#Алаш100. Әскери қайраткер Хамит Тоқтамысов
18.04.2017 1904
Саратовкаға шабуыл кезінде (1918 жылғы 28 қазан) Балтай Бисебековтың, Андреевкада Ахметқали Орманбетов ұтымды ұрыс тәсілдері қолданылып, Қағазбек Дәшке баласы 150 большевикті бір жарым сағат бөгеген

Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан Алаш автономиясы үшін күресте саяси көзқарасы үндес, әртүрлі салада маманданған азаматтарды өз маңына топтастыра білді. Солардың бірі – Семей қаласында алғашқы құрылған І Алаш атты әскер полкінің командирі, штабс-капитан Хамит Тоқтамысов болды.

1917 жылыдың 5-13 желтоқсанында Орынборда өткен ІІ жалпықазақ съезінде Ә. Бөкейханның арнайы тапсыруымен Халел Ғаббасов Қазақ-қырғыз автономиясы, халық милициясын (әскер) құру туралы  баяндама жасады. Баяндамашы қалыптасқан жағдайға тоқтала келіп, төніп келе жатқан анархиядан ел-жұртты аман сақтау үшін халық жасағын құру керектігі жайлы ұсыныс білдірді. Съезд осы мәселе бойынша шешім қабылдады [1, 81].

Семейдегі Алаш Орда үкіметі әскерді құрып, оны үйретуде өздеріне мүдделес, Ресей офицерлерін пайдаланды. Орыс офицерлерінің ішінде қазақтан шыққан штабс-капитан Хамит Тоқтамысов бар еді. Ол Сібір үкіметі кезінде Колчактан подполковник атағын алған. Хамиттің Семей қаласына Омбыдан 1918 жылдың басында келгендігін Халел Ғаббасовтың 1930 жылы тергеу орындарына берген жауабынан байқауға болады. Онда: «...Вместе с офицерской группой Токтамышева, которая появилась в апреле или марте месяце 1918 года из города Омска. ...По приезде в Семипалатинск он явился в казахский комитет. Как он связался с организацией, я не знаю. Помню из его слов, что одна организация черносотенная офицерская, другая социалистическая. После того как наши взаимоотношения с облсовдепом обострились, мы заставили казахский комитет связаться с одной из организаций. Токтамышев говорил, что подпольная организация предусматривает самоопределение наций. Сам Токтамышев ни в одной из названных организаций не состоял», – деп көрсетеді [2, 8-9].

Бұдан Тоқтамысовтың алғашқы келген кезінде ешбір ұйымдарға кірмегендігі, Алаш Ордаға тек әскери маман ретінде кіргендігі байқалады. «В начале апреля нам удалось установить, что в городе Семипалатинске работает другая организация, преследовавшая ту же цель, что и мы. В этой организации участвовали персонально известные нам лица: товарищ председателя семипалатинского окружного суда Н.В. Вайсер, председатель того же суда Ф.К. Станкевич, именовавший себя комиссаром сибирского правительства Давыдов и кроме того офицеры Герасимов, Харченко, Анциферов и др. так как организация обставлена глубокой тайной, то мы знали лишь Н.В. Вайсера, по предложению которого и вступили в состав организации.  В целях поддержания живой связи, в эту тайную организацию мы ввели трех своих представителей; по военно-оперативной части капитана Тохтамышева, по гражданской Бий-Ахмета Сарсенова и Халиля Габбасова» [3, 154].

Әйтеуір, осы астыртын ұйыммен алаштың тығыз байланыста болғандығы, алаш әскерін құруда осы ұйымның рөлі зор болғандығы анық. Бұл астыртын ұйымды Алаш қаржыландырып та тұрған. Өйткені, Х. Ғаббасов «За короткое время наших совместных действий мы оказали городской тайной организации денежную помощь в 35005 рублей, документа на эту сумму мы не имеем, но она была передана через Н.В. Вайсера» дейді [3, 154].

Тоқтамышев астыртын ұйымдарға мүше болмағанымен оларға ықпалы мол болғандығын, тіпті басшылық жасайтынын тағы да Ғаббасұлының тергеудегі түсініктемесінен көреміз: «После этого мы реорганизовали эту организацию Токтамышева в военный отдел во главе с Марсековым, Сарсеновым и Алимбековым. Алимбеков в это время работал членом военного отдела облсовдепа» [2, 8-9]. Халелдің айтуынша, Тохтамысовтың дайын тұрған ұйымын Алаш Орданың әскери бөлім етіп қайта құраған болып шығады.

Ресми түрде жұмыс істеген Қазақ комитеті сияқты ұйымдардан басқа түрлі астыртын ұйымдардың белсенділігі күшті болды. Мұндай астыртын ұйымды большевиктер билікке келген кезде Семейдегі алашшыл қазақтар да құрған. Облыстық земство басқармасының Семей облысы бастығынан (управляющий Семипалатинской области) И. Әлімбековты тұтқыннан босатуды сұраған баянхатында: «Руководствуясь постановлением означенного съезда, областной киргизский комитет, сохранив лишь видимую связь с областным советом, задался целью свергнуть советскую власть, для чего им были открыты в уездах тайные организации. В ближайшую задачу, как областного комитета, так и этих организаций входила скупка и сбор оружия, без чего не могла бы действовать живая сила» [3, 153] деп, бұл ұйымдардың құрылу мақсатын да анық көрсетеді.

Тоқтамысов Семейге келгеннен соң, қазақ зиялыларымен етене араласып, Алаш париясының белсенді мүшесі болып кіреді. Оның алаш партиясының атқарушы органына сайланғаны туралы Алаш Орда комитетінің губерниялар мен аудандар бойынша тізімінде Омбы қаласындағы Алаш Орда партия комитетінің өкілетті мүшесі болып Тохтамышев тіркелгенінен көруге болады [3, 86].

Оның басшылығымен Семейде құрамында 38 офицер мен 750 жауынгері бар І Алаш полкі құрылды. 1918 жылдың мамыр айында Алаш қаласынан 15 шақырымдай қашықтықтағы Сор деген жерде Алаш әскерінің алғашқы жасақталу тарихы басталады. Сор деп аталатын кең сайдың қазіргі Жарқын ауылы маңында болғандығын көнекөз қарттар айтады [1, 83]. Жүсіпбек Аймауытовтың «Абай» журналының 1918 жылғы қаңтарында жарияланған «Алаш ұлдарына арналған ұран» атты өлеңі І Алаш атты әскер полкінің жауынгерлік әнұранына айналды.

Сол заманда Семейде шығып тұрған «Свободная речь» газетінің 21 маусым күнгі санында «Қазақ әскерінің қалаға келуі» деген хабар басылды. Онда: «18 маусымда далада жасақталып, әскери іске үйретілген қазақ әскері нұсқаушы-офицерлермен бірге Алаш қаласына келіп кірді. Алаш полкінің қалаға келу құрметіне Николь шіркеуі жанындағы алаңда өткен салтанатты кездесуде штаб бастығының орынбасары Папин, адъютант капитан Виноградов, Сібір Уақытша үкіметінің өкілі Давыдов, ұлт көсемі Бөкейхан құттықтау сөз сөйледі. Әскерді бастап келген подполковник Тоқтамышевтың ұсынысымен атты жауынгерлер «Алла» деп ұрандатты. Қарсы алушылар көтеріп тұрған ақ туларға «Бүкілресейлік және Сібірлік құрылтай жиналысына жалынды сәлем!», «Отаның сенімді ұлдары жасасын» деген қазақ тіліндегі ұрандар жазылған. Құттықтаушылардың сөздерінен патриотизм лебі есіп тұрды» деп жазды [4].

Алаш әскерін жасақтау үшін алаштықтар әр болыстан адам жинауды міндеттеді. Алаш Орда төрағасы Ә. Бөкейхан 2018 жылы 25 маусымда Семей уездік земский управа бастығы Қозыбағаровқа милиция жасақтау туралы хат жазды. Онда Семей уезіне қарасты болыстардың әрқайсынан 30 адамнан милиция жасағына алу және олардың жарақты ер-тұрманымен, аттарымен қалаға келтірілуін қамтамасыз ету туралы айтылды [5]. 1916 жылғы дүрбелеңнен кейін қазаққа қару сатып алу қиын еді. 1916 жылы қазаққа патша өкіметі атылатын қару тұрмақ таға соғуға темір бермеу туралы бұйрық берген болатын. Алаш әскеріне қару-жарақ сатып алу жұмысын астыртын қазақ ұйымы жүргізді. «Оружие приобреталось нами путем подкупа у тех же красноармейцев. Этим способом нам удалось приобрести некоторое количество оружия...» [3, 154].

Дегенмен, Алаш үкіметін де, оның әскер құру туралы бастамасын  да халықтың барлығы қолдады деуге келмейді. Біраз уақыт билікте болып, жуырда ғана құлатылған большевиктердің әрекеті мен насихатының әсері мол болатын. Оның үстіне, аумалы-төкпелі заманда халықтың көпшілігі саяси ахуалды саралай алмады, партияларға да, олардың құрған үкіметтеріне де сенімсіздікпен қарады. Алаш әскеріне адам жинау жұмысы да көп кедергілерге кез болды. Мысалы, Делбегетей болысында әскер беру туралы мәселені ел ақсақалдарымен 2 шілдеде талқылау кезінде жанжал туып, Бұтабай Дүсіпов, Нүрке Сеймазин және шаруа Каримусан Базаров дегендер  халық арасына іріткі салып, әскер бермеуге үгіттейді. [6]. Мұндай жағдайлар Белағашта, Уақ болысында да орын алды. Делбегетейдің болысы Г. Чокин қарсылықты басып 30 милицияны Рахымбай Дүйсекеевке басқартып 8 шілдеде қалаға жөнелтеді [7]. Алаш милициясын Мұса Темірбаев деген бастап барып, қарсылық ұйымдастырушыларды тұтқындап, уезд басшылығына тапсырады.

Қазақ оқығандарының ішінде де Алаш Орада шешімдеріне келіспей, қарсы жұмыс жүргізгендер болды. М. Дулатұлының Алаш Ордаға баяндау хатында (Ұлан. 1918 жыл, 27 маусым) Өскемен уезінде болған осындай жағдай туралы жазылған: «Жұртты мұндай тартыншақ қылып, Алаш Ордаға  бой ұрындырмай отырған – Әміре доктор. Оның жұртқа айтқан сөзі: Алаш Орданың айтқанын қылып милиция берсең, ақша жинасаң, бүлік шығады, қан төгіледі» [8, 309].

Әскерді жасақтау, оны орналастыру, жаттықтыру жұмыстарының шығыны аз болмайтыны белгілі. Алаш Орданы негізінен қазақтың ауқатты бөлігі қолдағандықтан ұйымның қазынасына әжептәуір қаржы жиналған. Әскер жасақтауға бөлінген ақша да аз емес еді. Қаншасы Семейдегі атты қазақ әскеріне тигені белгісіз болғанымен, алаштың қару-жарақты, киімді молынан сатып алғаны жайлы: «Алаш Орда Самардағы учредительное собрание комитетінен үш мың солдатқа киім алды. Көп қару-жарақ алды. Және «Күнбатыс Алаш Ордаға» өз алдына екі мың мылтық, 37 пулемет, екі зеңбірек, екі автомобиль алды», – деп жазады Сәкен Сейфуллин [9, 242]. Тек қана командир-офицерлерге жалақы беру үшін недәуір қаржы қажет болған. Сол кездегі «Свободная речь» газетінің 3 қыркүйек 1918 жылға №223 санында жарияланған «І Алаш далалық атты әскер полкіне» вахмистр (артиллерия фельдфебелі), атты әскер және артиллерия унтер-офицерлері ­– вахмистр және взвод командирлігіне. Жалақысы вахмистрге 300 руб., аға унтер офицерге 250 руб., кіші унтер офицерге 200 руб., отбасына жәрдем (паек) 100 руб.» деген хабарландырудан олардың жалақысының мөлшерін біле аламыз. Сонымен бірге жаңа құрылған армияға білікті командирлер тапшылығы болғандығын байқауға болады [10].

Әскерге баруға қарсылықпен қатар, саптағы жауынгерлердің де полк басшылығының рұқсатынсыз кетіп қалу фактілері (әскери қызметтен жалтару) де болғандығын М. Тынышпаевтың Земский управаға жазған хатынан көруге болады. Ол осы хатында Қызылдармен соғыс жағдайында Алаш әскерін толықтырып отыру үшін бірінші шақырылудан сырт қалған ауылдардан тағы да 30 жігіттен жинауды  ұсынады [11].

Қазан татарларының «Кояш» газетінің 1915 жылғы 18 қазандағы №823 санында «Воинская повинность наших собратьв киргизев» деген мақала жарияланды. Онда: «Из этих стройных и ловких молодых людей, - не говоря уже о том, что они выросли, с детства играя на лошадях, обладает острым зрением и не является неуклюжими, вероятно предпологается создать конницу», [12] - деп жазғанындай, қазақ жігіттерінің атты әскерге табиғи болмысы, тұрмыстық бейімі өте жақын болды.

Заманға сай болу үшін қазақ баласы да әскер қатарына алынуы керек екендігін ұлт көсемі Ә. Бөкейхан және т.б. алаш қайраткерлері де көтере бастаған болатын. «1916 жылы 3 ақпанда Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, Н. Бегімбетов Петроградқа барып, әскери министр генерал Поливановқа жолығып, қазақтарды әскерге алу мәселесін жеткізді. Ондағы басты мақсат: қазіргі заманның қару-жарағының тілін білмей, тұрақты әскерге тартылмай ұлттық тәуелсіздік туралы қиялдауға да болмайтын. Мұны алаштықтар «келешек ұрпақтың алдындағы парызымыз» деп түсінді. Заманның беталысы ұлттан соны талап етті. Саналы армиясыз «сәулетті, еркін күнді» аңсаудың өзі надандық болатын» [13].

Семейде жасақталған І Алаш атты әскер полкі алғашқы қазақ әскері болды. Бұдан кейін-ақ Қазақстанның басқа өңірлерінде де, атап айтқанда, Қостанайда ІІ қазақ полкі, Жаманқалада (Орск) ІІІ, ІV, Оралда V, VІ қазақ полктері жасақталды. Семейдегі Хамит Тоқтамысов басқарған І Алаш полкінің атты жауынгерлері әр жердегі әскери ұрыс-қимылдарына да қатысты. «Жетісу облысында большевиктер атты казак қалаларын беріп қоймай қиратқан. Қатын, бала-шағаны қырған. Сондықтан сол бейшараларды большевик қолынан құтқару үшін біздің қазақ атты әскері казак әскеріне қосылып, Жетісуға қарай жолға шықты», [14] – деп жазды Ә. Бөкейхан.

«Свободная речь» газеті 30 қыркүйек 1918 жылғы санында «Қазақ атты әскері» («Киргизская конница») деген мақаласында: «І Алаш полкінің «Алаш жүздігі» атанған қазақ отряды полковник Ступиннің басшылығымен тамыз айының басынан бері Жетісу майданында үздіксіз ұрыстар жүргізіп келеді. Олар «қызылдармен» Андреевка, Үржар, Лепсі ауылының түбіндегі Жаңа-Андреевка, Сарканд және Покатиловск елді мекендерінде ұрыстар жүргізді. Отрядта қаза тапқандар мен жаралылар бар. Қазақ-кавалеристерінің шабуылы шапшаң, әсіресе таптырмайтын барлаушылар екендігін көрсетті.  ...Елден тартып алынған аттарға мінген салт жүріске шорқақ «қызылдардың» атты әскері қазақ әскерінің қарасы көрінгенде-ақ шегініп кетеді. Жігіттер мемлекеттік «казак» болғандықтарын, өздерінің «нағыз казактармен» бірге соғысып жүргендіктерін мақтан етеді. ...Бұл – «қызылдарға» қарсы ұрыстарға қатысқан қазақ әскерінің екінші отряды. Мұның алдында жаңа ғана әскер ісіне жаттықтырылған бірінші қазақ отряды үкімет әскерімен бірге Семей қаласына беттеген Қызыл Армиямен Рубцовск майданында соғысқан болатын», – деп жазды [15].

Рубцовск майданы туралы «Сарыарқа» газетінде «Алаш әскерінің оралуы» атты мақала басылды: «Большевиктерді Алтай губерниясына қарай қуған алаш отряды 17 маусым күні аман-есен елге оралды. Бұл отрядта 52 қазақ, 21 офицер болды. Отрядты бастап барғандар: Турағұл Абаев, Биахмет Сәрсенов, Қаражан Үкібаев, Тоқтар Бегметов, Ғабдолла Қаскеев және басқа мырзалар болды. Даланың жаужүрек жастары саны көп большевиктермен бірнеше рет ұрысқа түсті. Большевиктер шабуыл екпініне шыдамай қашуға мәжбүр болды. Турағұлдың айтуына қарағанда, қазақ жастары соғыса алады, ұрыстарда қорыққан жоқ. Шайқас кезінде «Алаш» деген ұранды естігенде өлімнен де қорықпайтындығын көрсетті. Большевиктер жағынан үш адам өліп, екеуі жараланды, он бір адам қолға түсті. Сегіз жылқы,  жүз сомның мөлшерінде ақша және көп қару-жарақ олжаланды. Тұтқындардың арасында Қазиды өлтірген большевик те бар. Тағы бір большевиктің қылышпен басы шабылды. Алаш әскерінің шығыны – бір адам. Жорықтан әскердің рухы көтеріліп қайтты» [3, 161].

Қызылдармен соғыстың аяусыз болғандығы туралы «Сибирьская речь» газетінде жазылды: «Жетісу майданындағы қазақ ерікті жасағының іс-қимылдары жайлы үнемі хабарлап отырды. Алашорда басқармасы Омбы қаласында жүрген премьер-министр Ә. Бөкейханға Ол жуырда ғана Арқаттан мынадай телеграмма алды: «Мұса Сергиополь қаласын алуға қатысты, келді де тоғыз «қызылдың» басын өз қолымен шауып тастады. Большевиктер Үржарға қарай қашты. Олардың соңынан Ғабдихановтың отряды қуып кетті. Алаш Орданың іс басқарушысы С.Ақаев»[16]

Алаш әскерін жасақтауды ұйымдастырып, оның басы-қасында Алаш жетекшілері Ә. Бөкейхан, Х. Ғаббасұлы, А. Тұрлыбайұлы, М. Тынышпаев, Б. Мәметов, Х. Тоқтамысов жүрді. Әсіресе, қазақ жігіттеріне әскер ғылымын үйретуде тұңғыш қазақ офицері, штабс-капитан Хамит Тоқтамышев пен подполковник Ғали Самыратбековтың есімдері ерекше айтылады. Алаш әскеріндегі бір ерекшелік – тылдағы тұрақты қосалқы жасақтың (резерв) болуы еді. «Сүйек тісті» ұзын таяқпен қаруланған олар қарсыластарын алаңдатып, табысты нәтижелерге жетіп отырды. Қазақ жігіттерінің Жетісу майданындағы ұрыс-қимылдары – соның айғағы.

«Сарыарқа» газеті әскерге алынған қазақ жігіттерінің көп уақытқа дейін қару-жарақтары болмаса да, ұрыстан беттері қайтпағандығын, Саратовкаға шабуыл кезінде (28 қазан 1918 ж.) Балтай Бисебековтың, Андреевкада Ахметқали Орманбетовтың ұтымды ұрыс тәсілдерін, Қағазбек Дәшке баласының 150 большевикті бір жарым сағат бөгеп, Алаш әскерінің шығынсыз шыққандығын жазды. Сонымен бірге, 1918 жылы наурыз айында Антоновка қаласы үшін болған ұрыста жау қолында қоршауда қалған 12-інші Алаш полкінің 98 жігітінің қайраттылығы жөнінде: «...қамалып қалған 98 жігіт... неше күн, неше түн атысады. Атысқанда өздерінің паналаған үйлерінің қабырғасын тесіп алып, большевиктерді мылтықпен, бомбамен атқылап, жақын келтірмейді. Большевиктердің оғы бұларға тимейді, себебі, бұл жақтың үйі тастан салынған еді... олар екі күн екі түн атысқан соң, араларынан бір епті жігітті не болса да, Алаш әскеріне хабар бер деп жұмсайды Бұл жігіт большевиктердің бір жақсы атын қолға түсіріп, ұстап мініп, неше қабат жаудың арасынан оқты жаңбырша жаудырса да, аман-есен құтылып, көп әскерге хабар береді. Мұны естігеннен кейін біздің әскерден Антоновкаға көмек жіберіліп, 4-5 күн қамалып жатқан 98 жігіттің аман-есен құтылады» [8, 163], – деп жазды.

Х. Тоқтамысов Өскеменде Алаш автономиясының әскери оқу орнын ашуға жетекшілік етті. Ол Уақытша Сібір үкіметімен және атаман Б.В. Анненковпен тығыз байланыста болды.

Алаш қайраткері, қазақтың кәсіби әскерінің алғашқы командирі Хамит Тоқтамысов әдеби-көркем шығармалардың кейіпкері болғандығы туралы кейінгі кезде табылған мұрағат құжаттары арқылы белгілі болды. Мұхтизар Төлекұлы Титақов деген азамат 1935 жылы Алаш қайраткерлері туралы «Мұрат үшін майдан» деп аталатын пьеса жазған. Пьесаның кейіпкерлерінің барлығы өмірде нақтылы болған танымал адамдар: Әлихан, Міржақып, Халел (Ғаббасұлы), Жүсіпбек, Әлімхан, Ике, Жақып, Мағжан, Шәкәрім, Мұхтар, Хамит (Тоқтамышев), Сұлтанмахмұт, Мұсатай бай және т.б.

Драма жанрындағы осы шығарманы талдаған Дихан Қамзабекұлы «Алаш пьесасы – Мұрат үшін майдан» атты мақаласында Мұхтызар Титақұлының «Мұрат үшін майдан» пьесасының тарихи маңызына тоқталған [17, 276]. 

Пьесадағы оқиға болған уақытта Мұхтызар бозбала жігіт. Оқыған жастың сол кездегі саяси оқиғалардан тыс қалуы екіталай, сол себепті ол  алаш қайраткерлерінің ісімен де, өздерімен де таныс болғаны анық. Сондықтан оқиға желісі, ондағы кейіпкерлердің жалынды сөздері шындыққа жақын, тарихи дерек деп қабылдауға тұрады.  Әлихан мен Халелге, Міржақып пен Хамитқа автор айтпаған сөздерін айтқыза қоймас.

Осы пьесада Хамит Тохтамысов: «Азамат, біз әскерміз, біздер соғыс адамымыз! Біздердің тәрбиеміз – жауды жеңсек, жеңісіміз. Өлсек, өлу біздің жолымыз – қанды жол!» деп, нағаз әскери адам екендігін атап көрсетсе, енді бір сөзінде: «Бауырларым, қаны бірге Алашым! ... Сендер, бабаларымыз – Абылай мен Кенесарыны еске түсіріңдер! ... жасасын туған халқымыз, жасасын туған жеріміз, жасасын Алаш!» [17, 290] деп, өзінің нағыз Алаш азаматы екендігін айғақтай түседі.

Айтыскер ақын, өлкетанушы Қалихан Алтынбаев Хамитті «Омбының қазағы, әйелі орыс, одан туған бір қызы болған» деп көрсетеді. Хамиттің шықан тегін білу мақсатында Омбы қаласына арнайы іссапармен барып, сондағы көнекөз қарияларға сұрау салынды. Ежелден тұрып жатқан қазақтардың ішінде ел тарихына жетік, тарихшы мұғалім, шежіреші, 94 жасқа келіп отырған Уәлиұлы Смат ақсақал Тоқтамыс дегенді де, Хамит дегенді де бұл жақтағы қазақтардың ешбір шежіресінен кездестірмегенін айтты. Алаш Орда үкіметі мүшелерінің аты-жөнін ғана емес тегіне дейін біліп отырған ақсақал Хамит Тоқтамысов Омбының қазағы болса білген болар еді. 

Мәскеу әскери-тарихи архивінде 25-інші атқыштар полкінен 8-інші Сібір артиллерия полкіне 1912 жылы ауыстырылған Тохтамышев (Султан-Мурад Негматуллаоглы) деген подпоручиктің қызмет қағазы сақталған. Онда  Сұлтанмұрат 1889 жылы Семей облысында дүниеге келген, діні мұсылман, шыққан тегі төре тұқымынан («из киргиз султанского рода и из потомственных дворян») екендігі көрсетілген. Сондай-ақ, осы құжатта оның Сібір кадет корпусы мен Киев әскери училищесін бітіріп, 1909 жылы подпоручик шенін алғандығы айтылған[18].

Осы Сұлтанмұрат Тоқтамысов Хамиттің ағайыны болуы керек. Әскери оқуды ол кезде көбінесе дворяндық атақ алған сұлтандардың балалары оқитын. Дворяндық атақты сұлтандардың барлығы емес патшаға ерекше қызмет көрсеткендері ғана алатын болған. Соған қарағанда Көкшетау округінің аға сұлтаны болған Маңдай Тохтамышевтың ұрпақтары (немерелері) болуы мүмкін.

Алаш атты әскерінің қолбасшысы Тоқтамысовтың өмірі азамат соғысы жылдары қиылды. 1920 жылы Қытай аспақ болған 45 адамды, ішінде Х. Тоқтамысов пен оның отбасы бар, 70 арбалы керуенді Ақсуат ауданының Кіндікті елді мекенінің маңында қызыл гвардия полкінің Сотников басқарған бөлімшесі қолға түсіреді. Олар тұтқындарға қандай жаза қолдануды сұрап Семейге хабар жібереді. Үш күн күтіп, хабар келмеген соң, бөлімше штабы революция атынан тұтқындарды атуға бұйрық шығарады.

1920 жылы мамыр айының бір кешінде тұтқындарды Көкпектіден 4 шақырым «Қара кезең» бұйратына айдап апарып, ор қаздырады. Барлығын сол жерде атып, орға көмген. Қазір ордың сілемі әлі білініп жатыр.

Көкпектідегі татардың бір топ белгілі ақасақалдары штабтан 6 мұсылманның мүрдесін сұрап алады. Оларды өзен сыртындағы татар зиратына жерлеген. Хамит Тоқтамысовтың денесі, үстіндегі әскери формалы киімімен Дәуіт хазірет деген адамның маңына қойылған [19, 66]. 

Қазақтардан алғаш рет тұрақты әскер құру ісіне белсене араласып, оларды заман талабына сай ұрыс тәсілдеріне үйреткен Хамит Тоқтамысовтың есімі де, атқарған қызметі де ескерусіз қалмауға тиіс. Оның есімін әскери бөлімдерге, жауынгерлік-спорттық бағыттағы ұйымдарға беру мәселесін ойластырған жөн.

Мұхаметбек АСЫЛБЕКОВ, Семей қаласы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті, Манаш Қозыбаев атындағы тарихи зерттеулер ғылыми орталығының қызметкері

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Сыдықов Е. Алаш қаласының тарихы. –Семей. -2010, 214 б,

2. Жұртбай Т.К. Движение Алаш. /3-х томный Сборник материалов судебных процессов над алашевцами/. -Алматы. 2011. 2 том. 376 б.

3. Алаш-Орда: Сборник документов /сост. Н. Мартыненко. –Алма-ата; -1992.

4. ШҚО ҚЗТҚО. //«Свободная речь», 1918г., № 165

5. ШҚО ҚЗТҚО.   қ.37, т. 1, і.126,   п. 2. түпнұсқа

6. ШҚО ҚЗТҚО. қ.37, т. 1, і.126,   п. 31-31об, 32-32об. түпнұсқа

7. ШҚО ҚЗТҚО. қ.37, т. 1, і.126,   п. 79-79 об. түпнұсқа

8. Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы. 4-том. Қазақ съездері.  -Астана. 2007. 352.

9. Сейфуллин. С. Тар жол тайғақ кешу. Алматы. 1960. 482 б.

10. ШҚО ҚЗТҚО. «Свободная речь», 3 қыркүйек 1918 ж. № 223

11. ШҚО ҚЗТҚО. қ.37, т. 1, і.126,   п.126

12.  Астана қаласы МА. қ 430. т. 10. і 31. п 13

13. Жұртбай Т, Түркістан жұмхұряты және «Алашорда» үкіметінің ұстанымы. Сілтемесі: http://turkystan.kz/tarih/1891

14. Бөкейханов Ә. //Қазақ . – 1918. – 30 шілде. №262

15. ШҚО ҚЗТҚО. //«Свободная речь», 30 қыркүйек 1918 ж., № 255

16. ШҚО ҚЗТҚО. // «Свободная речь», 31шілде 1918 ж., № 32

17.  Қамзабекұлы Д. Алаш пьесасы – «Мұрат үшін майдан». //ХХІ-ғасырдағы Алаштың Ақ жолы. -Алматы. 2014. -440 б.

18. РМӘТА (РГВИА) қ.400, т.9, і.34266, п.2

19. Алтынбаев Қ. Көкпекті. –Новосибирск. -2002, 172 б.