Тұтқын қолжазбасынан
07.03.2017 2212
Қазақ жерінде болған орыс тұтқындары өз қолтаңбаларында бастан кешкен күйлерімен қатар сол кездегі қазақ тарихына қатысты бірқатар мәліметтер қалдырған

Қазақ жерінде болған арнайы экспедициялар, зерттеуші ғалымдардың есептеріндегі мəліметтермен, саяхатшылардың күнделіктері мен естеліктерінде қалдырылған жазбаларынан бөлек, Қазақстанда тұтқында болған орыс өкілдерінің қолжазбаларынан қазақ халқының тұрмыс-тынысы жөнінде біраз мəліметтер аламыз. Сондай мəліметтердің бірі орыс шенеуніктерінің қазақ халқы туралы жазып қалдырған материалдары болып табылады.

Ең алдымен қазақ даласына келіп, қазақтар оны тұтқынға алған дəрігер, орыс офицері Савва Большойдың жазбасына назар аударсақ

1803 жылы қазақ даласында болған дəрігер, Бұхар сауда керуенінің құрамында болған. Осындай сапарларының Мұзбел деген жерде басынан жарақаттанып, қазақтарға тұтқынға түседі. Дəрігердің қол-аяғын байлап, дүние мүлкін тонайды. Бірнеше күн жүргеннен кейін Сырдарияға жетіп, дəрігерді төртінші адамға ұстатып, жол бойы шөлдеп, қарны ашады. Көзбен торсыққа қарап, су ішкісі келгендігін білдіреді. Бірақ қазақтар оның бұл əрекетіне еш көңіл бөлмейді. Оны қырғыздардың (қазақтардың) бір руы телеуге алып келеді.

Тоғыз ай бойы көшпелілердің арасында өмір сүріп, əр түрлі оқиғаларды басынан кешіргендігін жазып қалдырған. Қазақ сұлтаны Əбілғазымен Орынбор басшылары келісімге келіп дəрігер С.Большой Ресейге қайтады. Сонымен бұл жерден көретініміз, дəрігердің қазақтарда тұтқында болған кезіндегі жазбаларында, оның сол кездегі көшпелі қазақ қоғамына ерекше мəн беріп, олардың күнделікті өміріне назар аударған. С.Большойдың жазбасында мынадай мəлімет келтірілген: Қазақ даласына тұтқынға түскен сəттен бастап олар маған əр түрлі көзқараста болды. Алғашында мына орысты қарашы деген сөздер естіле бастады, көптеген ауыр жұмыстар жасатты. Бұл жұмыстарды жасай беретін едім, егер беретін тамақтары дұрыс болса деген. Ары қарай қазақтардың тағамы жайлы былай сипаттайды: жұмыс жасап болғаннан кейін көже береді, ал кейде ол көжені жатар алдында береді. Түс уақытында көбіне талқан жегізеді. Ет көп жемейді, жеседе кейде ғана береді. Сонымен қатар қышқыл сүт немесе айран береді, кейде оны сумен араластырып шалап жасайды. Сонда бұл жерден көретініміз қазақ қоғамында, сол кездің өзінде негізгі шаруашылығы мал шаруашылығы болғандықтан, тағамдардың барлығы сол малдың өнімі болған. Бұл көшпелі қазақ елінің мал шаруашылығымен айналысқандығын көрсетеді.  

Абылғазы Қайып С.Большойды Телеудің үйінен алып Ресейге жіберуге дайындады. Қазақтар оны көбіне Саба, Сабабай деп атаған. Дəрігер өзінің қазақ даласында болған кезінде қазақ ауылдарындағы мектептер жəне онда қандай пəндер өтілетініне қызығушылық танытып, мектептер жайлы төмендегідей сипаттап берген: қазақтардың өзінің мектебі де, мешіті де жоқ, сонымен қоса халықтың біраз бөлігі өз тілінде оқуда, жазуда білмейді. Астрологиялары да дұрыс дамымаған, бірақ əр қазақ өзінің поляр жұлдыздарын біледі (темірқазық) жəне т.б. Оларда сабақ барысында мынадай музыкалық аспаптарда ойнауды үйреткен: дудка (сыбызғы), балалайка, гудок (кобыз).

Қазақ елінің тұрмысы жайлы былай атап өткен: «үй жабдықтарына: қазан, ағаш кесе, табақтар, торсық жəне т.б. Тағамдары: қазақтардың көбіне қой, ешкі, жылқы, сиыр еттерін пайдаланады. Олар етті суға қайнатып, тұз қосып жей береді. Ол тамақты бес бармақ деп атайды, артынан сорпа ішеді. Сонымен қатар, бидай, тары жейді. Сусындарында су, сүт, ашытылған сүт (айран), қымыз жəне құрт жасайды. Қымыздарының ерекше емдік қасиеті болған. Жалпы қазақтардың киімдеріне: шапан, ол кейде жібек матаданда болуы мүмкін; тон, белбеу, шұлғау, етік, шалбар, малақай, əйел адамның көйлегі, сәукеле, кимешек, шыт, моншақ, тұлым жəне т.б.

Қазақ халқының экономикалық жағдайына былай деген: өндірісі жəне саудасы: қазақтардың өндірісінде бірінші орында мал шаруашылығы тұр. Малдан бірінші орында жылқы, қой, ешкі одан кейін сиыр тұрады.

Себебі сиыр көшіп-қонғанға ең қолайсыз мал болып табылады. Олар сонымен қатар ит, мысық асыраған. Негізгі шаруашылығы: қазақтарда балық аулау өте сирек кездесетін шаруашылықтың түрі. Олар балықты тек уақыт өткізу үшін жəне қолдары бос уақытта ермек үшін аулайды. Ал аңды аулауға өздерінің иттерімен жəне бүркіттерімен шығады. Аңды аулаудағы негізгі қару түрлері садақ жəне жебе болып табылады. Көктемде өздеріне қолайлы аймақта егін егумен шұғылданады. Олар көбінесе арпа, бидай жəне басқа да дəнді дақылдың оншақты түрін егеді. 1804 жылы Сырдарияының бойына С.Большой ең алғаш темекі егіп, оның жақсы өсетініне көзі жеткен. Бұған дəлел ретінде сол ғасырда Сыр бойында зерттеу жүргізген А.Л. Данзастың мəліметтерінен оқи аламыз. С.Большойдың қазақ еліне жəне даласына сипаттама бере келе, қазіргі таңдағы ай атаулары сияқты ол кезде де дəл қазіргідей аталғандығын, сонымен қатар тек этимологиясында біршама өзгерістер бар екендігін төмендегі жазып қалдырған құжаттан көре аламыз: «қазақтарда бір айда 30 күн, ал бір жылда 365 күн бар екендігін көрсеткен.

Дəрігердің тағы қазақ қоғамындағы мəн берген бір жайты, ол діни наным-сенімдері болатын. Сонымен қоса, жылына бір рет оларда ораза айы болады жəне ол бір ай көлеміне созылған. Қазақтар мұсылмандар, сенімдері ислам, соның ішінде суниттік жолда. Олардың басқару жүйесі хан, сұлтан, би болып бөлінеді.

Сонымен, қорыта келе қазақ елі, халқы, даласы туралы жазып қалдырған орыс шенеуніктерінің жазбаларындағы біздің елге берген сипаттамасы құнды деректердің бірі болып табылады, себебі қазақ еліне жіберілген зерттеушілер мен саяхатшылардың күнделіктеріндегі, еңбектеріндегі жазбаларында сол кездегі қазақ халқының болмысына тəн көптеген мəліметтер келтірген.

Дәулет ІЗТІЛЕУ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)