Мұхтар Омарханұлы «ұлтшылдығы» үшін 1920-ыншы жылдары партия қатарынан шығарылса, отызыншы жылдары жұмысынан айырылып, екі жарым айға қапасқа қамалды
1944 жылдың 6 желтоқсандағы Қазақ ССР Халық Комиссарлар Советінің №689 қаулысына сәйкес, 1945 жылыдың 14 тамызы күні ССРО Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Қаныш Имантайұлы Сәтпаевтың төрағалығымен ССРО Ғылым Академиясының Қазақ филиалы Президиумының отырысы болып өтті. Нәтижесінде, Қазақстан Ғылым академиясының Тарих, этнография және археология институты мен Тіл және әдебиет институты жеке отау құрған болатын. Алайда, тарихтың көлеңкелі беттері осы мезгілде көрініс бере бастады.
БК(б)П Орталық Комитетінің хатшысы Андрей Александрович Жданов 1946 жылы Ленинград қаласының партия белсенділері және жазушылары алдында «Звезда» және «Ленинград» журналдары жөнінде баяндама жасайды. Мұнда Орталық Комитеттің не үшін әдебиет мәселесімен айналысып отырғаны жөнінде айта келе, жұртшылыққа: «өндірісте ақау кетсе, сөгіс жарияланады, ал адам жанын тәрбиелеуге қатысты қателік жіберілсе, шыдауға болады» деген кекесінді ой тастайды. Оған қоса, Орталық Комитеттің идеологиялық майданындағы (әдебиет, тарих, кино, театр репертуарлары бойынша) кемшіліктерді жою үшін амалсыздан араласуға бел буғаны ескертіледі.
...Бұл «тарихи» баяндама «Большевик Казахстана» журналының 1946 жылғы №9-10-ыншы (қыркүйек-қазан айындағы) сандарында жарияланады. Осыдан бастап, Одақ көлемінде әрбір партия ұжымы бойынша тиісінше, идеологиялық күрестің саяси науқаны кең өріс алады. Қазақстанда 1947 жылдың мамыр айында өткізілген Тарих институтының тұңғыш ғылыми сессиясында Қазақстанның тарих ғылымы дамуының тұжырымдамасы талқыланды. Мұнда С.В. Юшков Қазақстанның тарих ғылымының даму негіздеріне тоқталды.
...Әсіресе отқа май құйған 1947 жылғы 21 қаңтардағы Қазақстан К(б)П ОК-нің «Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы өрескел саяси қателері туралы» №39-ыншы қаулысы болатын. Бұл саяси науқан тікелей «Қазақ КСР тарихының» тағдырын шешу мақсатында басталғанға ұқсайды. 1947 жылдың 9 қаңтарында М. Әуезов «Молдо Клыч – первый акын-писатель» тақырыбы бойынша филология ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғау мақсатындағы, ізденуші Саманчин Ғазабектің диссертациялық жұмысына пікір береді. ҚКП ОК хатшысы Жұмабай Шаяхметов қол қойған жоғарыда атап өткен қаулыда Ә. Мәметованың «Қазақ билерінің шешендік тілі» диссертациялық жұмысы мен «Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томының қолжазбасы (М. Әуезовтың жалпы редакциясымен) бойынша тарихтағы халық бұқарасын тұншықтырған белгілі бай-шонжарлар, билерді (Кеңгірбай, Шорман сияқты) халық данасы және оның қорғаушысы етіп көрсеткені үшін сын тағылады. Сол сияқты М. Әуезовтың жазған шығармаларының мазмұны бойынша, оған буржуазиялық-ұлттық идеологияны насихаттаушы ретінде айып тағылды. 1947 жылғы «Қазақ КСР Ғылым академиясының Хабаршысының» наурыз айындағы 3-інші нөміріне Қазақстан К(б)П ОК хатшысы Жұмабай Шаяхметовтың Алматы қаласында өткен Республиканың ғылым, әдебиет және өнер қызметкерлерінің жиналысында оқыған, «Идеологиялық майдан қызметкерлерінің жауынгерлік міндеттері» атты баяндамасы жарияланады.
...Баяндамашы Ж. Шаяхметов әдебиет оқулығы бойынша XIX ғасыр ақындарының (Мұрат, Дулат, Шортанбай және басқаларының) шығармаларына байланысты мақала авторларының сол кезеңді «Зар Заманға» балауы – қате және зиян «теория» болып табылатынын атап көрсетеді. Сонымен қатар авторлардың мұрағат қорынан шығарып алған «прогрессивті» қайраткер, ақын Шәңгерей Бөкеев бағыты, оның жазған 40 өлеңінің барлығына идеясы жоқ, совет әдебиетіне жат деген сын тағылды. Мұнымен шектелмей авторлардың оқулыққа буржуазиялық-ұлтшыл контрреволюциялық «Алаш» партиясының қайраткерлерінің бірі, «Алаш Орданың» рухани әділқазысы, ақын Омар Қарашевтың шығармасын енгізуі, қатты сынның астында қалады. Большевиктерді қара қарғаға теңеген, ишан ретінде софизмді дәріптеген Қарашевты Советтік Қазақстанның көркею арманы туралы, авторлар оны аспанға көтергенін тілге тиек етеді. Шығарылған жинақта бай мен билерді Шыңғыстан бастап, контрреволюциялық Алаш Орда партиясының негізін қалаушы Бөкейхановқа дейін дәріптегені айтылады. Сол сияқты 1946 жылы баспадан шыққан «Орыс-қазақ сөздігінде» кеткен ірі кемшіліктер мен саяси қателер жөнінде тоқталады. Қазақстан К(б)П ОК хатшысы Жұмабай Шаяхметов өзінің баяндамасында Советтік Қазақстанның 27 жылында, Тіл және әдебиет институты алдыңғы орыс мәдениетінің, орыс әдебиетінің түрі ұлттық, мазмұны социалистік қазақ мәдениетінің дамуына маңызды әсері жөнінде бірде-бір монографиялық еңбек шығармағанын баса айтады.
Институттың осыншама қателіктер жіберуіне Қазақ КСР Ғылым академиясының басшыларын да кінәлі деп табады, оның ішінде: Сәтбаев, Кеңесбаев, Сауранбаев және Әуезов. Сонымен қатар, басшылыққа алынатын жоғарыдан қабылданған БК(б)П ОК шешімдері алға тартылды. Олар: «Татар партия ұйымының бұқаралық-саяси және идеологиялық жұмыстарының кемшіліктері мен оны жақсарту шаралары туралы», «Башқұрт партия ұйымының үгіт-насихат жұмысының жағдайы және оны жақсарту шаралары», 1945 жылғы 14 тамыздағы Қазақстан К(б)П ОК-ның «Қазақ КСР тарихының» екінші басылымын даярлау туралы» қаулысы». Әсіресе, соңғы аталған қаулыдан қажетті сабақ алуға шақырды. Мұндай Қазақстан К(б)П ОК тарапынан тағылған жалаға М. Әуезов те қарап жатпайды. Сталинге БК(б)П ОК Қаулысы бойынша көптеген басқа ғылыми қызметкерлермен бірге, өзінің есімінің екі жерде аталып кінә тағылғаны жөнінде хат жолдайды.
Бірінші, әлі баспаға ұсынылмаған қолжазбаның редакторы ретінде және өткен шығармашылық еңбектерін жоққа шығарып, ұлтшыл қамытын кигізгені туралы ашына жазады. 1942 жылы жазылған Сәбит Мұқановтың «Балуан Шолақ» повесі, қазақтардың орыс халқына дұшпандық сезімін оятушы ретінде айып тағылады. Сол сияқты 1942 жылы жарық көрген С. Мұқановтың «XVIII-XIX ғғ. қазақ әдебиеті тарихының очеркі» кітабы Алтын Орда тарихын асыра дәріптегені, барлық хандарды халық үшін күрескер ретінде асыра сілтегенін айтады. Мысалы мынадай мәтіндер: «Бұл мемлекет үш жүз жылдай қалыпты өмір сүрді. Оның басшылық және қорғаныс саласына қатысып, қазақ батырлары даңқа бөленді... Ресей Қырым, Астрахань, Қазан хандықтарын жаулап алып, XVIII ғасырдан бастап Қазақ даласына бет алады».
1947 жылдың 14 наурызы күні республикалық «Социалистік Қазақстан» газетіне Сақтаған Баишевтың «Профессор М. Әуезов өткендегі қателерінің шырмауында» атты мақаласы жарияланды. Онда ол: «профессор М. Әуезов жолдастың еңбектерінде болып отырған ірі қателер білместіктен немесе кездейсоқ бола қалған жаңа қателер ме?» деген сұрақ қойып, автор өзі жауап береді: «Жоқ, олай емес. Бұлардың тамыры М. Әуезов жолдастың басында болып өткен бұрынғы кездегі ұлтшылдық ірі қателерімен жалғасып жатыр. ...Өмірі біткен қазақ буржуазиясының идеологы болғаны, қазақ буржуазияшыл ұлтшылдардың тобында болып, көпке дейін жас қазақ Совет әдебиетіне қарсы күрес жүргізгені екінің біріне аян болатын. Мұнан әрі М. Әуезовтің басқаруымен тап күресі аясынан тыс даярланған және баспаға әзірленген «Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томының қолжазбасында: «...Сол замандағы әдебиеттің қалай шыққандығы, қай тапқа қалай қызмет еткені баяндалмайды. Мұның орнына байларды, найзаның ұшымен, қамшының күшімен ел билеген билер мен хандарды мақтаған, қазақтардың феодалдық-ру құрылысын қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған дәуір еді деп дәріптейтін материалдар бар.
...Профессор М. Әуезовтің көп жылдар бойы көтермелеп өсірген «ғалымдарының» бірі, Тіл және әдебиет институтының бұрынғы директоры Е. Смайлов Ұлы Отан соғысының дәл алдында «Әдебиет теориясы» деген кітап жазады. Смайлов бұл кітабында неміс мәдениетін мақтап, оны дүние жүзіндегі мәдениеттің шыңы дегенге дейін апарып жуықтатып қояды. Неміс-фашист идеологиясының арғы атасы, нағыз барып тұрған реакционер Ницшені де дәріптеп, құлшылық көрсетеді. Міне, осының барлығына қарамастан, профессор М. Әуезов Смайловты қамқорлығына алып, оның қоқыс кітабына өзі редактор болып, баспадан шығартады. ...Ұлы Отан соғысы кезінде А. Тәжібаев жолдас «Жомарт кілем», «Көтерілген күмбез», «Біз қазақтармыз» деген пьесалар жазып, қазақ совет әдебиетіне белгілі буржуазиялық символизмді әкелді. Біздің совет халқының идеологиясына жат мұндай зиянды нәрселердің қазақ совет әдебиетінде орын алуына ең алдымен, М. Әуезов жолдас «қолғабысын» тигізеді. Ол 1945 жылы орталықта шығатын «Әдебиет газетінде» басылған мақаласында А. Тәжібаев жолдастың бұл зиянды, ұстамсыз шығармаларын жалған түрде көкке көтере мақтады.
...Тіл және әдебиет институтының ғылыми қызметкері Ә. Қоңыратбаев «Ғашықтық жыр» деген тақырыпта филология ғылымының кандидаты деген ғылыми атақ алу үшін диссертация жазады. Ә. Қоңыратбаев бұл еңбегінде М. Әуезовтың ескі уақытта жазылған қате, ұлтшылдық тұрғыдан қаралып жазылған еңбектерін пайдаланады.
1922 жылы «Шолпан» журналында басылған «Қазақ әдебиетінің қазіргі халі» деген зиянды мақаланы кейбір жерлерде негізге алады, дәріптейді. ...Екінші бір ғылыми қызметкер Ә. Мәметованың «Қазақтың шешен билерінің сөздері» деген диссертациясында толып жатқан өрескел тарихи, саяси қателері болды, билерді, олардың сөздерінің әлеуметтік мәнін бүркеді, би атаулының бәрін дәріптеді, сөйтіп тарихқа көріне көзге қиянат жасады. Осылардың барлығын көре тұра М. Әуезов жолдас бұл «еңбекті» жерге сыйғызбай мақтайды, қазақ әдебиетінің тарихында бұрын-соңды мұндай зерттеу болған емес, мұның өзі бір үлкен табыс, ешбір міні жоқ еңбек деп мақтау қағаз береді. ...Ақырында Қазақ ССР Ғылым академиясының бірінші сессиясында жасаған «Қазақ әдебиетінің тарихын зерттеу проблемалары» баяндамасынан үзінді келтірсек: Қазақ халқы өткен заманда материалдық мәдениеттен жарытып, құнды дерлік ешнәрсе жасаған жоқ, бірақ оның есесіне рухани мәдениеттен асқар таудай алып құнды мұра жасап қалдырды, атап айтқанда, өте бай фольклор (ауыз әдебиеті) мен жазба әдебиетін жасап қалдырды. ...XIX ғасырдың әдебиеті де соншалықты мол болды. Идеялардың, ізденушіліктердің, олардың шығармаларының тарихи бағыттарының түрлері өте-мөте көп алуан-алуан болды. Мұндай тамаша өлеңдерді туғызған және куәсі болған сары дала мен асқар бел таулар, бос жатқан арқаның даласы, Балқаштың, Сырдарияның, Аралдың қамысты жағалаулары, Алтай мен Алатаудың қарлы асу белдері...».
Бұл жерде М. Әуезовтың бұрынғы кезде халықта рухани мәдениеттің молшылығы болды дегенге әкеліп тірейтін теріс пікірі бар. ...Соңғы 15 жыл ішінде жазғандарының бәрі – «Айман-Шолпан», «Хан Кене» пьесаларынан бастап, ең соңғы жазып жүргені «Абай» романына дейін ескі тақырыпқа арналған. ...Кейбір тарихшылар мен әдебиет сыншылары қазақ жазба әдебиеті мен әдебиет тілі бұдан 80 жыл, 50 жыл бұрын жасалды десіп жүр. Енді біреулері біздің қазақ әдебиеті мен қазақ тілін шын мәнісінде жасаған, кемеліне келтірген тек бір ғана Абай десіп жүр. Әңгіме кездейсоқ бола қалған жеке қателер туралы емес, жеке бір әдебиетшілердің тұтас бір теріс жолдары туралы болып отыр. Сөз жоқ, профессор М. Әуезов жолдас бұрынғы ұлтшылдық қателерінің аяғына тұсау болып жүрген қалдықтарынан неғұрлым тез құтылса, солғұрлым оның өзіне де, жалпы істің мүддесі үшін де өте пайдалы болмақ» деп С. Баишев мақаласын аяқтайды.
Осыншама өзіне тағылған айыпқа қарсы әрекет ретінде Қазақстан Кеңестік Жазушылар Одағының мүшесі және Қазақ ҒА толыққанды мүшесі Мұхтар Әуезов БК(б)П ОК хатшысы Сталинге тағы да хат жолдайды:
БК(б)П ОК Сталин жолдасқа
Қазақстан Советтік Жазушылар одағының мүшесі және Қазақ Ғылым Академиясының толық мүшесі Мұхтар Әуезовтен
Биылғы жылғы 14 наурызда қазақтың республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің бетіндегі Баишевтің мақаласы – менің отыз жылдық жазушылық, ғылыми-зерттеу және Қазақстан ЖОО-ғы он бес жылдық педагогикалық қызметімді – жүйелі, қажырлы совет өкіметіне қарсы жанға дейін түсіргені, өте ауыр айыптау. Сын объективті емес, қатаң талап етушілік, бірақ большевиктік әділеттілік емес, тұрпайы айыптау актісі –мақаланың негізін құрай, өткізілген отырыс және терең қорлау ниетіндегі мақалада, республикадағы беделді орган бетінде менің адал жазушы, мәдени майдандағы қайраткеріне, берілген совет азаматына барлық әдеби-ғылыми, қоғамдық қызметіме деген үміт отын сөндірді. Менің қызметім мен жеке басыма қатысты беталды және қатал зәбір көрсетуге шыдауды жөн көрмегендіктен және белгілі бір ресми тәсілдермен әрекет етудің мүмкіншілігі болмағандықтан, барлық партия және партия құрамында жоқ, мен сияқты жұмысшылар өмірінің қысылтаяң жағдайларында жүгінетіні сияқты, мен жалғыз Сізге жүгініп отырмын. Әділетті және әділ қазылар әкесі және совет жазушыларының, совет ғалымдарының досы – Сізге жүгіне, Кеңестік Отанымызға пайда әкелетіндей және еңбек ете алатын менің қызметімді, мәдени майдандағы қарапайым еңбекші ретіндегі менің атымды ақтауға көмектесуіңізді өтініп отырмын.
Менің еңбектерімнің нәтижелерін ескеріп, Үкімет 1945 жылы Еңбек Қызыл Ту орденін, ал 1946 жылы Қазақ Ғылым Академиясы құрылғанда мен Академияның толыққанды мүшесі және Президиум мүшелігіне сайландым. Менің өмірім ұзақ жылғы атқарған қызметтер ауқымында, әртүрлі кезеңдерде, идеялық-партиялық, әдеби-ғылыми және басқа көзқарастар бойынша мінсіз болды деген ойдан аулақпын. Қысқасы, мен Қазақстандағы бүкіл мәдени майданның басшысы ретінде айыпталдым немесе нақтырақ айтқанда, идеологиялық майдандағы қателіктері үшін ҚК(б)П ОК Үгіт және насихат хатшысы Әбдіхалықов жолдастың кінәсі маған, пікір таластырмайтын, қарсы келмейтін, оған қоса өткеннен қалған ұлтшылдығы және кез-келген қарапайым кінәсі үшін айыптауға оңай, партия мүшесі емес жазушы және ғалымның мойнына аударылып отыр. Осы жағдайлардан кейін, әлбетте менің барлық шығармаларым, оның ішінде советтік тақырыптағы бүкіл пьесаларды Баишев «мардымсыз фактілер» деген бір ғана сөз орамымен теріске шығарады. Онымен қоса, бұл Баишев жолдас 1938 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінің редакторы бола тұра, 1938 жылы халық жауын әшкерелей, менің «Шетелде» атты жаңа пьесама тұтастай бетін арнаған. Рас, бұл пьеса басқа да советтік тақырыптағы пьеса қатарында, сахнада ұзақ өмір сүре алмады... Таң қалдыратыны сол, қазақ немесе одақ оқырмандарына танымал бола бастаған әрбір менің шығармам, менің Әбдіқалықов жолдастың маған деген қатынасын көбірек бұзды. Ол неге мүдделі? Әдебиетті, өнерді басқаратын мамандар шығармаларды дүниеге келтіріп, сонысымен бүкіл мәдени майданды даңққа бөлеп, лайықты болу немесе әдебиет тағдыры үшін үрейлі қамын ойлағандай күйді көрсетуге тырысушылықпен айналысу – бұл жұмбақ және жеке маған ғана жұмбақ емес, менің ойымша, Қазақстанның әдебиет, өнер және ғылымындағы мамандардың басым бөлігі үшін де.
БК(б)П ОК әділетті қағидасы – адмдардың ісін адамдар арқылы емес, адамдарды ісімен бағалау – Әбдіқалықов жолдастың басшылық қағидаты мен тәсіліне кірмейді. Осыдан, Баишев жолдастың мақаласында өткен менің еңбек жолымдағы бұрынғы ұмыт болған және алыс қалған бүкіл менің қызметімді толықтай қамтып сын тағуы мен Шаяхметов жолдастың берген бағасы арасындағы ара-жігі көрініс табады. Осындай күрделі жағдайдың қалыптасуына орай мен, Сіздің, менің қиын еңбегімді қауқарсыздандырған, лажсыз жағдайыма мән беруіңізді өтінемін.
М. Әуезов.
1947 жылдың наурыз айында Қазақ КСР Ғылым академиясы Хабаршысының 3-інші нөміріне жарияланған көлемді Қазақ КСР ҒА толыққанды мүшесі С.К. Кеңесбаевтың «Қазақ КСР Ғылым Академиясы Тіл және әдебиет Институты жұмысындағы өрескел саяси қателіктер туралы» ҚК(б)П ОК Қаулысының жүзеге асырылуы туралы» мақала-есебі, Институтқа тағылған айыптарға байланысты жауап беруге әрекет жасаған: Институт жанынан партбюро басшылығымен өзіндік Жарғысыз партия ұйымы ұйымдастырған; жетекші ғылыми қызметкерлер (Кенжебаев, Мәметова, Балақаев, Кеңесбаев, Сауранбаев және басқалар) сынға ұшыраған және олар өздерінің қателіктерін мойындаған, Ғылым академиясы институтының жалпы партия жиналыстарына институттың коммунистері мен қызметкерлері белсенді қатысқаны; институт жанынан жиналыстар және іскерлік отырыстар өткізілгені баяндалған.
Бөрілідегі Мұхтар Әуезов музей-үйінің аға қызметкері Гүлзат Сәлемқызы Тәңірберген отыз жылдан аса мұхтартану мәселесімен айналысады ►
Қазақтың әдеби мұрасы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары теріс бұрмаланып, ақыры Институттың тақырыптық жоспарынан «Қазақ әдебиеті тарихына» қатысты XVIII-XIX ғасырларды қамтитын батырлар эпосының тілі, қазақ билерінің шешендік сөздері т.б. өзекті мәселелер алынып тасталды. Дегенмен, ресми тақырыптар алынғанмен ғылыми жұмыстар тоқтап қалды деп, айта алмаймыз. Оның дәйегі – 1947 жылдың 20 қарашасы күні бөлім меңгерушісі М. Әуезовтың жазған есебі. Мұхтар Омарханұлы «ұлтшылдығы» үшін 1920-ыншы жылдары партия қатарынан шығарылса, отызыншы жылдары жұмысынан айырылып, қапасқа қамалды (екі жарым ай), ал 1940-1950 жылдары тағы да қоғамдық жиналыстар мен баспасөз бетінен түспей, жаңа саяси науқан республикадан тыс жерге кетуге мәжбүрлеген болатын. Тіл және әдебиет институтының халық ауыз әдебиеті бөлімі жыл бойы ғылыми экспедиция жұмысы арқылы жергілікті жерлерден барлық жанрлар бойынша 264 108 материал жинақтаған. Оның ішінде кеңестік заманауи фольклорлық ескерткіштер. Бір Ұлы Отан соғысы тарауы бойынша фольклор жұмысының өзі 81962 қатарды құраған, оның ішінде Отан соғысы жөніндегі әндер – 49 224 қатарды құраған. Ғылыми қағидаттар және жанрларды топтастыру әдістері негізінде, жазбалар реттеліп, үлгілерге жанр бойынша қысқаша түсініктемелер жасалған: батырлар жыры, жұмбақ, мақал-мәтел, тұрмыстық әндер, шешендік сөздер, 1916 жылғы фольклор үлгілері; материалдар. Бұл жүйелеу бөлім қызметкерлерінің 1948 жылы да асықпай атқаратын жүйелі жұмысын құрайтыны айтылған.
Құндызай ЕРІМБЕТОВА, тарих ғылымдарының кандидаты, Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері