Олар не үшін айыпталды?
01.06.2017 1687
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні NDH порталы саяси тұтқындарға қатысты сот процестері жүзеге асырылған РСФСР Қылмыстық Кодексінен үзінділер жариялайды

Үрейлі 58-бап… ССРО-ның миллиондаған азаматтары, оның ішінде Қазақстанның да азаматтары осы бап бойынша қуғын-сүргінге ұшыраған болатын. «Саясилар» – оларды зонадағы қылмыскерлер дәл осылай атайтын, олардың жағдайы, қуғындалған зиялыларға қарағанда әлдеқайда жақсы болатын. Осы аты-шулы 58-ші бап не жайында еді? 1926 жылғы редакциядағы РСФСР Қылмыстық Кодексінде «Мемлекеттік қылмыстар» қатарына жататын барлық қылмыстардың егжей-тегжейлі түсінігі берілген. РСФСР ҚК Ерекше бөлімінен «отанын сату», «қарулы көтеріліс», «шпионаж», «Советтік билікті құлатуға шақыру» дегендер туралы, кінәлі не үшін ату жазасына кесілгендігі және жазаны жеңілдететін сәттер жөнінде  нақтырақ білуге болады.  

РСФСР ҚК ЕРЕКШЕ БӨЛІМІ

(1926 жылғы редакция)

1-тарау Мемлекеттік қылмыстар

1. Контрреволюциялық қылмыстар

58-1. ССР Одағының жұмысшы-шаруа үкіметінің конституциясы және одақтас республикалардың өздері таңдаған жұмысшы-шаруа үкіметінің конституциясы негізінде өмір сүретін жұмысшы-шаруа советтері өкіметін, одақтас және автономдық республикаларды әлсіретуге, бұзуға, құлатуға немесе ССР Одағының сыртқы қауіпсіздігін, және негізгі шаруашылықтарын, пролетарлық революцияның саяси және ұлттық жетістіктерін әлсіретуге, бұзуға, құлатуға бағытталатын қандай да болсын әрекет контрреволюциялық болып табылады. Барлық жұмысшылар мүдделерінің халықаралық ынтымақтастығы негізінде осындай әрекеттер жұмысшылардың қандай да бір басқа мемлекетіне бағытталатын болса, тіпті олар ССР Одағына кірмесе де, контрреволюциялық болып табылады.

58-1 «а». Отанын сату, яғни шпиондық, әскери немесе мемлекеттік құпияны жаю, жау жағына өту, шетелге қашу немесе ұшып кету сияқты ССРО азаматтарының ССРО-ның әскери қуатына, оның мемлекеттік тәуелсіздігіне немесе оның аумағының қолсұғылмаушылығына нұқсан келтіретін әрекеттер жасауы, қылмыстық жазалаудың ең жоғары түрі – атумен және барлық мүлкін тәркілеумен жазаланады, ал егер жеңілдететін жағдайлар болса -  барлық мүлкін тәркілеумен он жылға бас бостандығынан айыру.

58-1 «б». Әскери қызметшілермен жасалған сондай қылмыстар, қылмыстық жазалаудың ең жоғары түрі – атумен және барлық мүлкін тәркілеумен жазаланады.

58-2. Қарулы көтеріліс немесе қарулы бандалардың контрреволюциялық мақсаттарда советтік аумаққа басып кіруі, осы мақсаттарда және әсіресе, ССР Одағынан және жеке одақтас республикадан оның аумағының қандай да бір бөлігін күштеп айыру немесе ССР Одағының шет мемлекеттермен бекіткен келісімін бұзу мақсатында орталықтағы және жергілікті жерлердегі билікті басып алу. 

58-7. Контрреволюциялық мақсатта мемлекеттік мекемелерді және кәсіпорындарды тиісінше пайдалану немесе олардың қалыпты қызметіне қарсы тұру жолымен мемлекеттік өнеркәсіпті, көлікті, сауданы, ақша айналымын немесе несие жүйесін, немесе сондай-ақ кооперацияны құрту, сондай-ақ бұрынғы меншік иелерінің немесе мүдделі капиталистік ұйымдардың мүддесі үшін мемлекеттік мекемелерді және кәсіпорындарды пайдалану немесе олардың қызметіне қарсы тұру.

58-8. Совет билігінің өкілдеріне немесе революциялық жұмысшылар мен шаруалар ұйымдарының қайраткерлеріне қарсы бағытталған террорлық актілер жасау және осындай актілерді орындауға контрреволюциялық ұйымдарға жатпайтын адамдар болса да қатысуы.

58-9. Контрреволюциялық мақсатта темір жол немесе хабарлау құралдарының басқа жолдарын, халық байланыс құралдарын, су жүйесін, қоғамдық қоймаларды және өзге ғимараттарды немесе құрылыстарды жару, өртеу немесе басқа тәсілдермен зақымдауы немесе қаратуды ұйымдастыруы.

58-10. Совет билігін құлатуға, құртуға немесе әлсіретуге немесе жекелеген контрреволюциялық қылмыстарды (осы Кодекстің 58-2-58-9 баптары) жасауға шақыратын мазмұны бар үгіт немесе насихат жүргізу, сондай-ақ осы мазмұндағы әдебиетті тарату немесе дайындау немесе сақтау.

58-11. Осы тарауда көзделген қылмыстарды дайындауға немесе жасауға бағытталған кез-келген ұйымдастырушылық қызмет, сондай-ақ осы тарауда көзделген қылмыстардың бірін дайындау немесе жасау үшін құрылған ұйымға қатысу.