики есінен танып қалған  мезетте сыпырылған бет терісін қоя беріп, оның мойны мен иығынан қармап ұстады да, жоғары қарата лақтырып жіберді. Жапон палуаны 2-3 метрдей жерге барып гүрс ете түсті. Сол жатқан бойда оны жерлестер дереу зембілге салып ала жөнелді. Ол бес-алты ай емделгеннен кейін ақыл-есінен айырылып, жындыханаға түсіп, көп кешікпей қайтыс болады.

Бір кездері бүкіл жапонның ардақтысына айналған Саракики Жиндофу енді ешкімге керек болмай, хайуандық күйін кешті. Жию-житсу күресіҚажы Мұқанның жеңісімен аяқталып, орыстар чемпионатта тігілген ақша мөлшеріне толықтай ие болып, өз дегендеріне жетті. Бір өкінішті жағдай, құлағы мен ернінен жарақат алған Мұқан палуан және оның орыс достары Токиода бірер апта бөгелуге мәжбүр болды.

Осы тұста Қажы Мұқанның жапон палуаны Саракики Жиндофумен кездесуі өткен қала мен жапон күресі жию-житсу жөнінде кейбір қосымша мәліметтер келтіріп кеткеніміз жөн шығар. Қажекеңнің спорттағы шетел мапарлары жөнінде жазған авторлардың бірсыпырасы бұл жарысты Қытайдың Харбин қаласында өтті деп келгені белгілі. Сонымен қатар бұл кездесі 1905 жылы өткендігі жайлы да айтылады. Меніңше бұл мәселелер төңірегінде әлі де тың зерттеулер қажет сияқты. Дегенмен Қажы Мұқанның өмірі мен спорттық жолын зерттеуді бүкіл ғұмырына арқау еткен әйгілі ғалым, бүкіл дүниежүзілік спорт және дене тәрбиесі комитетінің корреспондент мүшесі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Мұратхан Тәнекеевтің пайымдашуына қарағанда, Саракики мен Қажы Мұқан қатысқан халықаралық жарыс Қытайдың Харбин қаласында басталып, Жапонияның астанасы Токиода аяқталғанға ұқсайды. Ал жию-житсу күресі сол Токиода өткен деген тұжырым жасайды.

Ал чемпионат пен екі палуанның кездесу жылына келер болсақ, онда да әр автордың еңбегінде әрқалай айтылады. Белгілі қажымұқантанушы ғалым Әлімқұл Бүркітбаевтың еңбегінде 1915 жыл делінсе1, Қажекеңмен қатар жүріп, сапарлас болған  Г.В. Динавецкийдің естелігінде 1916 жыл деп те айтылады2. Ал, бірнеше естеліктер мен ғылыми мақалаларды саралауымызға қарағанда жазушы Ә. Бүркітбаевтың пікірі дұрыс сияқты.

Жию-житсу күресі жөнінде М.Тәнекеев жазған аңызда былай делінеді: «Көне заманда әлемнің қуатты шырағы – Күн аспаннан жерге түсіп, үңгірге жасырынп қалыпты. Жер үстін қапас қараңғылық басады. Шошынған халық құрбандық шалып, жаратушыға жалбарынады. Ал қайсар күн болса үңігірден шықпай қойыпты. Сонда данагөй қарт: «Тез арада елдегі ержүрек еркектер мен ең күшті палуандарды жинап күрестіріңдер!» - дейді.

Бәрі дананың айтқанындай болады. Күрес басталып, жер үстіндегі сұлу мүсінді палуандардың сайысын көргісі келген күн үңгірден шығады. Осылайша аңызға арқау болған жеке сайыстың жапондық түрлерінің көне заманалар тұңғиығынан бастау алатынын, осы елде табылған археологиялық қазба деректер дәлелдеп отыр3.

Мұрат КЕРЕЙБАЙ, қажымұқантанушы

Материалды әзірлеген Заңғар КӘРІМХАН

1 Ә. Бүркітбаев. Қажымұқан. – Алматы: Жалын, 1990. – 116 б.

2 Г.В. Динавецкий. Елім деп соққан ер жүрек. Күш атасы. – Алматы: Қазақстан, 1990. – 179 б.

3 М. Тәнекеев. Қажымұқан. –106-107-бб.