Қайрақбайдан қалған 140 күй
29.06.2018 3291
Екі күннен кейін Ұлттық домбыра күні алғаш рет атап өтіледі. Осыған байланысты NDH порталы ғалым-жазушы Зейнолла Сәніктің күйші әрі ел билеуші Қайрақбай Шәлекенұлының күйлері жайлы зерттеуін ұсынады

Қайрақбай – ең әуелі өнері сыбызғыдан басталып, әу баста «сыбызғы пірі» атанған адам. Кейін өз күйлерін домбыраға түсіріп тартқан. Оның алғашқы шәкірттерінің бірі Заманбек Әнжанқажыұлы (1888-1944) өз баласы Әнжаннын баласы, яғни немересі. Ол да үлкен күйші атанып, ата күйлеріне мұрагерлік істеген, әрі оны домбыраға түсіріп, кейінгі ұрпаққа жеткізген адам. 1940 жылдары ол Мамырбек ауылында болған бір тойда бір жерде отырып, 140 күй тартып: «Мұның бәрі атам Қайрақбайдан қалған асыл мұра» дегенін көз көргендер кейінгі күнге дейін әңгімелеп жүрген. 1980 жылдардың басында Іле облыстық мәдениет мекемесінің мәдени мұраларды зерттеу кеңсесінен Баяқын Әлімбекұлы мен Дәулет Халықұлы арнайы Тарбағатай аймағына келіп, сол кезде көзі тірі қариялардан, Қайрекеңнің әулеттерінен сол ердің өмірі мен шығармалары жөнінде мол дерек жинақтайды. Арғы дүниеден мол хабары бар Ілияс Сүлейменұлы (1902-1989), Әнуар Қоңқақұлы (1924-1988) сияқты шежіреші қарттардан ауызекі деректер алып, олардың лебізін дыбыс таспасына түсіріп, әйгілі сазгер, күйші Қайрақбай өз өмірінде 140-тан артық күй шығарғаны, оның 40-тан астамының аты аталып, түсі түстелгені анықталған. Сол негізде олар 1985 жылы «Күй қайнары» атты кітап шығарып, оған Шинжаңда өткен төрт үлкен күйшінің өмірі мен еңбектерін жариялаған.

Күй мамандарының зерттеуіне қарағанда, Қайрақбай уйлерінің өзіндік ерекшелігі бар, бөгенайы бөлек салкын азлы. Қоңыр әуенді, үнінен үлкен тыныс байқатып тұратын, шертiлiсiнен шешендік сөздер төгіліп жататын Шығыстың шырын шертпелері болып келеді екен.

Алаштың 62 қоңырының туған топырағы біздің қазіргі мекеніміз – қазақ даласының шығыс өңірі екендігі жазылып та, айтылып та келеді. Сонау Қорқыттың «Қоңырынан» Қайрақбайдың «Қоңырына» дейінгі аралықта сан ғасыр өтіп, сан алуан өзгерістер болғанымен, ол батыс қазақтарының 62 ақ желеңі және қырғыз бауырларымыздың «62 қамбарханымен» қатар өмір сүріп, біздің дәуірімізге жеткендігін мақтанышпен атауымызға болады. Сонда бабаларымыздың сол бір асыл сазын арманына жеткізіп, ұрпаққа жалғаған, әрі оны жасампаздықпен дамытқан сазгер әрі күйші атамыздың даналығы мен дарқан таланты алдында бас иіп, құрмет білдіруге келеді. Қайрақбайды өз күйлерінің атасы әрі ұстазы деп білген Тарбағатай өңірінің белгілі күйшілерін зерттеуші жас сазгер, әрі домбырашы Мұқаш Таңғытұлы Қайрақбай күйлерін зерттеуге айрықша ден қойып, өзінің «Шығыстың шырын шертпелері» деген кітабының алғашқы бетін Қайрақбай атасының енбектерімен ашқандығы мәлім. Қайрақбайды Қазақстан еліне таныстырып жүрген де осы Мұқаш Таңғытұлы («Жұлдыз» журналы, 2000 жыл, 2-сан). Сондықтан біз оған таудай алғыс айта отырып, алдағы сапарына сәттілік тілейміз. Қайрақбай күйлерін зерттеген Әнуар Қоңқақұлы Және Мұқаш бауырымыз Қайрақбай күйлерін үш топқа бөліп, талдау жүргізген:

«Қоңыр күйлер» шоғыры. Бұл топқа Қайрақбайдың «Майдақоңыр», «Молқоңыр», «Мұңлы қоңыр», «Телқоңыр», «Желқоңыр», «Қоңыр қаз», т.б. күйлері жатады. Бұл күйлерді кезінде Қайрақбайдың немересі, әрі белгілі күйші Заманбек Әнжанұлы «Атамның алты қоңыры» деп күй басы ретінде шертіп, елден-елге таратқандығы айтылады. Сонымен бірге бұл күйлердің өзіндік шығу тегі, хикаясы барлығын да кеткен жен.

«Майдақоңыр». Қайрақбай алып денелі, батыр мүсінді адам болыпты. Айтушылар ол кісінің салмағы 12-13 бут болатын, жөпшеңкі ат алып жүре алмайтын, көп жағдайда алыс жолға қосар ат алып жүретін адам екен. 12-13 бұт салмақ қазіргінің 200 килограмына тура келеді. Сонымен, Қайрeкeң болыс сайланып, бір сапарда жолдас-жораларымен ауылына қайтып келе жатса, бір қоңыр атқа мінген жігіт артынан қуып жетіп, сәлем береді де, су жорға жүрісімен ағызып өте шығады. Бұған шамырқанған Қайрақбай: «Әй, жігітім, неге асығып барасың, әңгімелесіп, қатар жүрсек болмай ма?» – дейді. Сонда әлгі жігіт: «Ағасы, мен асығып бара жатқан жоқпын, атымның басы қатты еді, өзінің қалыпты жүрісі осы, тарта беруге қол шыдатпайды», – деген екен. Қазақ «ерге лайық ат болады» деп тегін айтпаған ғой, кісілік құрып, билік тұғырға отырғандарды «елдің атқамінерлері» деп атайды. Сондықтан болса керек, Қайрeкeң осы атқа айрықша қызығып, оны 100 тұсақ қой, бір түйе беріп, сатып алады. Кейін осы қоңыр ат Кайрақбайдың тақымына жағады да, ол жас болыстың жиын-топтарға мініп баратын төл атына айналады. Күйші осы атының судай аққан майда жүрісіне дән риза болып, соған арнап «Майдақоңыр» күйін шығарыпты.

«Телқоңыр». Жоғарыда айтқанымыздай. Қайрақбай өзіне лайықты атты таңдап, баптап мінетіндіктен, бір күні жылқышысына: «Мініп жүрген атым қартаң тартып калды, жылқыда маған лайық ат бар ма?» – деп сұраған екен. Сонда Қайрекеңе жылқышы болып жүретін Қарасирақ деген адам: «Құлын күнінде жетім қалып, екі енені тел еміп өскен бір қоңыр бар еді, биыл алтыға шықты, үйретіп, жаратып берейін, мініп көріңіз», – деген екен. Осы ат кейін келе Қайрекеңнің тақымына жағып, көңіліне ұнайды. Бір кезде төбе би арғын еліне бір дауды шешуге барып, қағаздастыратын кезде Қайрекеңнің мөрі ұмытылып, үйде қалып қойған болып шығады. Осындай шұғыл жағдайда Төбе би астындағы Телқоңырын Қиқым деген атқосшысына беріп, мөрді тезірек алып келуге бұйырады. Сонымен қиқым 5 күншілік жердегі ауылдан әлгі мөрдi екі-ақ күнде әкеліп үлгереді. Атының сол жүрісіне риза болған күйші «Телқоңыр» деген күй шығарып, сол ауылда алғашқы үлгісін қалдырған екен. Бұл күйдің мелодиясы, шертілуі халық күйі «Телқоңырдан» мүлде басқаша, өзіндік стиль-ырғағы, өзіндік ерекшелігі бар күй.

«Салкүрең». 1858 жылы жайлау уақытында Қайрақбайды Тоғас елі қонаққа шақырады. Қонаққа шақырушы адам қазіргі Шәуешек ауданының Ойжай Көлі атанған жерді жайлайтын Тоғас елінің әйгілі биі Сасан би екен. Кайрақбайдың жанында өзінің жастай баулып жүрген мұрагер күйшілерінің бірі – Кербез Өмір деген азамат бар екен. Сасан бидің ауылында болған күннің ертеңінде Сынтас деген жерде отыратын Жадыра би ауылына шақырып, күй тартқызады. Сол кезде сол ауылға мініп барған Салкүрең деген атына ел айрықша қызығып, оның түр-тұлғасы, жүрісі жұртқа ұнаған екен. Сонан әсерленген Қайрекең толқып отырып, «Салкүрең» атты күй тартыпты. Сол күннің ертеңінде ауылы аралас, малы қоралас отырған Тұмар деген ауылына шақырып, Қайрекеңнің күйін үйіне апарып тыңдауға тәнті болыпты. Төбе би өзі бірқыдыру күй тартқаннан кейін домбырасын жанындағы жас күйші Кербез Өмірге берсе керек, ол Қайрекеңнің Жадыраның ауылында тартқан «Салкүреңін» қайта тартканда өзіндік бір тамаша ырғақтар қосқан екен, жантайып жаткан Қайрақбай басын жұлып алып: «Үй, өзің жұтындырып жібердің ғой», – деп Кербез Өмірге өте бір ризашылық әлпетпен қараған екен. Сонда Кербез Өмір: «Би аға, әлгі Жадыраның ауылында отырғанымызда бұршақ аралас бір жаңбыр жаумады ма, жануар Салкүреңнің еті мұздап, ширығып тұрса керек, ауылдан шыға жөнелгенде бір керемет ойнақы жүріске басты ғой, мен сіздің күйіңізге сол жүрісті қосып қойдым...» – деп әлгі күйді қайта орындап шығыпты. Осы сапарда Қайрақбай би Сасан ауылында үлкен қошаметке бөленіп, үлкен риза-хоштықпен аттанады. Кейін келе екі ауыл құдаласып, Сасан би өзінің 18 жастағы қызы Ырғайшаны Қайрақбайдың ағасы Байбөпенің Әдiке деген ұлына беріп, тығыз жұраттық қарым-қатынас орнатады.

Күйшінің «Желқоңыр», «Мұңлықоңыр», «Алтайкер», «Қызылкүрең», т.б. күйлерінің де өзіндік аңыз-әңгімелері бар. Қыранның қияғынан, тұлпардың тұяғынан, даланың майда лепті желінен, толқыны тоғысқан көлінен шабыт алып, соларды күй тілімен халқына арнап жататын қадірменді күйші бабаның бұл тақырыпта басқа да күйлері болуы мүмкін.

 

Әзірлеген Заңғар КӘРІМХАН