ТЕКТІНІҢ ҰРПАҒЫ
24.04.2017 1863
Қазақ айтады: «Жақсының ұрпағы», «Асылдың сынығы», «Тектінің тұяғы», «Көненің көзі» деп. Осындай жақсы сөздің бәріне лайықты жан – Мүгілсім Қадырқызы (құжатта – Абдулкадыр) Сырттанова

Мүгілсім Қадырқызы – Алаштың айбоз ұлы, қазақтың алғашқы конституциялық еңбегінің авторы, Алаш қозғалысының теориялық негізін салушылардың бірегейі Барлыбек Сырттанұлының туған немересі екен.

Алаштану бағытында ізденіп, ақтаңдақтар мәселесін аршып, қатпарлы тарихын түгендеуді қолға алған соң, Алаш партиясы мен Алаш Орда үкіметінің 100 жылдығы аясында бүгінде есімі көпке белгісіз, бірақ, қазақ халқы үшін атқарған қызметі орасан зор тарихи тұлға – Барлыбек Сырттанұлының ғылыми-шығармашылық ғұмырнамасын арнайы зерттеуді жөн санап, осы қайраткер жайында білетін шығармашылық адамдарымен байланыс орнатып, Алаштың дегдарына қатысты тарихи құжаттар мен мәліметтерді ел арасынан жинастыруды бастадық. Сонымен, тұлғаның ұрпағын қалай тапқанымыз жайында айталық:

Әуелі, Барлыбектің атын ұлықтап, ауылдық округке қайраткердің атын бергізген, бүгінгі Б. Сырттанов ауылдық округінің әкімі Майра Әбішевамен сөйлесіп, тарихи тұлға туралы тұщымды деректер білетін көнекөз қариялардың байланыс құралдарын алдым. Ауыл басшысы Майра Есімқызының нұсқауымен, осы жылдың 23 қаңтарында белгілі қоғам қайраткері, ғалым, қазақтың қайраткер қызы Гүлша Тәңірбергенқызымен кездесіп, мән-жайды баяндап, ол кісідегі бірқатар құжаттармен танысқан едік. Қолға түскен тарихи құжаттар – Гүлша апайдың әкесі, белгілі қаламгер, өлкетанушы Тәңірберген Қалилаханов есімді ақсақалға тиесілі. Кезінде бұл кісі Алаш қайраткерінің ұрпақтарымен жақын араласып, Бәкең жайлы ғылыми-ізденіс жұмысын жүргізіпті. Бұны – біздің қолымызға түскен құжаттар айғақтайды.

Тәңірберген атамыздың жеке мұрағатындағы құжаттың бірі – Кәке (Абдулқадыр) Барлыбекұлының өмірбаян үлгісінде жазған күнделік-дәптері. Әлгі дәптерде: «Үлкен қызым Қарағандыдағы глазной институт врач және мединститутта мұғалім, партия мүшесі; Ортаншы қызым Кеген ауданында врач- ВЛКСМ; Кіші қызым – ВЛКСМ, Алматы мединститутының соңғы курсында оқып жүр. Үлкен ұлым Совет минстірде; Ортаншым автошколда – мұғалым – инструктор; Кіші ұлым, зам.минстерства автотранс соңғы қызымнан басқалардың бәрі де семья құрған. Немерелерім өсіп жатыр. Алды институттың 5 курссінде. Кішілері дет.сад, бесекте» деген мәлімет кездеседі. Осы мәліметті оқып алып, оның ұрпақтарымен кездесу керек деген ойға келдік. Содан Кәкенің ұрпақтарын ел арасынан іздестіріп, мекен-жайларын анықтай бастадық. Әуелі – Қарағанды қаласында тұратын ұрпағы жайында мәлімет таптық. «Индустриальная Караганда» газетінен «Не забывай имя свое» (авторы – Л.Тусупбекова, 2002 жыл, 27 қарашасындағы саны) деп аталатын мақаланы байқап, оқып шыққан соң, Мүгілсім әжеміздің сол жылдары жасы 80-нен асқанын біліп, «әжеміз қазір бар ма екен?» деп біресе үміттеніп, біресе күдіктеніп, қарағандылық таныс ғалым аға-апайларыма хабарласып, іздестіру жұмысын жүргіздік. Содан не керек, т.ғ.д., профессор Ж.Артықбаев, өлкетанушы Т.Аршабеков, т.ғ.к., профессор Н.Бейсембековаларға хабар бердік. Ақырында профессор Н.Бейсембекованың көмегімен қазіргі уақытта  әжеміздің тірі екенін, ортамызда аман-есен жүргенін естіп, бір сәт болса да, аттай тулаған жүрегіміз байыз тауып, күдігіміз сейіліп, үмітіміз артты.

Мүгілсім Қадырқызы Сырттанова – отандық медицина саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан білікті дәрігер әрі медик-ғалым. Ол – ССРО Денсаулық саласының үздігі. Қаншама науқастың дертіне араша түсіп, аса күрделі оталарды жасаған екен. Бәлкім, сол науқастардың тілегі болар, әжеміздің арамызда аман-есен жүргені. Бәлкім, атасы Барлыбек, әкесі Қадырдың қуғын-сүргіннен көз ашпай, мезгілсіз үзілген тағдырларының өтеуі – осы қыздың маңдайына жазылып па екен?!

Нұрсахан Ахметқызынан әжейдің байланыс нөмерін алған едім. 14 ақпан күні Мүгілсім әженің үйіне телефон соқтым. Тұтқаны өзі көтерді. Хал-ахуалын сұраған соң, өзімді таныстырып, атасы Барлыбек Сырттанұлы туралы зерттеу жұмысын қолға алғанымды қысқаша баян еттім. Әжем бұрын-соңды мұндай тосын әңгіме боларын күтпесе керек, толқып, ұзағырақ көңілін босатып, көз жасын сығымдап алды. Өзінің 96 жаста екенін, екі көзінің де көрмей қалғанын, менің әбден кеш хабарласқанымды айтып, қиналып сөйледі. Мен де әңгімені ұзаққа созбай, «ұлыңызбен сөйлесіп, кездесу уақытын белгілеп, таяу күндері үйіңізге барамын» десем керек.

Содан не керек, көптен күткен кездесудің сәті – 18 ақпан күні түсті. Сенбі болған соң, түске таман Астанадан Қарағандыға жолға шықтым. Мені ол жақтан журналист, қанаттас дос Нұрлыхан Қалқаманұлы мен тарихшы-ғалым, профессор Нұрсахан Ахметқызы, журналист, «Орталық Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі Жәнібек Әлиман үшеуі күтіп алды. Тұп-тура 14:25-те Ленин көшесі №46 үйдің 1 пәтердің қоңырауын басып, ішке ендік. Әжеміз өзі қарсы алып, ашыла сөйледі. Әңгіме ауаны – ХХ ғасыр басындағы қазақ халқының өмірі, Барлыбектің жанұясы, оның айналасындағы адамдар төңірегінде болды. Әженің жасы ұлғайса да, көңіл-зердесіне көлеңке түспеген екен. Өткен күннің уақиғаларын бүгін көріп отырғанындай қылып айтқанында, жантүршілік зұлымдықтарды естіп, денең тітіркеніп, қорқып кетеді екенсің. Мүгілсім әже дүниеге келген сәтінен бастап қазақтың ата салты бойынша, әжесі Еркежанның бауырында өсіпті. Барлыбектей азаматтың жары болған Еркежан оқып-тоқымаса да, жазылмаған дала «заңын» жақсы меңгерген, жақсының жары бола білген адам болыпты. Еркежан әжесіне ілесіп, бала күнінен Қапал, Ақсу өңірін аралап, жақсы адамдармен, зиялы адамдармен араласып, Мамандай атақты байдың балаларын көрген Мүгілсім әже – өткен тарихтың шынайы куәгері екенін түсініп, аузынан шыққан әр сөзін мұқият тыңдап, таспаға жазып отырдым.

Осы арада таспаға жазылған әжеміздің әңгімесінен бірер мысал келтірейін: «Е-е-е балам-ай, өткен заманның салқыны біздің әулетке өте қатты тиді. Әсіресе, атам өлгеннен кейін үйге тінту, бақылау жұмыстарымен НКВД жендеттері жиі келе бастады. Олар әрқашан келген сайын үйден береке қашып, маза кететін еді. Бір күні Еркежан әжем екеуіміз Сүттегеннің арғы жағындағы Ақсу ауылына қонаққа барып, үйге келсек, қара киім киген әлгілер тағы да келіп, үй ішін тінтіп жүр екен. Сандықтың түбіндегі дорбадан көптеген фотосуреттерді алып, атаммен бірге естелік суретке түскен адамдардың әрқайсысын әжеме шұқып көрсетіп, «мынау кім?», «анау кім?» деп тергеп, жауап алған болатын. Кейін студент болған шағымда, сол фотосуреттегі ағалардың бәрін 1937-1938 жылдары репрессиялап, «халық жауы» деп аттырып тастағанын білдім ғой. Жүрегім сонда қанжылады. Сөйтсем: әлгілер осылай зиялылардың үйлерін аралап, бас көтерер азаматтарды құрту үшін факт жинап жүр екен. Барлыбектің көзін көрген, онымен аралас болғандардың бәрін де құртыпты. Барлыбек өлгеніне дейін бақылауда болыпты. Оның балалары да қуғын-сүргіннен көз ашпады. Немерелерінің біразы тектерін ауыстырып, аман қалды. Әйтпесе, оларды да құртар ма еді.

Барлыбектің үлкен ұлы – Қадыр әкем қазақ интеллигенциясымен өте жақын араласты. Үйімізге М. Әуезов, І. Жансүгіров, Ф. Ғабитова, О. Жандосов, Қанабек, Күләш Бәйсейітовтер келіп тұратын. Әкем уағында жауапты қызметтерді атқарған еді. Барлыбектің немерелерінің көбі дәрігер болып, медицина саласына келді. Мен –  көз дәрігерімін. Осы Қарағандыдағы мединститутта оқытушы болдым. Сіңлім Әниса да дәрігер, Алматыдағы Мединституттың доцент, медицина ғылымдарының кандидаты. Менің үлкен ұлым – Нұрлан да дәрігер, осындағы мединститутта кафедра меңгерушісі, ғалым.

Барлыбектің немерелері де еліміздің дамуына үлкен қосты. Мысалы, уағында Сара Дәрібекқызы байланыс министрінің орынбасары, Әсет Абдулқадырұлы энергетика министрінің орынбасары, Самед Абдулқадырұлы автотранспорт министрінің орынбасары, Төле Абдулқадырұлы газ министрінің орынбасары болды. Ал, Самұрат Дәрібекұлы – қазақтан шыққан алғашқы генералдардың біреуі. Жалпы, Барлыбектің біраз ұрпағы ғылыми дәреже қорғап, ғылым саласында еңбек етіп жүр.

Әже, сөзіңіз аузыңызда, Барлыбек атаңыздың «Дәрілік өсімдіктер» деп атаатын еңбек жазған естідік. Соған қарағанда атаңыздың дәрігерлік қасиеті болып па еді?

Барлыбек атамның көзін көрмедім деп айттым. Әжем бізге атамыз жайында көп нәрсені ашып айтпайтын еді. Ол заман бүгінгідей еркін уақ емес еді. Сондықтан әжем сақтанып, сақ жүретін. Әйтседе атамның Петербордан оқып келген соң, Жетісудың дәрі-дәрмекке пайдалы шөптерінің қасиетін біліп, оны ем-домға қалай қолдануы керек екенін жазыпты. Барлыбек атамның есімін халыққа танытқан ғалым Сәкен Өзбекұлы деген азамат әкемнің қарындасы Қанипа апайымнан атамнан әлгі өзің айтқан еңбегін алыпты. Сол кісі оның осындай үлкен еңбек екенін айтқан болатын. Атамның көп дүниелерін, құжаттарын әжем жерге көмдіріп тастапты. Соны Қанипа апам білген екен. Кейін заман тыныштанған шақта, өзі қазып алып, сақтаған екен. Оны кейін білдім ғой. Атамнан тараған балаларының қай-қайсы болмасын елге қызмет етті ғой. Дәрігерлік мамандықты таңдағандарына да сол себеп болған шығар. Айтпақшы, атамның ағасы Кенжеханның ұлы Қанатхан ағамыз «Алаш» әскер полкінің құрамында болыпты. Әжемнен естіген едім», – деген еді.

18 ақпан – менің жүрегімде, жадымда мәңгілік сақталары анық. Себебі: бұл – Барлыбектей тұлғаның жеке ғұмыр жолына үңілудің басы еді. Хайырлы болсын, ертеңім... Иек астындағы ертеңімнен күтерім көп болып тұр. Әуелі Жаратқан Хақ Тағала маңдайымызға жақсылығын жазсын, Алаштың қыран рухы қолдасын деп тілек тілеймін бұ жолда.

P.S. Кейінгі уақытта жиі ойлаймын: ХХ ғасырдың басында «елім», «жерім» деп Патшалық Ресейдің отарлық езгісінен ұланғайыр мына атырапты қорғау үшін бастарын қатерге тіккен Алаш серкелерінің өздері де, ұрпақтары да тағдырдың тауқыметін тартып, мехнатын кешті ау. Ел ішінде  осы Алаштың ұрпақтарынан өсіп-өнген жақсылар бар емес пе, неге соларды іздемеске! Дүниенің төрт бұрышына қазақ босып, бас сауғалап кеткенде, нені жоғалтып, неден айырылғанымызды да толық білмейміз. Ащы болса да айтуға тиіс шындықтың бірі – бүгінгі осы қара қазақ кешегі қабылан азаматтарының ғұмырнамасын да жетік біле бермейді. Айта берсек, қазақтың түгенделмеген мұрасы, бағасын алмаған тұлғасы жетерлік екен. «Ай, айналайын-ау, қазақтың есесі кеткен тұсын қайтарып, жоғын жоқтап, өшкенін жандарып, өлгенін тірелтетін уақытта бос жүріп, далбалақтау жарамас» деп өзін-өзі жігерлендіретін жасөспірімдер мен жастардың қатары көбейсе екен... Алаштың мұрасынан тағылым алып, ел арасындағы ұрпақтарын таныта берейікші...

                                                                                            Елдос ТОҚТАРБАЙ, зерттеуші

«Сарасөз» журналы, №1, 2017 жыл