Орта Азия елдерінен соғысқа 3 миллион жауынгер қатысса, соның 1 миллион 366 мыңы қазақстандық. Ал соғысқа аттанған қазақстандық жауынгердің әрбір екіншісі майдан даласында қаза тапқан
1. Екінші дүниежүзілік соғыстың алғашқы күнінен бастап қазақ халқының батыр ұлдары соңына дейін қатысты. Соғыс басталған кезде Брест қаласында 30 ұлттың өкілінен құралған 7-8 мыңдай әскер болған. Ал олардың ішіндегі қазақстандық жауынгерлердің нақты санын анықтауда тарихшылар әлі күнге дейін бір пікірге тоқтай алмай отыр. Олар ұсынған Брест қамалын қорғаған қазақстандықтардың ұзын саны 400 бен 4000 адам аралығында. Совет өкіметі кезінде бар-жоғы 29 жауынгер ғана Брест қамалын қорғаушы ретінде мойындалыпты. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Лейла Ахметова қаланы жаудан қорғауға бұдан бөлек тағы 432 қазақстандықтың қатысқанын айтады.
2. Ресми мәліметтер бойынша Орта Азия елдерінен соғысқа 3 миллион жауынгер қатысса, соның 1 миллион 366 мыңы қазақстандық екен. Ал соғысқа аттанған қазақстандық жауынгердің әрбір екіншісі, яғни тең жартысы майдан даласында қаза болған.
3. Соғыстың алғашқы күндерінде-ақ Алматы, жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, қырғыстаннан шақырылған жігіттерден 316-нші атқыштар дивизиясы жасақталды. Сонымен қатар қазақ жерінде жасақталған дивизиялар: 238, 310, 314, 387 және 391-атқыштар дивизиялары. барлығы 12 атқыштар, 4 атты әскер дивизиясы, 20-дан аса атқыштар және атты әскер бригадалары, әуе күштерінің зеңбірекшілердің полктері, 74, 75-ші теңіз флоты, әр түрлі соғыс саласының ондаған батальондары құрылған. Республика майданға 14,1 мың жүк және жеңіл машина, 1,5 мың трактор, 110,4 мың жылқы және 16,2 мың арба жіберген.
4. 1941 жылдың қараша, желтоқсан айларында Мәскеу түбіндегі шайқаста қазақ жастарының жауынгерлік даңқы шықты. Одақтың жүрегі Мәскеу қаласына жеткізетін өзекті жолдардың бірі Волокаламск тас жолын қорғауда соғыстың даңқты жауынгері Бауыржан Момышұлы басқарған 1073-ші атқыштар полкі жау шабуылына тойтарыс берді.
5. Қазақ даласында құралған дивизия, полктер майданға 1942 жылы кіргізілді. Ақтөбеде жасақталған 312-ші дивизия Малоярославль түбінде жауды тоқтатса, Шымкентте құрылған 102-ші дивизия Украинаның солтүстік шығысында қорғаныс шебін ұстап тұрды. Ал 38, 152, 81-атқыштар дивизиясы Сталинград қаласы үшін жан алысып, жан берісті.
6. Майдан даласында басқа ұлт өкілдерінің қатарында қазақ жауынгерлері өшпес ерліктер жасап, мәңгілік даңққа бөленді. Арыстан Ахметов жау қолына әскери құпия мәліметті бермегені үшін шейіт болса, қуатты жарылғыш минамен танктің астына құлаған Қарсыбай Сыпатаевтың ерлігі өшпестей болып жазылды. Оқ бүркіп тұрған пулеметтін аузын кеудесімен жапқан Сұлтан Баймағамбетов, жана бастаған «ИЛ-12» ұшағын неміс әскери техникаларына бағыттап құлап ерлік жасаған Нүркен Әбдіров, осындай ерлікті соғыстың алғашқы күнерінде жасаған Бақтыораз Бейсекбаевтың аттары аңызға айналды.
7. Курск, Днепр, Орел, Невель, Смоленск, Витевск қалаларын азат еткен 101-нші қазақ ұлттық атқыштар бригадасының 4-екпінді армиясы болды.
8. Украина, Белоруссия жерлерінде партизандық әдіспен күрес жүргізген қазақ сарбаздары тек ұлтының ғана емес, одақ халқының де сүйікті перзенттеріне айналды. Қ. Қайсенов, Қ. Омаров, Б. Оразбаев, Ә. Шәріпов, Ж. Саин секілді патризандар ерліктің ерен үлгісін көрсетті.
9. Қазақ жауынгерлері Қиыр Шығыстағы Жапониямен болған шайқастарға да қатысып, 165-нші атқыштар полкінің ерлігі ұрпаққа жетті. Сөйтіп жапон әскерлерінің тізесін бүктірумен Екінші дүниежүзілік соғыстың тағдыры шешілді.
10. Соғыстың басынан аяғына дейін әскери бөлімдер ретінде шайқасқан 12 қазақстандық дивизияға құрметті атақтар берілді. Олардың бесеуі – бір орденмен, төртеуі – екі орденмен, екеуі үш орденмен марапатталды. 5 дивизия (олардың ішінде Совет Одағының Батыры И. В. Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизия да бар) гвардиялық дивизияларға айналды. Әскери ерліктері үшін жүздеген мың қазақстандық ордендер мен медальдармен марапатталды, 497 қазақстандық Совет Одағының Батыры атанды. Бұл атақты 97 қазақ иеленді, олардың ішінде қазақ қыздары — Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова бар. Төрт қазақстандық ұшқыш — Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов, Сергей Луганский Совет Одағының Батыры атағына екі рет ие болды.
Деректі әзірлеген: Заңғар Кәрімхан