Н. Назарбаев: Ел бірлігі – ең бірінші, қазақтың бірлігі
05.03.2018 1969
Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысына қатысып, халыққа үндеу жолдады

Құрметті қазақстандықтар!

Наурыз айының еліміздің Тәуелсіздік күнтізбесінде ерекше орны бар.

Біз көктемнің алғашқы күнінде Алғыс айту күнін атап өтеміз.

Сонымен бірге, бұл – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн.

Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы шуақты көктем айының еншісінде.

Қымбатты әйелдерімізді де мерекесімен наурыз айында құттықтаймыз.

Осы ізгі оқиғалардың бәрі Қазақстан халқын біріктіре түседі.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы да осыған бағытталған.

Біз елдің бірлігі мен мемлекеттің сындарлы саясатының арқасында барлық сынақтардан абыроймен өттік.

Ел иесі қазақ халқының маңына ұйысқан барша этностар оны жоғары бағалайды.

Бүгінде Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында «Қазақ еліне мың алғыс» атты монументтер бой көтерген.

Бұл ескерткіштерді еліміздегі түрлі этностық топтар бастарына күн туған кезде бауырына басқан қазақтың жері мен еліне алғыс ретінде өз бастамаларымен тұрғызды.

Қазақ халқы да оларға ұлттық тарихымызға көрсеткен зор құрметі үшін алғысын білдіреді.

Осындай өзара құрмет пен сенім мызғымас ел бірлігіне негіз болса, ізгі шаралар халқымыздың кең пейілі мен дархан көңілінің айқын көрінісіне айналуда.

Жақсылықты жадында сақтай білген  елдің рухы қашан да биік.

Заманауи Қазақстанның өсіп-өркендеуіне әрбір отандасымыз өз үлесін қосты.

Мен этно-мәдени бірлестіктерге де  айрықша ризашылық  білдіремін.

Біз, бәріміз бірге өте күрделі, қилы замандардан өттік.

Тәуелсіздіктің ең тағдыршешті сәттерінде мені әрдайым қолдаған халқыма да алғыс айтамын.

Өткен сайлаулардың бәрінде халқымыз мені бірауыздан қолдап, сайлады.

Мен үшін ең үлкен марапат – осы.

Елімнің қолдауы маған жұмыс барысында зор күш-жігер берді.

Мен халқымның өз келешегіне сеніммен қарауы үшін еңбек еттім, қазір де, болашақта да осы мақсат жолында жұмыс істей беремін.      

Сол себепті, мен бүгін Қазақстан Республикасы Парламентінің қабырғасынан жаңа әлеуметтік бастамалар көтеріп, халқыма үндеу жариялағалы отырмын.  

Бұл қадам талайдан бері менің көкейімде жүр.

Бірақ, Қазақстан алдымен бойына күш, қазынасына қаржы жинап, қуатты елге айналуы керек еді.

Міне, сол күн де туды!

Бұл – біздің қоғамның әлеуметтік бірлігін нығайту үшін жігерімізді жанып, нақты іске кірісетін сәт. 

Біз оны ауқымды әлеуметтік жобалар арқылы жүзеге асырамыз.

Мемлекет осындай түбегейлі шараларды қолға алады.   

«Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» деген идея жаңа мағынамен толыға түсуге тиіс. 

Жаңа ұсыныстардың маңыздылығын ескеріп, мен әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын әрі қарай жақсарта түсуге бағытталған жаңа әлеуметтік бастамаларымды өздеріңізбен талқылау үшін бүгінгі Парламент Палаталары мен Үкіметтің бірлескен отырысын шақырттым.

Бірден айтайын: бүгін айтылатын ұсыныстың бәрі – есеп-қисабы мұқият жасалған бағдарлама.

Бұл – елдің игілігіне арналған ұтымды, сонымен қатар, оптимистік жоба.

Мен өркендеген Қазақстан – ең алдымен мемлекеті өзін қорғап,  қолдайтынын, қамқорлық жасайтынын сезінетін, тиісінше елін жан жүрегімен сүйетін, өздеріне сенімді адамдар деп санаймын.

Сол себепті, біз бүгін жаңа, ауқымды әлеуметтік жобаларға жол ашамыз.

 

Қымбатты достар!

Біз бүгін әлеуметтік жаңғыру жолында жаңа, ауқымды қадам жасауға дайынбыз.

Мен Президенттің бес әлеуметтік бастамасын ұсынамын. 

Бірінші бастама: «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру».

Біз соңғы жылдары қазақстандықтардың баспана алу мүмкіндіктерін кеңейту үшін көп нәрсе жасадық.

2017 жылы 11,2 миллион шаршы метр тұрғын-үй пайдалануға берілді.

Бұл – рекордтық көрсеткіш.

Дегенмен, оның өзі жеткіліксіз, әлі күнге дейін көптеген отбасы баспанасыз жүр.

Бұл – айрықша әлеуметтік маңызы бар мәселе.

Оның шешімін тұрғын-үй ипотекасының қалың көпшілікке жаппай қолжетімділігін арттыру арқылы табуға барлық жағдай жасау керек.

Жұмыс істейтін әрбір адам несиеге пәтер сатып алып, оны отбасылық бюджетінің мүмкіндіктері аясында төлей алатындай болуы үшін арзан ресурстар ұсынатын тетіктер қажет. 

Сондықтан, мен «7 – 20 – 25» бағдарламасын ұсынамын.

Жұмыс істейтін әрбір қазақстандық төмендегідей шарттар бойынша теңгемен несие алу мүмкіндігіне ие болады.

Несие өсімінің мөлшерлемесі қазіргідей 14-16 емес, жылына 7 проценттен аспайтын болады.

Қазір банктер бастапқы жарнаға баспана құнының 30 процентіне дейін, кейде тіпті 50 процентін салуды талап етсе, бұл бағдарлама бойынша ол 20 проценттен аспауға тиіс.

Несие алушының ай сайынғы төлемін азайту үшін оның мерзімі 10-15 емес, 25 жылға дейін болады.

Ол үшін Ұлттық банктің, екінші деңгейлі банктер мен қор нарығының мүмкіндіктерін іске қосу керек.

Ұлттық банк кемінде 1 триллион теңге қаржы тартатын арнайы компания құрып, ол қаржыны банктердің жоғарыда айтылған шарттар бойынша беретін жаңа ипотекалық несиелерін сатып алуға жұмсауы қажет.

Бағдарламаны жүзеге асыру тұрғын-үй құрылысына зор серпін береді.

Нәтижесінде миллиондаған қазақстандық үшін баспана алудың қолжетімділігі  артады. 

Сонымен қатар, бұл экономиканың, шағын және орта бизнестің өрістеуіне жұмыс істейді, жаңа жұмыс орындарын ашады.

Көптеген азаматтардың арманы ақиқатқа айналады!

 

Екінші бастама: «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту».

Салыстырмалы түрде жалақысы төмен қазақстандықтарды қолдау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың салық жүктемесін 10 есеге азайтып, 1 процент қана салық салуды ұсынамын.

Ай сайын ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз жалақы алатындарға салынатын жеке табыс салығын азайту арқылы олардың салық жүктемесін жеңілдету керек.

Ал осылайша салықты азайтудан шығатын қаржы олардың жалақысын көбейтуге жұмсалуы қажет.

Нәтижесінде, еліміздегі барша жалдамалы жұмыскерлердің кемінде үштен бірінің, бұл 2 миллионнан астам адам, жалақысы жұмыс берушіге салмақ салмай-ақ көбейетін болады.  

Әрі қарай Үкімет табыс салығының прогрессивті шкаласын енгізу мүмкіндігін зерделеуі керек.

 

 Үшінші бастама: «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту».

Қазір еліміздің жоғары оқу орындарында 530 мыңнан астам жас оқып жатыр, олардың 30 процентке жуығы мемлекет бөлген грантпен білім алуда.

Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін төмендегідей шараларды ұсынамын.  

Қазір жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлу керек.

Оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі болады.

Бұл төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа экономикада зор сұранысқа ие болатын сан мың жаңа маманды даярлауға мүмкіндік береді.

Мұнда ең алдымен инженерлер, ақпараттық технология, робот техникасы, нанотехнология саласының мамандары туралы сөз болып отыр.

Бұл да жастарға мемлекет қамқорлығының айқын көрінісі.

Сонымен бірге, техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша барлық жоғары оқу орындары гранттарының құнын ұлттық жоғары оқу орындарының гранттары деңгейіне дейін көтеру керек.

Аталған шаралар орта мектеп түлектерін жоғары біліммен неғұрлым көбірек қамтуға мүмкіндік береді, бұл – жалпы әлемдік тренд.

Сонымен бірге, адам ресурстарына салынатын үлкен салым.

Біз әлемдік стандарттарға сай білім беру жүйесін қалыптастыра отырып, студенттердің білім алуына және тұратын жеріне жағдай жасауға тиісті назар аударуымыз қажет.  

Қазір жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті.

Бұл міндетті шешу үшін жоғары оқу орындары, колледждер мен девелоперлік компаниялар мемлекет пен жеке меншіктің серіктестігі қағидасымен жатақхана салуды бастауы керек.

Мемлекет өз тарапынан Білім және ғылым министрлігі арқылы жатақхана құрылысына жұмсалған инвестициялардың белгілі бір бөлігі біртіндеп қайтарылуына кепілдік береді.

2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырамын.

Бұл алдағы жылдарда өсе түсетін сұранысты ескергеннің өзінде жатақхана тапшылығын біржола шешеді.

 

Төртінші бастама: «Шағын несие беруді көбейту».

Өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін атқарылып жатқан жұмыстардың аясында жеңілдетілген шағын несие беру неғұрлым тиімді тетік саналады.

2017 жылы жалпы сомасы 32 миллиард теңге болатын 7200 шағын несие берілді.

Алайда, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша білім алған тағы 5 мың адам өз ісін бастауға қажетті шағын несиелерді ала алмады.

Сондықтан, 2018 жылы қосымша 20 миллиард теңге бөліп, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырамын.

Нәтижесінде шағын несие алатындардың саны 2017 жылмен салыстырғанда 2 есеге артып, 14 мың адамға жететін болады.

Бұл жұмысты одан кейінгі жылдарда да белсенді жалғастыру керек.

Бастама мыңдаған адамға өз ісін ашуға мүмкіндік беретіндігімен маңызды.

Бұл, әсіресе, ауыл-аймақтар үшін, ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту үшін айрықша маңызды екенін атап өткім келеді.    

 

Бесінші бастама: «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру».

Елімізде газ өндіру Тәуелсіздік кезеңінде жылына 8-ден 52 миллиард текшеметрге дейін артты, әрі қарай да өсе түседі. 

Қазір еліміздегі тұрғындардың 50 процентке жуығы газбен қамтамасыз етілген. 

9 облысқа газ тартылған.

Дегенмен, орталық және солтүстік өңірлер әлі де газсыз отыр.

Біз Қараөзек (Қызылорда облысы) – Жезқазған–Қарағанды–Теміртау–Астана бағытында магистральді газ құбырын салу жобасын жүзеге асыруымыз керек.

Оған тиісінше қаражат тарту қажет болады, соның ішінде халықаралық қаржы институттарынан да.

Бұл 2,7 миллион адамды газбен қамтамасыз етумен қатар, шағын және орта бизнестің жаңа өндірістерін ашуға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге, экология жақсарады.

Газға көшу тек Астананың өзінде зиянды қалдықтардың ауаға таралуын 6 есеге немесе жылына 35 мың тоннаға азайтады.

Бұл жобаны жүзеге асыру әрі қарай өзге өңірлерді де газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 

Президенттің бес бастамасы – осы.

Оларды іске асыру жаңа жұмыс орындарын құруға, сол арқылы ел экономикасының әрі қарай дами түсуіне жол ашады.

Үкімет пен Ұлттық Банкке бастамаларды іске асырудың егжей-тегжейлі тетіктерін жасауды тапсырамын.

Парламент депутаттарынан заңнамаға қажет өзгерістерді уақтылы енгізуді өтінемін.

Бастамалардың айрықша маңызды екенін ескерсек, оларды тиімді жүзеге асырудың жолдары кеңінен талқылауды қажет етеді.

Халық пен бизнес өкілдерінің арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу де маңызды.

«Нұр Отан» партиясы халқымыз үшін айрықша маңызы бар осы шаралардың тиянақты орындалуын бақылауға алады.  

 

Құрметті отандастар!

Мемлекеттің жаңа қадамдары бүкіл қазақстандықтарға, еліміздің барша азаматтарына игі әсер етеді.

Қоғам өз тағдырын Қазақстанмен тығыз байланыстырып, болашағын жоспарлаудың тың мүмкіндігіне ие  болады.

Бағдарламаны заңдық тұрғыдан бекіту қажет деп санаймын.

Оны іске асыру «әлеуметтік мемлекет» туралы конституциялық норманы жаңа, нақты мазмұнмен байыта түспек.

Заманауи жаһандық ахуалда ұлттық бірлік – әлеуметтік бірлік, ал қалыптасқан мемлекет –  әлеуметтік мемлекет.

Біз өткенге салауат айтып, келешекке көз тіккен елміз.

Біз әлеуметтік мемлекет пен ұлттық өркендеудің шынайы, әрі сындарлы қазақстандық моделін міндетті түрде бірге  жасайтынымызға сенімдімін.

 

Ардақты ағайын!

Бүгінгі бастамалар еліміз тұтас, қоғамымыз тұрақты болса ғана табысты жүзеге асады.

Ал, ел бірлігі – ең бірінші, қазақтың бірлігі.

Жаһандық көштің басында жүретін мерейлі ел болу үшін бірлік пен ынтымақ алдымен өзімізге,  қазаққа керек.

Тарихтың өзі дәлелдеген бір ақиқат бар  – халқымыз бірлікте болса күшейген, бірлігі қашса әлсіреген.

Қасқа жолды Қасым хан жұртын жұдырықтай жұмылдыра білгенінің арқасында қазіргі қазақ жерінің негізгі аумағын біріктірді.

«Ел бірлігі – ел теңдігі» деген – осы!

«Қазақ ордасының Ликургы» – Әз Тәуке елін татулыққа ұйыта білгендіктен қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнатты.

«Байлық – байлық емес, бірлік – байлық» деген сөз сол заманнан қалған қағида.

Ел басына күн туған кезде барша қазақ Абылай ханның ақ туының астына жиналған соң ғана жерін жаудан тазарта алды.

«Біріккен жүз бытыраңқы мыңды алады» деп бабаларымыз осыны айтқан.

Қазақтың осынау 3 ханы – ел тарихындағы 3 асқар тау, оларды асқақтатқан – ел бірлігі.

Сонымен бірге, алтыбақан алауыздықтың кесірінен еліміз аңырап, жеріміз қаңырап қалған кездер де аз емес.

Бұл да – тарихтың ащы сабағы.

«Өткенге қарап, ертеңіңді түзе» деген өсиет бар, себебі, өткеннің өнегесі – бүгінгі күннің баға жетпес байлығы.

Осыны жадында тұтып, тарихтан тағылым ала білген халқымыз Тәуелсіздік дәуірінде татулық пен бірліктің, тыныштық пен тұрақтылықтың арқасында талай табыстарға кенелуде. 

Табысымызды еселеп, Тәуелсіздігімізді баянды ете түсу үшін бізге балталаса да  бұзылмайтын берік  ауызбіршілік керек.

Берекелі бірлігімізді көздің қарашығындай сақтай алсақ, мерекелі тірлігімізге төнетін қауіп жоқ.

Ел мен жердің иесі ретінде Қазақстандағы жақсы мен жаманның бәріне қазақ жауапты.

Осы ұлы жауапкершілікті сезініп, барша ұлыстардың ұйытқысы болып, өзгеге өнеге көрсете білейік.

Сонда ғана, халқымыздың атын иеленген қасиетті Қазақстанымыз көркейіп, дами береді.

Еліміздің көңілі жайлы, тұрмысы майлы болады.

Осыны үнемі есте тұтып, тың міндеттерді тындырымды жұмысқа ұластырайық!

Іске сәт!