Дала көшпелілері пайдаланған ежелгі жазулар
31.10.2024 805

Адамзат баласының ұлы жетістіктерінің бірі – жазу мәдениеті екені даусыз. 


Адамзат тарихындағы салтанат құрған өркениет іздері - жазу мәдениетінің ең алғашқы үлгілері суретті жазу еді. Кейіннен ой жазуы, буындық жазу және қазіргі дәстүрлі алфавиттік жазу секілді түрлі формациядан өтті. Әрі бұл кезең мыңдаған жылдарға созылды. Сол жазу мәдениетін қалыптастыру жолында түркі халықтарының қосқан үлесі зор еді.

Әдетте Ежелгі дәуірдегі алғашқы жазулардың бірі деп көне Мысыр иероглифтерін айтады. Иероглиф яғни қасиетті жазу деп аталған бұл мәдениет ізі б.з.д. 4000 – 400 жылдары аралығында табысты қолданыста болды. 

Бұл жазу жүйесі қолданыс ерекшелігіне қарай екі формада жазылды:  иератикалық және демотикалық. Бұл жазудың иератикалық түрі қатаң ережелер негізінде жазылатын арнайы білім алған жазушыларға тән жазба түрі. Ал бұл жазудың демотикалық түрі деп, жазу таңбаларының қарапайымдалған халыққа тән оңтайланған (дэмос – халық), күнделікті тұрмыста қолдануға ыңғайлы нұсқасы. 

Бұл жазудың кілтін табу өте күрделі болды. Қаншама ғалымдар атсалысты. Тек 1822 жылы француз шығыстанушысы, лингвист Жан-Франсуа Шампольон Розетта тасындағы 14 жол иероглифті оқу арқылы бұл жазудың ішке бүккен құпиясын ашып берді. 

Сол секілді көне жазулардың бірі  - қытай жазуы болып есептеледі. Оның өзі бірнеше нұсқада тарады. Бізге дейін жеткен қытай жазуының ең көне нұсқалары б.з.д. ХVІІІ-ХІІ ғасырларға тиесілі үлгілер. Көптеген зертетушілер осындай үлгілер негізіндегі Қытай жазуының көне нұсқаларының идеограммалық негізді таңбалардан түзілгендігін, кейіннен даму барысында бұл таңбалардың логограммалық таңбаларға өзгергендігін айтады. Сондай-ақ бұл жазулар алфавитті жазулар қатарына жатпайтын автохтонды негізді көне жазуға жатады. Күні бүгінге дейін қолданылып келе жатыр. 

Адамзат тарихындағы суретті жазу (петроглиф) және ой жазуы (идеографиялық жазу) деп бөлінетін алғашқы жазу мәдениеті түркі мәдениетін де айналып өтпеген. Қуаныштысы адамзат тарихындағы бұл екі жазу түрінің тым ерте кезеңдерге тән үлгілері осы күнге дейін аман-есен сақталып қалған. Әрі ондай жазба ескерткіштердің саны да аз емес. Мұндай алғашқы жазу түрлері Орта Азияның әр түкпірінен табуға болады.

Атап айтар болсақ: Моңғолияда Шивээт Хайрхан, Аршан хад, Билуут-Толгой, Бичигт Улаан Хад, Хойт-Цэнхэр, Бага-Ойгур, Чандаман, Чулуут, Яманы-ус. 

Ресейдің Таулы Алтай өңіріндегі Бичикт-Бом, Қаракөл, Қалбақ-Таш, Қатун, Куйлю, Құрман-Таш, Құйус, Қызыл-Жар, Ұқоқ, Турочакск жазбалары,

Тува өңіріндегі Алаға, Алды-Мозаға, Бижикт-Хая, Бии-Хем, Мортұқ, Догээ-Баары, Ийме, Қара-Бұлұн, Қазырған қорғаны, кіші Баян-Көл, Мұғұр-Саркөл, Окуневск петроглифтері, Орта-Саркөл, Саамчыыр Ұжу, Сыын-Чурек, Устю-Мозага, Үстіңгі-Саркөл, Хая-Бажы, Хербис, Ээрбек I‒IV, Ямалық, Чайлаг-Хем, Шанчиг, Шөлде-Тей жазбалары, Карелия өңіріндегі Онежск жазбалары, 

Красноярский Край өңіріндегі Кызыл-Хая, Большая Боярск жазбалары, Қаратағ, Красный камень, Ленск петроглифтері, Сулекск және Шалоболинск жазбалары, Оглахтинская, Тепсей, Ұлазы, Хана-Шулуун жазбалары, Хакасия өңіріндегі Қарасұқ жазбалары, Оглахты, Подкамень, Сундуки, Усть-Тюба, Хызын Хыр жазбалары, 

Забайкальский край өңіріндегі Бэшегтуу, Наушки, Цаған-Заба, Селенга, Субуктуй, Сулекск жазбалары, Шаман-гора, Харанхой жазбалары, Иркутская өңіріндегі Шишкинск жазбалары, 

Кемеровская өңіріндегі Новоромановск петроглифтері, Урал өңіріндегі Белая, Билабан, Зенковск жазбалары, Змиев Камень, Ирбит, Исаковск жазбалары, Исеть, Караульный Камень, Маскальск I жазбалары, Соколий Камень, Уфа, Тағыл, Чусовая, Юрузан жазбалары. 

Қазақстандағы Ақ-Бауыр, Арпаөзен, Баян-жүрек, Жайлау, Жайсан, Ешкі-өлмес, Қойбағар, Құлжабасы, Ой-Қаратау, Жетісу, Таңбалы, Теректі Әулие петроглифтері. 

Қырғызстандағы Саймалы-Таш, Сүлейман- Тоо петроглифтері.

Өзбекстандағы Қарақиясай, Сармышсай петроглифтері. 

Әзербайжандағы Гобустан петроглифтерін айтуымызға болады.

Жалпы дала көшпелілерінің жазу мәдениеті сонау тас дәуірінен басталады

 

Көне түркі жұртында таңбалап жазу жайлы алғашқы дерек қытай деректерінде сақталған.  Ғұндарға қатысты баяндардың бірінде «олардың жазуы жоқ, бірақ ағаштарға пышақтарымен кертіп белгі салып бір-біріне хабар жібереді» деп жазылған. Алайда кертіп салынған белгі болса да бұл дала көшпенділері қол жеткізген ұлы жетістіктерінің бірі еді. 

«Мәдениет тарихында өз жазуы бар мәдениеттер немесе жазуы жоқ мәдениеттер деп жіктеу бар. Бұл жазудың мәдениет тарихындағы орнын көрсетсе керек, яғни, жазу мәдениет жетістігінің шыңы. Жазу мен сөйлеу қарым-қатынастың негізгі түрі, оған дене мүшелері арқылы жасалатын ымды және түрлі белгі түрлерін (түстер, дыбыстар, түтін, жарық т.с.с.) қосуымызға болады. Бұл қарым-қатынас түрлерінің кейбірі қолымызбен бір бағытты нұсқауымыз сияқты қосымша түсіндірусіз-ақ ұғуға болатын болса, кейбірі адамдардың шартты түрде ортақ келісімі негізінде бағдаршам түстері: қызыл – тоқтау, сары – дайындалу, жасыл – жүру сияқты шартты мағыналарға ие болады. 

Әрине алғашқы суреттер шартты символикалық мәнге ие екендігін ұмытпауымыз керек. Дегенмен тарихта осы затты жазу түрін қолдану арқылы басқасына өз ойын жеткізуге тырысқан «жазбаларды» (заттар арқылы) білеміз. Бұл жайлы ең көне мағұлмат тарихтың атасы деп жүрген Геродоттың жазбаларында кездеседі. Сақтардың (скиф) жеріне басып кірген парсы патшасы Дарий олардың көсемінен «заттай» хабар алады. Ол хабардың заттары құс, тышқан, бақа және бес садақ жебесінің ұшы еді. Ол хабарды Дарийге жеткізген Гобрий: «құс болып аспанға ұшып кетпесең, тышқан болып жерге кіріп кетпесең, бақа болып суға сүңгіп кетпесең сен бұл оқтардан құтыла алмайсың» деп жорыған», - дейді түрколог-ғалым Талғат Молдабайұлы.

Зерттеушінің айтуынша, қара киім кию немесе жамылу бұл осы отбасында бір «қайғы», «өлім» болғанын білдірсе, неке жүзігі бұл адамның «үйленгендігін» білдіреді. Сол секілді қазір қолданылып жүрген елдердің тулары, арнайы қызметтердің киімдері (сақшы, дәрігер, дәнекерші) де осы затты жазу түріне жатады. Яғни бұл ұмтылыстардың барлығы да дала көшпенділерінің қысқа уақыттағы уақиғаны жеткізу және еске сақтау құралы болған.

«Ендеше біз әлі күнге дейін белгілі бір мөлшерде осы затты жазу түрлерін пайдаланып келеміз. Әлемдегі жазуы бар халықтардың мәдениетінде осы затты жазу белгілері көптеп кездеседі. Дала көшпелілерінде жал құйрығы күзелген жылқы өлген адамға құрбандыққа арналғандығын білдірген және мал ұрыларының өзі бұндай малдарды ұрламаған. Ал әйел адамның шашын жаюы қайғыны білдірген. Қазақ халқында «үкілі кепеш» қызды, «орамал» отбасылы әйелді, «кимешек» немере көрген әже екендігін білдірген.

Осы мақсатта бұл ұлы жеңістер мен қиындықтарды еске түсіретін символикалық заттар, яғни, сол ақпараттарды жадымызда қайта жаңғыртатын, еске түсіретін символикалық заттарға деген сұраныс шеңберінде қазіргі ғылымда «затты жазу» деп аталатын қарабайыр ақпарат құралы пайда болды. Бұл қарабайыр затты жазудың ерте заманғы халықтар үшін қызметі және жазу тарихындағы бір мезеттік ақпаратты (мгновенным сигнал) ұзақ уақытқа есте сақтауды қалыптастырған заттай элементтер арқылы қалыпты ақпарат түріне айналдыруы затты жазудың (предметный письмо) бастауы болды. Бұл адамзат үшін үлкен жетістік еді. Адамдар тек ғана ауызекі сөйлеу тілімен ғана емес, заттармен, затты білдіретін бейне сызбалар арқылы ақпарат алуға мүмкіндік алды», - дейді зерттеуші. 

Сондай-ақ ол затты жазу – жазу дамуының барлық процестерін бойында көрсете алатын ерекше қасиетке ие екенін айтады. Яғни зат өз бетінше тікелей ақпаратты бере алмағанмен, оның абстрактылы мағынадағы ұғымдары мен оның атауымен ұқсас дыбысталатын дүниелерді де жеткізу үшін қолданылды. Мысалы, дала көшпелілерінде жұт жылдары отарлап кеткен әулеттің ерлері өз әулеттеріне тұрғанжерлеріндегі ерекше шөп немесе ағаш бұтақтарын, сүрленген немесе жас мал етін, қой құмалағы немесе майда тастар жіберген. Әулет адамдары жіберілген сәлемдемеге қарап, шөп немесе бұта арқылы қайда екендігін, мал етінің сүрленген, жас, семіз немесе арық екендігіне қарап олардың жағдайын, құмалақ немесе майда тас арқылы мал санын анықтаған. Бұтақ арқылы таулы немесе орманды жерде екендігін, арнайы шөп түрі арқылы далалық аймақтың қай жерінде екендігін, сүрленген ет арқылы олардың қоры мол екендігін, жас еттің семіз арықтығына қарап олардың малдарының күйін, құмалақ немесе тас саны арқылы мал санын (он немесе жүзге көбейткен) анықтаған.

Жазу тарихын әдетте зерттеушілер тарихи кезең және тарихтан бұрыңғы кезең деп екіге бөліп жатады. Басында айтып өткеніміздей, дала көшпенділерінің жазу мәдениеті осы екі кезеңді де қамтып өтеді. Әрине, бұл үлкен прогресс еді.

«Шынын айту керек жазудың даму тарихы тұрғысында заттың суретке айналуы өте үлкен прогресс. Осы прогресс арқылы зат өз болмысынан ажырап, таңбаға (суретке) айналды. Енді оны кез келген тақтаға, тасқа немесе қағазға салып, тасымалдауға қол жеткізілді. Бұл жазу тарихының бастауы десек де болады. Сондай-ақ, суретті жазу арқылы ым-ишара сияқты хабарламалардың басқа түрлерін «жазуға» түсіруге болатындығын атап айтуымыз керек. Сұқ саусақтың суретін белгілі бағытқа көрсету арқылы көлдің суретін салсақ, осы көрсетілген бағытқа жүрер болсақ көлге баратынымызды түсінуге болады.

Жалпы дала көшпелілерінің жазу мәдениеті сонау тас дәуірінен басталады десек еш қателеспейміз. Олар өмір сүрген аймақта осы дәуірлерге тиесілі көптеген петроглифтер мен таңбалар бар. Ал киелі орындарын бұғытастармен, киелі таңбалар мен суреттермен көмкерген сақ, ғұн, түрік, қыпшақ кезеңдерін барлығымыз білеміз. Алғашқы таңбалау жүйесі, жазу мәдениетінің атасы саналатын суретті жазу (пиктография) адамзат өркениетінің жеткен жаңа жетістігі саналды. Себебі, адам өз ойын басқаға жеткізу үшін бір құрал ойлап тапқан еді. Бұл құрал адам ойын жан-жақты нақты жеткізбесе де, негізгі ойды жеткізуге мүмкіндік туғызған еді. Осы суретті жазуды қолдану жаңа сұраныстар туғызып, оның жаңа деңгейде дамуына жол ашты. Осылайша адамзат суретті жазуды дамыту арқылы жазу мәдениетінің тағы бір маңызды кезеңі идеографиялық жазу (ой жазуы) кезеңіне өтеді», - дейді түрколог-ғалым Талғат Молдабай. 

Сондай-ақ ол алғашқы жазу жүйелерінің барлығы дерлік алфавиттік жүйеге негізделмегендімен уақыт өте келе сол жазулардың өзінен кейінгі жазу түрлеріне негіз болып түрлі жолдармен дамығанын айтады. 

«Осы нұсқалардың ішінде өз өміршеңдігін сақтап дамып, әлі күнге дейін түрлі ұлттар мен ұлыстарға қызмет етіп келе жатқандары да бар. Бұл жазулар түрлі даму сатыларынан өтіп, түрлене отырып, біз білетін жазу дамуының соңғы сатысы алфавиттік жазу түрлеріне айналғанын байқаймыз. Ал бұл жазулардың кейбірі заман талабына сай даму қарқынына ілесе алмағандықтан, қолданыстан шығып, өз орындарын басқа жазу түрлеріне босатты», - дейді ол. 

Көне түрік бітіг жазуы – толық комплексті жазу

Зерттеушінің айтуынша, көне түрік бітіг жазуы идеографиялық, сөз жазуын, буындық жазуды және алфавиттік жазу белгілерін толық қамтыған комплексті жазу. Себебі, ол өз дамуын толық аяқтап үлгермеген жазу түріне жатады. Идеографиялық жазу, сөз жазуы мен буындық жазу элементтерінің бір әліпби жүйесінде болуы оның толық дамуын аяқтап үлгермеген дамушы сатынсындағы жазу екендігінің белгісі болса керек. 

Көне түрік жазуының алғашқы даму сатысы барысында тас таңбалар, діни-культтік, темпоральды-космонологиялық, дала көшпелілерінің мәдениетіне байланысты архитиптері (арба, қару-жарақ, құралдар және түрлі жануар бейнелері) және басқа да түрлі таңбалар мен суреттерге негізделді. 

«Бұл таңбалар таңбалары суретті бейнелермен сол халықтың тіліндегі сурет мағынасымен ұштасып жатқандықтан бұлардың барлығын біз идеографиялық таңбаларға жатқызып, сөз жазуы деп айта аламыз. Жалпы көне түрік бітіг жазуының дала көшпелілерінің төл туындысы екендігіне ешкім дау айтпауы тиіс.  Зерттеу жұмыстары барысында төл жазуымыздың ішкі ерекшелігі жағынан көне түрік тілімен астасып, үндесіп жатқандығына толық көз жеткіздім деуге болады. Себебі, бұл жазу көне түрік тілінің үндесім заңдылығын бойына сіңіріп, жазу жүйесіне де әсер етіп, үндесім заңдылығына негізделген дауыссыз дыбыстарды қалыптастырғанын көреміз. Бұндай дауыссыз дыбыстардың үндесім заңдылығына негізделіп түрленуі басқа жазу түрлерінде кездеспейді. Дауысты дыбыстардың да осы үндесім заңдылығы аясында өзіне тән жазылу ережелерінің (орфография) қалыптасуын ерекше атауымызға болады. Сонымен қатар езулік және еріндік дауыстылардың өзіне тән жазылу ережелерінің осы үндесім дауыссыздары арқылы жасалуын да атауымызға болады. Жазудың сыртқы ерекшелігі негізінде көне түрік бітіг жазуының алфавиттік жазу элементтерімен қатар логографиялық, буындық жазу элементтерін қамтитындығын және жазу таңбаларының семантикасы мен жазу таңбасының архетипіне үңіле отырып ол жазу таңбаларының көшпелілер танымымен астасып жатқандығын айта аламыз», - дейді зерттеуші. 

Көне түрік бітіг жазуы таңбалары қатты денеге сызып жазуға ыңғайлы тік және көлденең сызықтардан түзілген. Жазу жүйесінде кейбір аймақтық ерекшеліктерге ие бір екілі таңбаларды қоспағанда 38 әріп таңбасынан құралған. Осы әріп таңбаларының 4-і дауысты дыбыстарды таңбалайтын графема, 20 графема 10 дауыссыз фонеманы үндесім заңдылығына негізделген жуан және жіңішке даустылармен үндесуіне байланысты таңбалайтын әріптер. Ал 7 графема дауыссыз дыбыстарды таңбалайды. 3 таңба қосарланған дауыссыз дыбыстарды, 4 таңба бундық дыбыстарды білдіретін лигатуралық графемалардан түзілген. 

Түрік бітіг жазуы ұзақ уақыт бойы өзгеге телініп келді

Өкініштісі Түрік бітіг жазуы ұзақ уақыт бойы өзгеге телініп келді. Көне түрік бітіг жазуын алғаш еуропаға танытқан, орыстарға қолға түскен швед офисері Филипп Иоганн Табберт фон Страленберг Сібірге жер аударылғанда осы жерлердегі белгісіз жазулар жайында зерттеп, оның өз отанындағы тастарға жазылған сырлы жазу деген мағына беретін жазу түріне ұқсатып «Руна» атауын ғылыми айналымға енгізді. Кейіннен табылған аймақтарына байланысты бұл жазу Сібір рунасы, Енисей рунасы деп аталып, жалпылама түрде «Түрік рунасы» деген атауға ие болды. Кейінгі зерттеулер нәтижесінде жазба ескерткіштерде қолданылған жазу атауының «бітіг» екендігі анықталып, тарихи атауы қайтарылып, «түрік бітіг жазуы» деген атау ғылыми айналымға енді.

Көне түрік бітіг жазуының шығу тегіне қатысты алғашқы көзқарас белгілі Фин ғалымы А.О. Хейкелге тиесілі еді. Ол өз зерттеуінде бұл жазудың Скандинавия руникасы әріп таңбаларына ұқсастығына байланысты және скандинавиялықтардың Сібірден келуіне қатысты көзқарастың ықпалы негізінде өз аталарының жазуы болуы мүмкін екендігін айтты. Ал O. Донер, Х.Ю. Клапрот, Алтай Аманжолов сияқты ғалымдар көне түрік бітіг жазуының жазулардың отаны саналған Мезопотомиядан шыққан Семит жазуларының көне түрлерінің бірінен шығуы мүмкін деген пікірде болды. Сол секілді көне түрік бітіг жазуының кілтін тапқан Вилгельм Томсон, түрік бітіг мәтінінің алғашқы аудармасын жасаған В. Радлов та бұл жазудың Арамей мен Соғды жазулары нұсқалары негізінде пайда болған жазу болуы мүмкін деген көзқарас ұстанды. О. Прицак, А. Рона Таш сияқты ғалымдар өз зерттеулерінде көне түрік бітіг жазуының буындық негізді жазу екендігін алға тартып, Арамей жазуының ұмыт болған көне нұсқаларының бірінен шыққан болуы мүмкін екендігін атап өткен

Тек орыс ғалымы Н.А. Аристов алғаш болып көне түрік бітіг жазуының түріктердің меншік құқын білдіретін ру таңбаларынан шыққан болуы мүмкін деген ой айтты. Таңбадан шығу пікірін кейіннен түрік ғалымдары Ахмет Жафароғлы мен Хусейін Намык Орхун қолдап, ары қарай дамыта түсті. Осыдан кейін бұл пікірмен келісетін ғалымдар қатары көбея түсті. Атап айтар болсақ, Е.Д. Поливанов, В.А. Ливщиц сияқты ғалымдар көне түрік бітіг жазуының Арамей, Соғды жазулары сияқты Орталық Азияда таралған жазулардан әсерленіп көшпелілердің өздерінің таңбалары негізінде тапсырыспен жасалған жазуы болуы мүмкін деген пікір білдіріп, Н.А. Аристовтың жорамалы дұрыс екенін нығыздай түсті.

Енді ары қарай зерттеушінің «Қазақ жазуы мәдениетінің бастаулары» атты еңбегіндегі деректерге кезек берейік: 

Ұйғыр және Манихей жазуы

Жібек жолы бойында үлкен қалалар құрыла бастады. Қала мәдениеті дамып, қолөнер мен сауда гүлденді. Бұл өрлеу дәуірі 840 жылы Қырғыздардың орталық Моңғолия жеріндегі Ұйғыр қанатын құлатуымен аяқталды. Бірақ елдің оңтүстік батысындағы ұйғырлар билігі XII ғасырға дейін жалғасын тапты. Х ғасырда осы аймаққа ықпал ете бастаған Ислам мәдениеті Ұйғыр мәдениетіне әсер етіп, ақырын ығыстыра бастайды. 996 жылы Жаркент пен Хотан қалаларын, Тарым аймағын өз ықпалына алған Қарахан мемлекеті осы аймақтың «Түркістан» деп аталуының негізін қалады. Бұл кезеңде жазылған араб қолжазбаларында Ұйғырларды «тоғыз оғыз» деп атайды. 1209 жылы Шыңғысхан әлсіреген ұйғырларды басып алады. Осылайша ұйғырлардың саяси тарихына нүкте қойылды (Grousset R., 1980:313-314; Молдабай Т., 2021). Бірақ ұйғыр мәдениетінің әсері Шыңғыс хан құрған моңғол мемлекеті мен оның қоластындағы түрік халықтары тарапынан жалғасын тапты. Көшпелі моңғолдарға қала мәдениеті мен жазу осы ұйғыр мәдениеті арқылы берілді. Осы Ұйғыр жазуынан Найман жазуы, одан Тот монғол жазу аздаған өзгерістермен қабылданып, қазірге Тот монғол жазуы ретінде қолданылып келеді (Молдабай Т., 2021).

Ұйғыр жазба тілі дегенде біз VIII-IX ғасырларда Орталық Азияда үстемдік еткен, сол кездегі үлкен мәдени жетістікке жеткен Ұйғыр қағанатының және дала көшпелілерінің тілін еске түсіреміз. Әрине, ұйғыр жазба тілінен бұрын түріктер тарапынан қолданылған көне түрік бітіг жазуның болғандығына қарамастан, түрік жазба әдеби тілінің қалыптасуы осы ұйғыр жазуымен басталатындығын мойындауымыз керек. Себебі, көне түрік бітіг жазуымен жазылған жазба ескерткіштердің түрік тарихы мен тілін зерттеудегі орнының маңыздылығына қарамастан, бұл кезеңдегі ескерткіштердің көбі құлпытас, естелік үндеу сарынды, әдеби шығармалық құндылығы шектеулі жазбалар болғандығын естен шығармауымыз керек. Ал Ұйғыр дәуірі жазба ескерткіштері бірнеше ғасырға созылған мәдениет пен әдебиет тілі деп айтуға толық негіз бар. Себебі, сол кездегі дала көшпелілері мен қытай өркениетінің синтезі болған Ұйғыр қағанаты, көптеген өркениеттер мен діндердің тыныштық тапқан тұрағы болғаны тарихта белгілі. Сондықтан да осы кезеңде Манихей, Будизм, Христиандық Несториян діндерінің көптеген
шығармалары түрік тіліне аударылып ұйғыр жазуымен хатталды.

Тек діни шығармалармен шектелмей, әдебиет, күнделікті тұрмұстық хаттар, іс қағаздары, емшілік қолжазбалары сияқты тұрмыстың түрлі салаларын қамтыған жазбалар осы жазу арқылы орындалды (Тугушева Л.Ю., 1997:55; Молдабай Т., 2021).

Ұйғырлар өздері құлатқан түрік қағанатын құраушы көшпелі тайпалардың бірі еді және түрік қағанатының құрамындағы тайпаларды өзіне бағындырғаннан кейін түрік қағанатының мирасқоры ретінде көне түрік тілін жалғастырды. Осы екі кезең ескерткіштер тіліндегі аздаған айырмашылыққа қарамастан сол кезеңдегі қолданылған тілдің бір тіл екендігін барлық ғалымдар мойындайды (Schamiloglu U., 2019:1-10; Молдабай Т., 2021).

ХVІІ ғасырлардан бастап ғылым әлеміне беймәлім жазулар ретінде танылып, әлем назарын өзіне аударған көне түрік бітік жазулы (түрік руникасы) ескерткіштер 1893 жылы В. Томсеннің осы жазудың кілтін табуымен жаңа деңгейге көтерілді. Әлем назары түрік ескерткіштеріне ауған еді. Іле шала ХVІІІ ғасырдың соңы мен ХІХ ғасырдың басында Шығыс Түркістан әлем
ғалымдарының назарын өзіне аударды. 1902-1914 жылдары аралығында осы аймақта қазба жұмыстарын жүргізген Пруccия Академиясының жетістіктері басқа елдерге де әсер етіп, осы жылдары Ресей, Ұлы Британия, Франция елдері Шығыс Түркістанға бірнеше ғылыми экспедицияларын аттандырды. Бұл экспедициялар барысында Қытай еліне қарасты Турфан, Дунхуан
аймақтарында көптеген қала орындары мен көне тұрақтар табылып осы жерлерде археологиялық қазбалар жүргізілді. Діни рәсімдерге арналған тау бөктерлеріне ойылған үңгірлер табылды. Аталмыш жерлерден көптеген қолжазбалар, қыш тақтайшалар, ағаш тақтайшаларға жазылған мәтіндер, үңір қабырғаларына жазылған жазбалар, қабырға суреттері табылды. Бұл табылған археологиялық жәдігерлер, қабырға суреттері, жазба ескерткіштер мен қолжазбалар тапқан, зерттеу жүргізген ғалымдар тарапынан шет елдерге шығарылып қазіргі таңда Санкт-Петербург, Берлин, Лондон, Париж сияқты қалалардағы музейлер мен архивтерде сақтаулы тұр. Осы табылған тарихи мұралардың ең үлкен қоры неміс ғалымы А. Грюнведел мен мажар ғалымы А. Лекок тарапынан жинақталып Германияға (1902-1914 ж.) апарылған еді.
Қазіргі таңда «Турфан жинағы» деген атаумен сегіз мыңға жуық
мұра жинағы сақтаулы (Молдабай Т., 2021).

Аталмыш ескерткіштерді зертеген неміс ғалымы профессор Ф.К. Мюллер көне ұйғыр жазуын тот моңғол жазуы арқылы оқып, бұл ескерткіштердің көне түрік тілінде екендігін ашады. Шыңыс Түркістан аумағында табылған бұл жазба ескерткіштер көне түрік (түрік бітіг), несториан діндарлардың қолданған сириялық жазу түрлері, манихей, эстрангело, санскрит, брахми, тибет және көне ұйғыр жазуларымен жазылды. Қазіргі Моңғолия территориясынан табылған Ұйғыр қағанаты дәуірі жазба ескерткіштерінің көбі көне түрік бітіг жазуымен (Орхон жазуы, түрік руникасы) жазылды.

Шығыс Түркістан аумағынан табылған ескерткіштердің көбі түрлі діни бағыттағы жазбалар еді. Ал Ұйғыр дәуіріне тиесілі көне түрік бітіг және көне ұйғыр жазуымен жазылған ескерткіштердің мазмұны алуан түрлі еді. Бұл көне түрік бітіг жазуы мен көне ұйғыр жазуларының күнделікті өмірде түрлі салаларда кеңінен қолданылғандығының айғағы еді (Muller F., 1909:712-730; Молдабай Т., 2021).

Көне ұйғыр жазуының шығу тегіне қатысты көптеген зерттеулер бар. Біз көне ұйғыр жазуының шығу тегіне қатысты белгілі ұйғыр жазуын зерттеуші ғалымдар R. Gauthiot пен Ф. Мюллердің ұстанымдарымен келісеміз. Олардың пікірінше Көне ұйғыр жазуы Арамей текті Соғды әліпбиінің аздаған өзгеріске ұшырап, кең көлемді қолданысқа ие болған түрі (Muller F., 1909:717-730; Gauthiot R., 1911:82-90; Молдабай Т., 2021). 

Шығыс Түркістандағы көптеген жазба мәтіндердің табылуына үлес қосқан және осы мәтіндердің зерттелуіне көңіл бөлген A. Le Coq екі көне, бір жаңа нұсқада жазылған көне ұйғыр жазулы мәтіндеріне қатысты өте маңызды зерттеу жүргізеді. Ол осы зерттеуі барысында көне ұйғыр жазуы түрлерінің курсивті және баспа (оқылуы қиын, қою жазу түрі) жазулы нұсқаларына
ажыратады (Von Le Coq A., 1911:109-113; Щербак А.М., 2001; Молдабай Т., 2021).

Түрлі нұсқадағы көне ұйғыр жазуы түрлерінің дамуы мен оның басқа жазу түрлерімен байланысын түсіну үшін алдымен біз ұйғырлардың алғашында соғды жазуын еш өзгеріссіз Будисттік діни мәтіндерде қолданғандығын естен шығармауымыз керек (Von Gabain А., 1974). Себебі, біз өте ерте кезеңнен бері (VI-VII ғ.) Жібек жолы сауда керуен жолы бойында соғды тұрақтарының болғандығын білеміз (Бартольд В.В., 1968:365-368; Babayarov G., Asanov E., 2020:7-26; Молдабай Т., 2021).

Одан кейінгі кезеңдерде ұйғырлар соғды жазуын өздерінің тілдік фонологилық жүйесіне бейімдеп соғды әліпбиі негізінде өз әліпбилерін қалыптастырады. Ұйғыр жазуының негізгі ерекшелігі ретінде: «л» дыбысы фонологиялық бірлігінің өзгеруі; «с» мен «ш» дыбыстары арасындағы айырмашылықтың жоғалуы; «р» әрібінің астына сызық қою арқылы «л» дыбысын білдіретін әріп таңбасын қалыптасыру; «д» мен «т» әріптерінің фонологиялық бірліктерінің араласып кетуі сияқты басты ерекшеліктерді атауға болады (Gauthiot R., 1911; Von Gabain А., 1948:3-13; Молдабай Т.,
2021).

Ислам дәуірі Ұйғыр жазуларына қатысты В. Радлов «der mohammedanisch-uigurisch Schrift-character» деп атаған жаңа бір жазу нұсқасын анықтайды (Radloff W., 1891). Бұл жазу нұсқасының басты ерекшелігі араб жазуларында кездесетін айырым белгілерінің жазу таңбаларында жиі қолданылуы. Бұл жазу нұсқасына ХІІІ ғасырдың ортасында Шыңғыс хан мен оның ұрпақтары кезеңінде қолданылған бұйрықтар мен іс қағаздарын атауымызға болады (Kotwicz W., 1925; Pelliot P., 1925:287-289; Молдабай Т., 2021).

Моңғолдардың ұйғыр жазуын наймандар арқылы үйренгеннен кейін, бұл жазуды дала көшпелілерінің төл жазуы ретінде қабылдап, ел басқаруда дәстүрлі бір атрибуттардың бірі ретінде қолданады. Сондықтан да, сол дәуірдегі араб жазуының үстемдігіне қарамастан Моңғол елінің елдігі мен билігінің дәстүрлі негіздерінің бір атрибуты ретінде «ұйғыр жазуын» пайдаланады (Молдабай Т., 2021).

Көне ұйғыр жазуының жоғарыда атап өткен жазу ерекшеліктеріне қарай отырып, біз ортағасырлық түріктердің үш түрлі ұйғыр жазуы нұсқасын қолданғандығын айта аламыз:

Біріншісі, дәстүрлі соғды жазуына негізделген жазу нұсқасы. 

Екіншісі, көне ұйғыр тілі фонологиясына негізделген көне ұйғыр жазуы. 

Үшіншісі, ислам дәуірі ұйғыр жазуы немесе Ұйғыр-Моңғол жазуы. Жалпы көне ұйғыр жазуымен жазылып бізге жеткен қолжазбаларды төрт топқа бөліп жіктеуімізге болады:

1. Манихей дініне қатысты жазбалар
2. Будистік дінге қатысты жазбалар
3. Христян дініне қатысты жазбалар
4. Мұсылман дініне қатысты жазбалар (Молдабай Т., 2021).

1. Манихей дініне қатысты жазбалар
Манихей дініне қатысты прозалық шығармалар саны мен көлемі жағынан көп емес. Көбі діни мәтіндер мен дұғаларды қамтиды. Діни шығармалардан басқа бір бал ашу кітабы, бір мақал-мәтел жинағы және қысқа әңгімелер бар (Clauson G.,1962:301-305; Молдабай Т., 2021).

Шамамен 930 жылдары көне түрік бітіг жазуымен жазылған Ырық бітіг (Бал ашу кітабы), Манихей діні танымы негізінде жазылған шығармалардың бірегейі. Ішінде манихей дініне қатысты танымдар болғандығына қарамастан Ырық бітіг бір діни кітап емес, бал ашу кітабы (Orhun H.N., 1936:71-72; Кызласов И.Л., 2020; Молдабай Т., 2021).

Тұрфаннан табылған Хуастуанифт жазба ескерткіші Манихей дінінің тәу ету дұғасы кітабы (Tugusheva L., 1996). Тарым аймағынан табылған тағы бір жазба ескерткіш “İki Yıltız Nom (Екі көк заңы)” деп аталатын манихей діні
философиясына арналған шығарма (Молдабай Т., 2021).

2. Будистік дінге қатысты жазбалар

Будистік бағыттағы жазбаларды біз шығармалар мазмұны негізінде төрт топқа бөліп қарастыруды дұрыс деп білеміз:

1) Винаялар: Будистік дін адамдардың өмір жолдары мен күнделікті өмірде ұстанатын ережелер жиынтығы. Бұл мазмұндағы шығармалардың саны аз. Ең бастылары: Karmavâcana деп аталатын, манастр киімдерінің қолданылуы жайлы жазба. Pravâranâ, бір будда дін адамының жаңбыр маусымында оқшауланып жасаған діні рәсімін баяндайды (Tugusheva L.,
1996:8-15; Молдабай Т., 2021).

2) Сутралар: Будда бурхандарының уағыздары. Көне ұйғыр тіліне аударылған ең көлемді сутра Altım Yaruk (Алтын жарық). Бесбалық қаласынан шыққан Шыңкү Сели Тұтың деген адам тарапынан Қытайшадан аударылған. Аудармадан қарағанда ұйғыр тіліндегі нұсқасы деуге болатын өзіндік шығарма. Ұйғырлар арасында кең тараған тағы бір сутра Sekiz Yükmek (Сегіз жазба) атты сутра. İnsadi Sudur атты сутра негізінен дін адамдарының бір-біріне жасаған күнәларын баяндау жолдарына арналған шығарма. Yitiken Sudur атты сутра сыйқыр жасауға қатысты сутра жинағы. Kşanti Kilguluk Nom Bitig атты сутра күнә шығару жолдары жайлы жазба (Özönder Barutçu F. S., 2002; Молдабай Т., 2021).

3) Абидармалар: Будистік діни танымды түсіндіретін, философиялық таным жиынтығы. Тілі өте ауыр, түсіну қиын, діни терминдерге бай жазба. Abidarim Kıınlig Koşavarti Şastir атты абидарма Қытай тілінен аударылған көлемді шығарма (Tekin Ş., 1976).

4) Басқа мәтіндер: Küentso (Hüen-Tsang) Биографиясы атты шығарма Кюенто атты бір будистік дін адамының 630-645 жылдары арасында Түркістан арқылы Индияға жасаған саяхаты және Қытайдағы өзінің өмірі жайлы баяндаған биографиясы. Қытай тілінен көне ұйғыр тіліне аударған танымал ұйғыр жазушысы, ақыны Şıŋku Şeli Tutuŋ (Шыңкү Шели Тұтұң) (Молдабай Т., 2021).

3. Христян дініне қатысты жазбалар

Көне ұйғыр дәуіріне тиесілі жазбалар арасында Будда және Манихей діни шығармаларынан басқа, Христиан дінінің Несториян ағымына тиесілі жазбалар да табылған. Қасиетті Георгтың тартқан өлім азаптары жайлы баяндалған үзінді А. Le Coq тарапынан ғылыми айналымға ұсынылған болатын (Tezcan S., 1978; Молдабай Т., 2021).

4. Мұсылман дініне қатысты жазбалар 

ХІІІ ғасырдан бастап Шығыс Түркістан аймағында мұсылман дінінің кең таралып, тез жайыла бастағанын білеміз. Әсіресе Хочо қаласы аймағынан табылған өлең үзінділері кездеседі. Бұл шығармалар Будда және Манихей діни шығармаларынан мазмұндық тұрғыда ерекшелінеді (адамгершілік, моральдік тақырыптарды қамтыған) (Arat R.R., 1965; Молдабай Т., 2021).

Көне ұйғыр жазуы түріктердің төл жазуы болмаса да, араб жазуынан кейінгі түріктерге ұзақ уақыт қызмет еткен (шамамен он ғасырға жуық) жазу түрі ретінде және кең көлемді түрік әдеби тілінің қалыптасуына қызмет еткен жазу жүйесі ретінде түрік мәдениетіндегі және әлем мәдениетіндегі алар орны ерекше (Молдабай Т., 2021).

Ендеше осы ерекше жазу жүйесінің шығу тегі, дамуы, таралуы жайлы зерттеулер негізінде біз де көне ұйғыр жазуын түріктердің қолдану ерекшелігіне және осы жазумен бізге жеткен жазба ескерткіштердің мазмұндық ерекшелігі негізінде жүйелеп, таныстыруға тырыстық. Көне ұйғыр жазуының түріктер тарапынан қолданылуын тарихи деректер негізінде тарқатып, сол кезеңдегі жазба ескерткіштердің жазылу ерекшелігі негізінде үш топқа жүйелеп, әр топтың негізгі белгілерін ашып айқындап беруге тырыстық.

Ғылым әлемінде Көне түрік бітіг жазуынан кейін назар аудартқан ерекше жағдай Шығыс Түркістан аймағынан табылған жазба ескерткіштер еді. Бұл жазба ескерткіштер жазу түрлерінің алуандығымен, мазмұндық тұрғыдағы түрлілігімен әлем түріктанушыларын таңдандырды. Осы жазба ескерткіштердімазмұндық тұрғыда жіктеп, жүйелеуге тырыстық. Бұл келешекте қазақ ғалымдарының көне ұйғыр жазуымен жазылған жазба ескерткіштерді зерттеуінде көмек болады деген сенімдеміз.

Көне ұйғыр жазуы әліпбиі Көне ұйғыр жазуының сыртқы және ішкі формаларын қарастырмаймыз. Оған себеп, көне ұйғыр жазуы автохтонды
негізді жазу емес, басқаларынан алынып, бейімделген жазу. Ендеше бұл жазудың шығу тегі аталмыш этноспен ешқандай байланысы жоқ. Тек бейімделген жазу ретінде түрік халықтарының тілі мен әдебиетінің қалыптасуына ұзақ уақыт бойы қызмет етті. 

Сол секілді әлі күнге дейін шығу тегі анықталмаған, басқа жазу жүйелеріне ұқсамайтын үнді жазуы, түрік бітіг жазуы сияқты әлі де зерттелуді талап ететін жазу жүйелері де кездеседі. Бізде осы зерттеуіміз арқылы бұған дейін түрлі жазу жүйелеріне телініп, бірақ нақты дәлелденбей, ғылыми ортада мойындалмай келе жатқан дала көшпелілерінің төл туындысы көне түрік бітіг жазуына ерекше тоқталып, осы жазудың тарихы мен тамырына үңілуге тырысамыз. 

Жазу адамзат мәдениеті жеткен жетістіктердің ең бастысы.