Ғұндардан жеткен құрама садақ
27.09.2024 2806

Адамзат тарихында бірнеше ірі-ірі мәдени құбылыстар болып өтті. Соның бірі – ұлы далада қалыптасқан көшпенділер мәдениеті. Осы мәдени ұстынды гуманитарлық ғылым: рухани және материалдық құндылық ретінде қарастырады. Рухани бағыты оның – фольклоры, дәстүрі, ақыл-ойы, пайым-парасаты һәм терең таным-түсінігі болса, материалдық мәдениетіне: қолданбалы өнер туындылары, тұрмыстық құрал-жабықтары сонымен қатар, жауынгерлік соғыс құралдары жатады.


Көшпенділердің соғыс құралдарының ішіндегі ең маңыздысы – садақ. Ғылыми тілде «ату құралы» деп атап жүрміз. Әлемдік қарутанушы мамандардың пайымдауынша, осы садақты алғаш рет қолданған көшпенділер, яғни біздің аталарымыз екен. Олар ерте тас дәуірінің аяғы немесе орта тас дәуірінде осыдан 12000-7000 мың жыл бұрын ойлап тапқан. 

 Уақыт өте келе адамдар сапалы садақ жасауды үйренді. Бұл оқиға ғұндар дәуірінде іске асқандықтын бұл қаруды ғалымдар «ғұндардың құрама садағы» немесе «күрделі садақ» деген атпен тарихқа таңбалады. Бұған негізгі дәлел – ғұн дәуірінің аса үлкен қазынасы жасырылған «Нойн ула» қорғанынан табылған садақ. Бұл садақ жеті бөліктен құралыпты. Осының 3-уі садақтың тұтқасы (белі) және мүйізден жасалған қос қапталы, қалған 4-еуі садақтың екі жақ сұғы (иіні)  мен қатты тобыршығы бар екен.

Бұл садақтың ерекшелігі – өзегі ағаш, астары мүйіз, жон тәртесіне тарамыс желімделіп жасалған екен. Яғни, б.з.б. ІІІ ғасырда ғұндар даланың қоңыр аңдары: бұғы, бұлан, тау ешкінің мүйізін жұқалап жонып алып, онымен садақтың бауырын астарласа, ірбіс, қасқыр қатарлы жыртқыш аңдардың тарамысын пайдаланып онымен садақтың сыртқы жонын қаптаған.

Осындай құрама материалдарына қарап ғалымдар бұл қаруды «мүйіз астарлы, тарамыс қаптамалы садақ» деген атау берсе, отандық зерттеушілер (Б.Қинаятұлы, Қ.Ахметжан) «күрделі садақ» деп атапты. Ал кейінгі кезде еуропалық, ресейлік, Азия елдерінің ғалымдары бір ауыздан «ғұн садағы» деген атауға тоқайласуда. 

 

 

Моңғолиялық көне қаруларды зерттеуші – этнолог ғалым Ж.Сүхэбатор мырза: «Шындығында садақ қаруын керемет жетілдірген қауым – ғұндар. Олар алғаш рет құрама садақ жасап шығарды. Ол садақтың сыртқы жоны мен ішкі астарына 7-10 бөлек мүйіз жапсырып, садақ оғын жеңілдету үшін оған да жеңіл сүйек жапсырма қолданды», – деп жазады (Үндэсний сурын харвааны гарын авлага. Дулаанхан. 2014 жыл. 34-б)

Тағы бір моңғол зерттеушісі Ж.Базарсүреннің негіздеуіне қарағанда, ғұн садағы алғашында: жалпы тұлғасы (корпусы), сүйекті жапсырма, сұғының мүйіз ауыздығы қатарлы үш бөліктен тұрған көрінеді. Бұл атаулар ортағасырлық Әз-Замахшаридің арабша, парсыша, түрікше, моңғолша жазылған «Мукаддимат әл-адаб» атты сөздігінде: «Numunu modun, bar ur, eligen, gicir, kobcin» деп таңбаланыпты (Поле Н.Н. Монголский словарь Мухаддимат ал-Абад. Часть І-ІІІ. Труды Института Востоковедения. ХІV. Москва-Ленинград. 1938. Стр-261).

 

Келесі кезекте ресейлік көне заман қару-жарақ тарихының маманы Ю.С.Худяков, ғұн шеберлері қапталы және бауырында 7-11 құрма жапсырмасы бар атуға қолайлы жетілген садақ түрін қолданғаны туралы дерек келтіреді (Худяков Ю. С. Вооружение средневековых кочевников Южной Сибири и Центральной Азии. –  Новосибирск: Наука. Сиб. отд-ние, 1986. Стр- 206).

Сондай-ақ орыстың қару-жарақ зерттеуші маманы М.В.Горелик ертедегі көшпенділер қолданған садақты жетілген құрылымына байланысты үш түрге бөліп қарастырған екен.

 1. Тұтас ағаштан жасалған садақ. 

 2. Тұстас ағаштан жасалған бірақ әр тұсына: мүйіз, сүйек, тарамыс т.б. материал керектеніп сапаландырылған садақ.

 3. Бірнеше бөлек ағаштан құрастырылып, оған қажет материалдар (мүйіз, сүйек, тарамыс, желім т.б.) қосып жасаған күрделі-құрама садақ.

Жалпы айтқанда, біз сөз етіп отырған ежелгі ғұн садағы: ағаш өзекті, мүйіз астарлы (бауырлы), тарамыс (сыртқы жоны) тәртелі болып келеді де, адырна, сұғы, жалпы корпусы, тұтқасы, тобыршығы, адырна ашасы деген негізі бөліктерден құралғаны анық. 

 

Ежелгі күрделі ғұн садағы. (Т.Батмункенің жаңғыртпасы)

Мұндай құрама садақтың ерекшелігі –  ат үстінде отырып, қозғалыстағы нысанды атуға қолайлы. Оның сыртында сұғы ұзын, иіні қысқа болғандықтан мерген артына бұрылып немесе екі қапталына кезек-кезек аударылып маневр жасап атуға қолайлы әрі серіппелі иілгіш болғандықтан оғы жылдам ұшады һәм көздеген нысанаға ауытқымай тура барады. 

Таңданарлық жағыдай ғұндар заманында пайда болған осы құрама садақты адамдар күні бүгінге дейін ешқандай өзгеріссіз қолданып келеді. Тіпті әлемнің көптеген елдерінде дәстүрлі жарыстарға тек осы ғұн садағын пайдаланады. 

Ғұн садағының жасалу тәсілі

Көне жазбаларда аң ататын садақ, соғыста қолданатын садақ және той-думан сияқты салтанаты жағдайда сайыс ойындары кезінде керектенетін садақтың түрлері болғаны туралы дерек бар. Соған қарағанда ежелгі көшпенділер бір ғана садақ түрін қолданбағаны анық. Садақ өзгерген сайын оның жасалу тәсілі мен ату қару ретіндегі  тиімділігі артып отырары хақ.

Мысалы, Шыңғыс қаған жасақтары садақтың үш түрін: қапшағай садақ, күрделі құрама садақ және сұқсыз жеңіл садақ қолданғаны жайлы дерек бар. Жалпы қазіргі таңда археологиялық қазбалардан табылып жатқан ежелгі садақтардың ерекшелігі сұғы ұзын, иіні қысқалау болып келсе, көшпенділер ХІІ-ХІІІ ғасырдан бастап сұғы қысқа, иіні доғал садақты көп пайдаланғаны аңғарылады. Жалпы көшпенділер садағының ерекшелігі иіні жұмсақ әрі серіппелі болады. Ал ат үстінде шауып келе жатып ататын садақтың сұғы ұзын болады да, иіні қысқа жасалады. Яғни, қозғалыс кезде атуға, оқтауға қолайлы. 

Бұл жерде ашалап айтатын дүние – қандай садақ түрі болсын оны жасайтын шеберлер болады. Садақты атудан бұрын оны жасау аса маңызды. Садақ қаншалықты шебер жасалған сайын оның пайдалану мерзімі мен сапасы артады. Яғни, жақсы садақ – жанға азық. Садақтардың ішінде ең қажеті – күрделі құрама садақ жасау. Бұл садақты жасаудың тәсілі соңғы үш мың жылда көр өзгерген жоқ. Тек жаңа заман технологиясын пайдалану арқылы материалдарды дайындаудың жолы ғана жеңілдеді.

«Күрделі құрама садақ жасау үшін 12-13 түрлі материал қажет», – дейді мамандар. Соның негізгілері – ағаш, мүйіз, тарамыс, желім, тері, бояу, таспа, қайыс, адырна өретін жіп т.б. Садақты көп жағдайда қайың ағаштан жасайды. Қайыңның түрі көп. Соның ішінде садақ жасауға жарамдысы таулы  құрғақ жердің қайыңы. 

Моңғолиялық танымал шебер Төмөрхуу Батмункенің жазуы бойында, Сібірдің ақ қайыңдары жұмсақ әрі табиғи тығыздығы нашар болғандықтан одан жақсы сапалы садақ шықпайды екен. Бұл қайыңнан оқ және ұштық жасауға болады. Оқ жасайтын қайыңның жігі тығыз әрі талы ұзын болғаны оңды. Шеберлер садақ жасайтын қайыңды жазда көріп белгі салып қояды да қысты суықта қатқан кезде кесіп алады. 

Сондай-ақ, садақтың қысқы және жазда ататын түрі бар. Бұл жасалуына байланысты. Қыста суықта күрделі садақтың мүйіз бен тарамысы қатып, иіні  қатайып қалатындықтан соңғы жылдары шеберлер өзгеше материал қолданып жүр. Садақтың сапалы жасалуы тәртеге қондырылған тарамысқа байланысты. Оған ілбіс, бұғы, бұлан, тау ешкі сияқты дала жануарларымен қатар, ірі қара малдың арқасының ұзын тарамысы жарамды деп есептеледі. 

Өйткені, садақтың иілгіштігі және серпінді болуы тарамыстың қаншалықты дұрыс шапталып, жапсырылғанына байланысты. Егер тарамыс 3-5 қабат қалың етіп жапсырылса ол садақ қатты болады. Оғы алысқа ұшады. Сол сияқты садақ тәртесіне тарамыс жұқа жапсырылса ол жұмсақ садақ қатарына жатады. Бұндай жұмсақ садақпен жасөспірімдер немесе әйелдер атуға қолайлы. 

Садақты тарамыспен қаптау үшін әуелі тарамысты суға салып жұмсартады, одан кейін жас баланың шашын тарағандай тарап қылшық сияқты бір-бірлеп талдайды. Одан кейін арнайы дайындалған айран сияқты қою желімге батырып, желім сіңген соң оны апарып садақтың тәртесіне (жонына) жапырады. Мұндай садақтың оғы 500 метр қашықтыққа жаймен жетеді. Бірақ қазіргі таңда әуесқой жастар күрделі садақпен 380-400 метрге дейін оқ оздырып жүр. 

Одан кейін мән беретін дүние – садақтың адырнасы. Бұны ерте кезде жан-жануардың терісінен таспалап тіліп немесе берік мата-жіпті өріп жасайтын болған. Адырнаны өрудің өзі үлкен шеберлікті қажет ететін өте нәзік өнер. Қазіргі таңда қытай және мажарлықтар өндірген жіңішке жіпті өріп жасап жүр. Садақтың ерекшелігіне байланысты бір адырна өру үшін 9-11 тал жіп кетеді. Бұл жіптің беріктігі соншалық қылдай болып тұрған бір талының өзі 10 кило салмақты үзіліп кетпей көтере алады.

Ағаш пен мүйіз толық ешқандай дақсыз берік қабысу үшін бір ай керек. Ал садақтың сыртқы тәртесіне желімделген тарамыс толық кеуіп, өзек ағашпен бірігу үшін бір жыл уақыт кетеді. Садақ жасаудың басты қиындығы – кептіру кезеңі. Бұған көп уақыт кетеді әрі дұрыс кебуі керек. Мықты садақты мергендер қысы-жазы мал қайыратын «қой торы сияқты» берік дейді. 

Соңғы кездері осы құрама садаққа адырнаны тартқан кезде жіп ауытқып кетпес үшін сүйектен не болмаса  қатты ағаштан жасалған тобыршықтың қасына шағындау қылдырып айыр ашамай орнатып  келеді.

Бұл жердегі басты мәселе садақ пен оны тартатын иесінің қуатын сәйкестендіруге маңызды болып табылады. Бұл жерде құйысқан қалай орнатылады, соған байланысты жүйеленеді. Құйысқан деп сұғы мен  өзек ағаштың  түйіскен жерін айтамыз. Қуатты да берік, әрі мықты садақты жасау үшін ағашын қалыңдау жасайды.  Ал садақтың иілгіштігін дайындаудың ең басты тәсілі тұтқаға қосымша қыстырылған мұрындыққа немесе сынаға байланысты болады .

Қысқаша айтар болсақ, берік әрі қуатты садақты жасау үшін мүйізін, тарамысын, ағашын қалыңдатып алу керек.  Сондай-ақ жұмсақ әрі  қуаты аздау жұмсақ садақты жасау үшін оның құрамындағы мүйіз, ағаш, тарамысты жұқалайды.  Жоғарыда аты аталған заттың көлеміне байланысты садақтарда бірнеше түрге бөлінеді. Яғни жиырма, онбес немесе он келі   өлшемді қуаттағы садақ.  

Ең соңында дайын болған садақтың сыртын тері не болмаса жұқа былғарымен қаптайды. Тіпті кептірілген қайыңның қабығымен қаптайтын әдіс-тәсілдер бар. Көктемде қайыңның қабығын сыпырып алып, күн түспейтін көлеңке жерге тасалап, кептіріп алған соң, садақтың сыртын қаптаған. 

Көне замандарда көшпенділер (номадтар) желімді сиырдың үйітілген сирақ немесе маңдай терісін үш күн, үш түн тоқтамай жетпіс екі сағаттан көп уақыт жұмсақ қайнату арқылы жасайған. Осылай үш тәулік қайнаған тері қоюланып қап-қара қатты желімге айналады. Одан кейін осы желімге айналған затты түйгіштеп, ұсақталған соң ыдысқа салып сұйылып, желімге айналғанға дейін тағы қайнатады. 

Осылай желім дайын болған соң садақтың жонына тарамыс шаптап, оны желіммен бекітетін болған. Бұл желімделген тарамыс толық кепкенге дейін толық бір жыл уақыт кетеді. Садақ сапалы болу үшін мергендер бір жыл толғанға дейін қатты қайырымға салмайды. Көп болса айына бес-алтын  оқтан артық атпайды. Осылай бірнеше жыл шынықтырып алғанын да білеміз.  Олай жасауынын басты себебі  тарамыс толық беку үшін екі жыл күту керек болған. Үшінші жылдан бастап, қалағанынша ата береді.  Ата-бабаларымыз жоғарыда әдіс арқылы  жасалған садақты отыз жылға жуық ұстайтын болған.  Сондықтан болар, олар садақты ерекше құрмет тұтып, жүйрік ат баптаған сияқты ерекше күтімді қажет сінген. Тіпті киіз үйінің төріне садақ пен жебені іліп қойған.  Әрбір ер жігіттің қолында садағы мен қорамсағы бірге жүрген.