«Қайырымды қаланың тұрғындары»
18.11.2019 2624
«Патшаң түзік болса, жердің беті,- патшаң бұзық болса, жердің асты қызық» дейді бабатаным.

 

                                         «Жерұйық» идеясы

                                        I

Бұл мақаланың бастапқы қаңқасы теледидардан берілген христиан ғалымдарының  жұмақты  жер үстінен іздеген деректі фильмін көріп отырғанда қаланған еді.  «Эдем» бағын  іздеген экспедициялық топ біраз жердің бетін шимайлап шалдыққандарын айтады. Тылсымға  таған тартқан осындай жұмбақ тақырыптың бірі Шамбала  шаһары. Орыс суретшісі Н.Рерихтың шығармалары арқылы орныққан бұл ұғым өз алдына ұзақ бір хикая. Діни әпсанадан белгілі, жалғыз түйір жемістен ауыз тигені үшін адам баласы  жұмақтан жер бетіне қуылды. Бұл құпияның сыры талай мықтылардың маңдайын уқалатқан ауыр сауалға айналып, сүбелі біршама еңбектердің жазылуына себепкер де болды. Әрине, бұған көлденең тартар біздің де өз көзқарасымыз бар. Бәлкім, жұмақтан аласталған  адам тағдырының астарында «Бұдан кейінгі тұрағың  жер, ендігі «жұмақты» жерден  жасайсың» деген миссия тұрған да шығар. Бұл Алланың адамзат баласына жүктеген аманаты секілді. Дөңгелек дүниенің барлық игілігі адамға аманат етілсе, біз ЖЕРДІ  неге ғана  «сынақ» пен «жалған дүниенің» образына айналдырып алдық. Көз тіріңде көруге тиіс жақсылықты неліктен көрден кейінгі «ұжмақ» ұғымына оп-оңай-ақ айырбастай салдық. Маған салсаңыз, адам  тағдырын аяқ асты етіп алжастырмақтың  алғашқы  арамза ойы да дәл осы жерден басталғандай сезіледі. Осы ойдың негізінде «жұмақты» (тікелей емес) жерден гөрі, көрден  іздеткен көрсоқыр пәлсапалар пайда болды. Өмірдің мәнін терістеп, өлімнің нарқын арттырған  мұндай ұғымдар көбіне бойына саяси әтір мүңкіткен діни догманың дерегі-тұғын. Бұл есер «патшалардың» елді есалаң қылып ұстаудың таптыртпас  технологиясы десек те болатындай. Себебі бұл дүниеге «жалған» әм «өтірік» деп баға беріп, соған шын жүрегімен иланған жамиғаттың өзі өмір сүрген қоғамнан шындықты талап етуге құлқы да болмайтын (Міне, оларға керегі  де осы. Елді дипломатиялық басқарудан гөрі діни басқарудың жасы (тәжірибесі мен тарихы) әлде қайда  әрі де жатқандығын  тағы  бір есіңізге  түсіріңіз). 

Ендеше жерден «жұмақ» іздеген деректі фильмдегі ғалымдардың әрекеттеріне  әсте күлуге болмайды. Бұл да біздің таным тарихымызда дерегі қалған нәрсе. Желмаясын  желдіртіп «Жерұйық» іздеген  біздің бабалар идеясының түпкі тіні де осы-тұғын. Бұл идея  тек көшпенділердің ғана емес,  жер жаралып, су аққалы бергі жер үстіндегі  небір жансебіл  жаугершілік пен зұлым патшалар билігінен жалыққан исі адамзат нәсілінің  ортақ мұраты  болуы да ғажап емес. Осы бір идея бүгінгі «тіршілігімізден» жерініп  батысты (Еуропаны) аңсаған  бейнемізді  де  еске салатындай. Өмірге келген әрбір адам  бақыттың дәмін татып тамаша тұрмыс кешуге хақылы.  Әрбір жан иесі сол үшін де жарық дүниенің есігін айқара ашты ғой. Осы бір (табиғи) арман-тілектің өзі  жер бетінің басты миссиясын бейне бір анықтап тұрғандай. Сонда біздің бақытты  бола  алмауымызға басты кедергі не? Неге бір ғұмырымыздың  берекеті  кетіп,  шат-шәлекейі  шығады?

Жерұйық – бұл  ЖЕРДІ  тек тіршілік дейтұғын  аяр тартыстан ғана  тұрады деп тәпсірлейтін топас сценарийді тас-талқан қылатын жасампаз ұғым.  Ендеше, жер бетіне  «жұмақ» орнатуға  бола ма өзі?  Сұрақ қойылған екен.  Қанеки,  жауап  бермекке  талаптанып  көрелік.  

    

                                       «Ғақли көзбен қарасаң...»

                                      II

Адамзат  нәсілінде  Алланың жамалына шомылған айтулы тұлғалар болады. Олар жаратылыс пен  ондағы адам баласының  рөлін толыққанды  түсіндіріп бергендігі  үшін де қария тарихтан кемеңгер есімін иеленді. Осындай данышпанның бірі Тұран топырағының тумасы Әбунасыр әл-Фараби. Ол жер үстіне «Жерұйық»  орнату идеясын толыққанды  дәлелдеп, 948 жылы Мысыр шәрінде «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы»  атты трактат жазған.  Қайнар бастауы  Аристотель мен Платон хакімдерден  таған тартқан  «мінсіз мемлекет» идеясын  әл-Фараби одан ары  дамытып, ғылыми тұрғыдан толыққанды дәлелдеп берген. Ғұлама мұндай пайымға сөзсіз, адамдағы  ар мен ұят, сана мен жүрек  атты танымдық құндылықтарды етене зерделеу арқылы келгендігі анық. Әл-Фараби: «Әрбір адам екінші адамның өмір сүруіне қажетті үлесін беретін, бір-біріне көмектесетін адамдарды біріктіру арқылы ғана табиғатына сай жетілу дәрежесіне ие бола алады.  Бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын халық – қайырымды халық.  Егер  халықтар бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отырса, бүкіл ғалам қайырымды болмақ» , дейді.  Данышпан бұл идеяның  орнығуына  ел басқарған басшының (патшаның) атқарар  еңбегінің  қыруар екендігін айтады.  Рас, бағзыдан келе жатқан бұлжымас бір қағида бар ғой. Қараша халық қашанда ханға қарап бойын түзеп, хан қалай болса қалғандары да соны қайталайды емес пе?!  «Патшаң түзік болса, жердің беті,- патшаң бұзық болса, жердің асты қызық» дейтін бабалар танымы да осы ғой. Демек, барлық төмендегі атқарушы атаулы сол елді билеген  патшаның кішкентай көшірмесі мен моделі деуге болады.

Ел басқаруды «қайырымды» және «қайырымсыз» деп екіге бөліп қараған ғұлама қарашаны қайырымды басқару дегеніміздің өзі  сол халықтың ерік-жігері мен әдетін мәдениетке тәрбиелеу, ал қайырымсыз хан (басшы) басқарған  елдің бойынан ең бірінші көрініс беретіні  әділетсіздік пен озбырлық дейді. Біз бұдан қайырымдылық идеясының сән-салтанат құрып, жер үстінің мамыражай  ғұмыр кешуіне аталған қауымды басқарған басшының тікелей қатысы бар  екендігін  бағамдауымызға болады. Ең бастысы, оның қолында телі мен тентекті тезге салар  жоғары билік  бар.  Абайдың да «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» деп айтып отырғаны да осы ғой. Мәртебелі биліктің қолынан  келер құзырет пен адам ақыл-ой қабаттарындағы дәргейді терең пайымдаған кемеңгер, таным баспалдағындағы мынадай «ғақли» және «жаһли» деген екі белдеуді ашалап көрсетеді. Бұл әл-Фараби идеясының ең басты кредосы десек те болады. Данышпанның ойынша, қараша халықтың қайырымды немесе қайырымсызға айналуы, сондай-ақ жер бетінің  «жұмаққа» я болмаса «тозаққа» ұласуы дегеніңіз тек адам танымына ғана қатысты екен. Қайыра  айтамыз,  тек адам танымына ғана қатысты.

 

                                        «Ғақли көзбен қарасаң

                                         Дүние ғажап сен есім.

                                         Жаһли көзбен қарасаң,

                                         Дүние қоқыс, сен мешін», дейді  әл-Фараби.

Ғұламаның бұл жердегі «ғақыл» деп отырғаны «нұрлы ақылға» жеткен өркениетті қоғамның парасатты адамы. Осы парасатты адамның ТАНЫМ ТЕРЕЗЕСІНЕН дүниеге қарасақ, өмірдің мәні мүлде басқаша. Мәселен, «ғақли көз», «ояу жүрек» үшін  жап-жасыл желек жамылған орман ағашы  Құдайдың тіл жетпес, ғажайып хикметі болса, «жаһли көз» үшін ол отқа жағатын тек тамыздық қана. Ендеше «жаһли көзбен» қалған қоғамның адамы тұрмақ  ұшқан құсы мен жүгірген аңы да бақытсыз екен.  Неге десеңіз, мұның бәрі де адам танымының тұралап,  артта қалуымен тікелей байланысып  жатыр.

Жақында ғана Лондон шаһарының ішінде ерсілі-қарсылы жортып жүретін түз аңдары мен аталған осы қаланың шетінде тұратын қарт әженің қолынан күнделікті жем жеуге келетін даланың он бұғысы туралы бейнетаспаны көргенде  көзіме жас іркілді. Қарт Еуропа үшін бұл қалыпты ғана жағдай  екен. «Жаһли көзбен» қалып «мешіндік» мешеу халге түскен біздің қоғамның  көзіне  бұл он  бұғы емес, он соғым болып елестейтін шығар. Осы бір мысалдарға қарап отырып-ақ «қайырымды қоғам» үшін «Ерте, ерте, ертеде елік пен адам дос болыпты» деп  басталатын  ертегінің  ендігі әрі еш өтірік емес екендігін, мейірім атаулының алдына тек адам ғана емес аң мен құс та бас иетіндігін көресің.

Қызық, қолымызға түскен құжаттар мен деректерге қарасақ,  «...Әлгі әл-Фараби деген «молданың» идеясы қып-қызыл утопия емес пе» деп социалистік жүйенің «ғалымдары» біршама шу шығарыпты. Мұндай ергежей түсінік пен мүгедек танымды мүсіркей отырып,  хакім Абайдың «Өзі шошқа өзгені ит деп ойлар...» пайымының  шүбәсіз  шын  екендігіне  тағы  бір иланасың. Ресейді алып табытқа теңеп, тоталитарлық қоғамның қанды тақсыретін «Біз тіріміз» (Мы живые) романына өзек етіп, өзі  Санкт-Петербург топырағында туып, АҚШ-та дүние салған  америкалық жазушы Айн Рэнд (Алиса Зиновьевна Розенбаум): «Жұмақты» сырттан іздеудің  қажеті жоқ. Ол өмірің.  Ал өз өмірінен «жұмақ» жасау  әркімнің құзыретінде» дейді. Рас, кеңестік казармада тәрбиеленген біздің жендет санамыз үшін аң мен адамның диологы әзірге бола қоймас. Еріккендердің ермегіне айналған бейуаз аң мен шырышы бұзылған тұмса табиғаттың бүгінгі сүреңсіз бейнесін көріп, кеудеміздегі соққан ет жүректің шынымен-ақ «сау» емес екендігін сезесің. Абзалы аң атаулы біздің ішкі «хайуандығымыздан» қашып алыстап кеткендігін тіпті де аңдамайтын секілдіміз (Себебі адам кеудесінде «аң» мен «адамға» деген екі жүрек пен екі мейірім  болмайды  ғой).

Соңғы жылдары жастар арасында Әл-Фарабидың «Бақытқа жету» ілімін «батысқа кету» деп тәпсірлейтін жаңаша бір көзқарас пайда болды. Бәріміз  Америка асқанмен, біздің  жерімізге келіп біреудің «Жерұйық»  жасап  бермесі тағы да анық  қой. Осындайда Қожанасырдың үйінде жоғалған кілтін «мынау жер жарықтау екен» деп сырттан іздейтін хикаясы еске түседі. Аталған хикаяны: «Бұл астарлы әңгіме. Мұндағы кілт – рухани құрал. Кей адамдар рухани азықты ең алдымен өз атамекенінен, дәстүрінен, мұрасынан іздемей сырттан іздеп адасатынын меңзеп отыр» дейді Амангелді Айталы. Әрбір өмірге келген тіршілік иесі өз топырағында тұрып-ақ та бақытты болуға тиіс. «Қайырымды қала тұрғындарының» түйіні  де осы.  Қарашаның  обалы мен сауабын білетін парасатты патша билеп,  халқы әділ низамға бағынған кез келген елдімекен  «Жерұйық» болуға әбден лайық екен. Адамның ойы жеткен жерге қолы да жететінін ғұлама өз трактаты арқылы осылайша дәлелдеп беріп отыр.  Естеріңізде болса, мақаламыздың басында Шамбала шаһары  туралы  шағын  ғана  сөз  шығындаған  едік.

«Шамбала – бұл пәнидің қарапайым пендесінің көзімен көруге болмайтын, қай жерде орналасқандығы, қандай жолмен баруға болатыны белгісіз ғажайып ел, тек рухани тазалықтың жоғары шегіне жеткен адам ғана осы елге апарар жолды табуы мүмкін. Шамбала – рухани энергияның барынша шоғырланған нүктесі, кеңістігі», дейді Серікбол Қондыбай. Жасындай жарқ еткен осы бір ғажайып есім әл-Фарабидың мың жылдардан  кейін  қайыра келген  рухани  ізбасары  секілді.  Қалай  десек те Шамбала шаһары аңыз арқылы айтылса да,  ел санасына  әбден орныққан ұғым.  Не нәрсені болсын тікелей түсінудің оңға бастамасы  анық  қой.

Әл-Фараби мен Серікбол ишаралаған жұмбақ шаһардың  жауабы әркімнің таным қақпасының сыртында. Ал, қақпаның кілті: «Қиянатсыз ойлауды меңгергенде, қиялыңның бәрі де шынға айналар» (Тыныштықбек) пайымының  төрінде   ілулі  тұр...