С. Сейфуллиннің Ақан Сері туралы жазбасынан
11.09.2017 2713
...Ақанның қасіреті өз табының қасіреті еді. Ақанның «дүние байлығы да» өз табының ішкі сырларынан туған зат еді

Ақан сері жастайынан табиғат берген өнерімен ел алдында көзге түсіп, кейін өн бойы өнерін дамытып, ақындыққа жалғасты, кемелденген әншілік өнерімен алты Алашқа аты мәлім «Сері» атанды. Осы тұрғыда ақынның өмірі мен талантына қатысты көптеген мәліметтер мен естеліктер, жазылған еңбектермен алып қашпа әңгімелерде жеткілікті.

Бүгінгі ұсынып отырған Ақан сері туралы Сәкен Сейфулиннің естелік жазбасынан үзінді: Ақын Ақанның туған жылы 1843 жыл, өлген жылы 1913 жыл. Туып өскен жері Көкшетау. Ақан сол Көкшетауды мекен қылған Орта жүз. Арғын, Қарауыл Қорамса деген кісінің ұлы. Қорамса бай болған саудагер болған адам. Ал, Ақан – билер (феодал) табының мұңын, зарын зар қылған ақын... Ақан 12 жасқа келгенше, Бұқардан оқып келген Көнтеу деген молдадан оқыған. Он үш жасқа келгенде Ақан, молдасының оқытуыш тәртібіне көнбей, молдасымен ұрысып оқуды тастап кетеді. Содан кейін Ақан сауыққа «жігіттікке» беріліп, «сері» атанады, сұлу киім, жүйрік сәйгүлік ат, құмай тазы, қыран бүркіт Ақанда болады. Қалың Атығай Қарауылдың ойын тойының Ақан көркі саналады. Ақан байдың баласы, қасында ылғи әнші, домбырашы, ойыншы, балуан жігіттерді ертеді. Бәріне бастайтын, әрине Ақанның өзі болады. Өзініңде басында шоқпардай үкі, үстінде асыл киім, астында әсем басқан сай көлік, Ақанның әншілігі үні ақындығы ешкімді тең келтірмейді. Қай жерде той, қай жерде сауық болса, ақан сол жерде сауық ойын думанның ортасында болады.

Сол заманда мырзалықты серіктікті көтерген болды. Жұрт Ақанды сері атайды.

Ақанның ескі әдеті бойынша атастыру мен алған әйелі 10 жылдан соң өледі, одан бір ұл, екі қыз қалады. Ұлы тілсіз болады. Әйелі өлгеннен кейін Ақан серілікті бұрынғыдан да басым үдетеді «Дүние, байлықты» күшейтеді... сұлулыққа беріледі. Сұлулықты жырлайды. Мал азая бастайды. Ақаннан да жақсы серілерді патша үкіметі біртіндеп қымқырып ала береді. Ақан кедейленеді, ылғи ойын-күлкі, сауық, мереке, думан ортасында өлеңдері Ақанның нәзік терең қасіретті екенін білдіреді. Ақанның қасіреті өз табының қасіреті еді. Ақанның «дүние байлығы да» өз табының ішкі сырларынан туған зат еді.

Сөйтіп, Ақан өле елгенше сері атанып кеткен ақын. Жақсы жерден, қалың малдан айырылған соң Ақан серілікті сопылық пен байланыстырған көпшіліктен өзін аулақ ұстауға тырысқан, жазды күні көл басында оңаша жалғыз үй қалып сарнайтын болған. Сондықтан мұны түсінбеген жұрт Ақанды перінің қызымен тұрады деп шығарған. «Перінің қызы адамзаттың сұлу үйіне құмар болады екен. Ақанның көл басында оңаша қалып ән шырқайтыны сол» деген сөздерді шығарған.

«...Ақанның өлеңдерінің жұмбақ болатыны да сол перінің қызына жұмбақтап арнағандығы» деп шығарған. Ақанның көп өлеңдері қолға түспейді. Әсіресе осы өлеңдерін теріп жинап жібердік.

Ақанның өлеңдерінен оның билер (феодал) табының ақыны екені билер табының санасы мен жырлаған ақын екендігі оның өлеңдерінен айқын көрінеді. Одан соң Ақан ақындығының үстіне ән шығарғыш композитор, оның «Сырымбет», «Айгөлек», «Үш тоты құс», «Құлагер», «Қара торғай» деген әндері қазақ әндеріндегі сұлу әндер.

Бұл жинаққа Ақанның шығармаларына толық сын жазбадық. Бұл өлеңдерді тек әдебиет тарихымызда дерек бола берсін деп жіберіп отырмыз. Кейін Ақанның шығармаларына толық сын жазылар.

Алматы 28/ІV 1934 жыл. Сәкен.

 

Кітап қазақ тілінде, латын графикасымен берілген.

Жазба ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының «Кітап мұражайынан» алынды