Балконын шеберханаға айналдырған зергер
28.02.2025 575

Қазақ халқының қолөнеріндегі ең шоқтығы биік, аса шеберлікті талап ететін салалардың бірі – зергерлік өнер. Бұл өнердің тамыры тереңде жатқанымен, күні бүгінге дейін өз маңызын жойған емес. Қолмен жасалған зергерлік бұйымдардың өзіндік ерекшелігі мен ұлттық нақышы оның қадірін арттыра түседі. 


Зергерлік өнер – көшпелі халықтардың мәдениетінде ежелден келе жатқан ерекше өнердің түрі. Археологиялық қазбалардан табылған алтын, күміс, қола әшекейлер біздің ата-бабаларымыздың металды өңдеудегі шеберлігін дәлелдейді. Әсіресе сақ, ғұн, түркі дәуірлерінде зергерлік бұйымдардың күрделілігі мен нақышталуы ерекше жоғары болған. Оған «Алтын адам» қорымынан табылған әшекейлер мен күміс білезіктер дәлел бола алады.

Қазақ зергерлері металл өңдеудің озық тәсілдерін меңгерген. Олар күмісті балқытып, қалыпқа құю, шекімелеу, оймыштау, қаралау, бұрау, өрнектеу, жүргізу, сірке салу, қалыптау, безендіру сияқты әдістерді қолданған. Зергерлік бұйымдар тек сәндік заттар ғана емес, олардың әрқайсысында белгілі бір символдық мағына болған. Мысалы, білезіктер мен жүзіктер көз тиюден сақтайды, ал шашбау қыз баланың сұлулығы мен нәзіктігін паш етеді.

Қазақ тарихында көптеген атақты зергерлер болған. Олардың есімдері халық жадында сақталып, жасаған бұйымдары музейлерде құнды жәдігер ретінде сақталуда. Бүгінгі Қазақстанда да зергер көп. Олар бабадан жеткен өнерді заманауи тұрғыда жетілдіріп, осы салада өз нәпақасын тауып, талай шәкірттерді соңынан ертіп келеді. Мысалы, бүкіл елімізге танымал Берік ұстаның қолынан шыққан бұйымдарды тіпті шетелдік корольдік отбасылар да жоғары бағалап, өз топтамаларына қосқанын жұрт біледі. 

Қазір зергерлік өнер жаңа технологиялармен толығып, заманға сай дамып келеді. Заманауи зергерлер 3D модельдеу, лазерлік кесу және басқа да жоғары технологияларды қолданып, дәстүрлі әдістермен үйлестіре отырып ерекше туындылар жасауда. 

Балконын шеберханаға айналдырған зергер

Бірде Кәләмшәріп Шәһадатұлы ағамыздың үйіне жол түсті. Ол кісінің қолынан шыққан өнер туындыларын талай таныстарымыздан көріп, шеберлігіне тәнті болып жүретінбіз. Сөйтсек, ол кісі шағын ғана балконды шеберхана етіп өзіне лайықтап жасап алған екен. 

Оның айтуынша, зергерлік өнерге жиырма жас шамасында қызығып, әр кімнен бір үйреніп бастаған екен. Қанмен келген қасиет болмаса да қыр-сырын тез меңгерген көрінеді. 

«Біздің ата-бабаларымыз бұл кәсіппен айналыспаған. Бірақ мектеп бітіргеннен кейін зергерлікке деген қызығушылығым артып, өз ауылымдағы белгілі зергерлерден үйрендім. Алғашында кішкентай көрік пен балға, төс алып, ауыл-ауылды аралап, халыққа қызмет көрсетіп жүрдік. Бүгінде заманауи құралдардың көмегімен жұмыс жеңілдегенімен, қолөнердің өзіндік ерекшелігін сақтауға тырысамын», – дейді ол.

Кәләмшәріп ағамыз зергерлік бұйымдардағы күмістің сапасына ерекше мән беретінін айтады. Оның айтуынша, қазіргі базарларда сатылып жүрген күмістердің көбі қосалқы металдармен аралас келеді. Бұл зергерлік бұйымның сапасына әсер етеді. «Таза күміс 999 немесе 925 пробалы болуы керек. Қоспасы бар күміс қыздырғанда қарайып кетеді, ал таза күміс өз жылтырлығын сақтайды», – дейді ол.

Зергер, сондай-ақ, зергерлік өнерде қолданылатын техникалар туралы айтты: «Мен өз тәжірибемде ширатпа білезік, жалпақ білезік, өрме білезік, топсалы білезік, мөр жүзік сияқты түрлерін жасаймын. Әсіресе қазақи нақыштағы безендіру техникасына баса мән беремін. Алтынмен жұмыс істеу күрделі, бірақ оның өзіндік артықшылықтары бар. Бұрын тек күміспен айналыссам, соңғы жылдары алтынмен де жұмыс істеп жүрмін».

Зергерлік бұйымдардағы дәстүрлі символдар туралы сұрағанда, ол былай деді: «Қазақта әр әшекейдің өзіндік мағынасы бар. Құс тұмсық жүзік – қыз баланың нәзіктігін білдірсе, құдағи жүзік – екі рудың арасындағы байланыстың белгісі. Ал күміс тазалықтың, пәктіктің символы. Қазақ әйелдері бұрын күмістен жасалған жүзіктерсіз ас әзірлемейтін болған. Өйткені күміс – табиғи антисептик, ол тамақты да, суды да тазартады».

Қазақтың зергерлік өнері – ұлттық мәдениеттің ажырамас бөлігі. Бүгінгі заман талабына сай дамып келе жатқанымен, бұл өнердің түпкі мәні мен дәстүрлі техникасы сақталып отыр. Кәләмшәріп Шәһадатұлы сынды шеберлердің арқасында ұлттық зергерлік өнер жанданып, дамудың жаңа деңгейіне көтерілу үстінде. Қазақ зергерлері ата-баба жолын жалғап, көне дәстүрді жаңғырта отырып, заманауи үлгілерді ұтымды үйлестіре білсе бұл өнердің болашағы жарқын болмақ.