Төлеңгіттер және Қазақ хандығы
10.04.2017 2439
Төлеңгіт өз алдына топ басы. Бірақ адам аты емес, топқа берілген таңбаның аты дейді. Төлеңгіт әр халықтан қосылып, шеніне, нәсілдеріне танылып көбейіп «Төлеңгіт» деген таңбаға ие болған

Биліктің ең негізгі сыртқы белгісі – басқару аппараты. Бұл ұғымның ішінде әкімшілік-территориялық бірліктердің басшылары, мемлекеттік алым-салық жүйесін іске асыратын фискалдық чиновниктер, әскери және қауіпсіздік қызметі сияқты толып жатқан билік жүйесінің құрамдас бөліктері мен тетіктері бар. Егер біз осы тұрғыдан қарасақ хандық дәуірде қазақ қоғамында монархиялық биліктің нұсқасы бар сияқты көрінеді. Себебі қоғамның ішінде «ақ сүйек» атанған қара халыққа қарағанда ілкі артықшылықтарға ие әлеуметтік топ- төрелер бар.

Қазақ халқының саяси тарихында төре институтының алатын орыны ерекше. Егер қазіргі заман тілімен түсіндірсек «төре» дегеніміз саяси қызметкері, мемлекет заңының орындалуын қадағалаушы адам. Біздің пайымдауымыз бойынша «төре» сөзі өте көне ұғымдардың бірі, оның шығу тегі қазіргі қолданыстағы «мемлекет» сөзінен де әрі. «Мемлекет» араб сөзі, оның мағынасы – империя, мемлекет, патшалық. Еуразияның көне тұрғындары көп заман мемлекет сөзінің орнына «ұлыс» атауын қолданып келді. Сонымен бірге орталық билік ту тіккен орда қызметі, оның жұмысын басқаратын аталықтар институты біздің тарихнамада әлі зерттелеген жоқ. Қазақ хандығы жаңа құрылған кезеңде орталық билікті күшейту мақсатымен саяси басқару тетігі есебінде өмірге енген тәртіптің бірі- аталықтар институты. Аталық басты міндеті Орда қызметін үйлестіріп отыру. Орыс деректерінде аталықты «дядька» деп атайды, яғни ханға жол сілтеп, жөн көрсетіп отыратын үлкен тұлға және жанашыр ақылшы адам. 

Қазақ ордасының және қызметтегі төрелерінің маңына төлеңгіттер жиналды, ол бір жағынан хан-сұлтанның әскери қосыны, бір жағынан нөкері, бір жағынан елшілігін атқаратын адамдар. Ресейде Иван Грозный тұсында қалыптасқан дворяндықтың дәл біздің төлеңгіттерден айырмашылығы шамалы. Біздің тарихнамада төлеңгіт пен құлдың айырмашылығы әлі ашылмағандықтан әлі күнге төлеңгіттерге дұрыс баға берілген жоқ. Деректерге қарасақ төлеңгіттердің әлеуметтік орыны қара қазақтан жоғары. Олар елшіліктерге, келіссөздерге белсене қатысады, жауапты тапсырмаларды атқарады және алатын жол ақысы да өзгелерден мол, сол себепті төлеңгіттерді мемлекеттің, немесе мемлекет билігіне жауапты ”ақ сүйек” топтың басқару функциясын іске асырушы тетік есебінде қарастыруға болады. 

Төлеңгiттiктi күрделi әлеуметтiк құрылымға тән құбылыс деп қабылдауға болады. Бiрiншiден - төлеңгiттердiң шығу тегi әр қилы: оның құрамында өзге этностардың да, қазақтың да болуы мүмкiн, екiншiден әлеуметтiк орыны да әр қилы, олардың iшiнде маңызды саяси шаруаларға жүретiнi, байлары, сонымен қатар мiнерге аты, iшерге асы жоқ кедейлерi де бар. «Төлеңгiттер» деп төре маңына жинақталатын, төренiң қамқорлығындағы адамдарды атайды. Олар малдарына төре таңбасын басады, төренiң ұранын шақырады, бейбiт уақытта төренiң шаруашылығын қарап, жаугершiлiкте ең сенiмдi жауынгерлерге айналады. Кіші жүз Мақаш Бекмағанбетов құрастырды деген шежіреде төлеңгіттерге мынадай сипаттама беріледі: «Кіші жүздің 25 таңбалы баласына Төлеңгіт кірмейді. Төлеңгіт өз алдына топ басы. Бірақ адам аты емес, топқа берілген таңбаның аты дейді. Төлеңгіт әр халықтан қосылып, шеніне, нәсілдеріне танылып көбейіп «Төлеңгіт» деген таңбаға ие болған. Ханнан алған таңбасына ие болған Төлеңгітті қай хан болса да нәсілдес болғасын, оларды жақтап, «хан таңбалы төлеңгіт» деген». Хан ордасы маңында төлеңгіттердің көп жиналуы орталық биліктің мықтылығын қамтамасыз етеді, ол бір жағынан әскери қосын, бір жағынан нөкер, бір жағынан хан-сұлтанның шаруасын атқаратын адамдар. Ресейде Иван Грозный тұсында қалыптасқан дворяндықтың төлеңгіт институтынан айырмашылығы шамалы. Жаугершілік тұсында сырттан түскен тұтқынның көпшілігі төлеңгіт атанып кетеді, құлдарды азаткер қылса, олар да төлеңгіт қатарына қосылады, өзге елді шауып-шаншып айдап келсе олар бала-шағасымен төлеңгітке кіреді (мәселен Абылай заманында қырғыз, қалмақ, башқұрт, түрікмен т.б. тұтас ауылдарымен төлеңгіт қатарына енген). Сонымен қатар бірлі-жарым іргесі бос, ағайыны момын, малына билігі болмаған қазақ та ауылымен пана іздеп келіп төренің қолтығына кіреді. Төлеңгiттер қатарын жорықта қолға түскен тұтқындар, жарлы-жақыбайлар, өз руынан қорған таба алмаған адамдар, әртүрлi себептермен күштi ханның қанатының астында болғысы келгендер толтырады.

ХVІІІ ғасырдың ортасында шығыс аймақты қайтарып алу жолында жасалған қайратты қадамдардың бірі төре және төлеңгіттердің үлкен топтарының шекаралық алқаптарға қоныстануы. Алғашқыда төлеңгіттердің үлкен топтары Алтай және Тарбағатай бағытында аталықтар әулетінен Өмірзақ мырза бастаған Мамадайыр, Мамашық топтарымен бірге Әбілпейіз сұлтанға еріп аттанады. Шұбартау-Шыңғыстауға келгендердің ұрпақтары арасында «бұл елдің бірлігі үшін керек» деген сөз мәтел болып сақталып қалды. Шығыс өңірге аттанып бара жатқан Әбілпейізге Әбілмәмбет хан өзінің сенімді, шығу тегі қалмақ, қырғыз, татар төлеңгіттерінен Жаназар батырды бас қылып бірнеше ауыл берді. Осылайша «Өмірзақтың дәулетіне, Жаназардың қуатына жиналған» ел көп заман Әбілпейізге де, оның балаларына да, тіпті немерелеріне де қызмет етті. 

Қаракерей Найманның ішінде Орта жүздің атақты сұлтандарының бірі Бөкейдің ұрпағы Санияз төре Әбілпейізді ағалап келіп билік құрыпты дейді (Қырық сан Барақ, одан Бөкей, одан Шыңғыс, одан Көшек, одан Санияз, одан Қамбар). Осы Санияздың маңындағы ел Зайсан, Мааңырақ маңында өздерін бүгінгі күні Саниязбыз деп атайтын бір үлкен қауым. Шежірелер «Санияз деген ру анығында оннан астам ұлттан, қырыққа жуық ру өкілдерінен құралған. Санияз төре мен оның баласы Қамбар төренің төлеңгіттері: татарлар Шәрәпи ауылы атанады, түрікпен әулеті – Мірмұхамбет ауылы, қырғыз әулеті – Мөшкен ауылы, орыс әулеті Михаил-Меңдібай ауылы, моңғол әулеті – Иіс ауылы, ағайынды орыстар Даниил мен Давид әулеттері Даниял-Дәуіт ауылы атанған. Бұлардан басқа қалмақ, башқұрт, қытай, ұйғыр, дүңген т.б. елдердің өкілдері араласқан. Санияздар өздерін «төреміз» демейді «саниязбыз» дейді, ал Санияз төренің өз кіндігінен тараған әулеттері өздерін «саниязбыз» демейді – төреміз дейді». Осы құрама ел төрелерімен бірге Қытай сияқты алып империяның қаһарынан қалған қазақты қорғап тұрғаны сөзсіз. 

Қазақ хандары орталық билікті күшейту үшін кіші-гірім соғыстарды қашанда жүргізіп отырады. Жаугершілік тұсында қазақ рулары жауға жеке-жеке жем болмас үшін, екі тізгін, бір шылбыр өзіңде деп, бас билігін хандарына-сұлтандарына тапсырады. Жаудың бетін қайтарып, жан тыныштанғаннан кейін тәубесін ұмытып, өкпелеп шыға келеді. Міне, осындай кезеңдерде хан билігіне негізгі сүйеу болатын күш -төлеңгіттер. Олар хан ордасы маңында тек шаруашылық істермен ғана айналыспайды, сонымен бірге саяси өмірден туындайтын күрделі тапсырмаларды да орындайды. Осы себепті төлеңгіттерді біз әртүрлі елшіліктер құрамынан, сауда керуендерінің қорғаушылары арасынан, хат-хабар қызметінен, сыртқы елден келген елшіліктерді қарсы алушылар ішінен, халықаралық кездесулерден жиі көреміз. Атыраулық зерттеуші А.Шамғонов «1757 жылы Жәнібек сұлтан Петербург қаласына сапар шеккенде орыс үкіметі олардың жол ақысын төлеген. Мысалы сұлтанға күніне -50 тиын, би-батырларға -20 тиын, төлеңгіттерге-10 тиын, тілмаштарға-5 тиын, ал солдаттарға -3-ақ тиын. Осының өзі төлеңгіттердің хан сарайында алатын орнын анық көрсетіп береді»,- дейді. Төлеңгіттердің көбі Ордадағы қызметтерді бірнеше аталарынан бері атқарған кәсіби әулеттерден болды. Төленгіттердің көбі хан Ордасында қызмет істеп, сол маңда тұрғандықтан, ханзадаларға арналып ашылған медреселерде оқып білім алды. Бұл, оларға хатшылық, елшілік, шетел елшілері мен салық жинау сияқты сауаттылықты қажет ететін қызметтерді тапсыруы үшін қажет болды және аталықтар тарапынан бақыланды. 
Әбiлқайыр мен Нұралы сұлтанның өте маңызды шаруаларын тындыратын адам ретінде Байбек Ағлұқ төлеңгiт белгілі. Абылайдың 1759 жылы Қытайға жiберген елшiлiгiнiң «құрамында 25 қазақ пен төлеңгiт бар» екені белгілі. П.Рычков «кiнәлi адамдарды жазалайтын хан жанындағы ерекше қызметкерлердi төлеңгiт деп атайды»,- дейдi. 1767 жылы Қоқанд басшысы Ереденеге қарсы дайындық кезiнде Абылайдың сәлемiн ру басыларына жеткiзушiлер Дайыр сұлтан мен Көшек төлеңгiт. Абылай сұлтан 1762 жылы Орынбар өлкесінің губернаторы Давыдовқа жазылған хатында «мен өз төлеңгiттерiмдi қазақтардан кем көрмеймiн, себебi олар менiң басыбайлы жалшыларым емес. Оларды жақсы көргендiктен өз қасымда ұстаймын, бiрге көшiп жүремiн»,- дейді.

Әбiлмәмбет хан 1737 жылы қашып келген башқұрт-қырғыздарды төлеңгiт қатарына қосам деп керей руымен ренжiседi. Ханға ренжiген керей руы өздерiне сұлтандыққа Әбiлқайырдың ұлы Ералыны шақырып алды, яғни қазақ рулары хандардың қолында төлеңгiттердiң тым көбейiп кетуiн қаламаған. Төлеңгiттер хандар мен сұлтандардың ауылдарына кейде тұтас ауыл, немесе жеке үй, тiптi салт бас-сабау қамшы келiп қосыла бередi. С.Броневский Сiбiр қазақтарының төрелерiнде бұхарлықтар, ташкентiктер, қарақалпақтар, башқұрттар және қалмақтар төлеңгіт болып қызмет жасайды дейдi. Абылай ханға байланысты көптеген деректерден оның қарамағындағы төлеңгiттердiң көбi 1771 жылы Едiл қалмақтарының Жоңғарияға қаша көшуiнiң кезiнде қолға түскен қалмақ пен түркiмен екенiн бiлемiз. Кiшi жүз төрелерiнiң қолында қалмақтармен қатар башқұрттар, түркiмендер көп болды. Төлеңгiт ұстауға қатардаға төренiң бәрi мүмкiндiк ала бермеген. Олардың негiзгi жинақталған жерлерi хан мен сұлтандардың ордасы. Хан-сұлтанның қасына жиналған төлеңгіт қауымы саяси билік дағдарысқа өздерінше ру құрып немесе іргедегі қазақтың руларына сіңіп кетіп жатады. 

Түйіндеп келгенде, Төлеңгіттер институты қазіргі Қазақстан Республикасы әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің аналогы ретінде жұмысын атқарған және олар орталық билікті іске асыру құралы, орданың орындаушы әкімшілік қызметкерлері. Олар ру, тайпа, ұлыстарға басшы бола алмайды, өздерінің лауазымдарына сәйкес міндеттерін атқарды. Сол себепті төлеңгіттерді әр түрлі елішіліктер құрамында, халықаралық кездесулерде, сауда керуендерінің қорғаушылары арасында, хат-хабар қызметінде, сыртқы елден келген елшіліктерді қарсы алушылар ішінен көреміз.

Профессор Жамбыл Артықбаев