Қазақ өлкесінде жәрмеңкелік сауда XIX ғасырда дамыды
22.02.2017 10130
Жәрмеңке өткен жерде сауда-саттық ғана болған жоқ. Онда алуан түрлі концерттік кештер, рулар мен халықтардың пікір алмасуы, спорттық шаралар, ұлттық ойындар жарыстары, мәдени-рухани кештер өткізілді

XIX ғасырда қазақ даласында сауда-саттықтың жаңа түрі – жәрмеңкелер пайда бола бастады. Оған дейін ұлы Дала елінде ғұн дәуірінен бастап айырбас сауда, керуен жолы саудасы дамыды. Көрші елдерден келген көпестер сауданың көбін жібек жолы бойындағы ірі қалалар мен цитадельдерде ғана жүргізді.  Ал, XIX ғасырда ірі қалаларда емес, әр түрлі өлкелік, уездік аймақтар таңдалып алынып, жылдың бір мерзімінде сауда-саттық жәрмеңкелері өтіп тұрды.

Қазақ өлкесіндегі алғашқы жәрмеңке ошақтары Бөкей ордасы, Ақмола, Семей жерлерінде ашылды. Жәрмеңкелердің ашылуы барысында ел аралап сауда сату үлкен жобаға айналды. Сауда айналымының көлемі ұлғайып, қазақ жеріне Ресей, Қытай, Моңғолия, Орта Азия мемлекеттерінен көпестер мен саудагерлер келе бастады.

XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстанның әр түкпірінде маңызды жәрмеңке орталықтары ашылды. Солардың қатарында Қоянды (Қарқаралы уезі), Қарқара (Верный уезі), Шар (Семей уезі), Ойыл (Ақтөбе), Константинов-Еленов (Ақмола уезі), Тайыншакөл (Павлодар) жәрмеңкелері болды.

Қазақ даласында он тоғызыншы ғасырдан бастап етек алған жәрмеңкелердің мәдени, рухани, әлеуметтік қызметі де маңызды болды. Жәрмеңке өткен жерде сауда-саттық ғана болған жоқ. Онда алуан түрлі концерттік кештер, рулар мен халықтардың пікір алмасуы, спорттық шаралар, ұлттық ойындар жарыстары, мәдени-рухани кештер өткізілді. Ірі жәрмеңкелерде өнерпаздар мен спортшылар өнер көрсетіп, халықтың рухани көңілін серпілтті. Осындай шараларда қазақтың маңдай алды әншілері, спортшылары, өнерпаздары, бишілері, сал-серілері, сайқымазақшылары жер-жерден келген саудагерлер мен халықтарға өнер көрсетті.

Ірі жәрмеңкелерде аты алты алашқа танылған балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлы, Ақан сері, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Майра Уәлиқызы, Әміре Қашаубаев, Әсет Найманбайұлы, Иса Байзақов сынды қазақ жақсылар мен жайсаңдары жарқ етіп көрінді. Жәрмеңкелер өткен уездер мен ауылдарда ұлттық спортымыз дамып, көкпардың көркі қызды. Ақындар айтысы өтіп, ірі-ірі байлар мен бай шонжарлар, болыстар, уезд старшиналары ақындардың сынына ілінді.

Саяси өмірдегі оқиғалар шиеленісіп қыза түскен кездері жәрмеңкелер жоғары билік органдарына жазбаша шағым түрінде петициялар жолдайтын орын да болып табылды. Мәселен, 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде Әлихан Бөкейхановтың басшылығымен патша өкіметіне саяси қарсылық ретінде 14 мың адам қол қойған атақты «Қарқаралы петициясы» жазылды.

Жәрмеңкелерге әкелінген тауарлар өз талаптары мен міндеттерін де арқалай түсті. Сауда көпестері көбейген сайын Мемлекет қазынасына да салық өсімі көбейе түсті. Жәрмеңкелерге әкелетін тауарлар сол кездің өзінде бірнеше топқа бөлінген. Бұл туралы тарихшы, ғалым Зиябек Қабылдинов өзінің Жалпы білім беретін мектептің 8-сыныбына арналған «Қазақстан тарихы» оқулығында жәрмеңкелік сауда туралы былай дейді: 

«Жәрмеңкелерге әелетін тауар үш топқа бөлінетін. Қазақтардың тауарлары мал және мал өнімдері, тері-терсек, жүн-жұрқа, киіз, текемет сияқты заттар болатын. Жәрмеңкелерге Ресейдің еуропалық бөлігінен киім-кешек, ағаштан жасалған ыдыс-аяқтар, ұн, шай, қант, білтелі шамдар, сабын, фарфордан жасалған тұрмыстық бұйымдар жеткізілген. Ал орта Азия саудагерлері әртүрлі шапан, кілемдер, жібек және мақта-мата кездемелерін, ер-тұрман әбзелдерін, сондай-ақ кептірілген жеміс-жидек өнімдерін сататын».

Қазақ өлкесінде жәрмеңкенің өтуі халқымыз үшін пайдасы да зор болды. Көбіне бабаларымыздан келе жатқан көшпелі өмір салтын ұстанған халқымыз үшін жәрмеңкелер айырбас саудасын жүргізу үшін тиімді. Өйткені көшпелі өмір салтын ұстанған халқымызда мал өнімдері көп болды. Қазақтардың ірі жәрмеңкелердегі  негізгі сауда-саттық түрі жылқы, ірі қара, қой, ешкі сияқты малдарды сату болған. Төрт-түлік малды әр түрлі елден келген көпестерге қалаған заттық бұйымына айырбастай алды. 1855-1862 жылдары қазақтардың мал санының азайып кетуіне қарамастан 1869 жылы Қоянды жәрмеңкесінде саудаға түскен мал басы жарты миллионнан асып түскен. Оңтүстік өңірді мекендеген отырықшы халқымыз егін шаруашылығы өнімдерін жәрмеңкелерге ұсынды. Сондай-ақ қазақ даласында жәрмеңке саудасы арқылы жол қатынастары реттелді. Алайда ақ шом сауда жүйесінің бұзылуы да осы кезге жатады.

Бөкей ордасында өткен алғашқы жәрмеңкелер киіз үйлерде өткізілді. Кейін 1871 жылдан бастап арнайы орындар салына бастады. Жәрмеңке өткен жерлерде пошта-телеграф бөлімшелері, банк бөлімшелері, сауда сататын орындар, дүкендер, медициналық орталықтар, өнер ошақтары салынды. Әйгілі Қоянды жәрмеңкесінде де тастан базар орындары, банк, телеграф сияқты өз заманында мүмкіндік туғызған ғимараттар салынып, әлі күнге дейін орындары сақталған.

XIX-XX ғасырлар шебінде жәрмеңкелердің маңызы төмендей бастады. Оның да бірнеше себептері болды. Қазақтардың мал саны азая түсті. Екіншіден қазақтар отырықшылыққа көше бастады. Үшіншіден облысты және уездік аймақтарда тұрақты сауда нүктелері ашыла бастады. Төртіншіден жиырмасыншы ғасыр басындағы саяси реформалар жәрмеңке өткізілуге жол бере қоймады. 

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)