Талғат Молдабайұлы: Көне түрік бітіг жазуының таралуы Орхон, Таулы Алтай және Енисей аймақтарымен шектелмейді
Бөлісу:
10.09.20242089
Көне түрік бітіг жазуы Еуразия құрлығының үлкен бір бөлігін алып жатыр. Шығыс Еуропадан бастау алып, Орталық Азия, Моңғолия, Оңтүстік Сібір, Шығыс Түркістан (ҚХР), Таулы Алтай және Ферғана аймақтарын қамтиды.
Жақында түркология саласында іргелі зерттеулерімен көзге түсіп жүрген PhD доктор, түрколог-ғалым Талғат Молдабай мырзамен жолығудың сәті түсіп, сұқбат алған едік. Әңгіме барысында Жалпы дала көшпелілері қолданған жазу түрлері, оның тарлу аймағы, өзіндік ерекшелігі туралы біршама ақпарат алдық. Назарларыңызға сол сұқбаттың бір бөлімін ұсынуды жөн көріп отырмыз.
– Талғат мырза, жақында «Қазақ жазуы мәдениетінің бастаулары» атты қомақты зерттеу кітабыңыз жарық көрген екен, құтты болсын! Әңгімемізді осы жаңалықтан бастасақ. Жалпы бізге тән жазу мәдениеті қашан басталды.
– Рахмет! «Қазақ жазу мәдениетінің бастаулары» атты ғылыми еңбегіміз жарыққа шықты. Еңбекгімізде жазу тарихы ғылымы негізінде жазудың даму кезеңдері тұрғысында қолға алынған зерттеу қазақ жазу мәдениетінің әлем жазу мәдениетіндегі орнын бағамдап, түрік тектес халықтардың төл жазуы көне түрік бітіг жазу таңбаларына шамамыз келгенше талдаулар жасауға тырыстық.
Жалпы дала көшпелілерінің жазу мәдениеті сонау тас дәуірінен басталады десек еш қателеспейміз. Олар өмір сүрген аймақта осы дәуірлерге тиесілі көптеген петроглифтер мен таңбалар бар. Ал киелі орындарын бұғытастармен, киелі таңбалар мен суреттермен көмкерген сақ, ғұн, түрік, қыпшақ кезеңдерін барлығымыз білеміз. Ал таңбалап жазу жайлы алғашқы дерек қытай деректерінде Ғұндарға қатысты баянда «олардың жазуы жоқ, бірақ ағаштарға пышақтарымен кертіп белгі салып бір-біріне хабар жібереді» деген қысқа жолдар арқылы білеміз. Ал көшпелілердің белді өкілі көне түріктердің жазу мәдениеті бітіг жазуымен басталатындығында ешкімнің таласы жоқ. Көне түрік бітіг жазуын алғаш еуропаға танытқан, орыстарға қолға түскен швед офисері Филипп Иоганн Табберт фон Страленберг Сібірге жер аударылғанда осы жерлердегі белгісіз жазулар жайында зерттеп, оның өз отанындағы тастарға жазылған сырлы жазу деген мағына беретін жазу түріне ұқсатып «Руна» атауын ғылыми айналымға енгізді. Кейіннен табылған аймақтарына байланысты бұл жазу Сібір рунасы, Енисей рунасы деп аталып, жалпылама түрде «Түрік рунасы» деген атауға ие болды. Кейінгі зерттеулер нәтижесінде жазба ескерткіштерде қолданылған жазу атауының «бітіг» екендігі анықталып, тарихи атауы қайтарылып, «түрік бітіг жазуы» деген атау ғылыми айналымға еніп келді.
– Жалпы дала көшпелілерінің жазуының шығу тегіне қатысты түрлі пікірлер айтылды. Дегенмен әлі күнге дейін оның шығу тегі жайында дәйекті ғылыми дәлел келтіріп, ғалымдардың аптығын басқан зерттеу әлі жасалмады. Осы күнге дейін оның шығу тегіне қатысты түрлі пікірлер айтылып, жазылып келеді. Сонымен қатар оның қолданылу хронологиясының өзінде бірізділік жоқ. Есік қорғанынан табылған күміс тостағандағы жазуды (б.з.д. V-IV ғасыр) кейбір ғалымдар түрік бітіг жазуының бастауы деп санаса, кейбірі бұл жазудың нақты оқылмауына байланысты түрік бітіг іспетті жазу ретінде жеке қарастырып, классикалық түрік бітіг жазуының ең көне нұсқасы ретінде шамамен 687-692 жылдары жазылған Моңғолиядағы Чойр жазуын атайды.
Осылайша, көне түрік бітіг жазуы ескерткіштерін «бітіг іспетті» (рунаподовный письма) және «түрік бітіг» (тюркская руника) деп екі бөлек қарастыру үрдісі қалыптасты.
Тағы бір айта кетерлігі, көне түрік бітіг жазуының таралу ареалы тек Моңғолиядағы Орхон аймағы мен Ресейдегі Таулы Алтай және Енисей аймақтарымен шектелмейді, Еуразия құрлығының үлкен бір бөлігін алып жатыр. Шығыс Еуропадан бастау алып, Орталық Азия, Моңғолия, Оңтүстік Сібір, Шығыс Түркістан (ҚХР), Таулы Алтай және Ферғана аймақтарын қамтиды.
Осы жерде бір толықтырып айта кететін дүние бар. Мен өз зерттеуімде Еуразия құрлығын мекендеген, көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан түрлі тайпаларды қазіргі таңда біз дала көшпелілері ретінде біріктіріп атап өттім. Себебі, бұлардың шаруашылығы, тілі, діні, мәдениеті бірбірлеріне ұқсас, бірақ түрлі кезеңдерде түрлі саяси бірліктер құрып, бірде бірігіп, бірде бөлініп, тіптен түрлі діндер қабылдап бір-бірлерінен алыстағанмен, олардың ортақ бір біріктіретін қасиеті ол шаруашылығы еді. Осыған байланысты түрлі тайпаларды ортақ «Дала көшпелілері» деп келтірген дұрыс деп ойлаймын.
– Ұзақ уақыт бойы «Дала көшпелілері» жазуы өзгелерге телініп келді ғой...
– Оныңыз рас енді.Көне түрік бітіг жазуының шығу тегіне қатысты алғашқы көзқарас белгілі Фин ғалымы А.О. Хейкелге тиесілі еді. Ол өз зерттеуінде бұл жазудың Скандинавия руникасы әріп таңбаларына ұқсастығына байланысты және скандинавиялықтардың Сібірден келуіне қатысты көзқарастың ықпалы негізінде өз аталарының жазуы болуы мүмкін екендігін айтты. Ал O. Донер, Х.Ю. Клапрот, Алтай Аманжолов сияқты ғалымдар көне түрік бітіг жазуының жазулардың отаны саналған Мезопотомиядан шыққан Семит жазуларының көне түрлерінің бірінен шығуы мүмкін деген пікірде болды. Сол секілді көне түрік бітіг жазуының кілтін тапқан Вилгельм Томсон, түрік бітіг мәтінінің алғашқы аудармасын жасаған В. Радлов та бұл жазудың Арамей мен Соғды жазулары нұсқалары негізінде пайда болған жазу болуы мүмкін деген көзқарас ұстанды. О. Прицак, А. Рона Таш сияқты ғалымдар өз зерттеулерінде көне түрік бітіг жазуының буындық негізді жазу екендігін алға тартып, Арамей жазуының ұмыт болған көне нұсқаларының бірінен шыққан болуы мүмкін екендігін атап өткен
Тек орыс ғалымы Н.А. Аристов алғаш болып көне түрік бітіг жазуының түріктердің меншік құқын білдіретін ру таңбаларынан шыққан болуы мүмкін деген ой айтты. Таңбадан шығу пікірін кейіннен түрік ғалымдары Ахмет Жафароғлы мен Хусейін Намык Орхун қолдап, ары қарай дамыта түсті. Осыдан кейін бұл пікірмен келісетін ғалымдар қатары көбея түсті. Атап айтар болсақ, Е.Д. Поливанов, В.А. Ливщиц сияқты ғалымдар көне түрік бітіг жазуының Арамей, Соғды жазулары сияқты Орталық Азияда таралған жазулардан әсерленіп көшпелілердің өздерінің таңбалары негізінде тапсырыспен жасалған жазуы болуы мүмкін деген пікір білдіріп, Н.А. Аристовтың жорамалы дұрыс екенін нығыздай түсті.
Көне түрік бітіг жазуының дала көшпелілерінің төл туындысы екені даусыз. Бұл жазудың ішкі ерекшелігі де көне түрік тілімен астасып, үндесіп жатыр. Себебі, бұл жазу көне түрік тілінің үндесім заңдылығын бойына сіңіріп, жазу жүйесіне де әсер етіп, үндесім заңдылығына негізделген дауыссыз дыбыстарды қалыптастырғанын көреміз. Бұндай дауыссыз дыбыстардың үндесім заңдылығына негізделіп түрленуі басқа жазу түрлерінде кездеспейді. Дауысты дыбыстардың да осы үндесім заңдылығы аясында өзіне тән жазылу ережелерінің (орфография) қалыптасуын ерекше атауымызға болады. Сонымен қатар езулік және еріндік дауыстылардың өзіне тән жазылу ережелерінің осы үндесім дауыссыздары арқылы жасалуын да атауымызға болады. Жазудың сыртқы ерекшелігі негізінде көне түрік бітіг жазуының алфавиттік жазу элементтерімен қатар логографиялық, буындық жазу элементтерін қамтитындығын және жазу таңбаларының семантикасы мен жазу таңбасының архетипіне үңілген адам ол жазу таңбаларының көшпелілер танымымен астасып жатқандығын байқай алады.
– Енді осы ата жазудың ерекшеліктеріне тоқталып өтсек...
– Көне түрік бітіг жазуы таңбалары қатты денеге сызып жазуға ыңғайлы тік және көлденең сызықтардан түзілген. Жазу жүйесінде кейбір аймақтық ерекшеліктерге ие бір екілі таңбаларды қоспағанда 38 әріп таңбасынан құралған. Осы әріп таңбаларының 4-і дауысты дыбыстарды таңбалайтын графема, 20 графема 10 дауыссыз фонеманы үндесім заңдылығына негізделген жуан және жіңішке дауыстылармен үндесуіне байланысты таңбалайтын әріптер. Ал 7 графема дауыссыз дыбыстарды таңбалайды. 3 таңба қосарланған дауыссыз дыбыстарды, 4 таңба буындық дыбыстарды білдіретін лигатуралық графемалардан түзіледі.
Осындай ерекшелігіне байланысты көне түрік бітіг жазуы Екінші Түрік қағанаты тұсында өте тез таралып, кеңсе жазуына айналды. Сонымен қатар осы кезеңде мемлекеттік деңгейде ағарту жұмыстары қолға алынып, жазудың таралуы одан сайын кеңейді. Мемлекеттік деңгейде киелі орындар ретінде мемлекеттік тұлғаларға арналған кешендер ашылып, билікті дәріптейтін, ұлттық идеологияға негізделген жазбалар орнатыла бастады. Оған мысал ретінде Білгі қаған, Күлтегін, Тоныкөк сияқты мемлекеттік биліктегі тұлғаларға арналған кешендерде ұлтқа үндеу сияқты идеологиялық негізді мәтіндерді айтуға болады.
Ал Түрік қағанаты аумағында Еуразия құрлығының көп бөлігінде көне түрік бітіг жазуымен жазылған майда мәтіндердің көбейуі және ол мәтіндердегі жазу жүйесінің бірізділігі мемлекеттік деңгейде ағарту жұмысының жемісі болса керек. Барлық халық (будун) оқу жазуды білмесе де әр ру мен тайпаларда билік жүргізетін әулет мүшелерінің барлығы дерлік оқу жазуды білген болуы керек. Кейін тарихи оқиғаларға байланысты түрік бітіг жазуының орнына манихей жазуы келе бастады. Түрік қағандығын құлатқан Енисей қырғыздары мен Ұйғыр қағандығы біпаз уақыттан кейін манихей жазуын және осы жазу негізінде өз тілдеріне бейімделген ұйғыр жазуын қолдана бастады.