Абайдың саяси қызметі
29.11.2019 2642
Күнтудың бастамасымен бөлінген болыстықтар ауыл арасында небір араздықтар тудырады.Осыны терең бажайлаған Абай 1889 жылы Олжай мен Күшік руларының Шыңғыс болыстығына қайта қосылуына көп қызмет етеді.

 

Көпшілік Абай Құнанбаевтың есімін тек әдебиет әлемімен ғана байланыстырып жатады.

Алайда, Абай тек ағартушы-ақын, композитор, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы ғана емес, сонымен қатар, қоғамдық және саяси қайраткерлердің бірі болған. Осыған орай «Qazaqstan Tarihy» порталы реформатор Абай Құнанбаевтың саяси қызметтегі жүрген жолдары мен  көрген қиындықтары хақында деректер ұсынуды жөн көреді. 

Құнанбай балаларының ішіндегі ең қабілеттісі Абай-тұғын. Ол он үш жасында ру арасындағы мәселелерге белсенді араласып, тәжірибе жинап, әкесі Құнанбай қажының саяси қарсыластарына қатысты қарсы уәж айтып отырған. Әрине, ру арасындағы көп дау-дамайға байланысты бұл билікте оның кей төрелігі  бірде сәтті болса, бірде сәтсіз болып жатты. Жиырма жеті жасында Абай ең маңызды деген жеңіске қол жеткізді. Сол кезде Оразбай Аққұлыұлының ауылында болыстыққа сайлау өтеді. Бұл сайлауға Абай еш жақындарынсыз жалғыз келіп, інісі Ысқақтың болыс болып сайлануына жағдай жасайды. Әкесі Құнанбай қажы Оразбай сияқты жандармен әмәнда әңгімесі жараспайды деп санағана Абай, Оразбаймен ұзақ жылдар бойы достық қарым-қатынаста болады. Абай Оразбайды жау санамаған, осы үшін әкесімен бірде ауыр әңгімелерге де келіп қалады. Абай үш рет кезегімен Ысқақтың болыс болып сайлануына қол ұшын береді. Бірде Ысқақтың үшінші рет болыс болып сайлануының алдында Абай оның ауылына келеді. Ысқақ әлі төсектен тұрмаған екен. Оны күте-күте шаршаған ақсақалдар түске таман тарқай бастайды. Сол кезде Абай Ысқақты шақырып алып, былай дейді: - Әне қара, Жиренше келе жатыр. Оның не ойлап келе жатқанын білесің бе? – Жоқ,- дейді Ысқақ. – Ол алдағы сайлауда өліп кетсе де сен үшін дауыс бермейтінін деп ойлап келеді. Ысқақ болыс болған осы он жылдың бедерінде халық арасында ол туралы ешқандай жақсы пікір қалмаған. Атап айтқанда, «Абай жолы» романында Ысқақ әйелімен съезге келгенде олар үшін жеке киіз үй тігіліп, мал сойылып, ойын-сауық ұйымдастырылатыны айтылады. Оның үстіне Ысқақтың ашуланса алдындағы адамның жасы мен беделіне қарамастан сойып салатын қылығы да халықтың шамына тиетін. Ысқақтың ойынша болыстықты басқару үшін халықтың пікірін білу онша маңызды емес деп санайтын. Құнанбай балаларының ең кішісі  Оспан екендігі мәлім. Ол кең пейіл адам болған. Сыртқы тұрқы қарапайым болып көрінгенімен, оның Ысқақтан басты айырмашылығы,  әрдайым өзінің ісіне есеп беретін. Балаларының ішіндегі Абайдан кейінгі ең ақылдысы да осы Оспан-тұғын. Абайдың Құдайберді деген ағасы  болған. Екеуі ұзақ жылдар бойы араз болып жүргенімен, өлерінің алдында екі-үш жыл бұрын Құдайберді Абаймен татуласып мәмілеге келеді. Ысқақ болыстығының үшінші мерзімі өткен соң, бұл лауазымға Абай Құдайбердінің ұлы Шәкәрімнің есімін ұсынады. Ол жуырда ғана жиырмаға  толған болатын. Шәкәрім  болыс болған соң, ол айналасына құпия түрде өзінің жақтастарын жинай бастайды. Бірақ, бұдан  еш қайыр болмайды. Келесі сайлауда болыс қылып қайыра Оспанды сайламақшы болады. Бірақ оның кандидатурасына рубасылары мен Шәкерім тобы қарсы шығады.  Өстіп, ұзаққа созылған таластан кейін болыс болып Оразбайдың жақтасы Күнту сайланып кетеді. Сайлау нәтижесі белгілі болғаннан кейін Ысқақ Абайға келіп: «Халық Күнту жағына шығып кетті. Олар сені алдап жүр»,- дейді. Бұл оқиға шамамен 1884 жылы болған еді. Бұл кезде Абай қатты науқастанып, достары мен қоршаған ортадан көңілі қала бастаған кез еді. Күнту болыс болып тұрған кезінде Олжай руының Мұқыр болыстығына, ал Оразбайдың руы Күшіктің Бұғылы болыстығына өтуіне қол жеткізеді. Бұдан басқа, болыстықтың жаңадан жасақталған құрамы Абайға қарсы небір қастандық ойластыра бастайды. Оны туған жерінен аластатып, алысқа жер аударып жіберу мақсатында небір әрекеттер ұйымдастырылады. Алайда, бұл жоспардың орындалуына Семейге генерал-губернатор Лосовскийдің келуі көп кедергі болады. Ол Абайды қудалау туралы үкімді оқығаннан кейін, Абайдың өзімен кездеспекші болады. Екеуара қандай әңгіме болғаны әлікүнге белгісіз, бірақ ақырында генерал-губернатор Абайға: «Сен – өз заманыңнан асып туған адамсың» деп қорған болады. 1886 жылы генерал-губернатор Күнтуды болыс лауазымынан алып, оның орнына қайтадан Шәкәрім тағайындалады. Оның келесі жылында, яғни 1887 жылы, Шыңғыс болыстығына болыс болып қайыра Оспан тағайындалады. Күнтудың бастамасымен бөлінген болыстықтар ауыл арасында небір араздықтар тудырады. Осыны терең бажайлаған Абай  1889 жылы Олжай мен Күшік руларының Шыңғыс болыстығына қайта қосылуына  көп қызмет етеді. Сол жылы Оспан қайтадан болыс болып сайланып, руаралық бейбіт келісімге қолжеткізген Абай бар істі Оспанға тапсырып, өзі толығымен ғылыммен айналысуға бет бұрады. Оспан басқарған осы үш жылдың ішінде Абай көптеген өлеңдер жазып, ән шығарады. 1891 жылы Оспан мен Оразбайдың арасында туған өзара келіспеушілік Абайдың тыныштығын бұзады. Бастапқыда Абай оларды татуластыру үшін бар күшін салады, бірақ бұдан еш нәтиже шықпайды. Абай бұл тартыста інісінің жағына шығады. Ал оның тағы бір бауыры Тәңірберді болса Оразбайдың жағына шығып кетеді. Оның бұлай істеуінің өзіндік себебі де бар еді. Тәңірберді ерте қартайып, баласы Әзімбайдың дәргейінде болады. Ал, Әзімбай қабілетті жігіт болғаныменен, салауаты жоқ жан еді. Сөйтіп Әзімбай билікті тартып алу арқылы құрметке бөленуді жөн санап, бауырларынан бас тартып, олардың жауларымен бірігуді мақсұт тұтады. Басқа руды билеуді сылтау етіп, Оразбаймен құда болады. 1892 жылы Оспан дүниеден өтеді. Ол қайтқаннан кейін араздықтың бар ауыртпалығы Абайдың иығына келіп түседі. Оспанның мүлкі үш ағасына бөлінеді (Ысқақ, Тәңірберді мен Абай). Абай Еркежанға үйленіп, соның қолына көшіп барады.  1893 жылы сайлау болып, онда Оразбай мен Күнту Бұғылы мен Мұқыр болыстықтарына болыс болып сайланса, старшындар мен ақсақалдар Абайды Шыңғыс болыстығының болысы етіп тағайындайды.