"Абылай ханның қара жолы" жобасы ел тарихында өшпестей орын алды
Бөлісу:
23.09.20241849
Ұлт тарихы мен руханиятының жанашыры, өлкетанушы, публицист, «Абылай ханның қара жолы» халықаралық экспедициясының жоба авторы, қоғам қайраткері Мұратқажы Ыдырысұлымен әңгімелесудің сәті түсті. Шың империясы мен Қазақ хандығының арасында сауда қатынасы орнағанда Арқадан сол шығыс бағытқа қарай керуен жолы ашылады. Қазақ даласын көлденең кесе керуен бұйда созған бұл жолды «Абылайдың қара жолы» деп атаған. Осынау тарихи жолдың маңызын ұрпақ санасына жаңғыртып жүрген ағамыздың «Абылай ханның қара жолы» атты экспедициясы осымен бесінші мәрте жалғасты. Былтыр Моңғолия мен Ресейді айналып, «Абылай ханнан абыз Тоныкөкке дейін» деген атаумен халықаралық дәрежеге жетті. Қазақстанның барлық облысын аралап, ұлт тарихына қатысты құнды деректер мен тарихи орындардың тізімін жинақтады. Әрбір экспедицияның жинақ кітаптарын оқырман назарына ұсынды. Бүгінгі сұхбат барысында ағамыздың өмірдерегінен ақпарат алып, «Абылайдың қара жолы» жобасының алғашқы экпедициясы туралы білетін боламыз. Көлемді сұхбаттың жалғасы келесі сандарымызда беріледі.
- Мұратқажы аға, алдымен оқырмандарымызға өзіңіздің туған жеріңіз, өмірдерегіңіз туралы айтып өтсеңіз?
- Мен 1946 жылы маусым айында Степня қаласының шығыс жағында Шағалалы көлінің іргесінде «қызыл котлованның» жанындағы жайлауда туыппын. Яғни бұрынғы Көкшетау облысы Еңбекшілдер ауданы Сауле ауылының жаны. Сәуле – қазіргі Ақмола облысының Біржан сал ауданы жерінде, Абылайдың ордасы қонған Бурабайдан оңтүстік шығысқа қарай жақын жатқан, тарихы бай ауыл. Қазақтың тұңғыш педагог ғалымдарның бірі, саяси зұлмат құрбаны Шәрәпи Әлжановтың кіндік қаны тамған мекен. Содан әке-шешем бір кемпірді шақырып әкеліп, атымды қойғызбақ болады. Әкем сол жылы тайынша бағады. Соған байланысты менің есімімді әлгі кемпірге «Тайшыбай» қой дейді ғой. Кемпір азан шақырып, енді қояйын десе, атам айтқан атты ұмытып қалып, «мұның аты әлгі біреу болсын», «әлгі біреу болсын» деп қайталай берсе керек. Сол кезде құдай оңдап, Күмісай ағам, мұның аты «Мұрат» болсын деп кемпірдің аузына салып жіберген екен. Сөйтіп мен «Мұрат» атандым. Күмісай ағам бір әулеттің ынтымақ-бірлігін уысында ұстаған, әулеттің ырыс-берекесіне мұрындық болған, ағайынға қамқор бола білген азамат еді. Мен осы Күмісай ағамның қамқорлығымен ер жетіп, ес жиып, етек жинаған бауырымын.
«Ағаң өлсе, алдың – ор,
Артында қалар қалың ел.
Үлгі алып, ізін баспасаң,
Таба алмассың тура жол». Бұл менің бұдан жиырма жыл бұрын Күмісай ағам дүниеден өткенде жазған «Ағаның рухымен сырласу» деген толғауымның алғы сөзі еді. Күмісай ағамды айтып отырған себебім, менің өлке тарихын тереңдей біле түсуіме бұл кісінің көмегі көп тиді. Ол кісі ел мен жердің тарихын керемет білетін, әулет шежіресін тарқатып, таңды таңға ұрып әңгіме айтатын әңгімешіл, шежірешіл азамат еді. 1953 жылы Сәуле ауылындағы бастауыш мектептің табалдырығын аттадым. Степняк қаласындағы Абай атындағы орта мектепті тәмамдап, Көкшетау қаласындағы Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтына түстім. Еңбек жолымды өзім туып өскен өңірдегі Карл Маркс сегізжылдық мектебінде математика пәнінің мұғалімі болып бастадым. Қазіргі Біржан сал ауданындағы Сәуле, Шошқалы, Невский мектептерінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, директоры қызметтерін атқардым. Көкшетау облыстық партия комиттерінде жауапты қызметтер атқардық. Көкшетау қаласындағы қазақ педагогика училищесінің директоры, кейіннен Көкшетау облыстық мәдениет басқармасының бастығы қызметтерін атқардым. Қысқаша өмір жолымыз осындай. Азды-көпті атқарған еңбегіміз бағаланып, «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен марапатталдық. Ел мен жердің тарихына қатысты бірнеше кітабымыз жарық көрді. «Сәуле – менің ауылым», «Қалдырған ізің мәңгілік», «Қазақ қазақты іздесе...», «Қазақ қазақты сағынса...» кітаптарым мен «Сағындым, әке, иісіңді» атты жыр жинағым шықты. Аудандық, облыстық, республикалық басылым беттерінде публицистикалық мақалалары жиі жарияланды. Сол еңбектің арқасында Қазақстан Журналистер одағының мүшелігімен қабылдандым. Әлі де жазу-сызуды тоқтатқан емеспін. Қолым қалт етсе, жазуға отырып, экпспедиция материалдарын жинақтаймын. Жолсапар очерктерін әзірлеймін. Қазір «Абылай ханнан абыз Тоныкөкке дейін» атты халықаралық экспедицияның кітабын әзірлеу үстіндемін. Бұл құнды кітаптың оқырманға берері деп көп.
- Мұратқажы аға, қызу еңбек үстінде екенсіз ғой. Ісіңізге сәттілік. Экспедиция еңбегін көзі қарақты оқырман қызығып оқитытына бек сенімдіміз. Ендеше былтырғы өзіңіз жетекшілік еткен «Абылай ханнан абыз Тоныкөкке дейін» халықаралық экспедициясы туралы аз-кем тоқталып өтсеңіз. Жалпы жетістігі мен құнды деректері туралы кейінгі сұхбаттарымызда баяндармыз.
- Қазақстанның төрт бұрышын түгел аралаған «Абылай ханның қара жолы» экспедициясы Ақмола облысының бұрынғы әкімі Ермек Боранбаевтың әрдайым назарында болды. 2023 жылдың шілде айының 4 мен 19 аралығында Ақмола облысы әкімдігі және «Отандастар қоры» КЕАҚ, «Бабалар рухына тағзым» ҚҚ қолдауымен экспедиция «Абылай ханнан абыз Тоныкөкке дейін» тақырыбымен халықаралық ғылыми-зерттеулер ұйымдастырды. Есіл-Көкше өңірі – қазақтың тарихында әрқашан ерекше орынға ие болып келген, тарихы бай, аңызға толы киелі өлке. Әсіресе, Қазақ хандығы дәуірінің соңғы кезеңіндегі шешуші тұлғалар мен оларға қатысты оқиғалардың көбі Есіл-Көкше өңіріне қатысы бар. Хан Абылайдың тұсында Қазақ хандығының Ордасы осы Көкшеде орналасқан. Ендеше Көкшетау – қазақ мемлекеттілігің іргесін бекітіп, түтінін түзу ұшыру жолында аянбай қызмет қылған Абылай ханның қарапайым сарбаздан тақ иесі хан дәрежесіне дейінгі өсу жолына куә болған тарихи өңір.
Бүгінгі жас ұрпақ санасында Абылай хан қажырлы мемлекет қайраткері, батыл қолбасшы, дарынды дипломат ретінде сақталып келеді. Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов: «Қазақтың дербес ел болуына, әрі -беріден соң, қазақтың қазақ болуына, басы қосылып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруына ерен еңбек сіңірген Абылайдан артық адам болмас» деп баға береді.
Абылай хан - Қазақ Ордасының ханы, қазақ мемлекетінің тарихындағы аса көрнекті мемлекет қайраткері, арғы тегі Жошы хан, бергі бабалары қазақ ордасының негізін салған Әз-Жәнібек, одан соң еңсегей бойлы ер Есім хан, Салқам Жәңгір хан. Ол өте күрделі ішкі саяси және халықаралық жағдайларда мемлекеттің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын сақтап қалды.
Тоныкөк – Екінші Шығыс Түркі Қағанатының негізін қалаушылардың бірі, оғыз тайпасынан шыққан ұлы дана, заманында Түркі қағанатының үш бірдей қағанына уәзір болып, түркі елінің халқын көбейтіп, жерін кеңейтуге үлкен үлес қосқан кемеңгер. Көшпелілер тарихында артында өшпес атақ даңқын қалдырып, ерлігі мен елдігін тасқа жыр ғып қашап, мәңгілік мұра қалдырған кемеңгер тұлға.
Экспедиция ғылыми-тарихи, рухани-мәдени зерттеулерді Мысыр елін билеген мәмлүктердің қолбасшысы, қыпшақ даласының ұлы перзенті Сұлтан Бейбарыстың 800, қазақтың ұлы хандарының бірі, мемлекет қайраткері, дипломат және қолбасшы Абылай ханның 310, ақын Ақансері Қорамсаұлының 180, алаш қайраткері, қазақтың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арнады.
Экспедицияның маршруты мен жоспарын жасап, елшіліктермен тығыз байланыс жасауда Халықаралық Түркі академиясының сарапшысы, фольклортанушы ғалым Ақеділ Тойшанұлы, «Qazaqstan tarihy» интернет-жобасының жетекшісі Алтынбек Құмырзақұлы мен Қанат Идрисовтың сіңірген еңбектері орасан зор.
Облыстық әкімдіктің атынан Қазақстан Республикасы Сыртқы Істер Министрі Марат Нұртілеуге ресми хат жолданып, экспедицияның жоспарын жіберіп, Ресей мен Моңғолия елшіліктеріне біздің сапарымыз туралы хабарлап, олардың тарапынан біздің автокеруеннің кеденнен кедергісіз өтуге көмек көрсетуін өтінген едік.
Моңғолия Халық Республикасының Қазақстандағы елшісі Дорж Баярхүү мен елшіліктің кеңесшісі Гагаа Энхбаярмен кездесуіміз емен-жарқын жағдайда өтті. Қазақстан Республикасының Омбы қаласындағы Бас консулы Керім Қожабердиев, Бас консулдығының бірінші хатшысы Серікқали Қанатқалиев біздің сапарымызды басынан аяғына назарда ұстап, көмегін аяған жоқ.
Нәтижесінде Ресей мен Моңғолия шекарашылары біздерге жылы шырай танытып отырды. Мысалы, Ресейдің «Ташанта» кеденінде тұрған 260 жеңіл көлік пен 30 фураға қарамастан бізді бірінші өткізді. Керісінше, өзіміздің «Құлынды» кеденінде күннің аптап ыстығына қарамастан 3 сағат ұстады.
Экспедицияны сапарға дайындауда Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса, облыстық ішкі саясат, мәдениет және туризм басқарма басшылары Алмас Алин мен Айгүл Сәбит және Андрей Подгурскиий қолдау көрсетіп, керемет іскерлік танытты. Экспедицияның қаржылық шығынын Оралдық Қайрат Құрмашев, Жақсы ауданынан Батыр Уәлиев, Көкшетау қаласынан Сергей Дегтяров, Дастан Әкімов, Нұрлан Сейдалин, Ораз Идрисов, Маңғыстаулық Раббім Бораш сынды жомарт азаматтар көтерді. Барлығына айтар алғысым шексіз. Алла разы болсын! Жол таңдамайтын 5 көлікпен 21 сапарға аттандық.
Экспедицияның мақсаты – Қазақстан, Ресей Федерациясы және Моңғолия мемлекеттері арасын байланыстыратын экспедиция жасау арқылы, жоғарыдағы мемлекеттерде тұратын халықтардың біртұтас мәдениетін насихаттау, көшпелілер өркениетінің мұрасы мен сол елдердегі тарихи жәдігерліктермен танысу, қазіргі дәуірдегі қазақ-орыс, қазақ-моңғол халықтарының өзара достық, бауырластық байланыстарының тарихи негіздерін дәріптеу болып табылады. Ресей Федерациясы мен Моңғолия Республикасында тұратын этникалық қазақтармен рухани байланыс орнату, пікір алмасу, Қазақстан халқының тарихи-мәдени және рухани мұраларын насихаттауға назарда аудару. Сондай-ақ қазақ даласынан шыққан тарихи тұлғаларды, олардың қайраткерлік, елдік істерін дәріптеу.
Сапар Қазақстан, Ресей және Моңғолия аумағындағы шамамен 9000 шақырым жерді қамтыды. Көкшетау (Бурабай) – Астана(Бозоқ) – Павлодар – Бийск – Горно-Алтайск – Кошагаш – Баян-Улгий – Ховд – Баянхонгор – Хархорин – Номғон – Уланбатор – Налайхан – Улан-Удэ – Иркутск – Красноярск – Новосибирск – Омбы – Қызыл жар — Көкшетау бағыты бойынша жол жүрді.
Экспедиция құрамында тарих ғылымдарының докторы, профессор, түркітанушы Тұрсынхан Зәкенұлы (экспедицияның ғылыми жетекшісі), велошабандоз Рәббім Бораш, «Qazaqstan tarihy» интернет-жобасының жетекшісі, жас ғалым, журналист Алтынбек Құмырзақұлы, этнограф, кәсіпкер, атбегі Талғат Джакиев (Ақтау қ.), Ақтау қалалық мәслихатының депутаты Ерген Сыражанов, Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің «Халықаралық қатынастар және туризм» кафедрасының меңгерушісі Эльвира Жангожаева (Ақтау қ,), Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері, тарихшы-ғалым Бибігүл Сәдуақас, Абылай ханның ұрпағы, кәсіпкер Амангелді Нашарбеков (СҚО), «Хабар24» телеарнасының бөлім басшысы, журналист Дулат Нуркин, «Хабар24» телеарна операторы Советхан Жагиев, дәстүрлі әнші Дәулетхан Мұхтархан – (Ақмола обл.), «Жыл- ұстазы», тарихшы Құралай Әпет(Түркістан облысы), жолбасшы Кандидат Рүстемұлы (Алматы облысы), ҚР Ұлттық спорт маманы Маулетқазы Құлжатаев(ШҚО). Экспедицияның ақпараттық қолдаушылары «Арқа ажары» газеті, «Qazcontent» АҚ, «Хабар-24» «Көкще ТВ»телеарналары және Qazaqstan tarihy интернет-жобасы.
- Мұратқажы аға, «Абылайдың қара жолы» хан ордасының түстігінде жатқан осы бір алақандай алқаппен ғана шектелмейтіні анық. Бұл тарихи жолдың маңыздылығына тоқталып өтсеңіз. Тарихынан сыр шертсеңізде жақсы болар еді. «Абылайдың қара жолы» экспедициясының жол бастауына қандай себеп түрткі болды?
- Басты мақсат — қазақ даласының тарихи-мәдени мұрасын зерделеу. Үш жүздің басын қосқан Абылайханның ел мен жерді сақтап қалудағы теңдессіз еңбегін елге тарихи құжаттармен дәлелдеп, насихаттау. «Абылай ханның қара жолы» атты экспедиция арқылы саяхат, сапар жасап "Ұлы даланың ұлткөсемдерімен, олардың қазақ тарихына қалдырған өлшеусіз еңбектерін" – елге таныту үшін ғылыми-зерттеу жұмысы жүргізіп, тарих алдында дәлелдеу. Бұл игі ісіміз жемісін берді. "Абылай ханның қара жолы" жобасы ел, мемлекет тарихында өшпестей орын алды. Бұл жобаны қолға алуға түрткі болған басты себеп. Мен мамандығым бойынша ұстазбын, ұстаз адам әр нәрсенің қыр сырын білуге құмар, ізденгіш келеді. Ауылда өстік, ауылда қызмет еттік. Туған өлкенің бір қырын білсекте, екіншісінің сырын білмедік. Өзім туған өлкемді көп зерттеген адаммын. Осылай жүргенде «Абылай ханның қара жолы» қызығушылығымды арттырып, бұл жолдың басы қайда, соңы қайда баратынын білуге ұмтылдым. Мәлімет жинап, ел ағаларынан сұрастырдым.
Ауылдың жанында үлкен қорым бар. Осы зиратта менің туыстарым, әкем жатыр. Ауылдан шығысқа қарай 4 шақырым жерде қорым, зират бар. Осы жерден өтетін күре жолды Абылайдың қара жолыаталатыны жайлы көне көз қариялардан естіп білген болатынмын. Бұл маңда бірнеше ғасырлық көне қорымдарда баршылық. Бұл қорымда әулие Мұхамед-Салық молла қатарлы ел ардақтыларының бейіті бар. Дін ғұламасы Мұхаммед-Салық Тіленшіұлы қасиет қонған әулие болыпты. Ол өзі өмірден өткенде «Абылай ханның қара жолы» бойына жерлеуді аманаттап, ұрпақтары өсиетті орындапты. Алыстан арып-шаршап келе жатқан керуендерге өз заманына сай қолайлы жағдай жасауға сол заманның адамдары ат салысқан. Сәуле аулының тұсынан өтетін маңда Бәйгөбек қажы деген жомарт адам керуен жолын бойлай құдықтар қаздырып, жолаушылар тоқтап түнейтін үйлер салған және Үлгілі ауылынан, Мамайға дейінгі жолды ат тұяғына тас батпасын деп тазалап отырған екен. Осындай құнды деректерді естіп біле тұра қарап отыра алмадым. Жолдың ортасы болса, басымен аяғы қайда, осыны анықтауды мақсат тұтып "Абылай ханның қара жолы" жобасын тиісті орындарға таныстырып, экспедиция жасақтап, осындай игі істер атқардық. Жобаны Ақмола облысының әкімі Ермек Боранбайұлы жан жақты қолдап, руһани, материалдық көмект ер жасап келеді. Ермек Маржықпаев әкімнің қолдауымен "Абылай ханның қара жолы" кітабының алғашқы сериясы жарық көрді. Келесі нұсқалары дайындалу үстінде.
Қасиетті Көкше жері кемел тұлғалардан кенде емес, солардың соқталысы – Абылай хан – Керей мен Жәнібектен бергі «Қазақ хандығы» деген байтақ жерімізді жаудан азат етіп, етек-жеңін бүтіндеді. «Бытыраған үш жүздің басын қосамын» деп шырылдаған Абылай, Алаш жұртын басын қосқан, ойға барып, ойдағымен қырға барып, қырдағымен тіл табысып, елді жеткіземін, жетілідіремін деп жан алысып-жан беріскен «ханның қара жолы» деген түсінік бар. Талай мемлекеттік мәселені шешті. Қазақ халқының жұлдызы жарық ел болуын аңсап, жауға найзаның ұшын ғана емес, дипломатияның күшін де жұмсады. Мұның бәрі де осы қара жолдың атқарған маңызы ерен екені анық. Ендігі жерде Абылайдың «қара жолына» мемлекеттік деңгейде маңыз берсе. Абылай ханның туғанына 300 жыл толуына орай, мемлекет басшысы «Абылай аңсаған азаттық» мақаласында: «...Абылай хан қызғыштай қорып, тұмарындай тәу еткен, армандап кеткен Қазақ елінің Тәуелсіздігіне біздер, бүгінгі буын қазақстандықтардың жеткені үшін де шексіз тәубе айтып, бөлінуге бастайтын жершілдік пен рушылдық дертінен арылғанмыз жөн. Себебі, бүгінгі заманның жаңаша түрленген қауіп-қатері кешегіден кем соқпайды. Ендеше, Абылайдың арманына қазіргі Қазақстан қол жеткізгенін ерекше мақтан тұтып, сүттей ұйыған татулығымызды сақтауға қызмет ету – баршамыздың парымыз», – деп көрсетті.
Абылайдың болашақты болжап, ертеңіне көз жіберткен батырлығы бір төбе де, ақыл парасаты бір төбе. Алмағайып аласапыран заманда биік тұлға парасаты мен саясаткерлігінің арқасында қазақ халқын жойылып кетуден сақтап қалды.
Абылайдың қара жолы бойымен Көкшетау – қазақтың тарихында әрқашан ерекше орынға ие болып келген, тарихы бай, аңызға толы киелі өлке. Әсіресе, Қазақ хандығы дәуірінің соңғы кезеңіндегі шешуші тұлғалар мен оларға қатысты оқиғалардың көбі-ақ Көкшетауға қатысы бар. Осы өңірді мекен еткен Атығай елінен шыққан, Кенесары заманында өмір сүрген атақты Арыстанбай Тобылбайұлы ақынның: «Қылады Мәкаржада байлар сауда, топ бұзар батыр жігіт қалың жауда. Сұрасаң Абылайдың тұрған жері, хан болған қырық сегіз жыл Көкшетауда», – дейтін бір шумақ өлеңінің өзінде Абылай заманының тынысы жатыр. Иә, Көкшетау – өз тұсында қазақ мемлекеттілігің іргесін бекітіп, түтінін түзу ұшыру жолында аянбай қызмет қылған Абылай ханның қарапайым сарбаздан тақ иесі хан дәрежесіне дейінгі өсу жолына куә болған өңір. «Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан, ханым-ай, қайырусыз жылқы бақтырған, ханым-ай» деген Бұқар жырау толғауы да Абылай заманында қазақ халқының аз да болса ғасырларға созылған жорық-шапқыннан кейін тыныс тауып, мамыражай тірлік кешкенін білдіреді. Абылайдың қара жолы осынау адырлармен өтеді. Абылай Орта жүздің, кейінірек үш жүздің атының басын бір кезеңге тіреген шақта көрші мемлекеттермен қарым-қатынасты мәмілегерлікпен барынша реттеп, сауда қатынасын жолға қойғаны белгілі. Арыстанбайдың «Қылады Мәкаржада байлар сауда» деп отырғаны Ресейдің Нижний Новгород қаласы маңында ежелгі Макарий жәрмеңкесі саудасын қыздырған екен. Абылай хан өз тұсында айналасындағы жәрмеңкелерге қатысу үшін белгілі би-батырларына бастатып сауда керуендерін жіберіп, шикізат, жылқы айырбастағаны туралы деректер аз емес. Мәкаржа жәрмеңкесін А.С.Пушкин де қаламынан қалыс қалдырмаған екен: …Макарьев суетно хлопочет, кипит обилием своим. Сюда жемчуг привез индеец, поддельны вины европеец, табун бракованных коней, пригнал заводчик из степей... («Евгений Онегиннің саяхаты»). Абылай хан заманының қазақ даласы үшін біршама мамыражай болғандығының дәлелі – осы сауда қатынасының гүлденуі болса керек. Абылай хан Ресеймен ғана емес, оңтүстігі мен шығысында жатқан Бұхар хандығы мен Шың империясымен де жолға қойған. Бұқар хандығымен сауда қатынасы тұрғысында Мәшһүр Жүсіп жазбаларында айтылған бір оқиғаның маңызы бар. Мазмұны қысқаша мынадай: Бұхар ханы Абылайдан жұмбақшылап тұз сұратады. Абылай мұны түсініп, қырық биін керуенмен жібереді. Күтіп-сыйлап, кетерінде хан сынау үшін қырық биден: – Абылай артық па, мен артықпын ба? – деп сұрағанда, билер қоғадай жапырылып: – Сіз артықсыз, сіздің тегіңіз де, жеріңіз де асыл. Өзіңіздің асылдығыңыз – Бұқарадай шаһардағы алтын тақтың үстінде, сары алтынға малынып отырсыз. Жеріңіздің асылдығы – сіздің жеріңізде, тіпті етікпен де намаз оқи беруге болады! – деп көпшік қояды. Бұлардың жауабына қанағаттанбаған хан: «Абылайдың бұлардан басқа жіберген адамы бар ма?» – деп сұрағанда қостағы он төрт жасар атшы бала барын айтады. Баланы шақыртып алып әлгі сұрақты қойғанда, Жанайдар бала: – Сіздің өзіңізден Абылайдың өзі асыл, жеріңізден жері асыл. Сіздің жеріңіз асыл болатұғын болса, суды Самарқаннан алдырып ішер ме едіңіз, тұзды Сарыарқадан сұратар ма едіңіз? Абылайдың тұрған жері – Сарыарқа. Екі басса, бір бұлақ. Ағар суы бал татиды, ақ шабағы май татиды. Екі басса, бір тұз. Бір үйінен бір үйі тұз сұрамайды, – деп жауап берген екен. Демек, бұл аңыздың артында Абылай хан мен Бұқар әмірлігі арасындағы сауда қатынасының сорабы жатыр.
Абылай ханның саяси ұстанымындағы ең басым бағыттардың бірі – Алтай-Сауыр мен Тарбағатай, Іле, Еренқабырғаны қазаққа қайтадан мекен етіп қайтару, ол үшін Шың империясымен жағымды қарым-қатынаста болу екендігі белгілі. Абылайдың Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, т.б. өкілдері айырбас сауда жасап, Шың еліне барғандығы туралы деректер бар. Қазақ тарихын зерттеген орыс ғалымы А.Левшин Абылай заманы туралы былай деп жазады: «Қазақ даласында айырбас сауда орындары көбейді. Бұрын айырбас сауда тек Орынборда жүргізілетін болса, енді Троицкіде, Семейде, Қызылжарда жүргізілетін болды. Мұның соңғысы Абылайдың орыс өкіметінен сұрауы бойынша ашылды». Шың империясы мен Қазақ хандығының арасында сауда қатынасы орнағанда Арқадан сол шығыс бағытқа қарай керуен жолы ашылады. Ашылды дегеніміз де бекер болар, шын мәнінде бұл ежелгі Ұлы Жібек жолының сорабын қайта жаңғырту болар, бәлкім. Қазақ даласын кесе көлденең керуен бұйда созған бұл жолды «Абылайдың қара жолы» деп атаған. Жалпы Абылайға қатысты «Абылайдың қара жолы», «Абылайдың қара қосы» деген ұғымдар күні бүгінге дейін ұрпақтар санасында жаңғыра отырып жеткен. «Қара» деген сөздің өзі қазақ тілінде «қасиетті», «көне», «үлкен», т.б. мағыналарды беретінін ескерсек, «Абылайдың қара жолы» тіркесінің мағынасын – жалпыға мәлім даңғыл керуен жолы деп түсінуге болатын сияқты. Замананың сан құбыла соққан қара желімен ұлтымыздың тарихи сана кеңістігінің қаншама бөлігі жалаңаштап, түп орнымен жойылғанымен, кейбір тұста селкеу-селкеу, некен-саяқ нышан-белгілер әупіріммен қалып отырғанын көреміз. Мұның бір дәлелі – осы «Абылайдың қара жолы». Абылайдың қара жолы Біржан сал ауданына қарайтын менің туған ауылым Сәуленің іргесінен өтеді. Қара жолдың қысқа ғана бөлігі осы күнге дейін бар. Қалың жасағын ертіп, хан Абылай бұл жермен талай өткен. Тұлпарлардың тұяғымен түзілген қара жол солтүстіктен оңтүстікке төтелей тартады. Профессор Серік Негимовтың, көнекөз қарттардың айтуынша, бұл жолдың Абылайдан қалғанына, хан заманынан бері келе жатқанына еш күмән жоқ. Мыңдаған шақырымға ұласып жатқан керуен жолының өз өлкесін басып өтетін тұсын ұмытпай, ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап айтып жеткізген ауылдардың тұрғындары әлі де бар болуы керек. Қадимше араб қарпімен тереңдете қашап жазылған құлпытастар – тұтастай бір дәуірдің хабаршы жәдігеріндей.
«Абылайдың қара жолы» туралы деректерді қарастырғанда белгілі ғалым, этнограф-шежіреші Мұсатай Ғалымұлының зерттеулеріне көп мән бергіміз келеді. Ғалым Абылай жолының мәнін ашып, зерттеуші ғалымдардың еңбектеріндегі хан жолы туралы деректерді келтіреді.
«Абылай жолы (Хан жолы), Талас және Шу бойын мекен еткен қазақтардың Бетбақдала арқылы жаз жайлауға көшетін жолы болған. Бірі – Сырдарияның төмен жағалауларынан басталса, екінші жол – Талас өңірінен бастау алады. В.В.Бартольд «Бұл жолдармен ертеде және орта ғасырда Талас пен Шу аймағын Ертіс өңірімен, Батыс Сібір өлкелерімен жалғастырып жатқан сауда керуендері жүрген» деп жазды. Екінші жол бойымен тарихи ХVІІІ ғ. Ұлы жүз бен Орта жүз қазақтарының басын қосу мақсатында әскер жолдарын бастап, хан Абылай жүрген кезден ел арасында «Хан жолы» немесе «Абылай жолы» деп аталған» деп көрсеткен Мұсатай Ғалымұлы.
Абылай жолының жүру бағыты төмендегідей: Арқа өңірі-Мамай көлі – Итемген көлі – Моншақты таулары – Ертіс өзені – Ақмола Бурабайдағы Майбалық көлі – Нұра өзені – Құланөтпес – Алқалық таулар – Ескеней таулары – Сары су өзені – Манақ өзені – Ақтас Егінбұлақ құдығы – Төлеген құдығы – Дубашы сор – Бұлан таулары – Қатын су құдығы – Бөртке тіккен құдығы – Ажар құдығы – Тасжарған құдығы – Байғара таулары – Бетбақдала Құрманның таулары – Шу өзені – Талас өзені – Алатау Хантау (Мұндағы Хантау атауын 1753 ж. Хан Абылайдың ат басын тіреуімен байланыстырады). Бұл бағыт кейін Шу бойындағы қазақтардың Арқаға қарай бойлық (меридиана) бойлап жайлауға шығатын, қысқа қарай қайта айналып құмға, Жетісуға қарай ойысатын көш жолына айналды. Бұл жол ХХ ғ. бас кезіне дейін маңызы артып, кең қолданыста болған. Бұл жолдардың оңтүстік өлкедегі жұрттарды Ертіс бойымен, Батыс Сібір аймағымен байланыстыруда маңызы өте зор», – деген деректер келтірілген келесі кітаптарда: «Айбын» Энциклопедия, 2011 ж., 880 бет; Чермак А. «Оседлые киргизы и земледельцы на реке Чу» ЗЗСОИРГО.
Книжка ХХVII. Омск, 1900; «Қазақтың этнографиялық категориялар, Ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» Энциклопедия, Алматы, ДРЗ, 2011.
Бұл деректерден Біржан сал ауданы Сәуле ауылының маңынан өтетін жол осы бірінші бағыт Бурабайдан Шығысқа, Ертіс, Семейге кететін Абылайдың қара жолына жататынын аңғаруға болады. Осы айтылғандарды келесі деректер толықтырады.
«Абылай жолы – XVIII ғ-дың орта шенінде Абылай хан белгілеген сауда-керуен жолы. 1756 ж. қырғыз манаптары Сауыр, Есенғұл, Атеке-жырық қазақ рулары – семіз найман, албандар қоныс еткен Өр мен Жетісуға шапқыншылық жасап, мал-мүлкін тонап әкетеді. Мұны шебер пайдаланған Абылай хан Көкшетау – Есіл – Нұра – Сарысу – Шу – Талас бағыты арқылы Алатау қырғыздарына бірнеше дүркін шабуыл жасап, қазақ пен қырғызды қосып бір ұлыс жасау ниетімен қайтар жолында қырғыз руларын Арқаға көшіреді. Арқадағы қазақ руларына сіңіп, «қырғыз» атанып жүрген ру ақсақалдарының «Абылай жолымен Арқаға келдік қой» дейтіні содан. 1773-75 ж. Абылай қазақтың оңтүстік шекараларын нығайту мақсатымен Ташкент төңірегіне шабуыл жасап, Шымкент, Ташкент бекіністеріне өз адамдарын отырғызады. Хан бұл жорықтарға Көкшетау – Есіл – Нұра – Сарысу – Шу – Талас бағытымен жүргендіктен Абылай жолы аталып кеткен. Ел аузында оның «Шанды жол» деген де аты бар», – деген деректер келтірілген «Қазақстан Энциклопедиясында», 1-том.
Екінші бағыт «Бурабайдан Қызылжарға шығатын Абылай жолы – XVIII ғасырдың ортасында Петропавл қаласындағы жәрмеңкеге баратын сауда керуен жолы. «Абылай жолының» бірнеше тармақтары болды. Оның бірі Абылай хан ордасынан шығып, Көкшетауға барады. Хан нөкерлері аймақтағы Петропавл, сондай-ақ, Орынбор мен Ор жәрменкелеріне ондаған мың бас қой мен жылқы айдады. Көкшетау жайылымынан сауда орнына дейін малды айдап апарғанда жөнсіз шығындардан және ұрлаудан сақтану мақсатында хан өзінің малын айдатқызатын жеке жол иеленді.
Оның бірі Бурабай жайлауынан шығып (Ақмола обл., Шортанды ауданындағы Бурабай), қазіргі Тайынша, Аққайың және Қызылжар жерімен өтті. Мал айдайтын жолда су көздерді қарастырылып, мал жайылымы қорғалды және сенімді күзет орнатылды», деген деректер келтірілген «Абылай хан» Энциклопедиясында, 2013 ж., Алматы.
«Бұл жер (Жамантұз – «Ханский пикет (қазіргі Кенесары ауылы) Абылайдың қара жолы, Атығай-Қарауылдың қара жолы өтетін тұс. Абылай ханға келетін елшілер, керуеншілер, әр түрлі шенеуніктер, ру басылары, билер мен батырлар хан ордасына өтетін ауыз. Шабатын жау да, шығатын дау да осы тұстан қылаң берген...», – деп жазады осы жердің тумасы Тортай Сәдуақасов бауырымыз «Ел мен жер» кітабында, 47 бет.
Деректер Мұсатай Ғалымның еңбектерінен алынды
- "Абылай ханның қара жолы" атты жобаңыздың алғашқы экспедиция қай бағытта жүргізілді. Осы экспедиция туралы айтып өтсеңіз. Қандай киелі, тарихи орындарда болдыңыздар. Естуіше, бұл экспедиция толықтай кітап болып жинақталып, оқырманға ұсынылған екен?
- «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында Ақмола облысының әкімдігі «Абылай ханның қара жолы» атты жобаны қолға алды. Оның аясында ХVІІІ ғасырдағы керуен жолы бойынша кешенді экспедиция: «Көкшетау – Ұлытау – Түркістан» бойынша өтеді деп жобаланды. Жобаның негізгі мақсаты: тарихи сананы нығайту үшін ұлттық игілікті және киелі жерлерді зерделеу, дәріптеу, ғылыми зерттеулер жүргізу, ХVІІІ ғасырдағы Қазақстан мен Орталық Азия тарихында аса беделді мемлекеттік және саяси қайраткердің бірі Абылай ханның тұлғасымен (1711-1781) байланысты «Хан жолы», сол ғасырдағы керуен жолы бойынша нысандарды жүйелеу.
Жобаның ғылыми тұжырымдамасы ғалымдар: профессор Қадіржан Әбуев, тарихшы ғалымдар Ғизат Табылдин, Қуаныш Шақшақов, Бибігүл Бейсенбайқызының авторлығымен жасалды. Экспедицияның жүру бағытының болжамдық картасы дайындалды, ол екі кезеңнен тұрды: барлаушылық және негізгі. Өлкетанушы және қоғам қайраткері Мұрат қажы Ыдырысұлының жетекшілігіндегі кешенді экспедицияның құрамына Көкшетау, Астана, Ақмола облысының ғылыми және шығармашылық зиялы қауымы енді. Жобаның тәрбиелік және прагматикалық мәні зор. Қазақстанның этномәдени ландшафтысы нысандарында жүзеге асқан «Абылай ханның қара жолы»: Көкшетау – Ұлытау – Түркістан экспедициясының жүріп өту бағытының тәжірибелік маңызы: киелі орындарды, тарихи мұра ескерткіштерін жүйелеу мен картаға түсіру болып табылды. Экспедиция 2018 жылдың 17 мен 26 қыркүйегі аралығында өтті.
«Абылай ханның қара жолы» экспедициясы Көкшетаудан бастау алды. Оның салтанатты ашылуы Бурабайдағы Көкшетау тауының баурайында «Абылай ханның алаңында» болды. Дәл сол жерде сәулет-тарихи кешені «Хан ордасы» орналасқан. «Абылай ханның қара жолы» экспедициясы – ХVІІІ ғасырдағы Қазақстан мен Орталық Азия тарихында аса беделді мемлекеттік және саяси қайраткерлердің бірі Абылай ханның тұлғасымен байланысты аса ауқымды жоба болды.
Алғашқы экспедициямыз жоспарланған маршрут бойынша оңтүстік-шығыс бағытқа қарай жүріп, Ақмола облысының келесі аудандары: Бурабай – Көкшетау таулары – Бұланды – Ақкөл – Шортанды аумағы арқылы жүріп, ары қарай оңтүстік-батыс бағытта: Қазақстанның ел ордасы – Астана қаласы – Қазақ хандығының негізін қалаушылар Керей мен Жәнібектің ескерткіші – Сабынды елді мекені – Қорғалжын – «Ботағай» сәулет орны – Баршын сәулет орнының ескерткіші – Шұбаркөл – Ұлытау тауы – «Хан ордасы» кешені, ортағасырлық қалашық «Хан қалашығы» – «Алаша хан», «Жошы хан» кесенесі – Орталық Қазақстанның Сәтбаев – Жезқазған қалалары арқылы – Сарысу өзенін бойлай – Қызылорда – ортағасыр қалалары Сығанақ – Сауран – Отырар – Түркістан – «Әзірет-сұлтан» кесенесіне тоқтап, ары қарай оңтүстік бағытта: Шымкент қаласы – «Хан қорған» арқылы өтіп, оңтүстік-шығыс бағытта: Қаратау таулары – Тараз қаласынан солтүстік-шығыс бағытта: Мойынқұм шөлі – Шу – Айтау тауы – Жамбыл облысын басып, Бетпақ-Дала шөлінен оңтүстік-батыс бағытта Балқаш көлінің бойымен – Балқаш қаласы арқылы өтіп, солтүстік-батыс бағытта: Қарағанды – Теміртау – Ерейментау таулары – Астана қаласы – «Мәңгілік Ел» монументі – Көкшетау таулары – Бурабайды басып, Көкшетау қаласына қайтып оралды.
Қазақ тарихы мен мәдениетінде Көкшетаудың орны ерекше. Тамылжыған табиғатымен талайды ежелден тамсантып келе жатқан өлке. Көкшетау – еліміздің солтүстік өңірінде орналасқан тарихи-географиялық аймақ, Сарыарқаның ұсақ шоқылығының ортасына жайғасқан, Қазақстан аумағының оныншы бөлігін алып жатыр. Тарихи Көкшетау Абылайдың хан ордасына айналған өлке, дәл осы жерде ұлы қолбасшы шығыстан шабуылдаған басқыншыларға тойтарыс беретін үш жүздің басын қосып, әскер жасақтады және халқын ешкімге бодан қылмай, азат етті. Хан ордасының Көкшетауда орын тепкенін Қазақстанның Мемлекеттік Орталық архивіндегі, Ресейдің Федералдық архивіндегі, Қытай мен Орталық Азия елдеріндегі мұрағаттарында сақтаулы XVIII ғасырдың екінші жартысындағы тарихи деректер дәлелдейді. Сондай мәліметтер есімі әлемге әйгілі, Абылай ханның немересі Шоқан Уәлихановтың (1835-1865) ғылыми еңбектерінде, «Алаш» қозғалысының аса көрнекті қайраткері, қазақтың ақын-жазушысы Міржақып Дулатовтың (1885-1935); ақын Арыстан Тобылбайдың (1811-1880) шығармаларында; саяхатшы Иван Словцовтың (1844-1907) еңбектерінде; қазақ поэзиясының классиктері Сәкен Сейфуллин (1894-1938) мен Мағжан Жұмабаевтың (1893-1938) жырларында, қазіргі заманның ғалымдары Қадіржан Әбуев, Жамбыл Артықбаев, Зарқын Тайшыбайдың және басқалардың еңбектерінде бар.
Қазақстанның тәуілсіздігі жылдарында Бурабайдағы Көкшетау таулары баурайында ашылған экспозиция залы бар «Абылай хан ордасы» сәулет-тарихи кешені мыңдаған адамдардың тәу ететін орнына айналды. Олардың қатарында алыс және жақын шетелден келетін туристер де бар.
ХVІІІ ғасырдың дереккөздерінде «Абылай ханның қара жолы», «Хан жолы» деген түсініктер бар, оның астарында Қазақстанның солтүстік бөлігін оңтүстікпен байланыстыратын сауда керуен жолы деген ұғым жатыр. Егер оның мағынасына тереңірек үңілсек, «қара» сөзі бұл жерде тура мағынада алынып тұрған жоқ. Яғни бұл белгілі бір түсті емес, қазақ халқының ұғымындағы «қара шаңырақ», «қара бала», «қара қазан» деген сөздермен байланысып келеді. Оның киелілік мәні де бар. Сондықтан «қара жол» деген түсінік «киелі жол» деген мағына береді. Әлемнің ұлы екі мың тұлғасының қатарынан орын алған Абылай ханмен (1711-1781) байланысты көне керуен жолын жаңғырту мақсатында осы экспедиция өткізіліп отыр. «Хан жолы: Көкшетау – Ұлытау – Түркістан» ғылыми экспедициясы Қазақстанның солтүстік – орталық – оңтүстік бағытын қамтитынын жоғарыда айттық.
Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» стратегиялық маңызы зор мақаласында: «Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті» дегені бойымыздағы Отанға, жерге деген сүйіспеншілігімізді, патриоттық сезімімізді арттырса, «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтың ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні-бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана» деп атап көрсеткені рухани жаңғырудың сара жолын бізге, болашақ ұрпаққа, жалпы қазақ қауымына айқын да анық көрсетіп берді.
Кім-кім де Алла бұйыртқан ғұмырында талай адамдармен кездеседі, танысады, сырласады. Әрине, ойы терең, ниеті түзу жандарға тап болудың өзі-бақыт. Өзге тұрғыластарым тәрізді көкірегі ояу, құшағы кең аға-апалармен, ел азаматтарымен сыйластықта болғаныма шүкіршілік етемін. Аллаға сансыз мақтау айтамын! Осындайда ата-бабадан жеткен тәмсіл ойға оралады. Абылай ханның өзі Байдалыға: «сегіз биім, сегіз биімнің ішіндегі семіз биім» деп баға берсе керек. Шоқанның үлкен әкесі Уәлихан да Байдалы биді қадір тұтқан екен. Бір отырыста әйгілі шешенге қужақтардың бірі сауал қойыпты.
– Уа, Байдеке, сізді сөзтапқыш дейді ғой, айтыңызшы, ағасы бар қандай болады, інісі бар қандай болады, баласы бар қандай болады? – десе керек.
Сонда би мүдірместен былай депті:
– Ағасы бардың жақсы болса жағасы болады, жаман болса ісіне жабар жаласы болады; інісі бардың жақсы болса тынысы болады, жаман болса ағасына берер жұмысы болады; баласы бардың жақсы болса панасы болады, жаман болса басына түскен бәлесі болады. Тауып айтылған сөзге отырғандар үнсіз басын шұлғи беріпті.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Үмметім сендерге жақсылық жасаймын. Ол жақсылығым сендердің жолдарыңа жақсы адамдарды кездестіремін» деген екен бір хадисінде. Есті көздерді тыңдап, есті сөздерді жинаған адамдардың бірі мен білетін Елубай Ыбырайымов. Жастайынан ауылдағы қарттардың қасында жүріп, қазақы салт-дәстүрлерді санаға сіңіре білген, бос уақытында ежелгі аңыз дастандарды дауыстап оқып беретін зерек Елубайдан үлкендердің күтер үміті көп болса керек. Оның жиған-тергендері кейінгіге үлгі-өнеге. Оқып, зердесіне тоқи білген жанға мол мағлұмат.
Сан ғасыр сарыла күткен Тәуелсіздіктің атар таңы өткен ғасырдың 1991 жылына тура келді. Бұған дейін қазақтың басынан небір алапат сәттер, жойқын жорықтар мен соғыстар, тағысын тағы оқиғаларға толы болды.
Тәуелсіздік қай халыққа болсын қымбат. Ал, қазақ халқына ол мың есе қадірлі. Өйткені, ата-бабаларымыз Егемендікке жету жолында жан беріп, жан алысты. Алаш ұранды қазақтың арда болмысын дәріптеу бәрімізге парыз деп түсінген дұрыс. Еліміздің иесі де, киесі де қазақ ұлты қанша уақыт өтсе де өзгені елеп-екшеп, өзін таныта білді, дәстүрсіздікке бармады, ағайыншылдықтың алтын арқауын үзбеді, досты – бауырға, бауырды – тәуірге айналдырғанын ерекше атап өту керек. «Алаш ұлы – ежелдің ең күнінен басына ноқта кимеген, жүген-құрық тимеген асау, арда ел едік» деген екен Қазыбек би. Осы айтылған баба сөзін өскелең ұрпақтың бойына сіңіру керек.
Тарихқа көз жүгіртсек, Қабанбай батыр Қытай жазбаларында 1757-1758 жылдардан бастап «қазақтың туму батұлы – яғни бас батыры» ретінде хатқа түсіп, Қазақ хандығының Абылай, Әбілпейізден кейінгі 3-ші ірі тұлғасы, кейде Абылай, Әбілпейіз, Әбілмәмбеттен кейінгі 4-ші ірі тұлғасы ретінде аталып отырады. Циянлұң патшаның 1760 жылы 25 наурыз күні Қазақ хандығына жолдаған хатында: «Қазақтың Әбілмәмбет, Абылай, Әбілпейіз және Қабанбайларына…» деген есімдердің аталуына қарап біз осындай тұжырымға келеміз. Мұның өзі сол Абылай заманында өткен қазақтың ұлы жыраулары Бұхар, Үмбетей, Саршуаш, кейінгі Мәшһүр Жүсіп, Құрбанғали аталарымыздың Қабанбай батырды бар батырдың басына қойып жырлаған жырларымен және жазба деректерімен бірдей шығып отыр. Қаракерей Қабанбай батыр 1758 ж. қыркүйекте Барлықтан Үрімжі қаласына 300 жылқы айдап барып, қазақ-қытай саудасын бастап берді. Сол сапарға біздің бабамыз Пұсырман батыр да қатысқан деген сөздерді Әутәліпұлы Баһау молда мен Шалабайұлы Қанапия ағамыздың айтуынан естіп білдік. Түлкідейін түн қатып, бөрідейін жол тартып, ай жарығына сеніп-адаспай, ат тұяғына сеніп-сүрінбей, қу толағай бастанып, Темірқазық жастанып: «Елім үшін жаным садаға, жерім үшін қаным садаға» деп өткен Қабанбай батырдың қосынында болған Пұсырман бабамыздың бүгінгі ұрпағы екенімізді біз де мақтан етеміз. «Қаным қайда төгілген, Қабірім қайда көмілген» деп Әбділда Тәжібаев ақын жырлағандай Пұсырман бабамыздың қайда жерленгенін көпке дейін білмедік. Дегенмен соңғы кезде «Совет» кеңшарында тұрған Шанышқылы Қанапин Қабдуәлидің баласы Қабдулманап біледі дегенді естіп жүрдік. Бойымызға біткен енжарлығымыз жеңіп, дер кезінде барып сұрап алмағанымызға қатты өкіндік. Өйткені Қабдулманап осыдан екі-үш жыл бұрын өмірден озды. Әйтсе де Елубай Қиялұлы Ыбырайымов бабамыздың қабірін біледі деген сөзді естіп, бірден Щучинск қаласына іздеп бардық. Бұрын «Севкрайда» қаршадайынан қара мал баққан, жас кезінен үлкендердің сөзіне құлағы түрік, кеудесі тесік, «құйма құлақ» ұғымтал болып ержеткен 1962 жылы «Қойтас» кеңшарына көшіп келіп, малшы, зоотехник, бас зоотехник, кадр бөлімін басқарған Елубай ауыл ақсақалдарының айтқан әңгімелерін көңілге түйіп, қағаз бетіне түсіріп жүреді екен. Пұсырманның қабірі туралы ол алғашында әкесінің немере інісі Мағауияұлы Қазығияздан естіпті. Ол кезде қайтқан кісілерді Қойтасқа 60 шақырым жерден әкеліп қояды екен. Біздің ата-бабамыздың жұрты Мамыр мен Қойтастың ара қашықтығы осы шамада екеніне соңғы барғанымызда көзіміз жетті.
Өткен ғасырдың сүреңсіз көріністері толы отызыншы жылдары Ыбырай әулетін айналып өтпесе керек. Жаппай қырғынға ұшыратқан ашаршылықта Ақмоладан ауған босқындар Қойтаста тұратын Елубайдың әкесі Қиял Ыбырайымовтың үйде жоқтығын пайдаланып, үйдегі бар азық-түлікті тартып алып, талап, жеп кетеді. Соның салдарынан Қиялдың әйелі, үш баласы, қайын атасы Жүсіп Қызылтуға жеткенде аштан өледі. Содан кейін Қиял бас сауғалап 1931 жылы «Севкрайға» кетіп, 1962 жылы ғана ата жұрты Қойтасқа оралады. Қиял 4 әйел алған жан болыпты. Елубай 1949 жылы Омбы облысы, Москаленко ауданы, Қызыл ағаш ауылында өмірге келген екен. Елубай бауырымыз шынында да көргені бар, аңыз әңгімелер мен атадан қалған асыл сөздерді көңіліне түйгені мол, қазыналы ел ағасы екен. Елубай бірінші рет Көкшетаудан 300 шақырым Қойтасқа барғанымызда аяғы гипсте болса да қажырлылық танытып, Пұсырман бабамыздың қабірін көрсетіп берді. Биыл мамыр айының басында Пұсырман батыр бабамыздың басына ескерткіш тас қойдық. Бұл жолы да Елубай бауырымыз бастап барды.
«Бабалар даңқы мәңгілік,
Ұрпағы айтар ән қылып.
Ерлігі өшпес ешқашан,
Жадыңда тұрар жаңғырып» деп тасқа қашап жаздық. Осы рухани маңызы зор шараға қатысып, жүрекжарды тілегін айтқан «Қазақстанның құрметті судьясы» Жауар Тілеулес Махметовтің сөзі Бөгенбайдан, Ақсудан, Степногорскіден, Астанадан, Көкшетаудан келген Жауардың ұрпақтары мен менің балаларым мен немерелеріме, жиналған жұртқа үлкен әсер етті. Зират басында сөз сөйлеген Серік Қуандықов, Базарбай Ыдырысов, Ғазизтай Баһауұлы, Жакен Қанапияұлы, Махмет Елубайұлы, Айдарбек Алпысұлы ғибраты мол шараға өз ризашылықтарын білдірді.
Н Назарбаев: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деді.
Ендігі бағытымыз Арғын тайпасының Қарауыл руының Жауар тармағынан өрбіген біздің ата-бабамыздың қонысы «Совет» кеңшарынан 10 шақырым жердегі Мамыр қопасы болды. Шөбі шүйгін, суы бал кең шалқар аумақты алып жатыр екен. Сол жерге Жауардың бел балалары мыңдаған жылқы біткен ағайынды Сейпіл-Көпей иелік етіпті. Менің әкем Ыдырыс, Күмісайдың әкесі Рахымжан, бауырымыз Қуандықов Серіктің атасы Мұхаметжан атақты жылқышылар атаныпты. Ата-баба жұртының орны сайрап жатыр, Жауардың белді адамдарының молаларына тастан белгі қойылыпты. Басқа молалар да жақсы сақталған екен. Әрқайсысының басына барып Құран бағыштадық. Бірге барған бауырларымыздың ата-бабалары осы жерде мәңгілікке дамыл тапқан. Мамыр көлін қалың құрақ басқанымен суы мол екен. Іргесіндегі Алдай сор көлі шалқып жатыр. Өйткені оған Ақсу өзені келіп құйылады. Бұл менің нағашыларым Шанышқылының ата мекені. Қыстаудың шетіндегі үймелі тастың үстіне тастан белгі қойдық. Оған «Осы Мамыр көлі аумағын Арғын Қарауыл Жауардың ұрпақтары Адақ-Досай-Кенжебай-Пұсырман-Қарашолақ-Бойдақ-Жүсіп-Ыдырыс 1928 жылға дейін мекен еткен» деп қашап жазылды. Себебі 1928 жылы ұжымдастыру науқаны басталғанда біздің әкелерімізді зорлап «Сәуле» ұжымшарына әкеп қосыпты.
Түс ауа керуен басын Ақсу өзенінің бойындағы жартастағы ел аузында айтылып жүрген «Бөгенбай сөресіне» бұрдық. Тасқа қойылған тақтайшада: «Осы жерде 1775 жылдың күзінен 1776 жылдың көктеміне дейін Бөгенбай батырдың мәйіті сақталған. XXI ғасыр. Ұрпақтары» деген жазуды оқыдық. Бөгенбай Абылай хан тұсындағы батыр, атақты қолбасшы, қазақ жауынгерлері арасында зор беделге ие болған, сондықтан оны халық Қанжығалы Бөгенбай деп атап кеткен. Сырдария өзенінің жағасында дүниеге келіпті Оның атасы – Әлдекүн, әкесі Ақша Қанжығалы руы ішінде белгілі адамдар болған. Әз Тәуке хан оның әкесіне 80 мың сарбаздан тұратын әскерге қолбасшы болуды сеніп тапсырған. Ол сонымен қатар өнерлі адам болған. Ұсталық өнермен айналысып, соғыс қару-жарақтарын жасаған. Бойында ақындық, айтыскерлік өнері де болған. Әкесінің өнері баласына дарыған. Бала кезінен қазақ даласының шешендік өнерін бойына сіңіріп өскен ол жігіт шағында ауылдарға барып, ру арасындағы дауларды шешіп, билердің құрылтайларына қатысқан. Өзіне жақын адамдардан топ құрып, кейін елде «Қанжығалының қырық батыры» деп аталып кеткен. Батырлығы мен қолбасшылық дарыны арқасында Бөгенбай үлкен құрметке бөленіп, ерлігі ел аузында аңызға айналып кетті. Бөгенбайдың қалмақтармен және қытай әскерлерімен болған қиян-кескі шайқастарда көрсеткен қайраты сол кездегі жорық жырауларының толғауларында мәңгі өшпес өлең тілімен өрнектеліп қалды. Өмірден көргені көп, қазақтың жүздері мен батырларын таныған, заңды және қазақ-жоңғарлар арасындағы қиын жағдайды ғана емес жоңғарларға қарсы әскери әрекеттердің тарихын да жақсы білетін Тәуке хан елді билеп тұрған кезде 1710 жылы Қарақұмда қазақ жүздерінің Төле, Қазыбек және Әйтеке билер қатысқан жиыны өтіп, билермен бірге халық жасағы өкілі ретінде Бөгенбай батыр да сайланған. Көп пікірталастан кейінгі шешуші кез келгенде ортаға ашулы, қайсар Бөгенбай батыр шығады. Ақсақалдардың алдына шыққан ол семсерін аяғының астына тастап, көйлегін айырып, кеудесін ашып жіберіп: «Жауымыздан есемізді қайтарамыз, тоналған жайлауымызды, тұтқындалған балаларымызды көріп қарап отыра алмаймыз, өлсек қолымызға кару алып өлеміз. Қыпшақ даласының батырлары қай кезеңде бастарын төмен түсірген? Мен қолымды жауымның қанына бояған кезде сақалыма әлі ақ түспеген еді! Қазіргі келімсектердің зорлығына қалай шыдаймын. Біз әлі жүйрік аттардан кенде емеспіз. Әлі қорамсақта өткір ұшты садағымыз бар», – деді. Бөгенбай батырдың бұл сөзі жоңғар мәселесін шешудің шегі болды. Бұл сөзден кейін ешқайсысы ашық шығып сөйлей алмады. Қазақ жасағының басшысы болып Бөгенбай сайланды. Бөгенбай батыр қартайған шағына дейін ат үстінде жүрген. 1756-1758 жылдары Бөгенбай батыр Талқы түбінде Шығыс Түркістанда алғаш рет аяқ басқан қытай әскерімен қиян-кескі шайқасқа қатысты. Бөгенбай батыр дана және аса зерделі адам болған. Ол 1761 жылы елшілік миссиямен Абылай ханның ұлы Әділді алып Қытайға барған. Батыр кейбір деректерге қарағанда Ақмола облысы, Біржан сал ауданы, Сілетіге құятын сағасында қайтыс болды. Денесін қырық күн бальзамдағаннан кейін 45 күнде Ежелгі екінші Мекке саналған Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне ақ түйемен алып барып жерлеген. Мұның бәрін жазып отырғаным осы шеруге біздің батыр бабамыз, мыңбасы Пұсырман қатысқан дегенді үлкендердің аузынан Әбутәліп молданың немересі Ғазизтай естіген екен. Халық иығындағы ауыр жүкті мойнымен көтерген Пұсырман бабамыздың басына Құран бағыштап үлкен әсерге бөленіп қайттық. Бөгенбай ауылында тұратын Жәкен Шалабаев бауырымыздың үйінде ас беріп, аруақтарға Құран бағыштадық. Аруақ риза болмай, тірі байымас. Бәріміз де санамыздың салтанатын асырып, ата-бабамыздың тарихын ұлықтап, рухымен сырласа білсек, бірлігіміз бекемделіп, ынтымағымыз арта түсері ақиқат. «Азамат» деген арқалы һәм ардақты ұғым. Ол шындығында жігіттің төресіне, өрісі жайлау өресіне, бөрі азулы арланына, тұлпар тұрпатты жүйрігіне, сұңқар мінезді сұлтанына, сұңғыла көреген көсеміне қарата айтылса керек-ті. Пұсырман бабамызды көз алдымызға осы тұрпатта елестеттік. Қазақтың ауызша тарихына жүгінсек, батыр бабамыз Абылай ханның жеке күзетінде қызмет етіп, кейбір жорықтарда ханның қасында болса керек.