Латынға көшу түркі әлемін біріктіреді
24.05.2016 2374
Тілі мен тарихы жақын, мәдениеті мен өнері ұқсас түркі әлемі үшін де ортақ тіл қажеттілік туындатты. Бірақ осы орайда «ол қай тіл?» деген сауалды сұрақ мазалайды

Түркілердің ұлы қайраткері Исмаил Гаспаралы: «Тілде, пікірде, істе бірлік», - керек деген болатын. Әлбетте, бұл ойдың өзі, бауырлас халықтар арасында ортақ мәдени, рухани, ғылыми, тарихи, экономикалық байланыстар орнату арқылы түркі әлемінің бірлігін нығайтамыз деген идеяны насихаттап тұрғандай. ХХ ғасыр басындағы жаңашыл, пантүрікшіл идеяның негізін қалаған Гаспаралы құндылықтарын Әлихан Бөкейхан бастаған озық ойлы қазақ зиялылары да қолдады. Бұл – қазақтың тарихи зердесіндегі ұлт зиялыларының отарлық езгіге түскен халықтың бостандығы мен ұлттық рухын қалпына келтіруге тырысқан қоғамдық-саяси іс-әрекеттері болатын. 

Түркі бірлігі мен оның рухани құндылықтарын дәріптеу алаш арыстарында бей-жай қалдырмады. Олар бұл мәселе төңірегінде жалпыға ортақ тіл қалыптастыруды аса маңызды мәселе ретінде қарады. Тілі мен тарихы жақын, мәдениеті мен өнері ұқсас түркі әлемі үшін де ортақ тіл қажеттілік туындатты. Бірақ осы орайда «ол қай тіл?» деген сауалды сұрақ мазалайды. 1924 жылдың маусым айында қабылданған араб әліпбиінің маңыздылығы төмендеп, 1930-40 жылдары ұлт зиялылары Ахмет Байтұрсынұлы мен Нәзір Төреқұлов латын әліпбиіне көшу қажеттілігінің туындағанын дәлелдеп берген. Алаш зиялылары құрастырған латын әліпбиімен қайтадан қауышу – заманның талабы сияқты көрінеді... 

Түркі әлемі немесе ортақ тіл 

 

Қазір әлем назары үшін түркі жұртының ортақтасу мәселесі – өзекті тақырыптардың бірі. Өз алдына этникалық, экономикалық, саяси одақтар құрып жатқан елдер үшін «Түркі әлемі» нендей қиындықтар туғызады? Оның тарихи байланысы, мәдени құндылықтары маңызды ма? Десе де одақтасудың нәтижесі бізге, саяси-экономикалық, тарихи-мәдени тұрғыдан орасан ұпай алып келетіні сөзсіз. Бірақ басқа одақтар бұл мақсаттарымыздың жүзеге асуына тосқауылдар қойып келеді. 

Кешегі қылышынан қан тамған советтік идеологияның салтанат құрған дәуірінде түркі халықтары бір-бірінен айтарлықтай алшақтап, бас-басымен қайғы болып кеткені мәлім. Біз білетін тарихтың ақтаңдақ беттерінде XIX-XX ғасырларда түркі тектес халықтардың барлығы дерлік, оның ішінде Анадолы түріктерінен басқасы отарлық езгінің құрсауында болды. Олардың тіл, дін, діл мәселелеріндегі жағдаяттар да ауыр күйде еді. Бүгінде солардың біразы тәуелсіздігіне қол жеткізіп, өз ұлттық феноменін жасақтап үлгерді. Басқаны айтпағанда, түркі әлемі елдері өздерінің ұлттық менталитетін, қол жетпеген құндылықтарын жандандырып, түркілер тарихын қайта парақтап, жаңаша бағытта ғылыми, тарихи байланысын түзеп, экономикалық қуатты, халқының саны өсуімен, идеологиясының қалыптасуымен одақтастықта бірігуге мүмкіндіктер туғызуда. Осы орайда Түркі әлемінің, оның рухани бай өркениетінің жүгін қазақ халқы және де өзге түркі тілдес елдермен көтеруге дайын болу қажет. Бірақ та бұл жағынан жауап беруге шарасызбыз... 

Тіл мәселесі – ұлт тағдыры 

 

Қазіргі қазақ халқының ұлттық рухани даму үрдісіндегі үлкен бір жолайрықтың бірі – ұлттық мәдениетімізді дамыту бағыты. Руханиятымызға батыс мәдениетін үлгі еткеннен гөрі, түркі тектестерді тұтастыратын тура жолды таңдауымыз қажет. Жаһандану бағытына бүтіндей бейімделе отыра, оның ауыр талаптарына шартсыз мойынсұна, дербес рухани ұлт ретінде өмір сүруіміз қажет. Ендеше осы орайда үлкен күрдеулі мәселенің бірі тіл мәселесі. 

Тіл мәселесі – аса күрделі, аса жауапты мәселе. Тіл мәселесін тілге тиек етерде түркі әлемін, түркі рухани дүниесін санамыздан ұмыт шығармау қажет. Бүгінгі күні «Совет Одағы» сияқты алып империяны құрағаннан гөрі, тілі, ділі, діні, әдебиеті мен мәдениеті ұқсас «Түркі Одағын» құрғанымыз дұрыс жол сияқты. Өйткені түркі дүниесінен әлем елдері мойындаудан гөрі, осы алып одақтың бірігуіне қарсы. Біз түркі әлемін ортақтастыру үшін, алдымен түркі елдерінің тілдерін латын графикасына толықтай бірізділік пен енгізгеніміз жөн. Сонда әлем елдерінің алдында барлық орыс, ағылшын, испан тілдерінің алдына шыға аламыз. 

Көрнекті жазушы М. Мағауин өзінің «Мен» атты роман-эссесінде: «Қазіргі әлемдегі ең дамыған жұрттар тілінің өзі біздің түркі текті ана тіліміздей әрі бай, әрі айқын, және осыншалық ұзақ тарих кешуін өткермеген... Қазір бүкіл әлемге тараған ағылшын тілінің де, жарты дүние тұтынып тұрған испан тілінің де, өткен ғасырда ұлы әдеиет жасаған орыс тілінің де тарихи ғұмыр жасы біздің жарым жолда ғана», – деген болатын. 

Алып империя құрған Түркі дүниесінің әдебиеті мен тілі ерте ғасырдан қалыптасып, бүгінгі күнге дейін мәңгі өлмей жасалып келеді. V-VIII ғасырлардағы тасқа қашалған руна жазуы түркі мұрасының алтын қазығы. Жүсіп Баласұғұн, Махмуд Қашғари, Қожа Ахмед Иассауи, Сайф Сарай, Әлішер Науаи, Әбу Насыр әл-Фараби, сынды түркі саңлақтарының әдеби мұрасы, «Манас», «Алпамыс», «Қобыланды», «Қожанасыр» жырлары мен әңгімелерін жасаған біздің түркі халықтарымыз болатын. Енді осы Түркі одағының алып кеңістігіне кіретін елдің бірі – біздің қазақ халқы. 

Қазақстан елі де латын графикасына кіру арқылы түркі дүниесімен ортақтасуды құп көреді. Десе де еліміз тәуелсіздік алған кезеңдерден бері айтылып та, талқыланып та келе жатқанымен, күні бүгінге дейін тоқтамды, әрі бір байламды шешімге келе алмай отырған тақырыптың бірі – латын әліпбиіне көшу мәселесі. Бұл жайында жиырма бес жыл бойы тіл мамандарымен қатар, қоғам қайраткерлері де, саясатшылар да, түрлі БАҚ өкілдері де айтып та, жазып та келеді. 

Елбасы қолдаған латын графикасы 

 

2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Латын әліпбиін қарайтын кез келді. Бұл мәселені кезінде кейінге қалдырған едік. Қалай болғанда да, латын әліпбиі бүгін де телекоммуникациялық салаларда басымдыққа ие болып отыр. Сондықтан да, бұрынғы советтік елдердің көпшілігінің латын әліпбиіне көшуі де кездейсоқ емес. Мамандар осы мәселені зерттеп, нақты ұсыныстарын жасауы тиіс. Біздің балаларымызды ағылшын тілінде оқытудың өзі латын әліпбиімен байланысты. Ал, біз қазір барлық мектептерде ағылшын тілін оқытамыз. Сондықтан мұнда тұрған қорқынышты ештеңе жоқ», – деген болатын. 

Латын әліпбиіне көшірілген көршілес мемлекеттердің тәжірибесін назардан тыс қалдырмауды да осы жиында тапсырған еді. Кезінде түркі мәдениеті және өнерін зерттеу, оны әлемдік деңгейде насихаттау мақсатында құрылған ТҮРКСОЙ-дың жиынында түркітілдес елдер латын әліпбиіне көшуді бір ауыздан қолдаған болатын.

Түркі халықтары тілі ұқсас болса да осы кезге дейін әр түрлі әліпбимен жазып жүр, латын әліпбиін пайдаланатын түркі тілдес мемлекеттердің жазуы да бір ізге түсірілген емес. Белгілі ғалым, түркітанушы Әбуақап Қара: «Латын әліпбиін жасауда біршама қателіктер орын алып жатыр. Қазақ тілі – таза тіл. Қазақстанның қай аймағы болсын, халық бірін-бірі жақсы түсінеді. Ендігі мәселе – латын қарпіне өту үшін әліпбиді «ұ», «ү», «у» секілді әріптердің сақталуына, жазылуына, айтылуына мән беріп жасау керек», – деп түркі әлеміндегі әліпби мәселесіне тоқталған. 

Жоғарыда сөз еткен Елбасының тапсырмасы мен латын әліпбиіне көшудің қаншалықты маңыздылығына қарамастан, бұл мәселе қазіргі таңда тек талқылаудан, ұсыныс айтудан әріге бара алмай отыр. Бүгінгі еліміздің саяси, экономикалық, ғылымилық, халықаралық маңызы бар мәселелер тоғысында, ғаламтор мен ұялы байланыстың жазармандары мен пайдаланушылары, әсіресе жастар латын тілінің қажеттілігін ерте түсінген сияқты. Түркі тілдес елдер үшін латын графикасын енгізу арқылы біздер, Бүкіл дүние жүзіндегі қазақ халқын біріктіру идеясы жүзеге асырамыз. 

 Латынға көшсек... 

 

Қазіргі кезде Түркияда жүрген қазақтарымыз латынша, шетелдегі қырықтан астам мемлекетте тұратын қазақтарымыз латынша, Қытайдағы қазақтарымыз араб жазуында, Моңғолиядағы қазақтар кириллица, бізде кириллица. «Латынша көшсек» дегендегі мақсаттың бірі де осылардың бәрінің басын қосу, бір текті ету болатын. Осы орайда түркі руханиятын жақындастыру үшін латын графикасына көшер болсақ, төмендегі жағдайлардың біразына қол ұшын созған болар едік. 

Біріншіден, ортақ әдебиет пен өнерді жақындастыру. Мәселен Қытайдағы қазақтар біздің кириллицамен жазылған шығармаларды төте жазуға айналдырып, біздер ондағы мұраларды кириллицаға аударып, том-том кітаптарды шығару үстіндеміз. Мұның барлығы айналып келгенде қаншама, бәленбай қаржыны ысырап етеді. Осылардың барлығы бір жүйеге түссе жаман ба? Түркі әдебиетін, мәдениетін, өнерін барынша зерттеумен зерделеуге жол ашылады. 

Екіншіден, Байкалдан Балқарға дейінгі аралықты алып жатқан түркі әлемінің тарихын, мәдениетін, руханиятын жақындыра түсу үшін, ғалымдарымыздың түркі дүниесіне ортақ мәселелерді бірлесе зерттеуі үшін латын графикасы маңызды рөл атқарады (Бұл мәселе аясында Халықаралық Түрік академиясының жұмысы маңызды екенін көрсетіп отыр). 

Үшіншіден, болашақта ғылым мен техника, компьютер мен роботтар, тіпті әлеуметтік желі тілдері ортақ жүйелі тілге енуі мүмкін. Осы тұрғыда өзімізді латын графикасына үйретер болсақ, ол қиындықтардың алдын алып, тосқауыл қоя аламыз. Мәселен сол ғылым тілінің қазақша баламаларын бірізділікке түсіріп, жалпы аудармалық атауын береміз. 

Төртіншіден, графизация (әріп таңбалау) заңдылықтарының сай келуін бірізділікке түсіреміз. Яғни әріптің дыбысты таңбалау, көру, оқу, жазу талаптары. 

Бесіншіден, жер бетінде латын әліпбиі барлық салада қолданылатыны ақиқат. Барлық медициналық атаулар, математика, физика, химия формулалары, көптеген терминдер, мамандықтарға қатысты ғылыми әдебиеттер – барлығы да латын әліпбиімен байланысты екенін байқауға болады. Осы тұрғыдан түркі әлемінің байланысын, барлық саладағы ортақ мүмкіндіктерін байланыстыру бағытында латын графикасы қиындық туғызбайды деп білеміз. 

Қиындықтар болмайды емес – болады. Бірақ әлем елдерімен терезесі тең, рухани күші біріккен, түркі әлемін өркендету үшін енжарлыққа салынып, қол қусырып отыруға болмайды. Ұлттық тілі жоғары деңгейдегі жапон елі де ғылыми жұмыстар және байланыс құралдарын пайдалануға ыңғайлы болуы үшін латын жазуын екінші тіл деңгейіне көтерді. Ендеше түркі одағын біріктіретін ортақ жазу латын графикасының жобасын бәрімізде еншімізге жаза отырып, «мегажоба» ретінде ұлттық деңгейге көтеру қажет. Латын графикасына көшу үшін жоба жоспарсыз қандай да бір істің нәтижесін көру мүмкін емес. 

Түйін

Осыдан бес-алты жыл бұрын латын графикасына көшу туралы мәселе төңірегінде айғайлы мақалалар мен ғылыми зерттеу жобалар үкімет назарын өзіне аударып, Елбасы тарапынан қолдау тапқан еді. Бір өкініштісі, бұл орынды ұсыныста қазақтың дауысы бәсең естілді. Бұған қарсылар көп болды. Бірақ, бұл мәселе төңірегін енді тек қазақ жұрты болып қана емес, кешегі Күлтегін бабамыздың ұрпағы ретінде барлық түркі тектес елдер болып ұсынысты қабылдауды жөнге айналдырғанымыз дұрыс болар. Латиницаға барар жол – оны қабылдау өркениет есігін ашатын қақпа, әрі әлемдік мәдениетке жаһандасуға жететін бірден бір тура жол. Осы арқылы ғана кешегі Тоныкөк, Қорқыттардың асыл мұраттары ортақтасқан алып империя Түркі Одағын құра алатын боламыз. 

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ