Саз әлемінің саңлағы
09.10.2024 815

Биыл КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті композитор Сыдық Мұхамеджановтың туғанына биыл  100 жыл толып отыр. Сыдық Мұхамеджанов шығармалары мазмұны жағынан кең көлемді, айтар ойының анықтығы, ерекше әуендік сұлулығымен айрықша. Музыка майталманының  әндері мен романстары өнер сүйер қауымның жүрегін іңкәр сазға бөлеп келеді. Оның ән-романстары әрбір кәсіби әншілердің репертуарынан берік орын алған туындылар. Бұл суреткердің талантын, дарынын, мәңгі өлмейтінін білдіреді. Осындай мол мұра қалдырған тұлғаның рухына тағзым ете отырып, өмірбаянынан бірер сәттерін ұсынбақпазыз. 


XX ғасыр қазақ музыкалық өнерінің теңдесі жоқ гүлденуі мен әлемдік триумфының дәуірі десек артық айтқанымыз емес. Өздерінің ұлы қайраткерлерінің ғасырлық дәстүрлерін дамыта отырып, және әлемдік классиканы шығармашылық тұрғыдан игере отырып, революциядан кейін өздерін танытқан жас композиторлар кәсіби қазақ музыкасының негіздерін қалады. Жас таланаттардың шығармашылығы көбіне халықтылық пен реализм бағытында болды. Оның қалыптасуында кеңестік биліктің халықтан таланттарды іздеу мен қолдауға бағытталған көптеген шаралары маңызды рөл атқарды. Мәселен, үкімет кәсіби кадрларға қатты мұқтаж болған кезде, 1933 жылдың 8 қыркүйегіндегі Казкрайком партиясының «Ұлттық өнерді дамыту шаралары туралы» тарихи қаулысы жарық көрді. Осы құжаттың негізінде 70-ке жуық қазақ жігіттері мен қыздары Алматыдан Мәскеу мен Ленинградқа оқу үшін жіберілді, онда оларға музыкалық және театрлық жоғары оқу орындарының арнайы студиялары ұйымдастырылды. Қаулыда Алматы мен ірі облыс орталықтарында музыкалық-театралдық техникумдар мен мектептер ашу да көзделген. Бұл қаулы мен ВКП(б) Орталық Комитетінің «Әдеби-өнер ұйымдарын қайта құру туралы» қаулысы Республикадағы музыкалық процестің түбегейлі қайта құрылуына ықпал етіп, болашақ музыканттар мен композиторларға үлкен өнерге жол ашты.

Қазақ музыкасының тарихына қарап, оның шебер һәм үздік өкілдері қол жеткізген кәсіби жетістіктерді атап өткен Дінмұхамед Қонаев былай деді: «Ғасырдан-ғасырға қазақ халқы өз әндері мен күйін, аңыздары мен поэмаларын сақтап, оларды ұрпақтан-ұрпаққа бүкпесіз жеткізіп келді. Халық әншілер мен күйші­лерді, ақындар мен домбырашыларды дүниеге әкелді, олардың өнері Пушкинді, Меримені, Ролланды және Горькийді таңғалдырып отырды. Біздің заманымызға дейін қайғылы әрі қаяулы ескі ырғақтар жетті. Дала ақындары мен күйшілері ноталық грамота білмегенімен, олар музы­када көргені мен сезінгенін есте сақтау және жеткізу қабілетіне ие болды. Біздің бақытымыз — қазақ поэзиясы мен музыкалық шығармашылығының қазыналары көшпелі өмір салтында жоғалып кетпеді. Күй мен әндер, халық шығармашылығы негізінде кәсіби қазақ өнері әрі қарай дамыды».

Сыдық Мұхамеджановтың өмірі мен шығармашылық қызметінде халық композиторларының дәстүрлері ерекше орын алды. Бұл дәстүрлер кейде қатаң терминдердің тар шеңберінен шығып, өмірдің өзіне еніп кеткендей. Жас кезінен болашақ композитор қазақ халқының музыкалық өнерінің шедеврлерімен таныс болды. Мұхамеджановтың шығармашылығын ағылшын тілінде сөйлейтін студенттерге таныстырған музыка зерттеушісі Лаура Майлыбаева ерекше атап өткеніндей, көрнекті композитор музыкалық қабілеті һәм дарыны бар отбасында дүниеге келген. Оның әкесі Мұхамеджан домбыра мен қобызда шебер ойнаса, анасы Ақбөрік халық әндерін орындап, бұл әндер жас Сыдықтың туған жер тарихы жөніндегі алғашқы оқу құралына айналды. Мүмкін, осы жағдай Мұхамеджановтың өнерге кәсіби қызығушылығын және тарихи тақырыпқа деген тартылысын айқындаған болуы керек. Ол бұл тақырыптарды көптеген шығармаларында қолданып отырды. 

Композитор отбасы туралы естеліктер туралы былай дейді: «Отбасылық дуэт маған үлкен эстетикалық ләззат сыйлады. Анам жайлы «Керемет әнші», «той бастаушы» деп  айтатын. Анам менің өнерге деген шексіз сүйіспеншілігімді оятып, бұл саладағы қызығушылығымды қолдады».

Келешек композиторға Екінші Дүниежүзілік соғыс жылдарындағы совет халқының ерлік істері терең әсер қалдырды. Дегенмен, соғыс жылдарының Сыдық Мұхамеджановтың өмірбаянында әлі күнге дейін ең аз зерттелген кезеңдердің бірі болып қалуы өкінішті. Көптеген тақырыптық энциклопедиялар мен анықтамалықтарда оған бір де бір жол арналмаған. Композитордың осы бір соғыс жылдарындағы «Ғасыр дауысы» атты гениальды ораториясында халықтың ерлігі бейнесі жарқын бейнеленген еді. 

Сыдық Мұхамеджановтың өмір жолындағы зерттелмеген кезеңдерге қатысты қызы Ләйлә Мұхамеджанова, музыка зерттеушісі, былай дейді: «Кезекті мәрте соғыс аймағына бара жатқан пойыздан түсірілгенде, даңқты Құрманбек Жандарбеков оған: «Мен сені түсінемін, Сыдық. Мен де сол жерге барам. Жүсіпбек Елебеков орындаған әннен жас қазақ Төлеген Тохтаровтың қаза тапқаны, кейін әннің авторы – Рамазан Елебаевтың да қайтыс болғанын білгенде, сен үшін қаншалықты ауыр екенін білемін. Егер қаласаң, фронтқа қашып кетесің. Бірақ ойлан: әкең фронтта, сен анаңмен жалғызсың. Тағы бір нәрсе: сенде композиторлық талант бар, тағы бір жас қазақтың қыршынынан қиылуын қаламаймын. Сен өз замандастарыңның, жаумен шайқаста өмірін қиғандардың ерлігін шығармаларыңда мәңгілікке жазып қалдыр. Сен осы батырлар туралы ең жақсы, рухани ескерткішті жасай аласың. Ол ғасырлар бойы сақталады. Менің сөздеріме ойланып қара. Жаза бер, жаза бер. Қаза болғандардың есімі ұмытылмауы тиіс». Осылайша «Жас қазақ» ораториясының бір бөлігі – Сыдық Мұхамеджановтың соғысқа оралмаған замандастарына деген құрметі туындады», – деп айтты Ләйлә Сыдыққызы. 

Алматы консерваториясының (қазіргі атауы Қазақ ұлттық консерваториясы) композиторлық бөлімін бітірген. Консерваторияда оқыған жылдары Қазақ радиосында музыкалық редактор болды және қосымша Қазақстан Мәдениет министрлігінде қызмет істеді. 1960-1962 жылдары - Қазақстан Композиторлар одағы басқармасының төрағасы қызметін атқарды. 1964-1968 жылдары Қазақ филармониясының директоры әрі музыкалық жетекшісі, 1969-1972 жылдары Қазақ академиялық опера және балет театрының директоры қызметтерін атқарған. Мұхамеджановтың қазақ ән өнерінде Абай өлеңдеріне жазылған «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да», «Өзгеге көңілім тоярсың», «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» атты әндері ерекше дараланды. Шуақты лиризмге тұнған «Көктем вальсі», «Сырлы қайың», «Шолпаным», «Тербеледі тың дала», «Жарқырайды Теміртаудың оттары», «Еңбек әні», «Жастар маршы», тағы басқа балалық шақ, жастық шақ, бейбітшілік, еңбекті жыр еткен көптеген әндері мен романстары ел арасында кеңінен танымал. Мұхамеджанов «Бекет», «Ақан сері - Ақтоты» операларын, «Ғасырлар үні ораториясын жазды. Ал «Дауыл» атты бірнеше бөлім симфониясы ұлттық музыкаға қосылған елеулі үлес болды. Оның скрипка мен фортепьяноға арналған сонаталары, халық аспаптар оркестріне жазылған пьесалары, күйлері, камералық оркестрге жазылған поэмалары қазақтың аспаптық, оркестрлік, камералық шығармаларының жан-жақты дамығандығын, оның биік көркемдік дәрежесін көрсетеді.