Тайтөбенің тарихи мағынасы – Қарауылтөбе
13.09.2017 3097
Сарыарқаның қос өзені Есіл мен Нұра арасындағы жайдақ өлкеде Тайтөбеден биік жер де жоқ шығар. Оның басына шықсаң, көз жетер маңайдың бәрі алақанға қойғандай көрініп тұрады

Нұра Тайтөбені оң жағымен, шығыстан айналып өтеді де, содан әрі Қорғалжын қопасына қарай  тіке тартады. Егер осы алаңға құс қанатының үстінен қарасақ, Тайтөбенің өзенге бір жағынан кіріккен түбек сияқты жер екенін аңғарар едік. Осылайша Тайтөбе тек  батысынан, яғни қазіргі Астана жағынан ғана ашық табиғи бекініс сияқты. Ертеде жаугершілік заманда төбенің батыс алқабын алыстан орағытқан, өзеннің бір қылта тұсынан шығып, келесі бір бұралаң тұсына дейін тікелей тартатын терең ор болған шығар деп ойлаймын. Сарыарқа жерінде мен көріп жүрген ортағасырлық қалалардың фортификация және жан сақтау мәдениетінің бір белгісі – осы ор. Ортағасырлық қоныстардың барлығы да, әсіресе хан мен сұлтандардың ордалары осылайша тұтқиыл шабуылдардан қорғанады. 

Біз Өлеңтінің Әулиекөлге құятын тұсынан Ақкөл-Жайылма қалашығын зерттегенімізде оны да алыстан орағытқан енді, терең ордың ізі сақталғанын анықтаған едік. Тайтөбенің Нұра өзені жағында ескі  қалашықтың, үлкен қоныстың орны жатыр, егер зерттеушілер арнайы уақыт бөліп төбенің  жан-жағын шұқылап қараса, бұл жерден қадым заманның бірталай ескерткіштері шығайын деп тұр. Ең бастысы, біз Тайтөбенің ұзақ уақыт қорғануға ыңғайлы, оның үстіне адамы да, малы да судан, азықтан тарықпайтын Нұраның табиғи арнасы мен қолдан жасалған саласы арасына орналасқан жер екенін аңғардық. 

Біздің қолымыздағы барлық деректерді салыстыра қарасақ, өзгеше көрнекті, бертінде қазақ  «Ақ  мола» атап кеткен ортағасырлық кесене Тайтөбенің басында тұрған. Кейбір зерттеушілер «мола» атауы антика дәуірінің тарихшыларының еңбектерінде кездеседі дейді. Солардың бірі Прокопи «мола» сөзін «қамал» мағынасында қолданады, осыған байланысты «Ақмола» атауын «Батыстағы қамал» деп түсіндіру бар. Біз Ақ моланың алғашқы нұсқасы қалай болғаны туралы ештеме де айта алмаймыз, ескерткіш толық қираған, ал оның ірге тасын арнайы  зерттеп, қазба жұмыстарын жүргізген де ғалым болмады. Тайтөбе басында күйдірілген кірпіш ізі жоқ, осыған қарағанда Ақмола «Домбауыл», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» ескерткіштері сияқты «дың» түрінде тастан қаланған шошақ құрылыс болды ма деп жобалаймыз. Кезінде биіктігі бірнеше метр болғаны, диаметрінің өзі оншақты метр екендігі көрініп тұр.  Осы кесененің жанында орналасқан оғыз-қыпшақ дәуірінің қорған-обалары әлі де бар. Әрине бір мың жылдан аса аяқ асты болып жатқан ескерткіштер тозады. Дегенмен әлі де  Тайтөбенің көне тарихынан бағыт-бағдар беріп тұрған сол қорған-обалар. Күтім керек-ақ.  Сөз жоқ,  қазақтың Ақ мола болып ел есінде қалған кесенесінің ғұмыры кемі мың жылдың ар жағы. Оның не себептен Ақмола атанғаны белгісіз, мүмкін сыртқы сылағы ақ балшық болды ма екен? Қазіргі күні де  Тайтөбенің маңайынан ақ балшықты қазып алып жатқан елді көресіз. Подполковник Шубин Ресей басшылығының тапсырмасымен Ақмола округін ашамын деп келген 1830 жылдары ол кесененің орны ғана бар болатын, бірақ Нұраның Тайтөбе жағы ескерткіштің атын сақтап қалды (Ресей деректерінде «урочище Акмула» аталады).

Ақмола өңірі – қазақ хандарына мекен болған жер. 1825 жылғы атақты кеншілер әулетінің өкілі Демидов жазбаларында «По р. Нура вниз до р. Ишима к тому месту, где, по показаниям Шангина и Назарова, обе реки сии и теперь уже почти соединяются, где у горы Ак-Мулы кочует известный в степях хан Вали...» деген мәлімет жүр. Бұл деректе аздаған қателік бар. Шын мәнінде Демидов Ресей патшасы Александр І-ге хат жазған уақытында Уәли хан қайтыс болып еді. Орта жүздің соңғы хандарының бірі, Абылай ханның үлкен ұлы Уәли 1820 жылы Көкшетауда қайтыс болып, Ошақтыкөлде асы берілді. Біздің тарихшылардың Уәли хан 1819 жылы қайыс болды деген А.И. Левшинге негізделген мөлшерінде аздаған қателік бар, себебі құлпытаста 1820 жыл деп көрсетілген.

1830 жылдары біз Тайтөбе маңында Сәмеке ханның немересі Қоңырқұлжа Құдаймендіұлын жиі көреміз. 1838 жылы Кенесары ханның қозғалысы кезінде Тайтөбе атауы саяси оқиғалардың контексінде соңғы рет аталды да, кейін белсенді айналымнан шығып қалды. Бірақ Тайтөбе қазақ сөзін білетін адамдардың жадынан шығуы мүмкін емес. Себебі бұл атау – қазақ халқының эпикалық жырларына еніп кеткен белгілі топонимдердің бірі. Тайтөбенің басында әкесі Ер Көкшенің кегін даулаған Ер Қосай мен Қобыландының арасында адам баласы бұрын-соңды көрмеген жекпе-жек болды дейді Г.Н. Потанин жазып алған қазақтың батырлық ертегілері. «Ер Көкше» мен «Ер Қосайдың» заманы деген қай уақыт мұғдарына келеді дегенге жауап беру өте қиын. Қазақтың аңыздарында Ер Көкше Манастың бірде замандасы, бірде әкесі еді делінеді. Ә.Х. Марғұлан «Манас жыры» Орталық Азия түркілері мен қытайлықтардың арасындағы ұлы соғыстардан бастау алатынын бірнеше қайтара жазған еді кезінде. Ендеше Ер Қосай мен Қобыландының жекпе-жегі де сол заманға қарай қадам басады.

Тайтөбе деген сөздің мағынасы  да жауынгерлік заманнан өз шешімін табады, себебі «тай» сөзі оның ертеде қарауыл төбе қызметін атқарғанын білдіреді. Қазақ тіліндегі «тай» сөзінің түпкі мағынасы биік, дөңес, шатыр деген сипатта. Осыдан келіп «тай» сөзі күзет орны, қарауыл қарайтын жер, қарауыл басы деген мағынада дамыған. Көне түркі дәуірінде «тай бегі» (қарауыл басы), «тай білге тұтық» (қарауыл салығын жинаушы) деген мемлекеттік лауазымдар болған (Древнетюркский словарь. Л.,1969. с.527). Бұл ұғымдар әуел баста ұйғырдың жазба әдебиетінде және кеңсе дәстүрі арқылы қалыптасты да, кейіннен Шыңғыс ханның империясында да қолданылды. Қазіргі мұңғыл тілінде сол себепті «тай» деген сөз екі мағынада бірдей пайдаға асып жүр: біріншіден, ол «аялдама, бекет, жолхана», екіншіден, ол «шатыр, үй төбесіне салынған баспана, күзетхана» (Базылхан Б. Моңғолша-қазақша сөздік. Уланбаатар-Өлгий,1984. с.444).