Түркі әлемінің Мәдениет астанасы – Түркістан
02.12.2016 3695
Түркістан қаласы Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан. Шығысында тарихи қала Отырар, батысы Жаңақорған ауданымен (Қызылорда) солтүстігінде Созақ, Кентау қаласымен шектесіп жатқан киелі жер

Түркі әлемінің Мәдениет астанасы болып Түркістан қаласы сайланды. Бұл туралы түрік мәдениетінің халықаралық ұйымы Түріксойдың Әзірбайжанда өткен Тұрақты кеңес жиналысында осындай шешім қабылданды деп хабарлайды «National digital history» порталы «ТRT» арнасына сілтеме жасап.

Биылғы жылдың Түркі әлемі Мәдениет астанасы Шеки қаласында өткен жиналысқа Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Түрікменстан, Молдовадағы Гагауыз елі, Солтүстік Кипр Түрік Республикасының Мәдениет министрлері және өкілдері қатысты.

Алқалы жиналысқа Түрік кеңесі,  Түркітілдес мемлекеттер парламенттік ассамблеясы ТүрікПа, Түрік Академиясы,  Түрік Мәдениет Мұрасы сынды халықаралық ұйымдардың да өкілдері қатысты.

Жиналыста Тұрақты кеңестің 35-ші жиынының координаторлығын Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің атқаруы және жиынның 2017 жылы Түркістан қаласында өткізілуіне шешім берілді.

Айырықша Әзірбайжан Республикасының Мәдениет және туризм министрлігінің ұсынысымен 2017 жылдың Түріксойға мүше елдерде туылғанына 300 жыл толуына орай Молла Панах Вагыфты еске алу жылы деп жариялануы да қабылданды.

Айта кетер болсақ, 1500 жылдан астам тарихы бар, Қазақ хандығының астанасы болған, шартарапқа кеткен керуен жолдарының тоғысқан жері, Ұлы Жібек жолының орталығына айналған Түркістан қаласы – Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан. Шығысында тарихи қала Отырар, батысы Жаңақорған ауданымен (Қызылорда) солтүстігінде Созақ, Кентау қаласымен шектесіп жатқан киелі жер. Қаланың тарихы IV ғасырда бастау алады. Алғаш қала атауы Шавғар деген атпен араб жазбаларындағы деректерде кездеседі. Ол – ежелден Орта Азия мен Тұран даласындағы ең көне қала.

XІV ғасырда Қожа Ахмет Иассауи кесенесі салынған кейін Түркі әлемінің діни орталығына айналды.  ХV ғасырдан бастап Түркістан қаласы саяси және экономикалық орталық болды. 1598 жылы ол біржолата Қазақ хандығының астанасы деп танылды. Бүгінде Түркістан қаласындағы Қожа Ахмед Иассауи кесенесінде қазақ хандары жерленген.

Алтынбек БЕКНҰР