Орталық Қазақстанның кен өндірісі тарихы
21.02.2025 232

Орталық Қазақстанда кен өндірісінің қалыптасуы мен дамуы ел экономикасы үшін зор маңызға ие. Бұл мақалада өңірдегі тау-кен саласының пайда болу тарихы, кеңінен таралуының алғышарттары мен қазіргі заманғы даму бағыттары талданады. Тақырыпты зерттеу барысында архивтік деректер, ғылыми еңбектер мен статистикалық мәліметтер негізге алынды. 


Орталық Қазақстан – Қазақстан Республикасының өнеркәсібі жақсы дамыған аймақтарының бірі. Бұл өңірдің ерекше табиғи-географиялық жағдайы мен пайдалы қазбаларға бай болуы кен өндірісінің ерте замандардан бері дамуына негіз қалдырды. Тарихи деректерге сүйенсек, ежелгі дәуірлерден бастап жергілікті тайпалар мыс, темір, күміс, мырыш, марганец, алтын сияқты металдарды өндіріп, тұрмысқа, қару-жарақ жасау ісіне пайдаланған.

Кен өндірісі аймақ экономикасында шешуші рөлге ие болып, жергілікті халықтың әлеуметтік және мәдени өміріне әсер етті. Кеңес кезеңінде кен орындары жан-жақты зерттеліп, өндіріс үдерісі жоспарлы түрде жүргізілді. Тәуелсіздік жылдарынан бастап әлемдік нарыққа бейімделу, жаңа технологияларды енгізу және сыртқы инвестициялар тарту арқылы сала бұрынғыдан да дамыды.

Орталық Қазақстан өңірі - пайдалы казбалардың көмбесі десе де болады. Мұнда-көмір, темір кені, мыс, марганец, алтын, күміс, мұнай жөне т.б.пайдалы қазбалар кездеседі. Бұл өңірде қазбалардың алуан түрі және үлкен қоры шоғырланған. Жер қойнауындағы көмірдің мол қоры Қарағанды көмір алабында орналасқан. Сонымен бірге 100% кокстелетін көмір де осында. Мыс кен орындары Балқаш маңы мен Жезқазғанда, марганецтің 100%-ы Атасу және Жезді кен орындарында шоғырланған. Сонымен бірге мұнда сирек металдар да кездеседі. Вольфрам мен молибденнің негізгі кен орындары Жоғары Қайрақты, Көктенкөл, Солтүстік Қатпар, Қараоба және Оңтүстік Жауырда орналасқан.  Орталық Қазақстанның экономикалық-географиялық жағдайының қолайлылығы орталықта орналасуында, яғни барлық экономикалық аудандармен шектеседі. Пайдалы қазба кен орындарына жақын орналасқан, аумағы транзит жолының үстінде және көлік қатынасы жақсы дамыған. 

Ерте дәуірдегі кен ісінің бастау кезеңі

Археологиялық зерттеулер Орталық Қазақстан аумағында ерте дәуірлерде-ақ кен ісінің белгілері болғанын көрсетеді. Мыстың ежелгі кеніштері мен темірді балқыту пештерінің орындары ежелгі тайпалардың металл өндіруді жақсы меңгергендігін дәлелдейді [1].  Соның бірі әрі бірегейі ретінде - Талдысай қонысы айтылады. Талдысай қонысы -  ежелгі металлургия ошағы әрі Қазақстан археологиясындағы ең ірі әрі маңызды ескерткіштердің бірі болып табылады.  Бұл ежелгі мекен Ұлытау өңірінде орналасқан және адамзат өркениетінің өркендеуіне айрықша үлес қосқан металлургия өндірісінің бастауларын көрсетеді. Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында Ұлы Даладағы металлургия ісінің ертеден дамығанын ерекше атап өткен еді. Осы орайда, Талдысай қонысын әрі қарай кешенді зерттеу – Қазақстан археологиясының басты міндеттерінің бірі деуге болады.

Талдысай қонысынан бір дерек 

Жезқазған, Ұлытау, Жезді аймақтарындағы ежелгі қоныстар мен өңдіріс ошақтардың, түсті металлургия кеніштерінің қола, сақ, орта ғасырлар дәуірлерін қамтып айтқанда 1 миллионнан астам тонна мыс рудасы алынған. Аса ірі көне кен орнына «Кенқазған» жатады. «Кенқазғаннан» көне дәуірде 800 мың тонна мыс рудасы алынған. «Кенқазған» рудасы одан 100 шақырым қашықтықтағы қола дәуірінің «Атасу» қонысына жеткізіліп, сонда балқытылған. Ежелші өңдіріс ошақтарының қоныстарына «Суықбұлақ», «Қарқаралы 1-2», «Шортандыбұлақ», «Талдысай», Атасу металлургиялық қоныстары жатады. Ерекше орынға қола өндіру ісі шықты. Б.з.д. ІІ мыңжылдықта Орталық Қазақстан Еуразияның аймағы ауданы бойынша үлкен, көршілес өңірлерге әсер еткен тау-кен, металлургия және металл өндеу ошақтарының біріне айналды. Бүгінгі таңда ежелгі металлургия орталықтарының ішінде сақталып, ескерткішке айналғаны Талдысай металлургия орталығы.

Адамзат тарихында металл өңдеу тәсілдерінің ашылуы – жаңа тарихи дәуірді қалыптастырған маңызды жетістік. Қазақстан жері, әсіресе Орталық, Солтүстік және Шығыс өңірлер, мыс, қалайы, қорғасын, темір, күміс және алтын кендеріне бай. Бұл аймақтарда ежелден тау-кен өндірісінің ошағы болғанын археологиялық олжалар дәлелдейді. Талдысай қонысы орналасқан Орталық Қазақстан аумағында ежелгі тау-кен ісі мен металл балқыту ошақтары айрықша дамыған. Мұнда мыс кендерін өндіру мен металл балқыту ісінің күрделі технологиялық деңгейін көрсететін пештер мен түрлі бұйымдар табылған. Талдысай қонысындағы тау-кен ісі мен металл балқыту технологиясы ерекше үлгілері болған.  Ежелгі қоныстан - күйдіру орындары көптеп табылды. Талдысайдан табылған күйдіру орындары мен металлургиялық пештердің іздері – аймақтың ежелгі металлургияда ерекше маңызға ие болғанын нақтылайды. Қоныстанудың алғашқы кезеңі – металл өндірісіне бейімделген халықтың өмір сүруімен байланысты. Кейінгі кезеңінде бұл жерде мал шаруашылығы басымдыққа ие болғаны байқалады. Мұнда өндірілген кенді балқытуда қолданылған пештер сол дәуірдің технологиялық прогресін айғақтайды. Қола дәуірінен бастау алатын мыс өндіру дәстүрі Талдысай қонысында жалғасын тапқан.

Талдысай қонысы – Ұлытау өңіріндегі ежелгі металлургияның алтын бесігі. Мұндағы тау-кен өндірісінің іздері, мыс пен өзге де металдарды балқыту пештері – Орталық Қазақстан жерінде жоғары технологиялық далалық өркениеттің болғанын дәлелдейді. Осыған орай, Талдысай қонысын әрі қарай тереңдете зерттеу – еліміздің ежелгі тарихын тануға қосылатын сүбелі үлес болмақ. 

Алғашқы зерттеулер

Кеңгір, Талдысай, Жезді, Сарысу өзендерінің бойы ежелгі өркениет орталықтары ғана емес, қазақ тарихында өзіндік шежіресі бар жерлер. Бұл жерлердің тарихы туралы көптеген тарихшы ғалымдар, археологтар өз еңбектерінде жазып өтті. Сол еңбектердің барлығында қазіргі Кеңгірдің бойындағы Жезқазған, Ұлытау, Жезді  аймақтарында қолөнер кәсібі мен кен қорыту ісі, металлургия өңдіру істері жазылған. Бұл еңбектерді жазып көрсетуде кенді аймақтың ежелгі кеніштерін зерттеген археолог Ә.Марғұлан, академик Қ.Сәтбаевтың сіңірген еңбектері зор.

Орталық Қазақстан өңірінің кең орындарын, олардың ежелгі қоныстарын зерттеуде белгілі археолог ғалым Әлкей Марғұланның есімі айтылатыны сөзсіз. 1946 жылы  Қаныш Сәтбаев пен Әлкей Марғұлан бастаған ғалымдар тобы Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы (ОКАЭ) аясында кең көлемді зерттеу жұмыстарын жүргізді. Олар осы өңірдегі ежелгі металлургия ошақтары мен ежелгі қоныстары туралы деректерді жинақтады. Жалпысы Қазақстанның  және Орталық Қазақстанның ежелгі тау-кен металлургиялық ошақтарын жан-жақты қарастырған, зерттеген ғалымдар қатарында С.А.Берденов, В.Валукинский, С.С.Черников, М.Қ.Қыдырбаев, Ж.Қ.Кұрманқұлова, Э.Ф.Кузнецова, С.У.Жауымбаев, А.С. Ермолаев, О.А.Артюхова сияқты ғалымдардың есімі айтылады.  

Орталық Қазақстандағы ірі металлургиялық орталықтар

Орталық Қазақстанның көне кен орындары мен металлургиялық орталықтары әлі толық қамтылмаған. Кей жерлерде тек барлау жұмыстары жүргізілген, ал кең ауқымды қазба жұмыстары жеткілікті деңгейде жүзеге аспаған. 

Талдысай мен оның айналасындағы ежелгі кен орындарын заманауи ғылыми талаптарға сай зерттеу – Қазақстан археологиясы үшін маңызды мәселе. Бұл аймақты кешенді түрде зерделеу арқылы қола дәуіріндегі металлургия тарихы туралы жаңа мәліметтер алуға болады.

Жезқазған-Ұлытау тау-кен металлургиялық орталығы - Жезқазған өңіріндегі үлкен мыс кен орындары және соларға сәйкес металлургия өндірістерінің іздері археологиялық тұрғыдан дәлелденген. Бұл орталықтан өндірілген шикізат Еуразияның көптеген аймақтарына тараған.

Солтүстік-Бетпақдала орталығы - Кенқазған, Ефимов, Мийкайнар сияқты кен орындарында кен өндірудің көлемі өте үлкен болған. Атасу I, Атасу II (Ақмустафа), Мыржық, Ақмая қоныстарындағы стационарлық кешендерде қарқынды металл балқыту ісі жүргізілген. Осы өндірістік орындардан табылған мыс балқыту пештері технологиялық тұрғыдан бірегей үлгілерді ұсынады.

Металлургия өңдірісінің  даму хронологиясы 

Патшалық Ресейдің билігі кезінде аймақтағы пайдалы қазбаларды барлау қарқын ала бастады. Ресейлік көпестер мен өнеркәсіп иелері Орталық Қазақстанның кен орындарына инвестиция салып, алғашқы өндірістік ошақтарды қалыптастырды. Бұл кезеңде өндірісте қарапайым технологиялар қолданылғанымен, салыстырмалы түрде ауқымды көлемде пайдалы қазбалар өндіріле бастады [2]. Қазақстан жəне Орталық Қазақстанда пайдалы қазба байлықтарын табу жəне өндіру ХVІІІ ғасырда орыс саяхатшыларының көптеп келуімен тікелей байланысты. 1715 жылғы И.Д. Бухгольц, 1720 жылғы И.М. Лихарев, 1722 жылғы И.Унковский экспедициялары Ертіс өзенінен Зайсан көліне дейін жəне Тарбағатай мен Жоңғар Алатауы маңында барлау жұмыстарын жүргізді. Қазба байлық орындарын алғашқы болып ашқандар баршылық: капитан И.Г. Андреев (1785 ж), атаман Телятников (1796 ж), М.Поспелов жəне Т.Бурнашев (1800 ж), Сібір корпусының аудармашысы Ф.Назаров (1813 ж) жəне И.П. Шаниндер (1816 ж) болатын. 

ХІХ ғасырдың І жартысында Қазақстан территориясында алтын, күміс жəне қорғасын өндіру дами бастады. Орыстың ірі кəсіпкерлері Қазақстанның пайдалы қазбаларын өндіруді ұйымдастыруға өз қаражаттарын сала бастады.

Орталық Қазақстанда алғашқы болып кен орыны табылып, қазба байлықтар өндіріле бастаған жер Қарқаралы өңірі болып табылады. Айта кету керек, тау-кен өндірісі кəсіпкерлері емес, саудагер Степан Попов бəсекелестік жоқ кезде осы өңірде кен орындарын көптеп тауып, өз иелігіне айналдыра бастайды. ХІХ ғасырдың 20-жылдары Степан Попов жəне оның ұлдары Александр мен Николай Қарқаралы, Баянауыл сыртқы дуанында саудагерлікпен айналысқан. 

Кеңес өкіметі орнаған соң индустрияландыру саясаты аясында Орталық Қазақстандағы кен орындары мемлекеттік деңгейде зерттеліп, өнеркәсіптік негізде игерілуге бет алды. Бұл жылдары кеніштерді ұйымдастыру, қажетті инфрақұрылымды (теміржол, кәсіпорындар, жұмысшыларға арналған қалашықтар) салу белсенді жүргізілді. Кеңес кезеңінде кен өндірісіне көп мөлшерде жұмыс күші тартылып, салада технологиялық жаңалықтар енгізілді [3]. 1990-жылдардың басында ел экономикасы нарықтық қатынастарға бейімделу кезеңін бастан өткерді. Осы уақытта шетелдік компаниялармен серіктестік орнап, бірлескен кәсіпорындар құрыла бастады. Жаңа технологиялар мен инвестициялар тарту арқылы кен өндірісінде өнім сапасын арттыруға, өндірісті модернизациялауға мүмкіндік туды. Экспорттық әлеует өсіп, аймақ тұрғындарының әлеуметтік жағдайына оң әсер етті [4].

Орталық Қазақстанның кен өндірісі тарихы бірнеше кезеңнен тұратын күрделі үдеріс. Ежелгі дәуірде алғашқы қарапайым әдістерден бастау алған тау-кен ісі патшалық Ресей кезеңінде қарқын алып, кеңестік кезеңде тұтас индустрияға айналды. Тәуелсіздік жылдарында нарықтық қатынастар, шетел инвестициясы мен технологиялық жаңару саланың жаңа серпінмен дамуына сеп болды. Алайда қазіргі уақытта да әлеуметтік және экологиялық мәселелер шешімді талап етеді. Алдағы уақытта ғылыми-зерттеу жұмыстарын жалғастыру, инновацияларды енгізу және кадр даярлау ісіне басымдық беру арқылы кен өндірісін тұрақты дамытуға қол жеткізуге болады. Сарыарқа – Қазақстанның ғана емес, күллі Еуразия құрлығының тау-кен ісі тұрғысынан стратегиялық маңызы зор өңір. Оның табиғи байлығы мен тарихи-мәдени мұрасы өлкеміздің қаншалықты құнды екенін көрсетеді. Ежелгі кен орындарының іздері, XIX ғасырдағы қарқынды игерулер және қазіргі заманғы өндіріс ошақтары – бәрі-бәрі Сарыарқаның дамуға қосқан үлесінің үздіксіз екенін айғақтайды. Орталық Қазақстан өңіріндегі ежелгі өңдіріс қоныстары мен металлургия ошақтары Қазақстан археологиясының ғана емес, күллі Еуразия тарихының маңызды беттерін құрайды. Бүгінгі таңда кешенді әрі жүйелі зерттеу – ежелгі дала өркениетінің технологиялық дәрежесін терең түсінуге жол ашады.

Қысқа-нұсқа: Қызықты деректер

П.И. ШАНГИН ЖӘНЕ САРЫАРҚАНЫҢ ЕЖЕЛГІ КЕН ОШАҚТАРЫ

1816 жылы Алтай таулы округінің маркшейдері П.И. Шангин Сарыарқаны зерттеу барысында өңірдің мыс пен қорғасынға бай екенін жазып қалдырған. Оның еңбектерінде ежелгі кен ошақтарының орындары, оларда табылған пештер мен құрал-саймандар туралы деректер кездеседі. Бұл сол замандағы адамдардың тау-кен ісін дамытып, металл өндірудің амалдарын білгенін дәлелдейді.

XIX ҒАСЫРДАҒЫ ТАУ-КЕН КӘСІПОРЫНДАРЫНЫҢ КӨБЕЮІ

XIX ғасырдың орта шенінде Қазақстанға байлық іздеген кәсіпкерлер көптеп келе бастады. Олар Сарыарқадағы қорғасын, мыс, алтын сияқты бағалы кен орындарын игеруге кірісті. Мысалы, 1895 жылы бір ғана Қарқаралы уезінде 311 кеніш жұмыс істеді. Бұл – сол кезеңдегі аймақтың экономикалық әлеуетінің жоғары екенін көрсететін айрықша дерек. Кен орындарын ашу мен игеру өңірдегі халықтың жұмыспен қамтылуына, өнеркәсіптік өндірістің дамуына зор ықпал етті.

ҚАРАҒАНДЫ КӨМІРІНІҢ ЕЛ ДАМУЫНА ҚОСҚАН ҮЛЕСІ

1940 жылға дейін Қарағанды көмір алабында 22 шахта және 1 көмір кесіндісі (Федоров) ашылып, жұмыс істеді. Бұл кәсіпорындар Қазақстанның ғана емес, бүкіл Одақтың индустриалды өркендеуіне үлес қосты. Қарағанды көмірі Ресейдің Еділ маңы мен Орал өңірін, Башқұртстанды және Орынбор облысын отынмен қамтамасыз етті. Ал Ұлы Отан соғысы жылдары қарағандылық көмір елдің негізгі энергия көздерінің біріне айналды. Осылайша, Қазақстанның стратегиялық маңызы одан әрі арта түсті, өнеркәсіп салалары қарқынды түрде дами бастады.

ОРТАЛЫҚ ҚАЗАҚСТАННЫҢ МАРГАНЕЦ КЕНДЕРІ

Орталық Қазақстандағы марганец қоры әлем бойынша 3-орында деп есептеледі, ал ТМД елдері арасында Украинадан кейінгі 2-орынға ие. Негізгі марганец қоры Атасу кенді ауданында (Батыс Қаражал, Үшқатын III, Үшқатын I, Шығыс Қамыс, Жомарт және т.б.) және Сарысу-Теңіз кенді ауданында («Түр», «Богач») шоғырланған. Марганец – болат қорыту, химия өнеркәсібі және басқа да салалар үшін стратегиялық маңызды металл. Сондықтан Орталық Қазақстанның бұл қоры тек еліміз үшін ғана емес, жаһандық өнеркәсіп үшін де маңызды саналады.

ҚОСЫМША ДЕРЕКТЕР

– Сарыарқаның қойнауы вольфрам, молибден, темір, алтын секілді сирек кездесетін металлдарға да бай.

– Тау-кен ісі ежелден игеріле бастаған аймақтарда кейінгі жылдары да зерттеу жұмыстары жалғасып, жаңа технологиялар енгізіліп жатыр.

– Кен орындарын игеру барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жеделдеп, қала және елді мекендерде өндірістік мәдениет қалыптасты.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

[1] Қасымов С. Қазақстандағы ежелгі металлургияның бастау көздері. – Алматы: Ғылым, 2010.

[2] Сейітов Ж. Отарлық кезеңдегі қазақ жерінің игерілуі және оның әлеуметтік-экономикалық салдары. – Астана: Елорда, 2012.

[3] Мұхамедқанов А. Кеңестік Қазақстандағы индустрияландыру тарихы. – Алматы: Экономика, 2005.

[4] Смағұлов Б. Тәуелсіздік жылдарындағы тау-кен өндірісінің даму ерекшеліктері. – Қарағанды: Болашақ, 2018.

Қыран Алтай