«Алтын адамдардың» құпиясы физиканың қолында
27.08.2024 1339

Мағрипа Жылқыбаева (1945-2019) – Есік қорғанынан шыққан Алтын адамның күміс зереншедегі 26 таңбасының шифрын кванттық физиканың көмегімен ашып, дүниежүзі тарихына қатысты орасан мол мәлімет шығарған ғалым. Сақ қорғандар қандай құпия-сырды сақтап келді? Алтын адамның әлемдік тұлғасын танытуға өмірін арнаған ғалымның «Алтын адамның мұрасы» деп аталатын кітабынан үзінді ұсынамыз.


Бүгінге дейін үш Алтын адам табылғаны елге аян. Осылардың елге бергені не нәрсе? «Сақ қорған» атымен ашылып жатқан археологиялық объектілер көп. Көбісі біздің жерден. Сөйте тұра бұл жұртқа бергені не олардың? Санап алған «бляшка» түрлері бұдан былай балаға да қызық емес. Олардың мыңдаған санды болып шығуы нендей мәселені шешуде? 

«Сақ қорған» ішінен жылтыр металдарын санап алып, ермек етудің кезеңі – босқа кеткен уақыт. Болғанда да сауатсыздықты паш етті, қайтерсің? Алыста қалған баяғы өмір мен бүгінді жалғастырмай ертеңге барамын демеңіздер. Өмірі үзік-үзік кезеңдерден тұратын халық болмайды. «Ел болып қалыптасуына бес жарым ғасыр толды» деген қазақ тарихы – сатиралық әңгіме. Орыс тілді тарихшылар жазып берген ол тарихың сатира тілді «Ханнама» беттерінен көшірілген. Дегенмен бүгінгі авторлар сатира мен шынайы әңгіменің арасын мүлде ажыратпастай төменгі танымды екендерін тарих бойынша барынша көрсетіпті. Белгілі «сельджуки» тарихы да осындай. Ең атақты Ақсақ Темір мен Шыңғысханға қатысты мәліметтері де кісі күлерліктей мазақтан тұратыны. Бір кездегі көне дәуірлік автор әдейі өстіп берген жұмбақ тілді сатиралық шығарманы, біздің замандастар қаз-қалпында жазылған тарихқа айналдырғаны сауаттылыққа жата ма?

Қулықпен жазылған «Ханнамалар» бар. Түгелімен сатиралық. Сатираны түсіне алмас біздің заманда ол «Ханнамалар» сырын кімге ашпақшы? Жай тарихшының тісі ондай жаңғаққа бата алмасы аян. Грек жаңғағын да дұрыстап шаға білген жөн. Әйтпесе ішіндегі қоректісі босқа мыжылады немесе шашылып берекесізденеді. Белгілі «Ханнаманың» берері де сондай ұқыптылықты талап етер жұмбақ жазу. Ал енді жылтыр «бляшкаларын» мың-мыңдап беріп жүрген «Сақ қорған» дүниесі одан да зор құпиялы еді. Құпиясын аша білмеген соң оның металдарын санап мәз болдық.

 Бұныңыз қаншаға созылмақшы? Тілі жоқ Алтын адамдар көрме залын толтырып жай тұрғанымен, соған халықтың қызығушылығы жалғаса берер демеңіз. Көрме залдары әр кісіні бір-екі рет көруге ғана қызықтырады. Алтын адамдардың міндеті өз табиғаты бойынша көрме залы үшін ғана емес-ті. Ғылым мен тарих үшін сақталып келгендер. Әлемдегі жеті кереметтің шындығы да олардың айтпақ әңгімесінде. Халықтардың шығу тегі де сол Алтын адамдардың жұмбағымен бірге. Ендеше Алтын адамдарға тіл бітіруге тиіспіз. «Сақ қорған» ішінен таңбалы дүниелер шығып жатыр ма? Бұның әрбіреуі сөз алуы керек. Оларды сөйлетудің тәсілін білмей, екі ғасырды өткізді, бұл рас. 

Бірінші Алтын адам табылғалы да отыз бес жыл, құпиясы әлі жасырын. Оның қасында болған күміс зереншеде жиырма алты таңбасы бар еді, газет-журналдар арқылы жарияланды, эфирден бұл Алтын адам жақсы көрсетілді, бірақ жылтыр металдары ғана тілге тиек, өзге мәліметі жоқ. Құпиялы жиырма алты таңбасы тексін бермей босқа келеді. Шыңғысханды тауып алушы жанкүйерлері қандай көп болса, күміс зереншедегі жиырма алты таңбаны «оқып алғандары» да сонша. «Оқып алғандардың» берген тексі қайсы? «Берген текстегі» айтылғандары қанеки?

Баяғыдан жеткен «Ханнамаларды» қалай өтірік оқып, тарихты сізге дарялап берсе, сол тәсілмен бұларың күміс зереншедегі жұмбақты да шешкендей. Мәліметі жоқ ондай оқудың түрінен не пайда? Десе де «аңқау елге арамза молда» дәп осы салада көп екен. Ондайдың нақты мысалдары Орталық мұражайдағы археологиялық объектілерге қатысты тола. Жазулары нақты көрініп тұрған археологиялық мөрлерді бұлар қалай «оқыған» деңіз? Осынша мол табысты археологтардың ғылым мен өмірге берер ғажайып жаңалықтарын түксізге айналдырушы, «арамза молдалар» – сондағы көне жазуларды «оқып жүрген» сиқыршы «зерттеушілер». Мұражайдағы археологиялық объектілерді көргенде осыған жаның ауырады. 

Жазуларды өтірік оқып, ғылыми атаққа жеткен зерттеушілер, өзінің сол ісімен барлық саланы тежепті. Археологтарды алдымен суға отырғызған, тюркологияның түбіне жетіп, бұл саланы өлтіргенде, бос сөздерді ауада көпіртіп, әлі де «дуу қол шапалақты» күтіп жүргендер. Десе де бұл ғасырдан енді өйтіп өте алмайсың. Жалған ғылымның да уақыт бойынша межесі бар. Халықтан «дуу қол шапалақты» осынша көрген түркология саласы бұдан былай түркілік стандартты сезінуге тиісті. 

Көк Түріктің шындығы Алтын адамдармен бірге. Алтын адамдар алып шыққан жазуларды тани алмасаң, табиғи түрде төңкеріліп болғаның. «Сақ қорғандарды» бірінен соң бірін ашқызып, ондағы барын алдыңа жайып салса, бұл үшін де ХҰДАИ өзі белгілі есепті біледі дегенің. Сол себепті түсіне алмасаңыз, ғылымнан алыс жүргін! Белгілі мерзімде ашылып болуы керек Алтын адамдардың тізбегі бар. Бәрі де шифрлы жазуды бірге әкеледі. Жазуды оқи алмауың былай тұрсын, бадырайған таңбаларды жазуға жатқызбай, үш Алтын адамды да тамтықсыз еткеніңіз асқан күнә.

Иә, үш Алтын адам да көп жазуды өз үстілерінде ұстап келген-тін. Біріншісінен күміс зереншедегі жиырма алты таңба ғана бүтін шықты. Ал енді қолдағы жүзіктердің жазуы ше? Олар да көзге бадырая көрініп тұр ғой? Отыз бес жыл өткенше бірде-бір ғалым бірінші Алтын Адамның жүзіктерінде жазуы бар екенін елге естіртпегені қалай? Бірінші Алтын Адам – тұңғыш Әл-Фараби – бірінші ұстаз. Оның ғұлама ғалым екені, күміс зереншедегі жазуды оқымай-ақ көрінуде. Физиктің бұл жазуға мән беруі де содан еді. Әйтпесе бізге археология алыс дүние ғой, физика ғылымына еш қатыссыз... 

Сөйтсек, физика да бүгінге жете бере ұсақталып бітіпті. Ежелде оның ғылыми сала ретіндегі ауқымы бәрінің үстінде болған. Сондай міндетін бұл сала бүгін жоғалтыпты. Ұсақ-ұсақ бөлшектерге өзі жіктеліп алған қазіргі физика тұтас организм ретіндегі күйін жоғалтыпты. Әрбір ғылыми сала өстіп тозуда. Оның ішкі себебі ғалымдардың ғылыми деңгейдегі ақыл кеңістігінде тұр. Ақылы онша жетпесе бұндай кемшіліктің себебін өзінен көрмей басқа жақтан іздейді. Кванттық физиканы түсіне алмайтындар «механика» саласы бойынша маманданған. Бәрібір ол да жүк. Осындай тар саланың иелері физика-математика бойынша нөпір дейсің. Тіл мен әдебиет, тарих пен философия бойынша да өстіп ұсақталдық па?

Кісілік өмірдегі құнды нәрсе көзге елестесе, алдымен жақын тұрары, әрине тамақ өнімдері. Әсіресе етті ұнататын халықпыз. Алдыңызға бүтін тартылса жал мен жая өте құнды, иісін де толық сезінесіз. Ал енді сол жаядан үгінді жасап, «котлет» бейнеде ұсынса ше? Ондайды сіз жаяның еті ретінде қабылдамайсыз. Ғылым да сондай бүтіндікті қалайды. Бадырайған жазуларын Алтын адамдардың үстінен көрмей өтсеңіз, ол білімсіздіктен. «Котлет» те «еті бар» тамаққа жатады. Қазы да «еті барға» жатады. Бүгінгі «ғылым докторы» да сыртынан сондай «етті еді» дейсің. Айылуы бойынша бұл атақ құлаққа етті-жеңді естіледі. Істегі нәтиже әлгіндей. Әлгіндей екенін Алтын адамдар ашып қойды. Әйтпесе сіздер «дуу қол шапалақты» аямай соғып, әлі де әлпештей бермексіздер. Ғылым докторы атағын алған барлық түркология, шығыстану мамандары «дуу қолшапалақты» ақтады ма? Орталық мұражайда тұрған археологиялық экспонаттардағы тюркологиялық анықтамаларға қараңызшы. Сонда тұрған көне дәуірлік мөрлер бар. Олардың бетіндегі таңбалары қалай «оқылған»? Тіпті сол жәдігерлердегі таңбаларды «оқылды» деп те айтуға болмайды.

Есіктен табылған Алтын Адам сол қорғанды өзі тірі кезінде алдын-ала даярлапты. Бұндай әдет біздің елде бұрыннан бар ғой. Тірі кезінде өзі өз асы мен жетілігін, қырқын да кәдімгідей ҚҰРАН оқытып, шынайы өткізген қарияларды біз де көргенбіз. Советтік атеизмнің кезінде өстіп «өз істерін» өздері ұйымдастырған батыл жүректі ақсақалдар болды. Қайсыбірі өз асын беріп қойған соң да ұзақ жүріп жатты. Даярлатқан қабыры әбден құрғап, екі он жылдықты солай ашық жатып жібергені де болған. Бұл қазақта бәрі де болыпты. Бүгінге жеткен әдет-ғұрып сол баяғының жалғасы екен.

Баяғы дүниенің тірі жалғасы боп келген ауыл қариялары кемесіне мініп кеткен сайын біздің өмір қазақилығын азайта түсуде. Дүмшелікке қарай икемделуің жылдамдаған. Соның ашық мысалы Кегендегі пирамидаға қатысты. Иә, Алматы қаласынан жүз жетпіс бес километр қашықта жасырын пирамида тұр. Бұны маған күміс зереншедегі жиырма алты таңба тексін бергенде көрсетті. Тексеріс жасауға бардық, рас екен. Пирамида екеу. Екеуі бірге оралған. Сыртынан жасыл шым қаланып бүркелген. Көзден таса болуы содан. Пирамиданың бар екенін бес жыл жасырдық. Себебі бұнда ғылым мен кешегі өркениеттің шындығы жасырулы еді. Соны ашып, Әлем алдында сауатты түрде көрсетер басты мамандар жоқ қой?! 

Ұсақ салаларды күйттеп, тар соқпақпен итектеген мына дүниедегі біз ондай ғаламатты қалай, қандай ақыл-оймен бөтендерге жеткізбек едік? Әлгі Алтын адамдарды ашып алып, үстіндегі жазуларын босқа шашып, жай «бляшкаларын» алғандай дүмшелік бұл пирамидаларға қатысты да жол үстінде болса сұмдық дейсің. Біздің қоғамдағы тапшылық материалдық дүниеден емес, ой-жүйе мәселесінен болды. Қайсы жағыңа қарасаң да ойсыз еліктеу басқан. Сыртқа шығып шекарадан асқан қазағың үйіне қайтып оралса бітті, біреудің бірдеңесін сіздерге дереу көшірте бастайды. Онысы игілікті ме, жоқ па, ол жағына ми жетпестей. Жылдам көшіруге жанын салады. Осылайша босқа тозған қабілетті жігіттер жүр. Енді міне, анау пирамида ішіндегі дүние-мүліктерді өз еліне көрсетуге де хақың жоқтай. Міндетті түрде әрбір іс Батыстағы қожаларға баяндалуы керек. Үйтпесең бедел де болмайтындай. Батыстағы қожалардың қолдауы болса бақыттысың. Сонда бізді АҚШ қана бақытты қылуда ма? Қазірше мүддең осындай. Ал енді АҚШ-қа анау пирамиданы көрсетуің міндетті ғой? Мақтаныш үшін жылдамдата көрсетеміз, әрине. Одан соң ше?

Жасырын келген пирамиданы АҚШ-тың кісілері тұрмақ, россиялықтарға да ол жайында айту қатерлі. Өйткені анау Кремль де Алтын адаммен байланысты нысан. Соның астында жеркепе бар, одан екі жаққа кетіп жатқан жер асты туннелі тұр. Бұны қазған кісі ЕМЛИ екен. ЕМЛИдің псевдонимі ИСАХТИ. ИСАК деп жүргендері сол. Кремль осы ердің меншігі болған. Оны дәл осы қалпында тұрғызып бергені – Планеталық бас БИ. Планеталық ол бас БИ анау Есік қорғандағы Алтын Адамға кейінде айналыпты. Әлгі жиырма алты таңбалы жазу осы АДАМнан қалған. Өз есімі АДАМ, кәдімгі АДАМ АТА әбден егде болғанда сүйекті Есіктегі Сақ қорғанда сақтатқан. Соны ашып алған коллектив оның бүкіл бойында келген таңбаларды көрмей, шашып жіберіпті. Дәл осындай қателікті бұл археологтар анау екі Алтын Адамға қатысты да жіберіп тұр. Онысын өздері білмейді. Білгендері мыңдаған «бляшкаларды» дорбаға салып алу ғана. Бар нәрсені көзін тауып қолданбау біздің елде жалпылама. Оның себебі де тек шет елдерге аңырып, солардан бірдеңені көшіріп алуға әдеттенуден. 

Мағрипа ЖЫЛҚЫБАЕВА, физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент,

Алтын адамның күміс зереншедегі жазуының құпиясын ашқан ғалым