Абылайдың ақ туының астында
30.04.2017 3326
Абылай қазақ жерін басқыншылардан қорғау және өзінің саяси билігін нығайту мақсатында ішкі-сыртқы саясатта бірқатар реформалық өзгерістер жасаған

1723 жылы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қасіретінен босқыншылыққа ұшыраған Ұлы жүз бен Орта жүздің ру-тайпалары Орта Азияға үдере көшкен. Жат жерге барған қазақтар Орта Азияның саяси өміріне елеулі ықпал жасай бастаған.

1740 жылы Иран билеушісі Нәдір шах Мәуереннахрды өзіне қаратып, Әбілфайыз ханды онда жоғары билеуші етіп тағайындады, бірақ хандықтағы нақты билік маңғыт Мұхамед Хакім би аталықтың қолында болды. Әбілфайыз хан 1746 жылы Мұхамед Рахым биге жоғары билеуші – «амир-ул-умара» атағын берген. Ол Нәдір шах өлгеннен соң Әбілфайызды тақтан тайдырып, Бұқараның толық билеушісіне айналады. Елдің игі жақсылары мен дінбасылардың көмегіне сүйенген Маңғыт Мұхамед Рахым 1753 жылы Әмір титулымен Бұқара тағына отырады. «Тухват ал-хани» жазбасында 1753 жылдан кейінгі жорықтары барысында оның Бұқара иелігіне Ходжент, Ташкент қалаларымен бірге Түркістан қаласын да қосқандығын жазады [1].      Бұл деректер осы кезеңде Түркістан қаласымен бірге Жаңақорған атырабының да уақытша Бұхар хандығының қол астына қарағандығын айғақтайтындай болып көрінуі мүмкін. Әйтсе де, Жоңғар шапқыншылығынан ығысып, Бұқара жеріне өткен қазақ тайпаларының қолдауына сүйенген билеушілер олардың жеріне де иелік жасадық деп санағандығы аңғарылады. Шындығында осы кезде Қазақстанның Оңтүстігінда жоңғар қаупі сейіліп, оның орнына қырғыздардың басқыншылығы едәуір қауіп төндіре бастаған болатын.

Абылай қазақ жерін басқыншылардан қорғау және өзінің саяси билігін нығайту мақсатында ішкі және сыртқы саясатта бірқатар реформалық өзгерістер жасаған. Соның нәтижесінде «Абылай ханның қатысуымен қазақ жасақтары тұрақты әскер сипатын алды. Орта жүз бен Кіші жүздің әр түрлі руларынан шыққан қолбасшылар әскери іспен тұрақты айналысты» [2, 271]. Хандық биліктің осы жүйесі бойынша Абылай ханның Түркістан төңірегінен құраған әскерінің қолбасшысы Желкілдек батыр Бөлтекұлы Абылай ханның «1760 жылы қырғыздар дулат және қоңырат руларының қоныстарына шабуыл жасады. Бұған жауап ретінде Абылай әскер жинап, сол жылдың тамыз айында Талас қырғыздарын жеңіліске ұшыратты» [2, 251] деген жорығында қол бастаған. Абылай ханның Қазақстанның Оңтүстік өңірін қайтарып алу үшін жасаған жорықтарында Желкілдек батыр бастаған жергілікті рулардың қолы аса белсенді қимыл жасаған. Осындай әскери қимылдар 1762 жылы «Ұлы жүз рулары мен Қоңыраттардың ескі замандардан бері қазақтардың жері болып келген Сыр өңірі қоныстарын иеленуіне мүмкіндік берді» [2, 271].

Абылай ханның Ташкент пен Ходжентке, одан әрі Жызаққа дейінгі жорығы табысты болып, Түркістан, Сайрам, Шымкент, Созақ қалаларының қазақ хандығына түпкілікті өтіп, Ташкент Қазақ хандығына салық төлейтін бағынышты қалаға айналды. Осы жорықта Абылай хан әскерінің негізгі бөлігі, Орта жүздің ру-тайпалары, соның ішінде Қоңырат тайпасы құрады. Желкілдек батырдың Абылай ханның сенімді серігіне айналуы осындай тарихи жағдайларға байланысты.

1771 жылдың күзінде Түркістанда Абылайды ақ киізге көтеріп, хан сайлағанда Желкілдек Қоңыраттың ғана емес, Орта жүздің ықпалды тұлғасы ретінде оны қолдаушылардың бірі болды. Сол кезде қалыптасқан дәстүр бойынша хан мен сұлтандардың, саяси қайраткерлердің қасына әскери күзет ретінде батырлар еріп жүретін болған, ал олардың ең беделділері саяси өкіл міндетін атқарған [2, 271]. Желкілдек батыр – әйгілі «Шаңды жорық» тұсында, одан кейінгі қазақ-жоңғар, қазақ-бұхар қатынастарында саяси билікке араласқан саясаткер. 1781 жылы Абылай хан қайтыс болған соң бейбіт өмірге көшіп, Түркістан – Жаңақорған атырабында әр түрлі деңгейде билік қызметтерін атқарған.

Абылай ханның 1771 жылы Ташкент, Ходжент одан әрі Жызаққа дейін жасаған жорығы сәтті аяқталып, Түркістан, Сайрам, Шымкент, Созақ қалалары түпкілікті қазақ хандығының иелігіне өтіп, Ташкент қаласы салық төлеп тұруға міндеттенеді [3]. Дегенмен, Түркістан, Жаңақорған атырабына қырғыздардың шабуылы кейінгі жылдары да толастамаған.

Абылай хан Орынбор губернаторы И. Рейнсдорпқа 1779 жылғы 13 тамызда жолдаған хатында «Менің қол астыма Ұлы жүз бен Кіші жүз де қарайды, мұның ішінде Ұлы жүз Ташкенияның Түркістан қаласының маңында орналасқан. Сол аймақта менің қарауымдағы қазақтармен соғысып, тынышын алып, қысым жасап жүрген қырғыздар да баршылық. Олар қарулы қолмен ауылдарды шауып, әйелдері мен балаларын тартып әкетіп отырады. Сол халқым менен көмек сұрап жалбарына жалынған соң, мен өз ұлдарым мен інілерімді қастарына кісі қосып бұрын аттандырған едім. Енді міне солардың соңынан өзім де барайын деп отырмын» [4] дейді.

Бұл жазба деректер «Абылай хан туралы жырда» қырғыздардан шабылған қоңыраттардың көмек сұрап ханға хабаршы жіберетіндігі жөніндегі деректермен сай келеді. Абылай туралы жырда найман мен қоңыратты қырғыз билеушісі Садыр шапқанда 15 жасар Жауғаш батыр Арқадағы Абылайға барып көмек сұрап, «соның ішінде менің қоңыратым жаман шабылды» [5] дейді.

Шәді төренің «Тарихат» дастанының «Абылайдың Үргенішке барғаны» атты тарауында осы оқиғаға қатысты мынадай жолдар бар:

«Бұл сөзге Абылай хан ырзаланды,

Айтылған уағданы қабыл алды.

Кіші жүз жақсылары қайтып кетіп,

Қасына қосын жиып даярланды.

 

Қазыбек қаз дауысты, ер Жәнібек,

Бөгенбай қанжығалы, Қоңырат Мәмек,

Уақтан – Сары, Баян, Қыпшақ Шорман,

Арғыннан – Жолай палуан, Науман – Төлек.

Осы айтқан Орта жүздің жақсылары,

Ханының алдына кеп онда бәрі,

Еліне қайтпағына рұқсат алды.

Ұзамай қосын жиып келтіргелі.

Қыпшақ пен сол уақытта Қоңырат елі

Сарысу, Сарықұдыққа жақын еді.

«Алты айда бәрің сонда келесің» деп,

Күн кесіп, Абылай хан жарлық берді [6].

Осы жырда аталатын Мәмек батыр – Көкен батырдың атасы болып келеді. Қырғыздардың Алатау баурайын мекендеп отырған Дулат пен Қоңырат рулары отырған жерлерге 1747-1748 жылдары баса-көктеп кіргені, бесіктегі балаға дейін аямастан қанға бөктіргені, Сыршық (Шыршық – авт.) өзенінде судың орнына қан аққаны, өлген қазақтардың басынан «кәллә мұнара» тұрғызғаны туралы аңыздарда, жыр-дастандарда баяндалады. Сондай жырлардың жырдың бірі «Абылай туралы жыр» деп аталады:

Мінген аты кер дейді,

Есенқұл мен ер Сәдір

Қырғызда даңқы шыққан ер еді.

Анау бір Сәдір атанды,

Аттанды да, бабтанды.

Қазақ бір ойға түскенде

Тыныш ұйықтап жатпады.

Ақсу менен Көксуда

Аттана келе сартты алды.

Қарада Қуыс Шыңғырдан,

Семіз найман шабылды.

Соның ішінде,

Қоңыратым жаман шабылды.

Сайқал терек түбінде,

Мұзды балақ басында

Су қаққан қозы мен лақ табылды.

Он бес жасар жас бала

Жауғаш бір сонда жылайды:

– Сен Сәдірге қылмасам,

Көтіңе сүңгі салмасам,

Арқадағы Абылай ханыма бармасам,

Сөйтіп бір кегім алмасам!

Таңғы бір мезгіл болғанда,

Жауғаш бір атқа мінген күн [6, 71].

Міне, осы жырда айтылған оқиға қоңыраттардың XVIII ғасырда қай жерде өмір сүргенінен хабар береді. Бұл оқиға «Алты Ата» руларына тікелей қатысты болғандығы туралы деректер бар. Ол туралы белгілі журналист Әкім Мейірбекұлы «Сыр бой» газетінде жарияланған мақаласында мынадай деректер келтіреді:

«Қоңыраттың ішіндегі шыққан даңқы

Қарияның Қазы, Мәмек еді аты.

Аталған Балабөген бір өзенде,

Жаз жайлап отырушы еді оның халқы».

Бұдан кейін жырда Қазы, Мәмектің ауылына қырғыз шонжарлары жасанып келген жасақтарымен қапыда тиісіп, дүние-мүлкін тонап, мал-жанын алып кетеді. Қоңыратпен қатар жатқан Дулаттың игі жақсылары бас қосып жас Байтелі батырдан Көкшетаудағы хан ордасына хабар жібереді» [7].

Абылай ханның заманы – қазақ хандығының бірнеше ғасырға созылған жоңғар шапқыншылығын тойтарып, қуатты елге айналғанымен салтанаты ұзаққа созылмай саяси құлдырауды бастан кешірген уақыт еді.

Жаңақорған энциклопедиясынан

Әдебиеттер:

1 Тулибаева Ж.М. Казахстан и Бухарское ханство в ХVІІІ - в первой половине ХІХ в... С.87-89

2 Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін)... 3-том. -Алматы: «Атамұра». 2008. -271 б.

3 Валиханов Ч.Ч. Собр. соч. 4.Т. -С. 115

4 Абылай хан өмірі мен қызметіне қатысты мұралар мен материалдар жинағы. (Құрастырған қазақшаға аударған көрсеткіштерін түзеген, түсініктерін жазған З.С.Тайшыбай) –Петропавл: ЖШС «Астана» баспасы, 2005 – 477 б. (443 б.)

5 Уәлиханов Ш.Ш. Шығармалары...  224-230 бб.

6 Абылай хан.Тарихи жырлар. Том І. – Алматы: «Жазушы», 1993. 114 б.

7 «Сыр бойы» газеті, 24  желтоқсан, 1999 жыл.