Астанада халықаралық «Ұлы Дала» гуманитарлық ғылымдар форумы басталды
23.05.2016 1812
Алқалы жиынның негізгі мақсаты: Ұлы Дала құндылықтарының адамзат өркениеті дамуындағы орны мен маңызын пайымдау

Бүгін Астанадағы Назарбаев орталығында Түркі академиясы ұйымының (TWESCO) ұйымдастырумен халықаралық «Ұлы Дала» гуманитарлық ғылымдар форумы өтті. Қазақстанда тұңғыш рет өткізілген форумға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, сондай-ақ әлемнің 20-ға жуық елінен мемлекет және қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйым басшылары, дипломаттар мен әйгілі ғалым-зерттеушілер қатысты. 

Түркітілдес елдер тәуелсіздіктерінің 25 жылдығы қарсаңында, Түркі жазуы күніне орай ұйымдастырылған алқалы жиынның негізгі мақсаты: Ұлы Дала құндылықтарының адамзат өркениеті дамуындағы орны мен маңызын пайымдау. Сонымен қатар қазіргі заманғы гуманитарлық ғылымдардың даму үрдістерін түркі әлемін зерттеу саласындағы тәжірибені жинақтап, идеялармен алмасу және іргелі бағыттарды анықтау көзделген. 

Форумды түркі тілдес мемлекеттердің бірігуін қолдайтын Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова ханым оқып бастады. Мұндай форумдардың маңызы мен келешегі жайында сөз қозғаған Ататүрік атындағы тіл, мәдениет және тарих жоғары институтының президенті Дария Өрс пен Қазақстан Ұлтық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов түркі тілдес елдерге ортақ даталар мен тарихи оқиғалар үйлесімін атап өтті. 

Халықаралық форум аясында көрнекті ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов пен танымал түркітанушылар: Өзбекстан мемлекеттің сыйлығының лауреаты, археолог ғалым Ахмадали Асқаров, Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті Азия және Африка елдері институтының түркі филологиясы кафедрасының меңгерушісі, белгілі ғалым Дмитрий Насилов TWESCO-ның арнайы алтын медальдерімен марапатталды. 

Төрт панельді отырыстан тұратын форумның алғашқы отырысы «Еуразия кеңістігіндегі ғылыми ынтымақтастық пен ықпалдастық: заманауи тәсілдерді іздеу» деп аталды да, оны Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық ұйымы кеңесі Бас хатшысының орынбасары Өмер Қожаман жүргізді. Ислам ынтымақтастығы ұйымы жанындағы IRCICA ұйымының бас директоры Халит Ерен, Әзербайжан Ұлттық мәжілісінің депутаты Джеваншир Фейзиев, Ардахан университетінің ректоры, Кавказ университеттер одағының төрағасы Рамазан Коркмаз, Мичиган мемлекеттік университеті Еуропа, Ресей және Еуразия зерттеу орталығының директоры Норман Грэм, Әзербайжан мемлекеттік экономика университетінің ректоры, Түркі әлемі экономистер одағының төрағасы Әділет Мұратов, ЕСО Science Foundation қорының тұңғыш президенті Сумро Манзур Хусейн спикерлер қатарынан табылып, баяндама жасады. 

«Ұлы Дала өркениеті: жалпы және жалқы ерекшеліктері» атты 2 панель Жүсіп баласағұнның 1000 жылдығына арналған. Оның жүргізушісі – АҚШ Мэдисон университетінің профессоры Юлай Шамилоғлы. Отырыста баяндама жасаған «Манас» қырғыз-түрік университетінің профессоры Қадыралы Конкобаев, Қазақстан ҰҒА академигі Болат Көмеков, Түрік тарих құрылымының президенті Тұран Рефик, Моңғоли Тарих және археология институтының директоры Чулуун Сампилдондов, Татарстан ҒА Археология институтының директоры Айрат Ситдиков пен Токио университетінің профессоры Хаяши Тошио өзара пікір алмасты. 

Баку түркітанушыларының 90 жылдығына арналған «Түркітанудың жаңа кезеңі: әдістанамалық ұстанымдар мен пәнаралық аспектілер» үшінші отырыс Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Иса Габиббейлиннің жүргізушілігімен өтті. Сеул университетінің профессоры Йонг Сонг Ли, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Фоентика бөлімінің бас ғылыми қызметкері Жүнісбек Әлімхан, Түрік тіл қоғамының президенті Мұстафа Качалин, сонымен қатар Мичиган универстетінің профессоры Тимур Қожаоғлы, Ыстамбұл университетінің профессоры Серткая осман Фикри мен Ресей ҒА Филология институты директорының орынбасары Наталья Ширбокова сөз сөйледі. 

Сондай-ақ «Ықпалдасу жағдайындағы түрік мұрасы» атты төртінші сессияға Қырғыз Республикасы ҰҒА вице-президенті Абдылдажан Акматалиев, Серей Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі Виктор Бутанаев, Амстердам университетінің профессоры Ласло Мараш, Әзербайжандағы Насими атындағы Тіл білімі инстиутының директоры Мохсун Нагисойлы, Й. Гете атындағы Франкфурт университінің профессоры Инира Невская, Әзербайжан ҰҒА Сәулет және өнер институтының директоры Эртегин Саламзаде мен Хаджеттепе университетінің профессоры Осман Хората қатысып, баяндама жасады. Ресей ҒА Шығыстану институты шығыс тарихы бөлімінің жетекшісі Дмитирий Васильев жүргізген бұл отырыс Қожа Ахмет Иасауидің өмірден озғанына 850 жыл толуына арналды. 

Шара барысында Түркі академиясы халықаралық ұйымының соңғы жылдары шығарған кітаптарының көрмесі ұйымдастырылып, Түркі әлемі академиялар одағының жиыны өтті.