Астанада «Мәңгілік Ел: Менің тағдырым ел тағдырында» форумы өтті
26.05.2016 1952
Мәдениет - қоғамның эстетикалық дамуының ұлттық бірлікті қалыптастырудың, елді әлемдік қоғамдастықта бастап, дамытудың мықты құралы

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі ҚР Ұлттық музейімен бірлесіп «Мәңгілік ел: Менің тағдырым ел тағдырында» азаматтық форумын өткізді. Мұны осы бағыттағы кешенді істердің бастауы, тәуелсіздіктің тұғырын бекітетін саяси-мәдени іс-шаралардың тұсаукесері десе де болғандай. 

Мәдениет және спорт министрлік өкілдері, тарихшы ғалымдар, қоғам қайраткерлері, ЖОО ұстаздар мен студенттері қатысқан жиында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев сөз алып, Елбасы Жолдауында айтылған «Мәңгілік Ел» идеясына, оны жүзеге асырудың тарихи маңыздылығына тоқталды. Мәдениет саласындағы жарқын істердің осы «Мәңгілік Ел» идеясынан арна тартатынын жеткізді. Мәдениет ұлттық бірлікті қалыптастырушы қоғамның мықты құралы бола беретінінде атап өтті. 

«Мәңгілік ел» ұғымы кеше ғана қалыптасқан ұғым емес. Ол түркі жұртының данагөй, үш бірдей қағанның кеңесшісі болған Тоныкөк негізін қалаған идея. Осы идеяны 2014 жылы Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауында Елбасы Н.Назарбаев жариялаған болатын. «Мәңгілік ел» идеясы сол жылдан бастап Қазақстан халқының санасына жетіп, көкейінде қонымды пікір болып ұялады. Айта кетер болсақ, «Мәңгілік ел» идеясы аясында «Мәдениет» саласының тұжырымдамасы қабылданды. Оны жүзеге асыру, іс-шараларының жоспары бекітілді. Мәдениет саласындағы жетістіктер, мәдениет мекемелерінің статистикалық сандық көрсеткіштері тұжырымдама бағдарлама аясында көрсетіліп, шешімін тауып келеді. Мәдениет - қоғамның эстетикалық дамуының ұлттық бірлікті қалыптастырудың, елді әлемдік қоғамдастықта бастап, дамытудың мықты құралы»,-деді Қ.Уәлиев. 

Салтанатты жиынды ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары Жәкен Таймағанбетов жүргізді. Форум аясында Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, тарихшы Сатай Сыздықов, ҚР Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай, ҚХА кеңесінің мүшесі Видади Салахов, Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары Амангелді Қашқымбаев, тарихшы-ғалым Зиябек Қабылдиновтер баяндама жасап, «Мәңгілк ел» идеясының тарихи мәніне тоқталып, кешегі түрік қағанаты, Алтын Орда, қазақ хандығы, бергі Алаш идеясында да «Мәңгілік ел» идеясы көрініс тапқанын айтты. 

Форумда «Мәңгілік ел» азаматтық құндылықтары аясында қазақстандықтардың тарихи санасын қалыптастыруына атсалысу, музейлердің «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы мен құндылықтарын іске асырудағы қосатын үлесін талдау, «Мәңгілік ел» идеясының негізгі бағыттарын насихаттау арқылы Қазақстан халқының тарихи санасының дамуын қалыптастыру бағыттарында пікір алмасу болды. Жиын соңында форумға қатысушыларға музей залдары бойынша экскурсия жүргізілді.

Дархан Мыңбай, ҚР Ұлттық музей директоры: 

«Бүгінгі «менің тағдырым ел тағдырында» деген азаматтық форумның отырысы тек пафостық нәрсе емес, әрбір адам жүрегінде мың қайталайтын, тағдыр шешті, өте үлкен ұғыммен айтылатын сөз болса керек. Жаңағы айтып кеткендей «Мәңгілік ел» идеясын, шынында Елбасының сындарлы саясатының арқасында қалыптасты. Ол бір жыл емес, біздің ата-бабаларымыздан сонау көне 13-15 ғасырдан бұрын айтылған және соны арқалап келген мәдени, тарихи аманат ретінде бүгінгі ұрпаққа жетті. Сол Елбасы жариялаған «Мәңгілік ел» идеясын  тек қана Мәдениет және спорт министрлігі ғана емес, азаматтық қоғамдардың барлығы ары қарай жүзеге асырылу жолдарын қарастырып, және соған қызмет етуге тиіс «Мәңгілік ел» айтылуға жеңіл мәселе, ал шың мәнінде тереңнен үңілетін болсақ, ол өте үлкен біздің тек қана кешегіміз бен бүгінгінімізді жалғайтын болашағымызға көпір болатын реформалы маңызды мәселе».

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ