Алаштану ғылымының оқулығы жарыққа шықты
22.10.2024 1478

Бүгінгі күні Алаш ұлт-азаттық қозғалысы, Алашорда үкіметінің қызметі тарихымен, Алаш қайраткерлерімен ұлт зиялыларының тағдыры жайлы білгісі келетін жандар өте көп. Бірақ нақты деректермен жазылған кітаптар өте сирек. Сол олқылықтың орнын толтыру мақсатында «Туған қалам – Семейім» қоғамдық қоры алаштанушы, журналист, «ҚР Ақпарат саласының үздігі» Мұратбек Мүфтиұлы Кенемолдиннің зерттеулері мен мақалаларын Семей қаласындағы «Жәрдем» баспасына ұсынып  «Семей-Алаштың жүрегі» деген атпен жарыққа шығарды.

Кітап «Алаш қаласы», «Алашорда»,  «Алаш арыстары», «Алаш мектептері»  атты 4 бөлімнен және фотосуреттерден тұрады. Мұндағы көптеген мақалалар мен тың деректер және кейбір фотосуреттер бұрын еш жерде жарияланбаған тың деректер.

Мұратбек ағаны көпшілік жақсы білсе де, геральдист Айдын Рысбекұлының   алғы сөзін жазғанды жөн көрдім.

«АЛАШТЫҢ АРДА АЗАМАТЫ

Біздің Семейден қаламы, қадамы құтты болған руханият қайраткерлері аз шыққан жоқ. Бірақ алаштанушы-ғалым Мүкеңнің, куәліксіз кандидат, дипломсыз доктор, атақсыз академик Мұрат Кенемолдиннің орны алабөтен. Оның жанында атақ-дәрежесінен ат үркетін әйгілі ғалымдардың біразы пырағынан түсіп қалады.

Мұрат аға жазуды сиясы кеппей жатып ала жүгіретіндердің сойынан емес. Асып-таспайды. Ұзақ толғайды. Оқыған-тоқығаны мол. Білімі тілінен ағып жүреді. Сыпайы. Сырбаз. Салмақты. Салиқалы. Жан баласын жатсынбайды. Ешкімнің бетіне жел боп тимейді. Семей қаласының және Алаш мемлекетінің тарихын жетік біледі. Нағыз зерттеуші. Тұрпаты бөлек тұлға. Қара сөздің қас шебері. Кәсіби журналист. Күні бүгінге дейін республикалық «Абай» журналында жауапты хатшы қызметін атқарып келді. Мені «Жазу үстеліне ыждағат емес, ыза отырғызады» деп Әбіш Кекілбаевтың айтқанындай, ол да жазу үстеліне әбден шөліркеп, сағынып келіп отырады. Құдды «адам сағыныш пен мұңнан айырылғанда бәрінен айырылады» деген Чеховтың сөзін санасына құйып алғандай. Бұл жазуға деген құрметі оның. Мүкеңнің осы уақытқа дейін кірмеген кітапханасы, кемірмеген кітабы жоқ. Бізде Семей мен Алаш тарихын иін қандырып, жеріне жеткізе зерттеген ғалымдар кемде-кем. Біз Мүкеңнің мақалаларынан білмегенімізді біліп, жоғалтқанымызды тауып, жүреміз. Жазғандарын тұшына оқимыз, толғанамыз, түсінеміз, түйсінеміз. Бірақ бәрібір абзал ағаның өзіне жолығып, тағы бір тілдескіміз келіп тұрады. Себебі алашқа қатысты жазған дүниеңді саралау барысында мың-сан сауал туындайды. Ойыңдағыны тап басатын алаштанушы-ғалымның айтары көп. Ағыл-тегіл ақтарыла жөнеледі. Осы жинаққа енген зерттеулері соның айғағы. Мұрат ағаның тағы бір қасиеті, мүмкін ең басты қасиеті – атақ-даңққа қызықпайды. Бірақ сол алдамшы неменің өзі иттей болып бір күні Мүкеңді өзі іздеп келетініне де еш күмәнім жоқ. Ол жөнінде 2017 жылы Семейдегі «Интеллект» баспасынан жарық көрген «Алаштың құнын қалай қайтарамыз?» атты кітабымда біраз айтыңқырадым. Семейдегі Алаш мемлекетінің өмірі туралы 1936 жылы жазылған Мұхтизар Титақовтың «Мұрат үшін майдан» пьесасы жарыққа шыққанда баладан бетер қуанып, сүйіншілегені де есімде. Сондағы айтқан жүрекжарды тілегі әлі ойымнан кеткен жоқ, кетпейді де».

Кітаптың бірінші бөлімінде  «Алаш қаласы болған», «Тінібай қажы», «Шоқан өмірінің «жұмбақтары» , «Ұлы Абай мұрасына қамқорлық» зерттеу мақалалары  берілсе, екінші бөлімде «Алаш автономиясы мәселесі», «Шәкәрім өмірінің белгісіз беттерінен», «Семей Земствосы және ұлт зиялылары», «Жәрдем» баспаханасы», «Қара тақта, қара тізім», «Анненковтың «ажал аралы» мақалалары орналастырылған. Оқырман үшінші бөлімнен «Шәкәрім айтқан Қазақ оқығандары» мақаланы және Биахмет Сәрсенов, Халел Ғаббасов, Турағұл Абайұлы, Ахметжан Қозыбағаров, Имам Әлімбеков, Мұстақым Малдыбаев, Қаражан Үкібаев, Рақым Уәлиахметов, Нығметолла Күзембаев, Шахан Мусиндердің өмір деректері жайлы өзгеше зерттеулермен танысады. Төртінші «Алаш мектептері» бөлімінде «Алаш мектептері», «Әлімхан Ермековтың педагогикалық қызметі», «Әлихан Бөкейхан және Сібір басылымдары», «Әуезов және «Таң» журналы», «Ғалия» медресесінің семейлік шәкірттері» еңбектері берілген. Шындығын айтар болсам, осы кітаптағы әр мақала, әр еңбек бір-бір ғылыми атаққа тұрарлық дүние десем, кітапты  оқып шыққан  адамның бұл сөзіме келісеріне сенімім кәміл.

Ұрпаққа саналы тәрбие, тарихтан білім берер, көпшілік қауымды ел тарихымен таныстырар кітабымыз құтты болсын, ардақты Алаш Елі!

Серікбек Болатбекұлы, «Туған қалам-Семейім!» қоғамдық қорының төрағасы