Сатай Сыздықов: Әл-Фараби мәңгіліктің философиясын жасады
27.05.2016 2147
Алтын Орда дәуірінде түркі-маңғол билеушілері хандарының мөрінде, олардың шетелдерге жіберген елші құжаттарында «Мәңгілік тәңірінің күшімен»,-деп жазылған

Елорда төрінде өткен «Мәңгілік ел: Менің тағдырым ел тағдырында» азаматтық форумы аясында Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-ң профессоры, белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы Сатай Сыздықов «Мәңгілік Ел» идеясының тарихи жылнамасы мен кезеңдеріне тоқталып өтті. 

«Мәңгілік Ел» идеясының жылнамасын алып қарасақ, мынандай кезеңдермен басты ерекшеліктерін анықтап, көруімізге болады. Біріншісі, сақ-ғұн дәуірінен басталады. Ғұн патшасы Мөде қағанның ұлтарақтай жер үшін сонау үлкен Қытай империясының елшісіне берген жауабы, сол үшін қантөгіс шайқасқа шыққаны тарихта белгілі. Екіншісі, түркі дәуірінде «Мәңгілік Ел» манифесінің жариялануы. Оның тарихи дерегі, қолтаңбасы - Күлтегін ескерткіші. Ол туралы Л.Гумилев те, О. Сүлейменов ағамызда зерттеп, манифес халыққа үндеу екенін дәлелдеді. 

Ал орта түркі дәуірінде «Мәңгілік Ел» мемлекеттік идеология ретінде қалыптасты. Өйткені оның философиялық негізін Әл-Фараби жасады. Мәңгіліктің философиясын жасады. Ол туралы өзінің «Қайырымды қала» кітабында және тағы басқа шығармаларында жазып көрсетеді. Орта түркі дәуірінде Қарахан мемлекеті дербестік алып, қанатты қатая түскен қарахан әулеті кезінде көптеген білім, ғылым және мәдениет ошақтары көркейіп, заңды нормалық құжаттар негізі рәсімделді. Қарахан дәуіріндегі саяси-құқықтық негіздерін Жүсіп Баласағұн өз шығармаларында көрсетеді. 

Қарахан мемлекетінің «Мәңгілік Ел» болу үшін заңмен өмір сүру құқықты пайдалану, заңды дұрыс жасау, заңдық нормаларын ұсыну осылар мәңгілік идеясының негізі деп тарихта көрсетіледі. Бұдан кейін Алтын Орда дәуірінде «Мәңгілік Ел» идеясының тарихи сабақтастығын көреміз. Өйткені Алтын Орда дәуірінде түркі-маңғол билеушілері хандарының мөрінде, олардың шетелдерге жіберген елші құжаттарында «Мәңгілік тәңірінің күшімен»,-деп жазылған. Мысалы Алтын ханның Француз патшасы Филипке жазған хатында, Өзбек ханның елші жіберген құжатында «Мәңгілік тәңірінің күшімен» деп жазылған. Бұдан кейін Күйік ханның мөрінде де осы сөздер. Бұл дегеніміз сонау сақ-ғұн дәуірінен келе жатқан «Мәңгілік Ел» идеясының сабақтастығы, жалғастығы екенін аңғартады. 

Қазақ хандығы тұсында алаш сөзі «Мәңгілік ел» идеясының формасының бір түрі болды. Мұны кезінде әйгілі американ тарихшысы «осындай ұлаңғайыр жерге ие болу оларға оңай болмаған, сондықтан ол бір алаштың баласымыз деген ой тұжырым тамаша идея болды»,-деп зерттеулерінде жазған. Себебі осы идея қазақтардың басын біріктірген. Міне бұл «Мәңгілік Ел» идеясы «Алаш» деген сөздің астарында. Осы идея кейін 19-20 ғасырдың тұсында Абайдан бастап, қазақ зиялыларының ұстанымына айналды. Ал Мұстафа Шоқайдың біртұтас Түркістан идеясы осының бір шағын ғана көрінісі деуге болады. Сонымен көне тарихтан бастау алған «Мәңгілік Ел» идеямыз, қазірде тарихи сабақтастықты бастан кешіріп, тәуелсіз мемлекетіміздің тұрақты даму ресурсына айналып отыр.

Әңгімелескен Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ