ХІХ ғасырдағы Қазақстанның тау-кен өндірісі және жұмысшылар жағдайы
03.03.2017 4158
Патшалық Ресей Қазақстанның тау-кен байлықтарын пайдалануға айрықша назар аударып, шикізатты өңдеу жөніндегі кәсіпорындарды дамытуға күш салды. Солардың бірі Қарқаралы тау-кен өндірісі

1822 жылғы «Сібір қырғыздары туралы жарғысының» негізінде құрылған Батыс Сібір иелігінің құрамына кіретін 8 сыртқы дуанның ішінде Қарқаралы ең үлкені болған.

Қарқаралы сыртқы дуаны 1824 жылы 8 сəуірде ашылған. Крассовскиийдің мəліметіне қарағанда Қарқаралы дуаны құрамына 18 болыс, 147 ауыл, 18 320 киіз үй кірген. Өңірдің халық саны ұдайы өсіп отырған: П.Кеппен мəліметі бойынша 1850 жылдары бұл аймақта 146 655 адам өмір сүрсе, ХІХ ғасырдың аяғында 171 655 адам тұрған, оның 169 656 қазақ болған.

Шығыс жəне Орталық Қазақстанда пайдалы қазба байлықтарын табу жəне өндіру ХVІІІ ғасырда орыс саяхатшыларының көптеп келуімен тікелей байланысты. 1715 жылғы И.Д. Бухгольц, 1720 жылғы И.М. Лихарев, 1722 жылғы И.Унковский экспедициялары Ертіс өзенінен Зайсан көліне дейін жəне Тарбағатай мен Жоңғар Алатауы маңында барлау жұмыстарын жүргізді. Қазба байлық орындарын алғашқы болып ашқандар баршылық: капитан И.Г. Андреев (1785 ж), атаман Телятников (1796 ж), М.Поспелов жəне Т.Бурнашев (1800 ж), Сібір корпусының аудармашысы Ф.Назаров (1813 ж) жəне И.П. Шаниндер (1816 ж) болатын.

ХІХ ғасырдың І жартысында Қазақстан территориясында алтын, күміс жəне қорғасын өндіру дами бастады. Орыстың ірі кəсіпкерлері Қазақстанның пайдалы қазбаларын өндіруді ұйымдастыруға өз қаражаттарын сала бастады.

Орталық Қазақстанда алғашқы болып кен орыны табылып, қазба байлықтар өндіріле бастаған жер Қарқаралы өңірі болып табылады. Айта кету керек, тау-кен өндірісі кəсіпкерлері емес, саудагер Степан Попов бəсекелестік жоқ кезде осы өңірде кен орындарын көптеп тауып, өз иелігіне айналдыра бастайды. ХІХ ғасырдың 20-жылдары Степан Попов жəне оның ұлдары Александр мен Николай Қарқаралы, Баянауыл сыртқы дуанында саудагерлікпен айналысқан.

Жеке кəсіпкерлерге алтын жəне басқа да кен түрлерін өндіруге ресми түрде рұқсат тек 1826 жылдан бастап беріле бастады. 1828 жылдан бастап Степан Попов Шығыс Қазақстанда алтын кен орындарын іздеу жұмыстарын кеңінен жүргізе бастады. Өз жұмысын ілгерлету мақсатында ол болыс басшыларымен жəне жергілікті қазақтармен «достық» қарым-қатынас ұстанымында болды. Қарқаралы қазақтары оны «Попоу» деп атаған. Тау инженері В.Коцовскийдің мəліметіне қарағанда Поповтың осы өңірдегі достары, яғни жергілікті аңқау қазақтар оған кен орындарын табуға атпен іздеп жүріп көп көмектескен.

1834 жылы саудагер С.Попов Қарқаралыдан оңтүстік-батысқа 90 шақырым жерде орналасқан Берікқара шатқалында ең алғашқы мыс жəне күміс-қорғасын кен орнын табады. Осы кен орындарының ашылуымен қазақ даласында пайдалы қазбаларды игерудің ұзақ тарихы басталады. Тау инженері В.Коцовскийдің мəліметіне қарағанда Берікқара кен орынының ашылғаны туралы Степан Попов 1834 жылы 22 маусымда жариялайды. Кенді алыс зауыттарға тасымалдау қиын əрі шығыны мол жұмыс болғандықтан осы өңірден зауыт ашу жоспарланды. Осылайша қазақ жерінде ең алғашқы зауыттар ашылу тарихы бастау алды.

1839 жылы Министрлер комитеті С.Поповқа күміс жəне қорғасын өндіретін Благодатно-Стефановский зауытын салуға рұқсат береді. Қу шатқалы маңынан Баянауыл жəне Қарқаралы сыртқы дуандары арасынан 7 мың шақырым жер беріліп, 10 жылға қазынаға салық төлеуден босатылады. Осыған қоса С.Попов он шақырым жерді жергілікті қазақтардан жалға алады. Бұл жерді оған Қарауыл-Қамбар болысының старшинасы Атшабар Кенджин 285 рубль 71 тиынға уақытша жалдауға береді. Орыс саяхатшысы П.А. Чихарев 1842 жылы Қазақстанның оңтүстік-шығысында болып, осының негізінде жазылған «Алтайға ғылыми саяхат» атты еңбегін Парижде 1845 жылы жарыққа шығарады. Аталған еңбегінде ол: «Поповтың кен орындарында жаз мезгілінде əдетте 33 киллограмм алтын өндіреді, жұмыс сəуір айының аяғында басталып, 10 қазанда аяқталады, шамамен 250 адам жұмыс істейді, кен орынында тек қазақтар ғана жұмыс жасаған» – деген мəлімет береді.

Бұл мəлімет қазақтардың сол кезде-ақ тау-кен жұмыстарын игергенін жəне ұлттық жұмысшы кадрларының пайда бола бастағанын көрсетеді. Біз мұндай мəліметтерді басқа да жұмыстардан таба аламыз. Мысалы өлкетанушы Н.П. Иевлев: «П.М. Зенков «Экономические заметки по Киргизской степи от Иртыша до Иссык-куля» атты мақаласында 1829 жылдары кен орындарында тек қана қазақтар жұмыс істеген» – деген мəліметті көрсетеді. Ал 40-жылдары қорғасын балқытатын пештерде шебер болып қазақтар жұмыс жасаған . Орыс кəсіпкерлері тау-кен орындарында негізінен қазақтардың жұмысын пайдаланған. Көптеген қазақтар жұт кезінде малынан айырылып қалған соң кен орындарына келіп жұмысқа тұрған. Мысалы 1839 жылы «ақ тышқан» деп аталатын жұттан кейін Локтевский зауытына келіп жұмысқа орналасуына мəжбүр болған.

Қарқаралы сыртқы дуанында Степан Попов бір жылдың ішінде, яғни 1843 жылы 359114 рубльге бағаланатын 724559 əртүрлі кен өндірген . С.Поповтың «Благодатно-Стефанов» зауыты 1844 жылы қыркүйек айында іске қосылып, жыл бойы жұмыс жасап тұрды. Зауыттың құрылысына 14000 рубль қаражат жұмсалды. 40-жылдары Қарқаралы маңында ауылдық-мекенде шамамен 200 қазақ жəне орыс отбасылары өмір сүріп, Благодатно-Стефанов зауытының құрылысымен айналысты. 1852 жылы орыс өкіметі қазақ даласына Шыңғыс-тау мен Тарбағатайдың солтүстік-батысында жəне батыс Алатауда барлау жұмысын жүргізуге капитан Татаринов басқарған экспедицияны жібереді. Барлау жұмыстары қазақ даласында əлі де игерілмеген кен орындарының көп екенін мəлімдейді.

Генерал-адъютант Анненков қаржы министрлігіне жазған баяндамасында былай деп жазады: «Қырғыз даласында алтын өндірумен айналысып жатқан жеке кəсіпкерлердің жұмыс қарқыны өте төмен…, бірақ жұмысшы жалдау жəне олардың күшін пайдаланудың арзандылығы өкіметтің бұл іске үлкен көңіл аударуына тұрарлық». Сондай-ақ, ол: «Бұл орайда Қырғыз даласы байлығы мол болашаққа уəде береді» – деп мəлімдейді.

Қазақстан территориясында кен өндірісін дамыту мақсатында патшалық өкімет 1854 жылы сұлтандарға алтын өндірумен айналысуға рұқсат беру туралы қаулы қабылдайды. Мұрағат құжаттарында 50-жылдары сұлтандардың алтын өндірісімен айналысуына рұқсат сұраған өтініштері көптеп кездеседі. 1856 жылы жаз мезгілінде Батыс Сібір генерал-губернаторы Г.Х. Гасфордтың атына Қарқаралы сыртқы дуаны Нұрбике-Шаншар болысының биі Тəттібет Қазанғапов келесідей өтініш жазыпты: «Сібір қырғыздарының жерінде алтын өндірумен жəне басқа да пайдалы қазбаларды табу мақсатында сізден осы іспен айналысуыма рұқсат сұраймын».

Ал 1857 жылы 11 наурызда Алтай зауытының басшысы Қарқаралы сыртқы дуаны Нұрбике-Шаншар болысының биі Тəттібет Қазанғаповқа «жеке кəсіпкер ретінде алтын өндірісімен айналысуға рұқсат қағазы беріледі». Тау-кен орындарындағы жұмысшылардың жағдайы өте төмен дəрежеде болды. Сол себепті де қазақ жұмыскерлері кен орындары мен зауыттардан қашып кетіп отырды. Осыған орай Шығыс Сібір басшылығы қашқындарды ұстап алып келген алтын өндіруші кəсіпкерлерге 1 рубль 50 тиын мен 3 рубль аралығында қаражат төлеп отыру туралы ереже қабылдайды. Бұл ереже бірінші кезекте саудагер, жеке кен өндірушілерге қатысты болды. Ал олардың кен орындарында негізінен қазақтар жұмыс істеді жəне олар бұл жердегі жағдайға төзбей жиі қашып кетіп отырған. Кен орындарында 100 қазақ жұмысшысына бір орыстан тең келді. Сонымен қатар əйелдер мен балалардың да еңбегі қолданылды. Əр бір 100 еркек жұмысшыға 27 əйел мен 13 бала жұмыскерден тең келіп отырды. 1838 жылы қабылдаған патша жарлығы бойынша түскі ас уақытын қоспағанда 15-16 сағат жұмыс деп белгіленгеніне қарамастан кен орындарында жұмыс уақыты 18 сағатты құрады. 1868 жылы «Дала өлкесі» атты газетте кен орындарындағы жұмысшылар ерте таң атқаннан күн батқанға дейін жұмыс істейді, үстеріндегі киімдерінің ескілігі соншалық жазды күндері киімсіз жүреді. Жұмысшылар күніне 15-20 тиын еңбекақы алады. Осыған қоса олар жұмыс құрал-саймандарын өз қаражаттарына сатып алуға міндетті болды жəне кен орындарында қауіпсіздік техникасы мүлдем сақталмаған. 1856 жылы Благодатно-Стефанов зауытында 260 адам жұмыс істеген, оның құрамына 12 бақылаушы, 42 ерікті жалданушы,12 қазынаның адамы жəне 203 қырғыз жұмысшысы кірген. 1862 жылы Қарқаралы өңірінде алтын мен басқа да пайдалы қазбаларды табу жəне өңдеумен айналысатын 89 кен орны ашылған, оның ішінде күміс пен қорғасын өндіретін 9, мыс 50 жəне тасты көмір шығаратын 7 орын тіркелген… Поповтың Богословский, Самамбет, Бесшоқы, Петров, Белозер, Қызыл-Испен, Қайрақты, Кеншоқы, Сары-Тугомбаев, Құтантау, Керегетас, Тай, Пұшық, Бий, Тел-Адыр кен орындарында 1862 жылы 26,715 пұт күміс-қорғасын, 100 пұт қорғасын, 22230 пұт мыс өндірілген.

Көріп отырғанымыздай, ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Қарқаралы өңірінде кен орындары көптеп ашыла бастаған. Əрине бұл жерде қазақ даласының пайдалы қазбасын тонау мақсатында келіп, кен орындарын бей-берекет қазып тастап, жергілікті халыққа өз зардаптарын тигізген орыс өкіметі іс-əретін ашып айта кету керек.

Сондай-ақ, бұл кен орындарында қазақ жұмысшыларының еңбек күші өте арзан бағаланған. Ал жұмыс күнінің ұзақтығы, жалақы деңгейі мен кен орындарындағы ауыр жағдай қазақ жұмысшыларының əлеуметтік деңгейінің өте төмен дəрежеде болған деген қорытындыға келтіреді.

Дәулет ІЗТІЛЕУ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)