Светлана Треблер: Әкем еліне адал қызмет етті
20.02.2018 1925
Қазақстандағы Израиль Елшілігі «Қазақстан тарихы» интернет-порталының қолдауымен «Алғыс» жобасын іске асырады

Жобаның мақсаты – екі елдің бауырлас халықтарының ортақ тарихын сақтау. Жоба аясында портал ХХ ғасырдың 30-40 жылдарында тағдыр тәлкегімен Қазақстанға келген еврей отбасыларының тағдыры туралы қазақстандықтардың естеліктерін жариялайды. Сұм соғыс аяқталып, еліміз аяғына тұрған соң, кейбіреулері Қазақ КСР-інен кетті, ал кейбіреулері өз өмірлерін осы жерге арнады. Сондай адамдардың бірі – еврей халқының даңқты ұлы Моисей Аронович Гендельман.

Бұл кісі өмірінің 45 жылын Целиноград ауылшаруашылық институтына арнаған, оның ішінде 22 жыл бойы осы институтты басқарған. Институттың ұйымдастырылуындағы Моисей Ароновичтің еңбегі зор. Ол ерік-жігерін, табандылық пен бар күш-қуатын сала отырып, оқу орнының оқу-өндірістік және материалдық-техникалық базасын жасады; ғылым мен агроөнеркәсіпке жоғары санаттағы мамандар дайындаған ғылыми-педагогикалық ұжымды қалыптастырды. 2005 жылы 92 жасында ұлы ғалым өмірден өтті.

Ғалымның 105 жылдығы қарсаңында біз оның қызы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Светлана Моисеевна Треблермен кездестік.  Светлана Моисеевна Одессада өмірге келді, 1958 жылы отбасымен кішкентай қыз Ақмолаға көшіп келеді. Осындағы №3 мектепте оқиды, кейін Алматыдағы ҚазМУ-ге оқуға түседі, ал аспирантураны Мәскеудің Мемлекеттік университетінде (МГУ) тәмамдайды. Қазір ММУ-дің (МГУ) қазақстандық филиалының филология кафедрасында жұмыс істейді.

Треблер Светлана Моисеевна:

Әкем Ақмолаға 1957 жылы келді, ал отбасын 1958 жылы көшіріп әкелді. Ол сол кездің өзінде экономика ғылымдарының докторы еді, біз Одессада тұрдық. Тың игеру эпопеясы басталған кезде Ақмолада бірде-бір ауылшаруашылық институты жоқ еді, содан оған Қазақстанға көшіп, осында ауылшаруашылық институтының негізін қалауды ұсынады. Әкем өмір бойы осында тұрды, оның Қазақстанға адал болғаны сонша, оны қанша шақырып жатса да Одессаға оралып немесе Израильдегі туыстарына кеткісі келген жоқ. Соңғы уақытта ол Жер туралы Кодекспен айналысты, оны беделді маман ретінде осы өзекті мәселені талқылауға Қазақстан Парламентіне шақыратын.

Ол ақсүйектер рухында тәрбиеленген адам еді, ол қайтыс болғанда бізге оны еврей дәстүрі бойынша жерлеуді ұсынды, бірақ біз үзілді-кесілді бас тарттық, өйткені олай істегенімізді әкеміздің өзі де қолдамаушы еді. Тіпті, оның жас кезінде оның әкесі Тораны оқыған, ал әкем иврит пен идишті білген. Бұл туралы Моисей Аронович Гендельман былай деп еске алады:

«Хедерде оқып білім алып, Химешті (Библия), Танахты (Ишая мен Еремей пайғамбарлардың) игерген соң және 10-13 жасымда Талмудты таныған соң, мен әкеме шұғыл іспен келген хутор тұрғындары арасындағы әңгімені украин тілінен ивритке және керісінше аударатын аудармашы болып қызмет еттім. Әкем 1929 жылы обырдан қайтыс болды, өзінің туған жері Олевтегі еврейлер зиратында жерленген. Соғысқа дейін оның басына жиі барып тұратынмын, соғыстан кейін сирек баратын болдым».

Тіл білуі соғыс кезінде әскери барлауда пайдасын тигізді. Ол радиограммалардың шифрын ашып, тіпті шифрларды ашудың тәсілі баяндалған оқу құралын да жазып шыққан.

Моисей жүрегі шымырлап анасын еске алатын. Бірі-бірінен кіші жеті баланы өсіру анасына оңай болмағаны анық.

«Балалық шағымнан есімде қалғаны – балалар анамнан ішерге тамақ сұрайтыны. Ал, әкем ауырып, жатып қалғаннан бері, әпкелерімнің орманнан теріп әкелген жидегін, қаймақ, кілегей, сүт сатып ақша табатын. Ол ине-жіп сияқты, түрлі ұсақ-түйек сатып, түрлі азық-түлік салынған ауыр қапшықты арқалап қайтатын. Базардан әкелген тоқашын кішкентайларға бөліп беретін, ал біз оны жеңсік ас ретінде қара нанға қосып жейтінбіз. Анамызға көмектесетінбіз. Мектептегі каникул кезінде мен орманда жұмыс істедім: орманшылар ағаштарды құлататын, ал мен солардың соңынан бұтақтарын жинап, шөпшекті күйдіретінмін. Үйге орманнан жабайы таңқурай теріп әкелетінмін».

16 жасында Моисей Житомирдегі жерге орналастыру техникумына оқуға ұсынылады да, 1929 жылғы қыркүйекте 1-ші курсқа қабылданады. Оқу оқыған жылдары белсенділігімен көзге түскен Мойисейкомсомол комитетінің мүшесі болады. Бірде, комсомол комитетінде антисемитизммен айыпталған Лена Терешконың ісі қаралады. Әділетсіз айыптауға Моисей шешімді түрде қарсы шығады. Жиналысқа қатысқан құрбысы Шураға белсендінің сөйлеген сөзі ұнап қалады. Оның үстіне Моисейді екінші курстағы солардың тобына оқуға көмек көрсетуге бекітіп қояды. Осылайша Моисей мен оның өмірлік серігіне айналған шураның кездесулері басталады. Олар екі жылға жуық  Еремизино-Борисовка селосындағы Поля тәтенің үйінде тұрады. Қазір оны Әлем Тақуасы деп атар еді. Өмір біртіндеп қалыпқа түсе бастайды. 1935 жылы үлкен қыздары Тамара, ал 1941 жылғы наурызда көптен күткен ұлдары – Валерий өмірге келеді.

Көп ұзамай соғыс басталады. Соғыстың алғашқы күндерінде-ақ Моисей еріктілердің қатарында майданға аттанады. Немістер Кавказға жақындап қалған болатын. әкем бізді әрі қарай Қазақстанға эвакуациялау үшін тура солардың танауларының астынан алып шығып, әрі қарай теміржолмен Жамбыл қаласына келдік.  

Ол жерде Шура жоғарғы сыныптарға физика, алгебра мен геометриядан сабақ берді. Оның педагогикалық қабілеті ерекше болатын, ол тіпті ең бұзақылардың өзін оқу оқуға мәжбүрлейтін. Жартылай аш өмір сүрдік. Тартылып қуырылған жүгеріден ең дәмді көже жасалып, қант қызылшасынан мерекелік бәліштер пісірілетін.

Краснодар өлкесі азат етілген соң Шура үш баламен (қасында хабар-ошарсыз жоғалып кеткен Оля тәтенің қызы Женя да бар еді) Поля тәтеге оралады. Алдымен пойызбен жүреді. Тоқтаған бекеттерде бір бөлке нан мен кішкентай Валикке сүт алу үшін анам өзінің крепдешин көйлектерін сатады. Кетер алдында ол балаларына: «Қандай жағдай болса да, пойыздан шықпаңдар!» деп үйрететін.

Бірде ол пойызға кешігіп қалады да, жолаушылар оны балаларын тастап кетті деп шешеді. Олар балаларды келесі станцияда түсіріп, балалар үйіне өткізбекші болады. Сол кезде тоғыз жасар Света тұңғыш рет қайсар мінез көрсетіп: «Ешқашан!»,-деп тұрып алады. Жолаушылар оларды аяп, аздап тамақ беріп отырады. Үшінші күн дегенде Шура пойызды қуып жетеді.

Әкем соғысты бастан-аяқ өтті, бір қызығы бірде бір жарақаты жоқ, мүмкін әскери барлауда қызмет еткеннен болар. Ал кейін, Жапониямен соғыс жүріп жатқан кезде, оны Қиыр Шығысқа эшелон бастығы етіп жібереді, түнде пойыз баспалдағынан құлап өте ауыр жарақаттар алады. Ауруханада оған шикі макарон беріп, ол іші түйіліп өліп қала жаздайды. Осылайша соғысты бастан-аяқ бірде-бір жарақатсыз өткізген батыр аурухананың шикі макаронынан аяқ астынан қайтыс бола жаздайды. Сонымен, ол майданға қайтып бармай, Одессаға оралады.

Біздің отбасымыз соғыстан көп азап тартты, көптеген туыстарымыз Холокост кезінде қаза тапты. Моисей отбасында сегізінші бала болды, Миша ағадан басқа барлық туыстары қаза болды. Еске алар болсақ, оның інісі Лева майданда қаза тауып, екі әпкесі Красноводскққа эвакуациялап жатқан кезде Каспий теңізіне батып қайтыс болады.

Моисей Аронович Гендельман:

«Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінде-ақ күйеу баласы Миша Рейдманның шекарадағы ұрыс кезінде қайтыс болғанын және баласы Леваның хабар-ошарсыз кеткенін естіген шешем қыздарымен және немерелерімен бірге гитлершіл баскесерлердің қолына түсіп қалмас үшін қашуға мәжбүр болды. Үстерінде қыстық киімі жоқ, ішерге суы, жерге тамағы жоқ олар Буденовсктан (Элиста) бір-ақ шығады. Ал, 1942 жылы, немістер шабуылға шыққан кезде, олар құр іш киіммен ғана деп айтуға болады, Каспий теңізіне қарай қашады.  Ол жерде оларды пароходқа отырғызады, бірақ тырысқақ ауруының жайылуына байланысты Красноводск үш күн бойы қабылдамай қояды. Анам мен үлкен әпкем Фаня аштықтан қайтыс болады, ал екінші әпкем Фрида анам мен әпкемнің денесін теңізге тастап, төрт баламен Таулы Алтай автономиялық облысына жетуге күш-қуат табады. Фрида колхозда жұмыс істеп, өзінің балалары Майя мен Аликті және қайтқан әпкесінің балалары – Фрида мен Мараны бағып-қағып өсірді. Қайтыс болған Фаняның күйеуі – Зуся Койфманға Каспийдегі оқиғаны хабарладым. Ол госпитальден жазылып шыққан соң, балаларына барып, еврей салты бойынша әйелінің сіңлісі Фридаға үйленіп, енді бүтінделген отбасының отағасына айналды. Соғыс аяқталған соң, барлық тірі қалған отбасымыз туған жеріміз Олевскке қайтып оралып, Песчаная көшесінде аман қалған үйге енді. Кейін осы жартылай бұзылған үйден менің көмегіммен олар Ленин көшесіндегі біршама жайлы үйге көшті».

Тек Гендельмандар отбасы ғана емес, тек еврей болғаны үшін ғана Гитлер солдаттары 6 млн еврейдің көзін жойды.

Треблер Светлана Моисеевна:

«Одессада біз коммуналдық пәтерде тұрдық, ал Ақмолаға келгенде бізге бірден 4 бөлмелі пәтер берді. Моисей Аронович әрқашан беделді әрі құрметті кісі болды. Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстан ол үшін көп нәрсе жасады». 

Бекен Өкенұлы Әлімжанов, М. Гендельманның әріптестерінің әрі жақын достарының бірі, оның ақылы мен қайырымдылығын ерекше атап көрсетеді.

«1976 жылы Тимирязев ауылшаруашылық академиясының аспирантурасын бітірген соң, мен Целиноград ауылшаруашылық институтына жұмысқа келдім, ол кезде оны Моисей Аронович Гендельман басқарып отырған еді.  Осы оқу орнындағы жұмыс, ұжымдағы моральдық-психологиялық жағдай, осы кісімен тілдесудің бәрі менің қалыптасуым мен ғалым және әкімші ретінде мансабымның өсуіне жақсы әсер етті. Бәлкім, бұл тағдырдың қалауы шығар, мен белгілі бір дәрежеде өзімнің ұстазымның еңбек жолын қайталадым десем де болады: кафедра басқардым, декан болдым, диссертация қорғап, профессор атандым, проректор болдым, ал, 1993 жылдан бері  ректормын. 

Ректорлық қызмет барысында Моисей Ароновичтің тәжірибесін толықтай пайдалануға тырыстым.  Оқу орнындағы ұзақ жыл қызмет барсында біз әріптес қана емес, сонымен қатар, біз, белгілі бір дәрежеде жан-дүниеміз жақын және Қазақстанның ауылшаруашылық өндірісі мен аграрлық ғылымының болашақ дамуына бірдей көзқарастағы ниеттес адамдар болып кеттік. Ол менімен ғылыми идеяларымен, кадрларды дайындау сапасын жетілдіру бойынша идеяларымен ғана бөлісіп қоймай, сонымен бірге, ол өз өмірі, отбасы, балалық шағы мен бозбала кезінде басынан кешірген қиындықтары, Ұлы Отан соғысы туралы әңгімелейтін. Оның өмірбаяны, балалық және жастық шағында басынан өткізген қиындықтары, білімге деген талпынысы, қиындықтарды жеңуі, бүгінгі күні жеңіл өмір іздеп, қиындықтарға оп-оңай мойынсұна салатын жастарға үлгі боларлық өнеге деп санаймын».

Отбасының жақын досы Ойрат Байғарин Моисей Ароновичті аса құрметпен еске алады.

«Оның басқаруымен Целиноград ауылшаруашылық институтында (ЦАШИ) ауыл, ауылшаруашылық өндірісі мен аграрлық ғылым үшін білікті кадарлар дайындалды. Еліміздің түкпір-түкпірінде, әсіресе ауылдық аймақта, ЦАШИ-да оқыған бір немесе бірнеше адам міндетті түрде табылатын. Әдетте, бітірушілердің әрқайсысы міндетті түрде М. Гендельманмен таныс болатын. Олардың бәрі де Моисей Ароновичтің олардың өмірінде атқарған қандай да бір маңызды рөлін айтып отыратын. Олар тек қана жылы лебіз білдіретін. Бұндай әңгімелерді егде жастағы қазақтардан да жиі еститінмін, тіпті олар жасына байланысты Моисей Аронович ректор болып тұрған кезде бұл институтта оқи алмаса да.  Дастархан басында біреу-міреу ауылшаруашылық институтының ректоры туралы еске алып жатса ақсақалдардың бірі міндетті түрде: «Гендельман?! Иә, ол адам ғой!» деп жататын. Менің онымен жеке таныс екенімді және жиі сөйлесіп тұратынымызды білген кезде ол кісінің даңқы ішінара маған да тиіп жататын. Жаттанды сөз сияқты болып көрінгенімен бұл шындық».

Треблер Светлана Моисеевна:

Қазақстанда біздің туыстарымыз болған жоқ, немере әпке-сіңлілеріміз АҚШ-та, Израильде, ал әпкем мен ұлым отбасымен Одессада тұрады.

Көпшілік Хатынь қасіреті туралы біледі, бірақ дәл сондай айуандықты нацистер әкемнің отаны Капищеде де жасаған. Менің кішкентай кезімде әкем бізді сонда апарып тұратын.

Әкемнің туыстары Чернобыль АЭС апатына ұшырап, Қызыл Крест желісі бойынша Америкаға көшіп кетті. Қазір Житомир облысында еш туысымыз қалған жоқ.

Моисейдің нақты туған күні белгісіз. Ол кезде кімнің қашан туғанын ешкім жазып отырмаған, бірақ біз әкемнің туған күнін 25 наурыз тойлаймыз, Сара-Хая тәтеміз Моисей Ханукода туған дейтін. Ал Хануко – мысалы, Пасха сияқты, жылжымалы дата. Кейін, программист болып істейтін кіші ұлым 1913 жылы Хануко қай кезде болғанын қарап шықты, және ол мүлдем 25 наурыз емес.

Бұл туралы Моисей Ароновичтің өзі былай деп жазады: «Мен Украина Полесьесіндегі шалғайдағы Каменка Долгоселье деревнясында өмірге келдім. Баланың ең кенжесімін».

Екі жағадай екі республиканы біріктірген Моисей Аронович Қазақстанда ғана емес, Украинада да танымал. Одесса аграрлық университетіндегі әріптесі И.А. Сойбельман оған мынадай жыр жолдарын арнаған:

Тебе в Казахстане любовь и почет,

Но каждой известно стране

Таких, в целом мире - наперечет,

Не только у вас в Астане.

 

Так пусть ежеутренне радует вновь

Движение, юность и свет...

И пусть в твоем доме не знает любовь

Таможен, границ и анкет!

Сөз соңында атап өткіміз келеді: М.А. Гендельман 2005 жылы өмірден озды. 92 жасында ол ақыл-есінен алжаспай, тың қалпын сақтады. Өмірінің соңғы күндері ол отбасын өзін табиғатқа шығаруын өтінген. Моисей Аронович саңырауқұлақ тергенді жақсы көретін. Соңғы рет саңырауқұлақ теріп, бұл фәниден өтіп жүре берді. Өмірді керемет сүйген Моисей Аронович өмір жолының соңғы күніне дейін оның әр сетіне қуана білді.