Ел ішінде Нұғыман Жуанышұлы туралы айтылатын әңгімелер ұрпақтан ұрпаққа жетіп келеді. Байжігіт елінің Тоғас руынан шыққан ол Хабарасуда болыс болған
Нұғыман 1880 жылдың наурыз айында Тарбағатай баурайында дүниеге келген, ауыл молдасынан сауат ашқан. Жастайынан алғыр болып өскен ол 18 жасында болыстыққа таласқан. Бірақ ол кездің тәртібінде болыстыққа 21 жасқа толған адам ғана сайланатын болған. Хабарасу болысы Билеушін Босқынбайұлы қартайып, "болыстыққа кім ие болады" дегенде Нұғыманды атаған. Алайда, жасы толмауы себептен, Билеушін болыс Нұғыманды үш жыл жанында баулып, жасы 21-ге толғанда сайлауға қатыстырған, Нұғыман осылайша 23 жасында болыс сайланған. 15 жыл қатарынан Хабарасу болыстығының болысы болып халықты басқарған адам. Нұғыман болыс туралы төмендегі әңгімені оның үзеңгілес серігі болған Қарашолақұлы Қамзаның баласы Ғылымбектің деректерінен тарихшы этнограф Зейнолла Қайсенов жазып алған:
– Нұғыман нағыз халықтың қамын жеген болыс болды деп отырушы еді әкем Қамза марқұм, – деп бастады әңгімесін Қамзаұлы Ғылымбек. – Хабарасу болысының орталығы Ақшиде (Жетіарал ауылдық округіне қарасты жер. Жергілікті халық Ақшидің аяғын Прәмила (орыстың правление сөзінен шыққан) деп атайды. С.А.) Нұғыман болыс әкесінің қыстауын інілеріне қалдырып, 1913 жылы болыс орталығына жақын деп Томар деген жерден өзіне үй салдырған. Сондай-ақ, балалардың сауатын ашу үшін мектеп тұрғызған. Мектеп үйіне қажетті қаражатты ауқатты адамдардан жинатқан. Құрылыс сала бастағанда Томардың топырағы жарамсыз болып, Нұғыман Тымырсық өзені бойынан қажетті топырақты қапшықтап, түйеге теңдеп, атқа бөктеріп тасытқан. Нұғыман – елді отырықшылыққа баулуда көп еңбек сіңірген басшы. Қазіргі шекарашылар заставасы тұрған жерге егін салғызған, суды Шетен тоғанынан тартқызған. Жоңышқа егілген алқаптың қоршауы бертінге дейін сақталған.
Ал, Нұғыман болыс салдырған мектеп үйі орны 1952 жылға дейін сақталып келді, оны өзім де көрдім, – дейді Ғылымбек. Ақтар қашып, қызылдар келіп, жатқан алашапқын заман. Қайсысы келсе де қазақ ауылдарын қынадай қырып, мал-мүлкін, дүние затын тонап кетіп отырған. Міне, осындай алмағайып заманда Нұғыман болыс елін Колчак пен Анненковтың қарақшы әскерінен қорғау үшін 300 адамнан тұратын жасақ құрған. Жасақтың қатарына 25-30 жас аралығындағы азаматтарды алған, біреудің жалғыз ұлын алмаған, бір үйде үш азамат болса, солардың ішінен біреуін ғана таңдаған. Жасаққа басшылыққа Зайсаннан орысша оқып келген Ниязбек Сыдықұлы тағайындалған. Жасақты шақырылған жеріне, туыстық қатынасына немесе руына байланысты үш топқа бөлді. Бірінші жүздікті Мұқажан Мәзұлы, екінші топты Байбарақ руының азаматы Көпжасар деген, ал үшінші жүздікті мен басқардым, – деп отырушы еді әкем, – дейді ақсақал. Штаб үйі жайлаудағы Бұқашоқы деген жерде орналасты. Сол жерге 30 үй тігіліп, жондағы асуларды күндіз-түні күзетумен болдық. Шығыс жақ шеті Қотанашы-Қожыр, батысы Жасылкөл мен Тазтау біздің жіті бақылауымызда болды.
Қаруымыз 10 адамға бір бесатар, найза, қылыш, шоқпар. Мергендер сайланды. Нұғыман 300 сарбазды сапқа тұрғызып қойып, тірімізде Тоғастың имамына жаназамызды шығартты, өлсек шейітпіз. Нұғыман өте көреген жан еді. Үш жүз сарбаздың тамағын, әр ру ай сайын беріп отырды. Айтыбай руынан Көкебай деген аспазымыз болды. Сөйтіп, жайлауда қар бір жауғанша отырдық. Әкем Қарашолақұлы Қамза – жауырыны жерге тимеген балуан болған, Нұғыманға жақын жүрген, дастархандас адам. Бірде, – дейді әкем, – менің жүздігімнен бесатардың он оғы жоғалды. Мұны естіген Нұғыман мені шақырып алып, үш күн ішінде оқ табылсын, әйтпесе өзіңді қатаң жазалаймын деді. Бірақ кім «мен алған едім» дей қойсын. Төртінші күні Нұғыман мені шақыртты. Бардым. «Табылды ма?» деп сұрады. Табылмағанын айттым. Елді қорғасын деп қолыңа қару бердім, саған сенген едім. Бұларың не? Жә, ол оқтардың табылмасын білгенмін. Енді былай ет: «Нұғыман не деді деп сұрағандарға, қайтсең де табасың деп қадалып отыр. Жағдай қиын болатын сияқты дегейсің. Бұл өзгелерге сабақ болсын, әйтпегенде тәртіп болмайды», – деп шығарып салды. Нұғыман жасақтағыларға сақал қойғызбады, мұрт қоюға рұқсат берді. Тілеубайұлы Ақсабайдың сақалын алдырып тастағанда, оның біразға дейін ренжіп жүргені есімде. Мергендер ішінен Қайранбайұлы Смағұл мен Жақыпұлы Нұрсұлтанның есімдері сақталып қалыпты.
Ашаршылық жылдары Нұрсұлтан қара мылтығымен арқар және басқа да түз-тағыларын аулап, біраз жұртты ашаршылықтан аман алып қалған болатын. 1918 жылы біздің шекарада кеден құрылды, оның үстіне Нұғыман жасағы және бар. Осыны сезген ақтар біздің бақылаудағы жерден Қытайға өтіп кетуге құлшынбады. 1927 жылы сәбет адамдары Нұғыманның үйі мен ол салдырған мектептің материалдарын бұзып алып, қазіргі Кендірлік заставасының алғашқы үйін тұрғызды. Кезінде бүл үйлердің материалдары түйемен Зайсан қаласынан әкелінген екен. 1920 жылы қаңтар айында Сайболат-Құрбанқажы Нұғыманды және Төгісұлы Әбділдәбекті шақырып алып: «Мына заманның беті жаман Қытайға көшейік, мен сондағы туыстарыма сендерге қоныс дайындап қойыңдар деп хабар жібердім» дегенді айтады. Сонда Нұғыман «жазда жайлау үстінде көшейін, қазір үдіре көшсем, халыққа зияным тиеді», – дейді. Бірақ халықтың қамын жеген есіл ерге бұлай жазу бұйырмады. Ол белгісіз жағдайда қайтыс болды. 1921 жылы мал төлдеп жатқан кезде Карпов деген орыс солдаты келіп, Зайсандағы бөлімге шақырып жатыр деп қатынас қағаз әкеледі. Ел ақсақалдары Нұғыманды онда бармауға үгіттейді. Бірақ ол елге зияным тиеді, не көрсем де, өзім көрейін деп Зайсанға баруға бекінеді. Қасына Сыдықұлы Ниязбекті ертіп, жүріп кетеді. Жолда Нұғыман болыс Карповтың қолынан белгісіз жағдайда, 38 жасында қайтыс болады.
Қарашолақұлы Іңкәр ақын Нұғыманға арнап қырық ауыз жоқтау шығарған: Данышпан ойы терең білгішім-ай, Тоғасты төселдірген үлгісін-ай. Ескендір падишадай жасында өткен, Пара-пар бір басыңыз мың кісіге-ай, - деген жолдар әкемнің айтуынан есімде қалыпты. Сонда Ниязбек қайда болды? Неге араша түспеді? Бұл сұрақтарға ешкім жауап бере алмайды. «Нұғыманды Ниязбек атқызды» деген қаңқу сөз осыдан шықса керек.
Нұғыман Жуанышұлы – Қытаймен сауда-саттық орнатып, елге көп жақсылық жасаған адам. Шәуешек қаласынан түйеге тең-тең бұл, қант-шай, басқа да керек-жарақ алдыртып, оны халықтың қолындағы жүн-теріге айырбастатып отырған. Өз туысы Бадамшаұлы Ахметті сатушы етіп ұстаған. Нұғыман ел ішіндегі озбырларды, тентектерді ақылмен жөнге салып отырған. Тоғас елінде Медет руының Шаңдыбайында он ұл болған екен. Олар өз күштеріне сеніп, әр түрлі зорлық-зомбылықтар жасаған. Нұғыман оларды шақырып: «Сендер Медеттен көп болсаңдар да, Тоғастан көп емессіңдер» деген жалғыз ауыз сөзімен жөнге салған. Нұғыман ашқан мектептен Ақшайұлы Жетібай, Қамажанұлы Тұрсын, Нұғыманұлы Кәрім, Молдабайұлы Бақтияр, Түзбайұлы Тұрабай есімді сауатты азаматтар шыққан.
Бәрінен ұрпақ бар. Нұғыманнан Кәрім, Қаһарман атты екі ұл және Нұржамал есімді бір қыз болған. Кәрімнен екі ұл, үш қыз болған, олар шеткері жақта тұрса керек. Нұржамалды атақты Төгісұлы Әбділдәбектің ұлы Айтмұқаш алған. Кезінде олар арғы бетке өтіп кетеді де, Нұржамал 1962 жылы туған жеріне оралып, Мұрат есімді ұлының қолында дүниеден өтеді. Сөз реті келгенде айта кетейін, Нұғыман сияқты Әбділдәбек те Құрбанқажының тілін алмай Қытайға көшпей қалған. Бірақ совет өкіметі оны кәмпескеге іліндіріп, Сыр бойына жер аударып жібереді. «Жетіарал жерім-ай, сағындым елім-ай» деген ұзақ дастанды Әбділдәбек сол жақта жүріп жазған. Есіл ер Сыр бойынан да опа таппаған соң, әупірімдеп жүріп Қытай өтіп кеткен. Азды-кемді ғұмырын халқым, елім деп өткізген Нұғыман болыс жайлы білерім осылар. Тоғас ұрпақтары «өлі риза болмай, тірі байымайды» деген дана сөзді еске ұстап, Нұғыман Жуанышұлының аруағына әрқашан бас иіп, тағзым етіп келеді.
Зейнолла ҚАЙСЕНОВ, өлкетанушы