Қараөткелді көтерген Қосшығұловтар әулеті
14.04.2017 2773
Құрманғали Қосшығұлов автомобиль сатумен шектелген жоқ, ол 1913 жылы қазақ жерінде тұңғыш автомобиль шығаратын зауыт салу ісіне кірісті

Қазақ саудасының тарихы

Қазақ арасында біз саудаға бейім халық емеспіз деген ұғым қалыптасқан. Оның себебін кейбір бауырларымыз көшпелі өмір салтынан, жалқаулығымыздан, не табиғи кеңдігімізден іздейді. Бұл – ешқандай тарихи негізі жоқ бос әңгіме. 

1509 жылы Мұхамед Шайбани ханға еріп қазақ даласына келген Фазлаллах Рузбихан былай деп жазады: «Их купцы (әңгіме қазақ саудагерлері туралы – Ж.А.) постоянно посещали и посещают старны ислама, равно и купцы этих стран ездят к ним. Купцы этой страны вхожи в их среду, заучивают предписания ислама, и сейчас вместе с ханами и султанами-мусульмане. Они читают Коран, исполняют молитвы, отдают своих детей в школу, постятся, вступают в брак и вовсе не женятся без брачного договора (әңгіме неке туралы-Ж.А.)» (Фазлаллах Рузбихан Исфахани. Михман-наме-йи Бухара (записки Бухарского гостя). М.,1976. с.106). 

Тобыл воеводасы 1692 жылы елші Тайқоңыр Құлтабай аталық ұлының Сібірге келгендігі туралы: «А как-де он, посланец, отпущен от Тевки хана из города Тургустана, ехал да Тобольска 55 дней, никаких воинских людей не видал. Да с ним же приехал из Тургустана-города Казачьей орды торговой Алсеитка Шугуров» дейді. Бұл – сол заманның атақты көпесі Әлсейіт Сүгірәлі батырұлы. Бір жағынан жаугершілік уақытта мың қаралы түйелермен, жүздеген қарулы адаммен жүретін сауда керуендері елшілердің қауіпсіздігіне кепіл, екінші жағынан сауда адамдарымен бірге жүргендіктен қарындары да аш болмайды, екі-үш айға созылатын жолдың қиындығын да азырақ көреді (Ж. Омари. Аталықтар әулеті: Арыстан, Барқы, Нияз. Астана,2011. -135 б.). 

Қазақ хандығы тұсында өз бетімен Еуразия құрылығымен еркін араласып жүрген қазақ саудасы «Ақтабан шұбырынды-Алқакөл сұлама» апатынан кейін қожырап кетті. ХVІІІ алғашқы жартысында бастаған Ресей бодандығын мойындау процесі бірте-бірте қазақты өз бетімен шет өлкелерде сауда жасау мүмкіндігінен айырды. Қай заманда болмасын ірі сауда үлкен мемлекеттің, ірі саясаттың нышаны, қолдаушысы бар саудагер жер түбіне барады, өз мемлекетінің көзі мен құлағы болады. Патшалық Ресей үстемдігі кезінде қазақ арасынан ірі саудагерлердің шықпауына да осы себеп.

Байкөп Қосшығұлов кім? 

Қосшығұловтар әулеттің негізін салған Баймұқамбет Қараөткелдің кедей-жатақтарының арасынан көтерілген жетім жігіт екен дейді. Қараөткелдің қазағы да, орысы да қайырымдылығына, қарапайымдылығына қарай Баймұқамбет демей, Байкөп атандырған көпестің ХХ ғасырдың басында қаланың орталығында кәмпит-тоқаш фабрикасы, үш дүкені, Керуен сарайда (Гостиный двор) бірнеше лапкелері болғаны ақиқат. Байкөп алғашқы бетте Қызылжар арқылы татар, орыс саудагерлерімен байланыс жасап, кейін келе ірі саудаға өзі де араласқан. 

Қосшығұловтар туралы жазған өлкетанушылар мен тарихшылар оны татар деп жазады. Татарлардың, әсіресе Сібір татарларының, Есіл өңіріне ертеден келе бастағаны анық. Әз Тәуке ханның заманында қазіргі Күйгенжар маңында Сібір татарлары келіп сауда жүргізетін орындары болған. Одан да ертерек заманда Көшім ханның өзі, оның балалары Есіл-Нұра бойына жиі келеді екен. Олар келгенде жәй келмей, жандарына сауда адамдарын да ертіп жүретіні белгілі. Өзге татарларға қарағанда Сібір татарларының қазаққа бір атасы жақын екені де белгілі, бірақ Қосшығұловтың Сібір татары емес екені анық. Байкөп Қосшығұлов Есіл бойын ертеден мекендеген Арғын ішінде Алтай деген рудан, оның ішінде Алсай аталатын тармағынан. Байкөп отбасын білетін адамдар оның алған әйелінің аты Мәдина еді дейді. Мәдинаның төркіні Нұра бойындағы Байатар деген ата. Кейбір өлкетанушылар Мәдина татардың қызы, байатар татардан қазаққа келіп сіңген дейді, бұл шаруаға біздің шатағымыз жоқ. Біз үшін, ең бастысы, Байкөп Қосшығұловтың қазақ екендігі.

Қосшығұловтар әулеті

Байкөп пен Мәдинадан алты ұл, Райхан атты бір қыз туған екен. Бұлардың бәрі де осы Қараөткел қаласында әкелерінің маңында қызмет еткен. Үйлері әкелерінің фабрикасының маңында қаз-қатар орналасқан. Егер сіз қаланың Жақып Омаров көшесімен жүрсеңіз, Ақмоланың ескі әкімшілік ғимараттарын көресіз. 1958 жылы құрылысы аяқталған екі қабатты үйде қалалық атқару комитеті, тың өлкесінің партия комитеті және ауыл шаруашылық басқармасы, т.б. орналасқан. Осы құрылысқа қарама-қарсы Астана қалалық соты орналасқан ғимарат тұр. Одан Республикаға қарай жүрсеңіз, Жастар сарайын көресіз. Аты аталған ғимараттардың бәрі де 1950 жылдан бастап пайда болды, оған дейін бұл жер қазақ-татар көпестерінің екі қабатты үйлері орналасқан қазіргі «Шұбар» сияқты қаланың бай ауданы болатын. 

Қосшығұловтардың қара шаңырағында 1975 жылға дейін Ақмола облыстық соты отырды. Сот өзге жерге қоныс аударғаннан кейін, Жастар сарайын саламыз деген сылтаумен бұл жердегі көпес үйлері қиратылды. Қазіргі Абай мен Республиканың қиылысында совет заманында Горсовет отырған үйде Уәли Қосшығұловтың отбасы мекен етті. Совет заманында Насос заводы деп атақ алған мөлтек ауданда Мұқан Қосшығұловтың от басының үлкен ағаш үйі болды. Қосшығұловтардың Абай мен Республиканың қиылысында қызыл кірпіштен салынған (бұрынғы Ленин көшесі 77 үй) екі қабат атақты кәмпит-тоқаш фабрикасы Целиоградта Тұрмыстық үй (Дом быта) және Мәскеу қонақ үйлерін салған кезде 1975 жылдары қиратылып, орны бір заман бос тұрды. Осы фабрикадан бастап Совет кезеңіндегі Насосная заводына дейін Қосшығұловтардың үйлері болатын. Қосшығұловтардың тағы бірі Нүркей кәмпит-тоқаш фабрикасының өзінде мекен етті дейді білетіндер... Алты ағайынның ішінде еркесі осы Нүркей болған, оның карта құмарпаздығы әңгімелері бар, қазіргі күні шын-өтірігін анықтау өте қиын.

Совет үкіметі және Қосшығұловтар

Баймұқамбеттің өзі 1918 жылы азамат соғысының кезінде холера ауруынан қайтыс болғаны туралы айтылады. Ақ қашып, қызыл қуған ауыр кезеңде елді баудай түсірген неше түрлі жұқпалы аурулар қаптап кетті. Білетін адамдар Баймұқамбет Қараөткелдегі ескі мұсылман зиратына жерленген еді дейді. Әкесі қайтыс болған соң бұл әулеттің шаруашылық жұмыстарына Байкөптің үлкен ұлы Құрманғали басшылық жасады. Бұл адамға адами қасиеттерін сақтауға ауыр соққан, қазақ баласының басына зұлмат төнген заман еді. Совет үкіметі орнай сала Қараөткелдің қоңды адамдарының бәріне де қос-қостап салық салына бастады, ол большевиктердің тілінде контрибуция деп аталады. Совет үкіметіне бағынғысы келмегендердің үстінен қылмыстық істер қозғалып жатты. Қосшығұловтар сонда да берілмей, 1920 жылы большевиктер жағып жіберген Қараөткелдегі ескі мешітті қайта қалпына келтірді. Қызыл кірпіштен қаланған мешіт бұрынғыдан да әдемі болып шыға келді, осы себептерден болар 1920 жылы Құрманғалидың үлкен ұлы Хасен ұсталып көп жылдарға сотталып кете барды. 1927-1928 жылдары Совет үкіметі күшіне кіре бастағанда кәмпеске деген шықты, шаруа баққан елдің жағдайы күннен күнге қиындай берді. 1928 жылы Қосшығұловтардың кәмпит-тоқаш фабрикасы тексеріске түсіп, оның иесі салықтан қашты, өндірістен түсетін кірісін түгел көрсетпеді деп айыпталды. Шын мәнінде бұл кезде Құрманғалидың фабрикасында бар-жоғы жеті жұмысшы ғана қалған еді. Ақыры 1929 жылы фабриканы үкімет мемлекет меншігіне алып тынды да, бүкіл шаруашылық сиырқұйымшақтанып барып жабылды. Өздерінің күн көріп отырған кәсіптерінен айырылған Қосшығұловтар әулеті азып-тозып Қараөткелден із жасырып, жан-жаққа кетуге мәжбүр болды.

Бұл әулет туралы аздаған жазбалар

Қосшығұловтар туралы аздап жазылып жүр. Осылардың ішінде «Инфо-Цес» газетінде жарияланған Ерлан Күзекбаевтың мақаласы ерекше құнды, бұл әулет туралы деректі дүниелер мен фотосуреттер Марат Әбсеметовтың Астана тарихына арналған альбом-кітабында бар, таяда ғана «Төртінші билік» газетінде Жанкелді Шымшықовтың «Тәуелсіздік рухы тарихи әділеттілік арқылы ғана көтеріледі» деген мақаласында Қосшығұловтардың мақтан етуге болатын әулет делінген. Расында да Ресейдің ресми деректерінің ішінде де, қазақтың ауыз екі әңгімесінде де бұл әулет туралы дерек кездеседі. Бірақ жергілікті басшылық, қоғамдық пікір Қараөткелге еңбектері сіңген, Совет дәуірінде жазықсыз жапа шеккен, қаланың тарихынан аттары күшпен өшіріліген осынау әулетке бір назар аудармай тұр. Астанадағы мыңға жақын көшенің біреуінің атын осы әулетке беруге болады деп есептейміз. Қараөткел заманында қазіргі «Сине Темпоре» маңдайшасында «Қосшығұлов дүкені» деген жазу кириллица және араб әріптерімен жазылып елге бұл жердің иесі кім екенін бадырайтып білдіріп тұрды. Көптен күткен тәуелсіздік келген уақытта біздің осы «Сине Темпоре» маңдайшасына қайтадан «Қосшығұлов дүкені» деп жазып қоюға ерлігіміздің, санамыздың жетпегеніне таң қаламын.

Қосшығұловтардың кәмпит-тоқаш фабригі

Астана жұртшылығы Қосшығұловтар туралы көбірек мәлімет ала берсін деген оймен осы әулет туралы бірнеше деректерді аса қызықты деп таныстырғанды жөн көріп отырмыз.

Біріншіден, жоғарыда аты аталған «Қосшығұловтардың кәмпит-тоқаш» фабрикасы – қазақ жеріндегі алғашқы дайын өнім шығаратын кәсіпорындардың бірі. Мен осы фабрикадан шыққан шоколадтарды, мұз кәмпиттерді (мәмпәси), печеньенің сан алуан түрлерін, зефирдің дәмін татқан қарияларды көрдім, оны айтасыз Қосшығұловтар фабрикасының өнімдері патша сарайының дастарханының сәнін келтірген. Қараөткелдің ортасында ат шаптырым жерге орналасқан екі қабатты, қызыл кірпіштен салынған Қосшығұловтардың фабрикасы қала жұртының, әсіресе қазақ азаматтарының мақтанышы болды. Тек қана мақтаныш емес бұл фабрика қазақ балаларын кәсіпке тәрбиелейтін, еңбекке баулыйтын, кедей азаматтарға күн көріс тауып беретін орталыққа айналды. Олар фабрикамен де шектелмеді, сол кезеңде қазақ жеріне жаңа еніп жатқан шетелдік «Зингер», «Саламандра», «Якорь» сияқты ірі компаниялармен одақтасты, олардың өндірістеріне капитал салды. 1929 жылы Совет үкіметі кәсіпорынды тартып алған соң, Құрманғали Қосшығұлов бір-екі станогын алып Жанаарқаға барып күн көрмек болды. Елге аштық енгенде қайдағы кәмпит пен тоқаш, амал жоқ, жан сақтап Тәшкентке кетті. Бір ескертетін мәселе, аласапыран заманда Қараөткелдің кәсіпкерлерінің бірнешеуі солай қарай бағыт алғаны белгілі. Құрманғалидың кәмпит шығаратын станоктері Жаңаарқадан Қарағандыға әкелініп, жергілікті кондитер фабрикасы ашылған уақытта соған қызмет етуі мүмкін бе деген сұрақ туындайды. Бұл сұраққа өлкетанушылар жауап бере жатар.

Қосшығұловтардың қазақ мешітін жаңғыртуы

Осы әулеттің ерлігі деп мен олардың 1920 жылы жанып кеткен ескі мешітті қайта қалпына келтіруге аса күш салғанын айтар едім. Ақмола тарихи-өлкетану мұражайының қорында сақталған естеліктердің бірінде «Рассказывают, что Косщегуловы вложили большую часть денег в строительство каменной мечети, на месте сгоревшей к тому времени деревянной (в районе военокомата)» деген мәліметтер бар. Расында да қызыл кірпіштен қаланған, еңселі жаңа мешіт бұрынғыдан да көркем болып шыққаны ақиқат. Ескі мешіттің орнын қазіргі Иманов көшесінен іздеу керек, осы жердегі (Иманова 4) көп қабатты үй сол мешіттің орнына көтерілген. Совет үкіметі мұндайды кешірмейтіні белгілі. 1920 жылдары басталған қуғын мен конфискацияға Қосшығұловтар бірінші болып ілікті.

Керуен сарайды салу

1890 жылы Қараөткелдің тура ортасында қазына қаржысына «Керуен сарай», орысша «Гостиный двор» (кейде «Зеленые ряды» делінеді, дүкен есіктері жасыл боямен боялған себепті) бір қабатты екі корпустан құралған сауда ғимараты пайда болды. Егер салыстыра қарасақ, елге әсері қазіргі «Хан шатыры» сияқты болса керек. Керуен сарайда 72 ірі дүкен және 10 ұсақ сауда лавкалары ашылды, бұл кезде қала саудасының ішкі айналымы 1,5 миллион рубльге жеткен еді. Керуен сарайдың алдында аттар мен түйелерді байлайтын керме орнатылды. Шойын бағаналарға сүйенген күнқағарлар, кириллица мен араб жазуымен жазылған дүкен атаулары, жарнамалар Керуен сарайдың кіреберісіне көрік беріп тұрды. Совет заманында бұл ғимарат ЦУМ аталды, қазір тәуелсіздік кезеңінде «Сине Темпоре» аталады.

Қосшығұловтардың бұдан басқа да үш үлкен дүкені болды. Жергілікті қазақтар «Тас дүкені» дейтін атақты сауда орыны – осы Байкөп Қосшығұловтардан қалған ескерткіш.

Құрманғали Қосшығұловтың Қараөткелге алғашқы автоны алып келуі

Қараөткелдегі алғашқы автомобиль сөз болғанда көбінесе В.М. Кубрин аты аталады. А.Ф. Дубицкий В.М. Кубринмен қатар алғашқы автомобильдердің біріне ие болған фотограф К.П. Шахов деп жазады. Ал осы автомобильдердің Қараөткелге қалай келгенін, оны кім алып келгенін ешқайсы да атай қоймайды. Тек қана соңғы жылдары «Инфо-Цес» апталығында жарияланған Ерлан Күзекбаевтың мақаласында В.М.Кубриннің автомобилін Құрманғали Қосшығұлов әкелді деген мәлімет бар. 

Құрманғали Санкт-Петербургтегі учетно-кооперативный институтының сауда экономикасы мамандығы бойынша оқыды. Бұл жағынан біз Құрманғали Қосшығұловты қазақтың алғашқы жоғары білімді экономист мамандарының қатарына қосуға толық құқығымыз бар.

Құрманғали автомобильді алғаш рет Санкт-Петербургте көреді. Ол кезде Ресейдің Мәскеу мен Санкт-Петербург сияқты қалаларының өзінде автокөлік таңсық болатын. Құрманғали өзі сияқты талапты студенттермен бірге автомобильді жүргізуді бірінші үйренушілердің ішінде болды, куәлікті де сол кезде алған болуы керек. Тағы бір ескертетін мәселе, Құрманғали біз сияқты автомобильдің рулін ұстағанға мәз болған жоқ, ол оның қалай жүретінін, тетіктерін қалай жөндеу керек екенін зерттеді. Осының дәлелі – студент кезінде-ақ Құрманғалидың Ресейдегі алғашқы автожарыстарға қатысқандығы және бәйгеге тігілген американ автокөлігін ұтып алуы. 

«Құрманғали 1900 жылдардың басында Қараөткелге Санкт-Петербургтен автомобильге мініп келді» деп еске алады оның бауыры Бекмұхамбет. Бұл жұрт керемет таң қалған оқиға болды. Қазіргі күні біз біреу Айға барып, сол жақтан луноходқа мініп келді дегенге қалай таң қалсақ, бұл да солай болған болар. Американ автосына қызығушылардың ішінде қаланың ең бай адамдарының бірі – Василий Матвеевич Кубрин де бар еді. Құрманғали қаланың бай және ықпалды азаматының өтінішін жерде қалдырған жоқ, автомобильді сатты, сонымен бірге енді автомобиль сату шаруасын ұйымдастыруға кірісіп кетті. Автомобиль мәселесі оңай болмайтын, алғашқы бетте тек сату ғана емес, сонымен бірге автомбильде жүргізуді үйрету де, оның жөндеу жұмыстары да Құрманғалидың мойнында болды. Қараөткелге Санкт-Петербург пен Мәскеуден автомобильді жеткізу де ойыншық болмаған шығар. Бұл мәселенің қызық-шыжығын шет елдерден автомобиль алып, оны бізге сатып жүрген «Астана-Моторс» иесі Нұрлан Смағұловтан анықтаған жөн болар. 

Құрманғали Қосшығұлов автомобиль сатумен шектелген жоқ, ол 1913 жылы қазақ жерінде тұңғыш автомобиль шығаратын зауыт салу ісіне кірісті. Осы жылы оның шақыруымен Германиядан бір топ инженерлер мен құрылысшылар келіп болашақ зауыттың құрылысына қатысты мәселелер талқыға түсті.

Қосшығұловтар әулетінің бір өкілі Бекмұхамбет өзінің естеліктерінде неміс инженерлері толып жатқан чертеждермен келгенін, олардың кейбіреуінің ұзындығы 1,5 метр, ені 1 метр, қалыңдығы 30 сантиметр кітапша түрінде болғанын, осыны көріп өзінің таң қалғанын айтады.

Құрманғалиды білетін адамдар оның кейін қартайған уақытта да, Совет үкіметінен жасырынып қашып-пысып жүрсе де, техника көрсе көзі жайнап кететінін, оның қолына түскен техниканың жаңарып қалатынын, өнертапқыш болғанын айтады. Осындай адамдардың бағын байлаған Совет үкіметі енді қазақты техникаға жолатсын ба, біз қазір ғана Құрманғали жүріп өткен жолдың басында тұрмыз.

Қосшы ауылы

Ақмоланың бай-көпестері негізгі каптиталын қырдың қазағының арқасында мал саудасынан алған, әуел баста қарапайым шаруашылық адамдары немесе ұсақ алыпсатарлар болатын. Қосшығұловтар да кедейленген қазақтардың арасынан шықты. Олар өздерінің ет тірілігінің арқасында Қараөткелдің бай көпестердің арасына қосылды. Шаруашылықтан қол үзбеген Қараөткел көпестерінің қала маңында мал өсіретін, егін мен бау-бақша салатын қосымша шаруашылықтары болды. Орысша бұл қаладан тыс тіршілікті «заимка» дейді, кейде «дача» деп атайды. Мысалы Кубриндердің дачасы қазіргі Көктал ықшам ауданы орналасқан жерде болды. Совет заманында бұл шаруашылық «Киров совхозы» деп аталды. Қосшығұловтардың қосалқы шаруашылығы – қазіргі Қосшы аталған ауыл.

Қосшығұловтардың қолдауымен салынған Мұсылман жастарының мектебін атап өту керек. Бұл мектептің құрылысы әлі де сақталған, қазір Ә. Бөкейхан көшесінің Абаймен қиылысатын тұсында Казкоммерцбанктің қосалқы шаруашылығы орналасқан. Мектеп толықтай Қосшығұловтардың қаражатына салынған, оның мұғалімдері мен шәкірттері де Қосшығұловтардан жалақы және шәкірт стипендиясын алып отырған. Тағы бір айта кететін мәселе, Қосшығұловтардың Қараөткелде татар және қазақ жастары құрған драма үйірмесіне жасаған көмегі. Оны мына суретте дәлелдеп тұрған жоқ па?

ХХ ғасырдың басында Ресей империясы Еуропалық үлгіге түсіп, қауырт дами бастады. Қосшығұловтар осы дүбірлі жарысқа түскен қазақи отбасы болатын. Тек өкініштісі, 1914 жылы басталған Бірінші дүние жүзілік соғыс, іле-шала бұрқ етіп вулкандай атылған орыс революциялары, оған еріп келген жоқшылық, бостандық деп атқа мініп алған крепостной шаруаның надандығы, орыс большевиктері ұйымдастырған репрессиялар қазақтың жас кәсіпкерлерінің бүкіл жоспарының тас-талқанын шығарды.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор